АЛАШ АЗАМАТТАРЫНЫҢ ТІЛ ТУРАЛЫ ОЙ ТОЛҒАМДАРЫ
Жұман С.Ә.
Тарих ғылымдарының кандидаты
Қалыптасу бастауын сонау Түркі
қағанаты, тіпті оданда ілгері замандардан да алуы ықтимал
қазақ тілі өзінің табиғи бітім-болмысын
мыңдаған жылдар бойы жоғалтпай келсе де, Кеңес
өкіметі кезінде ұлтымыздың еліміздегі басқа ұлт
өкілдерімен салыстырғандағы үлес санының кеміп
кетуіне байланысты, бұған қоса қазақ
қоғамының айтарлықтай бөлігінің орыс тіліне
мүлдем бет бұрып кетуінен, орыс тілінің орасан зор
ықпалына ұшырап, қолданылу аясы тым тарылып кеткен еді. Осы
тұста қазақ ұлтты өз ана тілін қолданып
тұтынушыларынан біртіндеп айырыла бастаумен қатар, ұлт
ретінде жойылып кетуді де бастан кешірді.
Келе жатқан үлкен нәубетті
терең түйсінген қазақ қоғамы ес жинап, ел
болмаса, тарих сахнасынан мүлдем құрып кететінін айқын
сезіне бастады. Әлбетте, қағазға түскен,
хатталған ұшан-теңіз әдеби-мәдени жазба
мұрасы бар тіл ешқашан жойылып кетпейтіні анық. Тек
оның тұтынушылары жоғалып, өлі тілге айналуы
мүмкін. Алаш ардагері Ахмет Байтұрсынұлы:
«Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын
нәрсенің ең қуаттысы тіл. Сөзі
жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» [1] деген
де осыны ескерген болар.
Қазақ тілі, қалай дегенмен,
ұлт руханиятының өзегі және ол – ұлт
болмысының бір көрінісі. Оны егемен еліміздің барлық
азаматы оқып-үйреніп, жетік меңгеріп, өз
өмірінің өзегі ретінде пайдаланып, құрметтеуі
тиіс. Кеңес үкіметінің бастапқы кезеңінде А.
Байтұрсынұлы, Х. Досмұхамедұлы, Қ. Кемеңгерұлы, М.
Дулатов, М. Жұмабаев, С. Қожанов, С. Сейфуллин, М. Әуезов
секілді т.б. ұлт зиялыларын алаңдатып, қатты
толғандырған да тіл мәселесі еді. Кез келген
халықтың ұлт ретінде жойылып кетуі – тілдің жойылуымен
тығыз байланысты. Ахмет Байтұрсынұлы сөзімен
айтсақ, «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де
жоғалады» [1]. Мұны кезінде Алаш азаматтары жақсы түсініп,
ұлттық тілдің қамын әріден ойлап, ерен
еңбек еткен болатын.
Тіл
мәселесіне қатысты өзінің өзекжарды ойын Ахмет
Байтұрсынұлы былай білдірген еді: «Өзіміздің елімізді
сақтау үшін бізге мәдениетке, оқуға ұмтылу
керек. Өз алдына ел болуға, өзінің тілі, әдебиеті
бар ел ғана жарай алатындығын біз ұмытпауға тиіспіз.
Бұл мәселеде біздің халіміз онша емес. Осы күні орыс
пен татар мектептерінде оқып шыққандар қазақ
тілін елеусіз қылып, хат жазса, өзге тілде жазып, қазақ
тілінен алыстап барады. Бұл, әрине, жаман әдет. Егер тілге
осы көзбен қарасақ, табиғат заңына
бағынбай, біздің ата-бабаларымыз мың жасамаса, ол
уақытта тілмен де, сол тілге ие болған қазақ
ұлтымен де мәңгі қоштасқанымыз деп білу керек»
[1;150].
1924 жылы 12-18 маусым аралығында өткен
білімпаздар съезі туралы М. Дулатов: «Бұл біздің
қазақ-қырғыз жұртында болған
жиылыстардың тұңғышы. Бұл жиылыстардың мәні
де басқа. Мұнда қайткенде мәдениет майданында артта
қалған қазақ-қырғыз жұртын
қатарға қосу, мәдениетін өркендету үшін
төте жол, қолайлы құрал табу. Бұрынғы
өктем өкімет біз секілді өгей жұрттардың тілін де
жоғалтпақ болған, өнер-білімнен де «аман» алып
қалу үшін бар күшін жұмсаған. Енді ондай
озбырлықтан құтылып, білімпаздарымыз
қазақ-қырғыз жұрты үшін жөн-жоба
көрсетіп отыр. Біздің ендігі міндетіміз – солардың
шығарған қаулыларын жүзеге асыру, пайдалану» [2;104], – деген еді.
