Филологические науки/Методика преподававния языка и
литературы
Магистр, аға оқытушы Нуптекеева Г.Б.
Абай атындағы Қазақ ұлттық
педагогикалық университеті
Қазақстан Республикасы, Алматы қ.
ЖАҢА ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР АРҚЫЛЫ
ҚАЗАҚ ТІЛІН
ОҚЫТУДЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Тілдерді
қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған
мемлекеттік бағдарламасының жобасы, оның басты мақсаты
көрсетілді. Қазақ тілін оқытудың тиімді
әдістері, оның ішінде қатысымдық әдіс туралы
толық мағлумат берілген.
Тіл - адамдар
арасындағы қарым-қатынастың аса маңызды
құралы ғана емес, ойлаудың, дүниетанымның,
рухани мәдениетті жасаудың, ұлттық ұжымдық
тәжірибесін жинақтаудың, сақтаудың
құралы. Жас ұрпақты тәрбиелеу, оларға
ғылым мен білімді үйрету тіл арқылы жүзеге асады.
Тілдің
қарым-қатынас құралы болу қызметі оның
коммуникативтік функциясы болып табылады. Ой мен дүниетанымды
қалыптастыруы, конструктивтік функциясы, рухани мәдениетті жасау
қызметі, эстетикалық функциясы, ұжымдық тәжірибе,
ғылым-білімнің табыстарын жинақтауы куммулятивтік функциясы
деп аталады. Қарым-қатынас майданына түскен сайын
тілдің икемділігі артып, қызметі шыңдала береді. Бірақ
тілдің мұндай қасиеті оның қызмет етуіне, жетілуі
мен дамуына айырықша көңіл бөліп, мемлекет шынайы
қамқорлыққа алғанда ғана ерекше жанадана
түседі. Тіл саясаты тілдің қоғамдық
қызметінің дамуына оң әсер етуге тиіс. Ал, кері
әсер етсе, ондай саясат керітартпа саясат болып шығады.
Еліміз
егемендік алғаннан бері қазақ тілін оқыту, оның
әдістемесін жетілдіру мәселесі күн тәртібінен
түспей келеді. Бүгінде еліміздің осындай
мақсат-ұстанымдарына қарай Тiлдердi қолдану мен
дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк
бағдарламасының жобасы шықты. Бүгін шын мәнінде
ел болашағына, ұлт руханиятының өсіп, өркендеуіне
үлкен үлес болып қосылатын жүйелі бағдарлама
жобасы жасалды. Мемлекеттік бағдарламаның басты мақсаты –
Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілін
сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтудың маңызды
факторы ретінде саналатын мемлекеттік тілді балабақша, мектеп,
жоғары оқу орындарында, мемлекеттік қызмет пен
қоғамдық-саяси, әлеуметтік кәсіпкерлік саласында
батыл қолданысқа енгізіп,
қазақстандықтардың өмірлік қажеттілігіне
айналдыру. Балабақшадан бастап жоғары оқу орындарына дейін
қазақ тілі сабақтары жүргізіледі, оларға
бөлінген сағат саны да біртіндеп өсіп келеді. Бірақ
қазақ тілінің бүгінгі жағдайы әлі де болса
тіл үйрету мәселесіне жаңаша көзқарастың
қажет екенін аңғартады. Қазақ тілін мектепте,
жоғары оқу орындарында оқыту жеткіліксіз
болғандықтан еліміздің әрбір облыс
орталықтарында, қала берді аудандарында Тіл үйрету
орталықтары жұмыс жасап жатыр. Мемлекеттік қызметкерлерге
қазақ тілін тегін үйрету мәселесінің де
қолға алынғанына да бірнеше жылдың жүзі болып
қалды. Десе де нәтиже біз күткендей болмай отырған
жағдайымыз бар. Осы тұрғыдан алғанда біз мемлекеттік
тілді қалай оқытып жүрміз деген заңды сұрақ
туындайды. Соңғы кездері қазақ тілін оқыту
мәселесіне қатысты ғылыми әдебиеттерде, бұқаралық
ақпарат құралдарында қазақ тілін екінші тіл
ретінде оқыту, қазақ тілін шет тілі ретінде оқыту
және қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде оқыту деген
мәселелер көтеріліп жүр.
