«Қаламгер және оның достары»
эпистолярлық романындағы қаламгер замандастар бейнесі
Сұлтанғалиева Жанат Сәлімгерейқызы,
филология ғылымдарының кандидаты, доцент
Абдуллина Анар Боранқызы
филология магистрі, оқытушы
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік
мемлекеттік университеті
Жазушының
қаламгер туралы естеліктері «Екі естелік» шығармасынан бастау алып,
«Қаламгер және оның достары» атты эпистолярлық
романымен жалғасады. Бұл роман күнделік ретінде
жазылған. Яғни оқиғалар желісі әр жыл, әр күнімен
сарапталып, оқырманға дәл де түсінікті жеткізіледі. Ол
кітапта 1950 жылдарда жас қаламгерлердің ұстазы болған
ұмытылмас азамат жазушы Мұқан Иманжановтың
қамшының сабындай қысқа ғұмыры суреттелген.
Мұқан Иманжановтың ұстаздық мектебінен
өткен ол тұстағы жас қанат қаламгерлер кейін
көрнекті жазушы, ақын, ғалым болып қалыптасты. Олар
Қазақстанның қазіргі халық жазушылары
Әбдіжәміл Нұрпейісов, Мұзафар Әлімбаев,
Сәкен Жүнісов, Тұманбай Молдағалиев, Әзілхан
Нұршайықов, академик-жазушылар Зейнолла Қабдолов, Серік
Қирабаев және басқалар. Бұл аталған тізім кітапта
кездесетін қаламгерлер тізімінің аз ғана бөлігі.
Бұл жинақта сол жылдардағы қазақ
әдебиетінің барлық өкілдерінің болмыс-бітімі,
мінез-құлығы толық қамтылған. Автор
М.Иманжановтың бейнесін ашу арқылы қазақ
қаламгерлерінің жиынтық образын жасап береді.
Жазушы алдымен М.Иманжановтың
достыққа адал, жолдастыққа берік екендігін
дәлелдеу мақсатында оның Баубек Бұлқышевпен
достығын әсерлі баяндайды. «Екеуі өмір бойы бірге боламыз,
өлсек бірге өлеміз, бір қаланың шетінде қатар
қабырда жатамыз деп уәделескен еді. ...1940 жылы Баубек
әскерге алынып, денсаулығы нәшекі Мұқан
қабылданбай қалды. Екеуі зыр жүгіріп, военкоматтарға
бірге барды. Облыстық, Орталық комсомол комитеттеріне де
қатар кірді. Бірақ олардың ешқайсысы екі достың
ажырамай, әскерде де бірге қызмет етуіне көмек көрсете
алмады» [1,7-б], - деген үзіндіде өмірдің қуанышы мен
қайғысын бірге көру жолында екеуі де бел байлап,
майданға бару жолында біраз табандарын тоздырғанын көреміз.
Бірақ тағдырдың қатал жазуы оларды бірге болуға
жазбады. 1944 жылы Кеңес Одағына танымал болған жалынды
күрескер, жазушы Баубек Бұлқышев қаза болады.
Бірақ сонда да Мұқан досын өмір бойы қадірлеп
өтті. Мұны автор: «Бұл қаралы хабарды естігенде
Мұқан жас баладай еңіреп жылады. Мінеки, Мұқан
Иманжанов досты, достықты осылай қадірлеген еді. Ол досқа
деген ыстық махаббатын өмір бойы сөндірмей, суытпай
өтті. Досты қадірлеу, оған қалтқысыз қызмет
ету, көмек көрсету баға жетпес байлық деп
бағалады. «Досыңның кім екенін айт, бағаңды сол
білдіреді» деген нақыл сөз бар ғой. Мұқан
«Менің» деп жалғыз Баубекті атаса да жетіп жатыр еді. Ол
екеуінің арасындағыдай ғажайып достық адам баласында
болды ма, болмады ма?!» [1,7-б], - деген үзіндіде эпистолярлық
стилмен әсерлі бейнелеген. Өз замандасы, ардақты жазушы
Мұқан Иманжановтың азаматтық сипаты мен
достыққа берік адал да кіршіксіз жан екенін Баубек
оқиғасы арқылы түсіндіре отырып, автор бір
жағынан олардың арасындағы адал да мәңгілік
достықты ұрпаққа үлгі етеді.