Алаш ардақтыларының бірі – Халел Досмұхамедұлы өзінің
«Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы» деген
қазақ тіл білімі және қазақ дүниетанымы
үшін аса құнды еңбегінде:
«Қазақ-қырғыз
жұрты оянғаннан бері мәдениет бәйгесінде ілгері
кеткен жұртқа жетудің қамын қылып жатыр.
Мәдениеттің негізі – білім. Білімге тіл арқылы жетеді. Білімді
жұрттың тілі бай болады» [3], – деп сапалы білім алудың
ең маңызды тетігі тілді дамытуда жатқанын атап көрсетіп
кеткен еді.
Сан
ғасырлар бойы бостан ел болуды көксеген ұлтымыз
тәуелсіздік үшін талай қан майданды, талай қилы
кезеңді бастан өткізді. «Тіл тағдыры – ел тағдыры.
Өрнегі бай, мұраты кенен, ойы терең, мақсаты биік,
өмір мен заманалар шындығын соншама қуатты, көркем етіп
суреттейтін ұлт әдебиетінің арғы-бергі
дәуірлердегі үлгілері бізге осыны меңзейді. Әрине «ел
еркіндігі» мен «ұлт рухын», бір сөзбен айтқанда, ұлт
пен тілді сақтау қазақ үшін қай кезде де,
қай дәуірде де оңай болмаған. Халқымыз сан
түрлі аумалы-төкпелі замандарды бастан кеше отырып, өзі де,
тілі де ондаған сойқанды кезеңдерді басынан өткерген» [4;160].
Сонау өткен ғасырлардағы ұлт-азаттық
жолындағы күрестерге бармай-ақ, кешегі ХХ
ғасырдың екінші жартысындағы Кеңес Одағының
орыстандыру идеологиясына қарсы «Жас тұлпар», «ЕСЕП»,
«Сарыарқа» ұйымдарының құрылып, іс-әрекетке
баруы, 1986 жылғы қазақ жастарының көтеріліске шығуы
тіл тәуелсіздігі мен ел тәуелсіздігіне деген асқақ
рухтың жемісі болатын. Өткен ғасырдың 90-жылдардағы
«Азат» қозғалысының саяси-қоғамдық
іс-әрекеті де рухани бостандықты мақсат еткен еді.
Соның арқасында қазақ қоғамы үлкен
дау-дамай, тартыс-күреспен 1989 жылы 11 қыркүйекте өз ана тілін өз елінде
(ҚазССР) мемлекеттік мәртебеге ие болуына қол жеткізіп, сол
жеңісін тәуелсіз Қазақстан Республикасы
құрылған кезде де сақтап қалды.
Содан бері қазақ қоғамы рухани тәуелсіздікке
жетпейінше басқадай тәуелсіздіктің
(мемлекеттік-әкімшілік, дипломатикалық, териториялық,
саяси-экономикалық т.б.) баянсыз болатынын пайымдап, ұлттық құндылығымыз
бен елдігіміздің ең негізгісі болып саналатын тіліміздің сан
салалы қоғамдық қызметін жетілдіру, сол арқылы еліміздің
бүгінгісі мен келешегін бекем ету мақсатында
тынбай әрекет етіп келеді. Бұл
мақсат-мүдде жолында жасаған іс-қимылымыз бойынша
қол жеткізген қомақты табыстарымыз да, «әттеген-ай!»
деп сан соғып қалған тұстарымыз да бар. Алайда,
еліміздің саяси-экономикалық даму үдерісіне қоғамдық
қарым-қатынастардың түрліше әсер ететіні
көп мәселеге байыппен қарауды қажет етеді.
