Филологические науки

Рапишева Ж.Д., фил.ғыл.,канд., Е.А.Букетов ат. Қарағанды мемлекеттік университетінің доценті

Смағұлова Н.А., Е.А.Букетов ат. Қарағанды мемлекеттік университетінің магистранты

 

ҒЫЛЫМ ТІЛІ  МЕН ҒЫЛЫМИ СТИЛЬДІҢ АРАҚАТЫНАСЫ МӘСЕЛЕСІНЕ

 

Тілші ғалымдарымыздың көбі ғылым тілінің дүниеге келуін жазба әдеби тілдің қалыптасуымен байланыстырады. Өйткені жазу-сызуы болмаған, не кенжелеп қалған тілде ғылым тілінің дүниеге келуі мүмкін емес. Ғылым тілін жалпы әдеби тіл тұрғысынан алып, оны бейнелі түрде «кішігірім тіл», «үй ішінен тігілген үйшік» («подъязык», «языковая подсистема», «миниязык» мағынасында) деп қарайтын болсақ, «осы үйшіктің» дүниеге келуін жазба әдеби тіліміздің қалыптасуынан басталады деп қараған жөн дейді Ә.Қайдаров [1, 10].

“Стиль” терминінің көп мағыналылығы, көбінесе, “тіл” терминінің көп мағыналылығымен анықталады. Кей жағдайларда “стиль” және “тіл” терминдерінің мағыналары сәйкес келіп жатады. Сондықтан лингвистикада “көркем стиль” және “ғылыми стиль” деген терминдермен қатар “көркем тіл”, “көркем әдебиет тілі”, “ғылыми тіл”, “ғылыми әдебиет тілі” деген терминдер қолданылады. Зерттеушілердің бір тобы стильдердің қызмет атқару салаларының ауқымын өте кең мағынада түсінеді, енді біреулері оны шектеуге бейім. Сөйте тұра, стильдер классификациясының барлығында да    ғылыми    стиль  аталады. Демек, ғылыми стильдің өзіндік болмысын, оның ерекшеліктерін зерттеушілердің барлығы мойындайды. Сонымен қатар бұл стильді түрлі классификацияда ғылыми стиль, ғылыми-көпшілік стиль, ғылыми-техникалық стиль деп әр қилы атайды.

Ғылыми стильдің қолданылу аясы өте кең. Ғылым өндіріс пен техниканың дамуымен, жоғары және орта білім берумен тығыз байланысты болғандықтан, ғылыми стиль таза ғылыми еңбектермен қатар ғылыми-техникалық жұмыстар мен құжаттарда, оқулықтар мен ғылыми-көпшілік басылымдарда қолданылады. Сондықтан тілшілер ғылыми стильдің өзін бірнеше тармақтарға бөледі. Мәселен, О.Д.Митрофанова нақты ғылыми стиль (собственно-научный, т. е. академический), ғылыми-көпшілік (научно-популярный), ғылыми-ақпараттық (научно-информативный) және ғылыми-іс (научно-деловой) стильдері деп саралайды [2, 12]. Ал Л.Г.Барлас ғылыми стильді арнайы ғылыми стиль (специальный), ғылыми-оқу стилі (научно-учебный) және ғылыми-көпшілік стиль (научно-популярный) деп жіктейді  [3, 255].

Ал, негізінде, тілімізде бір-бірінен аз да болса өзіндік айырым белгілерімен ажыратылатын әдебиет жанрлары көп. Жаңа жанрлар да пайда болып жатады. Ғылыми әдебиеттегі жанрлар көркем әдебиеттегіден кем деуге болмайды. Дегенмен олардың әрқайсысының тілі жеке стильдік тармақ бола бермейді. Бұл жөнінде Р.А.Будагов: “…тіл білдіретін өзіндік ұғымдар мен қатынас шеңбері жағынан ұсақтау принципі  тұрғысынан келсек, ғылыми баяндаудың өзін, яғни ғылыми әдебиеттер стилін бүтін стиль ретінде емес, оның әр түрлеріне байланысты бөлшектеп кетер едік, яғни медициналық, физикалық, химиялық, биологиялық, астрономиялық, филологиялық жағынан тағы стильдер туған болар еді. Ал, шындығында, тіпті медик өзінің ғылыми шығармаларын химиктей жазбаса да, сол сияқты химик пен биологтың немесе филологтың ғылыми шығармалары бір-бірімен тілдік, сөз саптау жағынан дәл ұқсас болмаса да, мұнда жеке стильдер жоқ. Қайткен күнде де бұл ғалымдар біркелкі ғылыми баяндау стилін пайдаланады, өйткені ойды білдірудің формасы, тәсілі ортақ, сондықтан ғылыми стильдің өзі ғылым түрлерінің ерекшеліктерінен тумайды, ғылыми баяндаудың ерекшелігімен айқындалады. Мысалы, “медицина стилінің” айырмашылықтары ең алдымен жеке ғылым ретінде медицинаның өзіндік ерекшеліктеріне байланысты да, тек жанама түрде тілге қатысты: жеке ғылым саласында жұмсалатын терминдер жиынтығы өз алдына ерекше стиль құрай алмайды. Сонымен бірге әрбір ғылым саласы қалыптасқан ғылым ретінде белгілі қасиеттері арқылы ерекшеленетін ғылыми баяндау стилін пайдаланады” деген пікір айтады [4, 72-73].