«Қаламгер және оның достары» атты эпистолярлық
роман – қазақ әдебиеті тарихына жаңа сүбелі
жаңалық әкелген шығарма. Осы уақытқа дейін
қазақ әдебиетінде бұндай роман түрі болған
емес. Бұдан, жазушының жаңашылдық, әдебиет
теориясына сонылылықты әкелуші тұлға болғанын
танимыз. Бұл роман - Ә.Нұршайықовтың ұстаз
алдындағы азаматтық келбетін, адамдық болмысын
дәлелдеуден туындаған
кітабы. Яғни бұл еңбек талай жастардың
қамқоршысы болып, оларға бағыт-бағдар сілтеп,
көкірек көздерін ашушы Мұқан Иманжановқа
арналады. Қамшының сабындай қысқа ғұмыр
кешіп, артына өлмейтін із, өшпейтұғын іс қалдырып
кеткен аяулы жанның асыл бейнесі оның достары арқылы ашылады.
Адамзат
табиғаты түбі терең тылсым дүние дейтін болсақ,
асқан ақыл-ой иесі мен шалқар шабытқа бай
шығармашылықтың, аса үлкен өнердің адамдары
ұзақ жасаса, қоғамға пайдасы болмаса, зиянын
келтірмес еді. Өз заманында Мұқан Иманжанов ешкімнің
сөзін жерге тастамай, иілгенге иіліп, жастарға қамқор
болып өтті. Сол себепті де оның қасына дос көп
үйір болатын. Тек жай дос емес, жүрек қалауы бір, жан
туыстығы бір жандар. Ә.Нұршайықов көзкөрген
замандасы, аяулы досы, рухани әкесі М.Иманжановтың төрт
түрлі бақытты басынан кешіргенін айтады. Роман эпистолярлық
жанрда жазылғандықтан, өмірде болған
оқиға-тізбектер бүге-шүгесіне дейін айтылады. Ол
бақыты мыналар екен: «Бірінші бақыты – Мұқанның
досы көп еді. Онымен жеті жылдай бірге қызмет істеп, бір кабинетте
қатар отырған Мұзафар Әлімбаев «Иманжановтың
төңірегінде жас әдебиетшілерден жиналған алпыс
шақты досы бар еді» дейді. Екінші бір жолдасы ол санды жүзге
жеткізеді. ...Ал бір ғажабы, Мұқан көңіл
бөліп, көмек көрсеткен адамдардың бәрі артынан
Қазақстанның қабырғалы қаламгерлеріне
айналды. Бір сөзбен айтқанда, Мұқан Иманжанов
қазақ жазушыларының бүтіндей бір ұрпағын
бір өзі тәрбиелеген ұлағатты ұстаз болды»
[1,6-б]. Адамнан дана, қарапайым дана емес, елге елеулі,
халыққа қалаулы жазушы, ақын, ғалым дайындап,
өз бойындағы барлық адамгершілік нәрін төге
білді. Сол кездің өзінде өзге қаламгерлер бірнеше
жасқа қол ұшын бермек түгіл, біреуіне ақыл айтуға
жарамады. Автордың айтуынша, өзге қаламгерлер қаражат
жағынан көмектесе алмаған кезде, жалғыз
Мұқан тұрмыстан тарыққан жас жазушыларға
қалтасындағы бар ақшасын суырып беретін не болмаса
қолынан жетектеп Гоголь көшесінде сақтық кассасына
апарып, сұраған сомасын өзінің
жұқалтаң счетынан жаздырып әперетін дейді. Осылайша
Ә.Нұршайықов М.Иманжанов тәрбиелеген көпке таныс
кейбір қаламгерлердің аттарын тізеді. «Мұқанның
мен білетін бергі достары мына азаматтар болды: Хамит Ерғалиев,
Қайнекей Жармағамбетов, Төкен Әбдірахманов, Әбен
Сатыбалдиев, Мұзафар Әлімбаев, Сәуірбек Бақбергенов,
Тәкен Әлімқұлов, Әбдіжәміл
Нұрпейісов, Зейнолла Қабдолов, Бердібек Соқпақбаев, Айқын
Нұрқатов, Нығмет Ғабдуллин, Сансызбай
Сарғасқаев, Өтебай Қанахин, Тұманбай
Молдағалиев, Сәкен Жүнісов, Еркеш Ебікенов, Қадыр
Мырзалиев, Шәміл Мұхаметжанов, Әнуар Дүйсенбиев,
Сағи Жиенбаев, Қабдікәрім Ыдырысов, Зейнолла Шүкіров,
Саид Баязитов, Оразбек Бодықов, Әскен Нәбиев, Насіреддин
Сералиев, Кемел Тоқаев, Мырзабек Дүйсенов, Танаш Дәуренбеков,
Бекмұрат Уахатов, Досмағамбет Тасекеев және басқалар»
[1,8-б]. Ә.Нұршайықов М.Иманжановты орыс әдебиетіндегі
жас жазушыларды тәрбиелеуші ұстаз Максим Горькиймен байланыстырады.