Өйткені, түрлі ұлт өкілдерінен тұратын
бүгінгі қазақстандық қоғамның
нарықтық-демократиялық даму жолына түсу кезіндегі
оның тұтастығын сақтау қоғамдық
қарым-қатынастың ең маңызды мәселесі болып
отыр. Осы мәселенің дұрыс шешімін тауып, ел
тұтастығын берік қалыптастыруда мемлекеттік тілдің алар
орны ерекше. Сондықтан да елімізді дамытып өркендетуде, оның
материалдық-рухани құндылықтарын көздің
қарашығындай сақтап, соған барша халқты
жұмылдыруда тілдік тәрбиенің маңызды рухани күш
екені сөзсіз.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі жылдарда
мемлекеттік тілді дамытуға арналған бірнеше кезеңдік
іс-шараларды зерделеп, ой таразысына салсақ, қазіргі таңда
Қазақстан қоғамының оған деген ынтасы мен
ықыласының біршама жақсарып, арта түскенін
аңғарамыз. Себебі, қазақ тілі – еліміздің
мемлекттік тілі ғана емес, қазақ қоғамының
білім алатын, ғылымды игеретін құралы, ұлтымыздың
сан ғасырлар бойы жинаған рухани-мәдени
мұраларының, ділі мен дінінің, әдебиеті мен
өнерінің, сана-сезімінің, дүниетанымының
жиынтығы. Демек, барлық рухани
құндылықтарымыздың іргетасы әрі тірегі. Олай
болса, оның қоғамдық сан салалы қызметін
жан-жақты дамыта отырып, қолданылу аясын барынша кеңейту, оны
дамытуға бағытталған іс-шараларды үнемі жүргізіп
отыру – еліміздің өркениетті елдер қатарынан орын
алуының кепілі.
Қай елдің болсын,
экономикалық-қоғамдық қатынастарының
барлық саласы өзгеріп, дамыған сайын тілі де өзгеше
сыр-сипатқа, мән-мазмұнға ие болып, сол қатынастарға
сәйкес дамитыны табиғи заңдылық. Тілді ұлттан,
ұлттық мәдениеттен, ұлт өмір сүріп
отырған қоғамдық-әлеуметтік
қарым-қатынастан бөліп қарау мүмкін емес. Ал
қоғамның күнделікті тіршілігінде тілге деген
сұраныс болмаса, әлеумет оны өз өмірінің
өзегі етіп қолданбаса, тілдің өркен жаймасы анық.
Тәуелсіздік алған кезеңнен бері
тілімізді өркендету жолында қаншама маңызды қадамдар
жасалды. Алайда, қолға алынған көптеген
іс-шаралардың ойға алғандай болып орындалмауынан, тіліміз
қоғамдық өмірдің, қоғамдық
қарым-қатынастың бірталай саласына терең ене алмай
жатыр. Талай мәселе күні бүгінге дейін өз шешімін
әлі таба қойған жоқ. Мұның басты себебін –
ұлтымыздың өткен ғасырларда басынан өткерген
бодандық пен тоталитарлық саясаттың
ықпал-әсерінен және солардың бүгінге дейін
сақталып отырған зардабынан
көріп жүрміз. Сол дәуірдің ұлттық
ой-санамызға, тілімізге әкелген қасіретін ешқашан
ұмытуға болмайды. Енді бүгінгідей қолайлы кезеңде
елімізді экономикалық-әлеуметтік жақтан ғана дамытып
қоймай, оның ұлттық негізгі сипаты әрі ең
басты құндылығы болып саналатын тілін де
асқақтатып, оның әлемдік жаһандануға
төтеп беру әлеуетін нығайтуға күш салуымыз
қажет. Мұның өзі еліміздің әлемдік
бәсекеге қабілетті елдер қатарына енуіне толық
мүмкіндік берумен қатар ұлтымыздың рухани
болашағына жарқын жол ашудың бірден-бір кепілі.
Ойымызды түйіндей келе айтсақ, ел тәуелсіздігінің
алғашқы жылдарынан бері мемлекеттік тілге қатысты
қабылданған заңдарды, қаулы-қарарларды,
солардың негізінде дайындалған түрлі бағдарламаларды,
жоспарларды және солардың нәтижелерін мұқият
қарап, зерделеп пайымдасақ, ел жастарын тіл арқылы отаншылдық
рухта тәрбиелеу ісінің біршама ілгері қадам басқанын
және оны одан әрі дамытудың басты бағыттары мен
басымдықтары мүмкіншілігінше айқындалғанын
байқаймыз.
Пайдаланылған
әдебиеттер тізімі
1 Байтұрсынұлы А. Тіл тағылымы. Алматы: Ана тілі, 1992
жыл.
2 Дулатов М. Таңдамалы шығармалар
жинағы. Алматы, 1998 жыл.
3
Досмұхамедұлы Х.
Таңдамалы. Алматы, 2003 жыл.
4
Оразбаева Ф. Тіл
мен рух. «Жұлдыз» журналы, №12, 2009 жыл.