Қазақ
тілін екінші тіл ретінде үйрету деген ұғым тіл
үйренушінің өзінің ана тілінен кейінгі үйренетін
тілі дегенді білдіреді. Бұл ұғым өзге ұлт
өкілдеріне қазақ тілін үйретуде қолданылғаны
дұрыс. Ал өз ана тілін білмейтін қазақтарымыз
үшін қазақ тілін екінші тіл ретінде қалай
үйретпекпіз? Сондықтан аталған ұғымды, оның
астарындағы мән-мағынасын қолдануда абай
болғанымыз жөн деп ойлаймыз.
Қазақ
тілін шет тілі ретінде оқыту деген мәселе туралы да біржақты
пікір жоқ. Өйткені шетел азаматтарына қазақ тілін шет
тілі ретінде үйретуге болады. Ал өзіміздің
қаракөз қазақтарымызға өз ана тілін шет тілі
ретінде үйрету мүмкін емес.
Қазақ
тілін мемлекеттік тіл ретінде үйрету деген мәселе барша
жұртқа түсінікті және қазақ тілін
оқытудың мақсат-мүддесін айқындайды.
Қазақстанда тұратын кез келген азаматқа
қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде үйрету
болашағымыздың сенімді кепілі болмақ. Қазақ тілін
мемлекеттік тіл ретінде оқыту керек. Осылай атау біздің санамызда
елдікті, тәуелсіздікті сіңіреді. Әрбір жеке тұлға
– мемлекеттік, елдің бүгіні және ертеңі. Елдік
психология, елдік қасиет, елдікті құрметтеу – мемлекет тілін
білумен шектес келетін қасиетті ұғымдар. Сондықтан,
ең алдымен, қазақ тілін оқытудың мәртебесі
де осы аяда түсіндірілуі керек. Мемлекеттік тілді оқыта отырып,
жастардың бойына елдік сана сіңіріліп, мемлекеттік рәміз,
ұлттық діл, ұлттық болмыс туралы ақпараттар толық
беріледі.
Қазақ
тілін оқытудың бірізділігі мен жүйелілігін арттыру үшін,
әлеуметтік тапсырыстарға жауап беруде, атқарылатын істер
көп. Әсіресе шет тілдерін оқыту әдістемесін
қазақ тілін оқыту барысында тиімді пайдалану бүгінгі
күннің өзекті мәселесі екенін атап айтқымыз
келеді.
Соңғы
жылдары бұл мәселе төңірегінде де біршама жетістіктер
бар екені рас. ХХІ ғасыр сұранысына жауап бере алатын тілді
үйренудің басты тәсілдерінің бірі – деңгейлік
оқыту жүйесі, қатысымдық әдіс қазіргі
уақытта көптеген жоғары оқу орындарында
оқытылатын қазақ тілінің әдістемелік
негіздемесіне айналып та үлгерді. Бұл тұрғыда ерекше
атап өтерлік жағдай Абай атындағы Қазақ
ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Ф.Ш.
Оразбаеваның басшылығымен жарық көрген
оқулықтар кешенін айтсақ та жеткілікті. Сонымен бірге М.М.
Жанпейісованың қазақ тілін модульдік оқыту технологиясы
арқылы үйрету әдістемесін, осы технология негізінде
жарыққа шыққан оқулықтар мен оқу
құралдарын, әдістемелік нұсқауларды да атап
өтуге болады. Осындай шығармашылықпен жазылған
жақсы оқулықтар мен оқу құралдарының
таралымын көбейте отырып, еліміздің барлық оқу
орындарына жетуін көздесек, көп жақсы инновациялық
жаңалықтарға бастау боларымыз сөзсіз.
Тілді
үйретуде қатысым әдісінсіз тілді жылдам әрі сапалы
меңгерту, оны кез келген ортада еркін тілдік қатынасқа
түсе алатын дәрежеге жеткізу мүмкін емес. Қазақ
тілін оқытудың тиімді әдістері туралы айтқанда
қатысымдық әдіс (коммуникативный метод) деген әдіс туралы
айтқан дұрыс. Өйткені қазіргі кезде қазақ
тілін үйретудегі басты кемшілік тіл үйренушіні мемлекеттік тілде
сөйлете алмай отыруымызда болып отыр. «Шет тілін меңгертудегі
негізгі әрекет – қарым-қатынас үрдісі, сөйлеу
қатынасы» [1, 189 б.] екендігі бүгінгі күнде бұлтартпас
ақиқат екендігі белгілі. Сол себепті де мемлекеттік тілімізді
басқа ұлт өкілдеріне меңгертуде дүние
жүзінің әдістеме ғылымында үлкен жетістіктерге
қол жеткізіп жүрген қатысымдық бағытты
ұстану бүгінгі күннің аса өзекті
мәселелерінің бірі.