Мұқан Иманжанов Әзілхан Нұршайықовтың
өнерге деген дарынын ұштап, сонау Павлодарда жүргенде тауып
алып, әр қадамын қадағалап, алғашқы
очерктерін газет-журналдарға жариялатты, тұңғыш
очерктер жинағы «Алыстағы ауданданы» құрастырып,
баспадан шығартты, Қазақстан Жазушылар Одағына
мүшелікке қабылдатты. Шынында да, қазақтың жас
жазушыларының «Горькиі» Мұқан Иманжанов болды.
Жазушының келесі бақыттары мынада екен: «Мұқанның
екінші бақыты – Рәзиядай жақсы жары болды. Адамдар арасынан
дос таңдай білген Мұқан өзіне өмірлік серік
боларлық әйелді де таңдай білді. Отыз жасқа
жетер-жетпесте жесір қалып, тағдырдың тәлкегіне
ұшыраған ол Мұқанның қара
шаңырағын құлатпады. ...Үшінші бақыты –
Мұқанның артында Махсұт, Рүстем деген екі ұл
қалды. Мұқанның өзіндей адал, әділ азамат
етіп өсірді. ...Жазушының төртінші бақыты –
мәңгі тотықпайтын тақырыпты таңдап алуы дер едім.
...Ал Мұқан Жастық, Достық, Махаббат деген үш
сөздің ғана жалына жармасты» [1,9-10-б]. Осылай
Ә.Нұршайықов аз жасаса да, балдай бақыттың
дәмін татып кеткен ардақты жазушы Мұқан
Иманжановтың жарқын бейнесін суреттеді. Шығармасында
Мұқанның әр мінезіне, әр қимылына сипаттама
беріп, оның адамдық болмысына тәнті, қайран болып,
көңіліңді босатады. Мұқан Иманжанов өліп
кетсе де, шындықты бетке айтатын, әділдікті жаны сүйетін жан
болғандығын мына оқиға дәлелдейді. Оның
өмірін осындай сергелдеңге салған атышулы, белгілі жазушы
Ғабиден Мұстафин екен. Мұқанға соның
шығармасына баяндама жасауға тапсырма берілгендіктен, барын бар,
жоғын жоқ деп түгендеп, шығармаға талап қояды.
Бірнеше адам мақтай салсаңыз болмай ма, арты қиынға
соғып кетпей ме дегенге: «Арым бармайды. Белгілі адамға қояр
талап та өзгеше, мыңдаған оқушыға не дейміз
ертең? «Көре тұра, үндемедік» дегенге қалай
жүзің шыдар» [1,95-б], - деп, оқырман ойын биікке
қояды. Ол атақ, даңқ, абыройдан гөрі,
әділдікті биік қойды. Адал оқырманы үшін жалғандықты,
қызылкөзділікті еш қимады. Сол үшін де қарымды
қаламгердің қаһарына ұшырап (ол кезде
Ғ.Мұстафин Жазушылар Одағының төрағасы),
іштен тынып, біраз нәрседен тосылды. Қанша арызданса да,
жазушыларға берілетін үйден қағылды. Соның
кесірінен қақаған аязды күнгі қыста қала
шетіндегі үйіне жете алмай, бітіп келе жатқан жараның аузы
қайта ашылады. Ол - өкпе ауруы еді. Жазылған кітаптары да сол
ызалы кектің кесірінен келесі жоспарға қалып, жарық
бетін көрмей келді. Осындай қасақана жасалған
қорлықтан жазушы қажыды ма, налыды ма ешкімге тіс жарып
айтпады. Осы романда Ә.Нұршайықов Сансызбай
Сарғасқаевтың Мұқан туралы жазған естелігі
келтіреді: «Мұқан қуанышын сыртқа шығарғанмен,
өз күйінішін, ренішін ешкімге білдірген емес. Біреуге
қабақ шытқанын көрген емеспін. «Сыбырлағанды
құдай естімей ме?» дегендей, Мұқан өмірінің
соңғы кездерінде оны күйікке салған біреу болды.