С.Исаевтың пайымдауынша, дәл осындай құбылысты көркем шығармалар тілінен, яғни көркем баяндау стилінен де байқауға болады. Роман, повесть, әңгіме, поэма, мысал, өлең, эпос, баллада тілі жеке-жеке стиль бола алмайды. Әрине, көркем әдебиеттің бұл жанрларының бір-бірінен өзіндік ерекшеліктері, айырмашылықтары жоқ емес. Тіпті әр жазушының өзіндік тіл ерекшеліктері, өзіндік сөз саптау мәнері бар. Бірақ әр жазушының әрбір туындысы, кейбір өзіндік ерекшеліктеріне қарамастан, жеке-жеке стиль құрай алмайды [5, 23].

Сонымен қатар белгілі бір стильде жазылған мәтінде басқа стильдердің элементтері кездеседі. Демек, бір функционалдық стильге тән тұлға-тәсілдердің екінші бір стильде қолданылып отыруы мүмкін. Мұның өзі таза бір стильде жазуға болмайтынын, қайтсе де онда басқа стиль элементтері болып отыратынын, стильдердің өзара тығыз байланысты екенін көрсетеді. Орыс тілші ғалымдары В.В.Виноградов, А.И.Ефимов, В.П.Мурат та белгілі бір сөздер мен сөйлемдер тек қана бір стильге телініп қоймай, екінші бір стильде де қолданыла береді. Жалпы стильдердің өзара шекарасы дәл айқындалған нәрсе емес деп тұжырымдайды [6].

Демек, ғылыми тіл өзінің кең мағынасында – жалпы ғылыми мәтіндердің тілі болса, тар мағынада – салалық ғылым тілі. Ғылыми стиль – қалың оқырманға арналып әдеби тілге көшірілген ғылыми-көпшілік әдебиеттің стилі. Нақты ғылым саласының тілінде жазылған мәтінді ғылыми стильде жазылған деп санауға болмайды. Себебі мыңдаған ғылым салалары бар, олардың өз ғылыми тілдері бар. Осылардың бәрі де жалпыхалықтық, ұлттық тілдің құрамына кіреді.

Ғылыми стиль – функционалдық стильдің тілдік белгілерімен сараланатын айрықша бір түрі. Ғылыми стиль жазба стильге жатады, оған әр ғылым саласында жазылған ғылыми еңбектер, зерттеулер, оқулықтар кіреді. Ғылыми стиль өз ішінде шағын стильдерге де бөлінеді. Ғылыми стильде зерттеу нысаны болған зат пен құбылыс ғылыми негізде сипатталып, белгілі теориялық негіздермен дәлелденіп, логикалық жағынан негізгі ой мен құбылыстың байланысы нақтыланып, белгілі жүйеге құрылған хабарлы, өзекті, дәлелді, ой қисыны қорытындыланған ғылыми тұжырым жасалынады.

Қазіргі тәуелсіздік кезеңі мен жаһандану дәуіріндегі өзекті мәселенің бірі – қазақ тілінің қолданыстық, өміршеңдік және ұлтты бірегейлендіру қызметін күшейту. Соның барысындағы оның негізгі сипаты тілдің рухани-әлеуметтік жаңғыртуларға сай жаңа деңгейге көтеріліп, қалыптасушы ұлттық таным мен ой-өрістің мәнін мемлекеттік мүддеге ұластырып, қоғамның түрлі саласында кәсіби тілдік тұлғаның қызмет ету дәрежесін көтеруі және бағдарлауымен тығыз байланысты. Қоғам жан-жақты және жаңа сапада дамыған сайын онымен сабақтас тілдің де сол дәрежеде дамуы – мемлекеттік тіл мәртебесіне сәйкес тілдің қоғамдағы толыққанды қызметінің кепілі. Олай болса, ұлттың этномәдени болмысын сақтаған мемлекеттік тілдің осы бағыттағы даму деңгейі бұзылмауы тиіс.

Қорыта айтарымыз, қазақ тілі ғылымға толыққанды қызмет етуі үшін, ең  алдымен, мамандар өз  саласы бойынша жасалған жаңа терминдерді дұрыс, толық қолдана білуі қажет. Сонымен қатар әрбір маман әдеби тіл  нормасына сай ғылым тілін жете меңгеруі, өз еңбектерін де, өзгелерге де түсінікті етіп жаза білуі, ғылыми ой-пікірін дәл де бейнелі түрде жеткізе білуі шарт. Сонда ғана әдеби тіліміздің мәртебесі өсері сөзсіз.  Себебі терминологиялық лексика ғылым тілімен тығыз байланыста дамиды әрі оның дамуының негізгі көрсеткіштерінің бірі болып табылады.

 

Әдебиеттер тізімі:

1 Қайдаров Ә. Т. Ғылым тілі және әдеби тіл статусы // Терминдер және олардың аудармалары. – Алматы: Ғылым, 1990. – Б. 9-22.

2 Митрофанова О. Д. Научный стиль речи. Проблемы обучения. М. , 1976. –199 с.

3 Барлас Л. Г. Русский язык: Стилистика. – М.: Просвещение, 1978. 255 с.

4 Будагов Р. А. Литературные языки и языковые стили. М. , 1967. 376 с.

5 Исаев С. Қазақ әдеби тілінің тарихы. – Алматы: Ана тілі, 1996. – 304 б.

6 Қараңыз: Виноградов В. В. О языке художественной литературы. М. , 1961; Ефимов А. И. Стилистика художественной речи. М. , 1961; Мурат В. П. Об основных проблемах стилистики. М. , 1957.