Тілді
оқытудың ұтымды әдістерін іздестіру ғылымда
қатысым әдісін алға шығарды. «Коммуникация»
сөзінің негізгі мазмұны жалпы қарым-қатынас,
араласу, хабарласу, байланыс деген сияқты мағыналарды білдіре
келіп, адамдардың тіл арқылы сөйлесу процесін, тілдесу
ерекшеліктерін, тілдің әлеуметтік мәні мен
қоғамдық қызметін, адамдар арасындағы
қарым-қатынасты, өзара түсінушілікті көрсетеді.
Е.И. Пассов қатысымдық
әдісті сөз етпестен бұрын, жалпы оқыту әдісіне
тән төмендегідей бірнеше белгілерді бөліп шығарды:
1. Әрбір
оқыту әдісі белгілі бір мақсатқа жетудің
құралы болып табылады. Қатысымдық әдістің негізгі
мақсаты – сөйлеу әрекетінің түрлерін (айтылым,
жазылым, тыңдалым, оқылым, тілдесім) меңгерте білу.
2. Әдіс
оқыту процесіндегі тактиканы емес, стратегияны анықтайды,
сондықтан да ол (әдіс) оқытудың шартына тәуелді
болмайды.
3. Оқыту
әдісінің аумағы өте кең, сондықтан
сөйлеу әрекетінің қай түрінде болсын
оқытудың барлық жақтары қамтылады.
4. Әдісте
барлық қағидалардың басын біріктіретін ең басты,
негізгі идея болады. Басты идея методологиялық рөл атқара
келіп, әдістің жүзеге асуы үшін барлық
мәселелердің басын біріктіреді [2, 173 б.].
Қазақ
тіл білімінде қатысымдық әдістің негізін
қалаған профессор Ф. Оразбаева берген анықтамаға
жүгінсек, «Қатысымдық әдіс дегеніміз – оқушы мен
оқытушының тікелей қарым-қатынасы арқылы
жүзеге асатын; белгілі бір тілде сөйлеу мәнерін
қалыптастыратын, тілдік қатынас пен қағидалардың
жүйесінен тұратын; тіл үйретудің тиімді жолдарын
тоғыстыра келіп, тілді қарым-қатынас құралы
ретінде іс жүзінде асыратын әдістің түрі» [3, 78 б.].
Сөйлеу
үшін оқушы тілдік көрсеткіштер мен сөйлеуде
жұмсалатын тұлғалардың тіркесу
заңдылықтарын білуі, тілдік құралдарды
қолданудың амал-тәсілдерін меңгеруі қажет. Сөйлеу
кезінде тілдік тұлғалардан бұрын қатысымдық
тұлғаларға, әсіресе олардың байланысу,
қолданылу жолдарына, амалдарына ерекше назар аударылады. Мұнда тілдің кіші,
үлкен, дара, күрделі бөлшектерінің бәрі бір
ортақ мақсатқа – сөйлей білуге, айтар ойды жеткізуге
жұмсалады. Сөйтіп, адамдардың тілдік қарым-қатынасы
жүзеге асады, сөйлесім, тілдесім өз нәтижесін береді.
Сөйлеуді үйрету
барысында қатаң талаппен сұрыпталған лексикалық,
фонетикалық, грамматикалық минимумдар мен сөздік материалдар
алынады. Олардың барлығы сөйлеуді меңгеруге тікелей
қатысы бар жағдаяттар болып табылады.
Әдебиеттер:
1. Оразбаева Ф. Тілдік қатынас
пен қатысым әдісінің ғылыми-теориялық негіздері.
Пед.ғыл.докт.дис.-Алматы, 1996 ж. – 345 б.
2. Пассов Е.И. Коммуникативный метод
обучения иноязычному говорению. 2 изд. М. Просвещение, 1991. -312 с.
3. Оразбаева Ф.
Тілдік қатынас: теориясы мен әдістемесі. –Алматы, 2000 ж. -256 б.
4. Қазақ тілі.
Республикалық ғылыми-әдістемелік, педагогикалық журнал.
2006 ж., № 1 (13)
5. Ана тілі. Ұлт газеті. 2005
ж., №34 (764)
6. Қазақ тілі, 2005 ж., №6 (12)