Атағы шыққан, аты белгілі адам» [1,95-б]. Шындығында
да, оның күйініші, ыза-кегі булыққан, ашынған
күйде болды.
Мен
жасымда жақсы тәрбие ала алмадым. Алған барлық
тәрбием – адалдық қана болды. Осының өзі кейін
маған көп пайдасын тигізді. Мен адал болдым, жолдасқа,
қызға адал болдым. Алдау деген менің табиғатымда болмады.
...Осының
бәрі өзім үшін үлкен пайда келтірді, өзімді
әйел мәселесінде ұстай білуге, семьяға адал
болуға, рахат, қызық өмірді семьяны сүю деп
ұғынуға әкеледі. Бұл да ұғым. Осы
ұғым мені қанағаттандырады. Неге десеңіз,
жігітшілік өмірге салынған адам семьясын барлық жағынан
сүйе алмайды. Әйеліне, балаларына деген махабаты терең
сезімнен тұтанбай, әшейін ері, әкесі болғандықтан
табиғи сезімнен туады» [1,210-б]. Сонда бұл үзінді
Мұқан Иманжановтың тек досқа адал емес,
жанұяға, соның ішінде өмір қосқан жарына,
балаларына адал екенін, тек әкелік, жарлық
заңдылықтың шеңберінен шықпай отырғандықтан
емес, шынайы сүйіспеншіліктің ықтиярынан екенін бір
дәлелдейді. Әкесі қосқан сүймейтін жары
Қатипамен 40 күн тұрып, оған қолының
ұшын тигізбестен, оны өз сүйгеніне жіберіп, өзі
оқуға кетеді. Жоғарыда Мұқанның талай жас
қаламгерлердің рухани жебеушісі, қамқоршысы
болғанын айттық. Оны әр досы түрліше жоқтады.
Бірде Мұқанның зиратының басына жанұя
мүшелері және бір-екі жолдасы барғанда Қайнекей
Жармағамбетов деген досы былайша еске алады: « - Әй,
Мұқанжан, біз бейбақты артыңа тастап, бекер кетіп
қалдың ғой, ...бәріміздің басымызды қосып,
ыдыратпай ұстап отырған болат шеңбер сен едің. Сен
кеткен соң «Бас-басыңа би болған» біз сияқты
өңкей қиқымның көрер күні не болар
екен? Атаққұмар қызыл көз даукестер
жақ-жақ боп бөлініп, ұлттың ұлы болмай,
құлқынның құлы боп кетпесе жарар еді-ау»
[1,223-б]. Осылайша Мұқаннан екі жас кіші інісі Қайнекей
өмірден кетсе де көңілден кетпеген аяулы ағасына
мұң-зарын төге арнау сөзін білдіреді. Барлығын бір
арнаға жинастырып, бір атаның балаларындай ұстап
отырған Мұқан рухы қашан да мәңгілік екенін
айта келе, құлқынның құлы болып, бас-басына
отау тігіп, көрместей болып кеткен қаламгерлер тағдырын тілге
тиек етеді. Мұқанның жетісінде оның әріптестері
жиналып, ол туралы жағымды естеліктер айтады. Соның бірі
Сәбит Мұқанов еді. Сірә, жоғарыда
әңгімеміз С.Мұқанов турасында болғаны белгілі.
Сол жерден Әзілхан Нұршайықовты тауып алып, оған
мынадай әңгіме айтады: «...Әзілханды өткен
желтоқсанда Жазушылар Одағына қабылдадық. Рекомендация
берген кім екен деп қарасам – Иманжанов. Ал сол Нұршайықовқа
рекомендацияны менің беруім керек еді. Өйткені мен оны сонау 1944
жылдан білемін. Ол Қазақстанға делегация басқарып
келгенде біздің үйде қонақта болған. Сонда ол маған
майданда жазған бір дәптер өлеңін тастап кеткен. Сол
дәптерді мен он жыл сақтап, артынан ол Павлодарға редактор
боп кеткенде почтамен өзіне жібердім. Мұқан Павлодарға
бір барып қайтқан сапарында сол жігітті тапты да, тәрбиелеп,
жазушылар қатарына кіргізді» [1,229-б], - деп өзінен жасы кіші
болса да, бас болып, артынан ерген ұрпаққа үлгі
болған Мұқанды мақтан тұтып, үлгі етсе,
екінші жағынан Ә.Нұршайықовқа көмек
бермегеніне, оны Мұқаннан ерте білсе де, оған рекомендация
бере алмағанына өкінетін сияқты. Естеліктер тығынында Кемел Тоқаев
Мұқанның қазақ әдебиетінде детектив
жанрының пайда болуына және дамуына ықпал жасап, көп
көмек көрсеткенін айтады. «Әдебиет – ардың ісі» дейтін
болсақ, сонда Мұқан Иманжанов – жақсы әдебиет
үшін, көзі ашық, көкірегі ұрпақ үшін
жасаған аяулы азамат-жазушы деп айтуға толық кепіл бар.
Ә.Нұршайықов Мұқан Иманжановтың образын
беруде тек өзінің жеке басындағы оқиғаларды
ғана шығармада қамтымайды. Қосалқы
кейіпкерлердің бойынан да Мұқанға деген ыстық
ықыласы бар жандарды бір арнаға жиыстырады. Мәселен, Зейнолла
Қабдоловтың анасы кезінде Мұқанның замандасы
болды. Замандас туралы ойды тек замандас қана білдіре алады. Жақу
ана әңгіме үстінде Мұқанның ерте кеткеніне,
әр қазақ баласына әкедей, достай қамқор
бола білген аяулы жанның жас қаламгерлерді тастап кеткеніне налыс
білдіреді. «Қарағым Мұқан аяулы жан еді ғой. Айырылып
қалдыңдар. Амал жоқ. ...Арпа ішінде бір бидай дегендей,
бәріңнің басыңды қосып,
жақсылыққа қарай жетелеп отырушы еді сендерді.
Бірдеңеге ұрынып қала ма деп, жалғыздың жайын
ойлап, алабұртсам, Мұқан ағаларының қасында
жүр ғой деп, көңіліме медеу етуші едім. Сол
медеудің жіңішке жібі үзіліп кетіп, менің де жаным
қиналуда қазір. ...Араздаспаңдар, айтыспаңдар, алауыз
болмаңдар. Біріңді бірің бауырға тарта біліңдер.
Мұқан ағаларыңның үлгісін
ұстаңдар. Мұқан дүние жиған жоқ, дос
жиды. Міне, сол достары оны ардақтап, алақандарымен көтеріп,
аттандырып та салды. Өмір бойы Мұқанның атын
өшірмейтін де сол достары сендерсіңдер. Ендеше
Мұқанның барлық достары бір болыңдар, бірге
болыңдар, бірегей болыңдар...» [1,249-б], - деген үзіндіде
Жақу ананың Мұқанның өмірде тек
достықты бағалап, достықты алтындай қадірлеген асыл жан
екендігіне, оның мәрттігіне қайран қалып, сол жан
салған ұлы мектептің өрісін тарылтып алмаудықа
балаларға өсиет етеді. Өйткені қорғанды
тұрғызу қиын. Оған жұмылатын көп күш
керек. Ал ол қорғанды қирату бір ғана
сәттің еншісінде. Сол секілді Мұқан Иманжанов та
қазақ әдебиеті үшін құламас жастардың
қорғанын салды. Барлығын біріктірді, басын қосты,
шыңдады, қанаттандырды. Бірақ сол қорғанның
басшысы өмірден өтті. Ә.Нұршайықов
шығармашылығындағы қаламгерлер бейнесі заманауи
қырларымен, белгілі деңгейдегі кескін-келбетімен жан-жақты
ашылған. Автор қаламгер бейнесін беруде түрлі факт,
дәлелдемелерді молынан келтірді. Романдардың нанымды
шыққандығының басты белгісі де оның
эпистолярлық үлгіде жазылғандығында. Эпистолярлық
шығарманың шыншылдығы да, оқырманның
көңіліне қонымдылығы да – оның
нақтылықта жазылып, көркемдікпен әспеттелуінде. Яки, жазушының эпистолярлық
шығармалары нақты өмір шындығы мен қаламгердің
әдеби-шығармашылық тіл айшығының көркем туындыдағы
бейнелі суреті деп айтуға толық негіз бар.
Әдебиеттер
1. Нұршайықов Ә. Қаламгер және оның
достары. – Алматы: Өлке, 2005. –
448 бет.