Филология/Этно-, социо- психолингвистика

Аға оқытушы Жақанова Г.І.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті

Қазақстан Республикасы, Алматы қ.

 

ҚАЗАҚ ТІЛІН ОРЫС ТІЛДІ СТУДЕНТТЕРГЕ ОҚЫТУДЫҢ КЕЙБІР ТЕОРИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ

 

Мектеп қабырғасынан қазақ тілінен азды-көпті біліммен келетін оқушыларға университет қабырғасында тіл үйретудің өзіндік қиындықтары мен проблемалары жеткілікті. Көп жағдайда студенттер қазақ тілінің жетелеген сөздерін жаттағанымен олардан сөз тіркесін, сөйлем құрау, өз ойын тыңғылықты жеткізуге шорқақтық танытып жатады.

Белгілі ғалым С.Жиенбаев өзінің «Орыс мектебінде қазақ тілін оқыту методикасы» атты мақаласында былай дейді: «...Қазақ тілі сабағы оқу, жазу, сөйлеу, грамматика ережесін тексеру сияқты негізгі бөлімдерден құралады, жұмыстың бұл түрлері, әдетте, жеке-жеке жүргізілмейді, бірімен-бірі аралас келіп отырады, қай сабақ болса да белгілі бір тақырып бойынша жүргізіледі. Жұмыс түрлерін бір сабақтың өзінде беталды араластырып, біресе жаздырып, біресе оқытып, ретсіз ауыстыра берсек, онда баланың ойы бір жерде тұрақталмайды да, сабақтан ешнәрсе ұстап қала алмайды.»

Демек, қазақ тілін басқа тілді оқу орындарында оқытуда, біріншіден, практикалық мақсат қойылады, яғни оқушылардың сөздік қорын байыту, қазақша ауызекі дұрыс сөйлеуге, сауатты жазуға үйрету, бір-бірімен сөйлесуге, оқығанын, көргенін, естігенін қысқаша әңгімелеп беруге жаттықтырылады.

Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде оқытудың мақсаты – коммуникативтік, тілдік, мәдени- танымдык біліктілігі дамыған дара тұлға даярлауга мүмкіндік туғызу.

Қазақ тілі- студентке ертеңгі күні үлкен өмірге араласқанда оның коғамдағы қызметіне көмегін тигізетін, жұмысында , күнделікті өмірінде қажетіне жарайтындай білім бере алатын аса білікті пәндердің бірі. Осы үлкен міндетті жүзеге асыру оқытушылардың қызметіне тікелей байланысты және мемлекеттік тілдің қолдану аясына, қабылданған заңдардың сөз жүзінде емес, іс жүзінде орындалуына да байланысты. Қазақ тілін оқыту барысында оқушылардың пікір айту, ауызша, жазбаша сауатты сөйлеу, қоғамның өзге өкілдерімен дұрыс қарым-қатынас жасау, яғни әрбір адамға керекті коммуникативтік дағдыларды қалыптастыру мәселелерін шешуге міндеттіміз. Тілді мазмұнсыз, мағынасыз меңгеру мүмкін емес. Тіл арқылы қазақ халқының тарихы, әдебиеті, мәдениеті, ұлттық салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, болмысы танылады.

«Сингармонизм заңының орыс тілінде алатын орны ерекше. Сингармонизм студенттің сөздерді дұрыс оқып, сауатты жазуын бір қалыпқа, бір жүйеге, бір ізділікке түсіретін заң. Мұғалімнің мақсаты – осы заңды түсіндіре білу. Сөзде бірінші буындағы дауысты дыбыс жіңішке болса, келесі буындағы дауысты дыбыстар да жіңішке болуы керек, мысалы: ө-шір-гіш, дәп-тер, сонымен бірге бірінші буындағы дауысты дыбыс жуан болса, кейінгі буындағы дауысты дыбыс жуан болу керек. Мысалы: қа- ра-ғай,  оқу-шы.  Бірақ  көп  оқушылар  мынандай  сұрақ  қояды:  «Ал,  мұғалім,  кітап  сөздерінде  неге «сингармонизм заңы» ұсталмаған? – дейді, оны басқа ұлт балаларына түсіндіре білу қажет. Бұл сияқты сөздер бізге басқа тілден енген (араб, парсы тілінен), сол себептен бұл сөздер ескерту сөздер деп айтылады. Бұл сөздерге көптік немесе жіктік, септік, тәуелдік жалғаулар соңғы буындағы дауыстының арқасында жалғанады: мұ+ға+лім+ге, мұғалім+нен, кітап+тар, кітаптар+да, т.б.

Екі тілді салыстыра келе студенттерге көрсете білу – бұл сауатты да, білімді  оқушыларды көбейте білу, бөтен тілді ұғындыра білу, оқи алу, түсіну және де сол тілде сөйлей білуге үйрету. Адамның сыртқы ортаны тануы жекелеген қасиеттерден,жеке бөліктерден тұрғанымен белгілі бір ұғым, түсінікті тұтастай қабылдайды. Қазақ тілін басқа ұлт өкілдеріне оқытуда қабылдаудың осындай тұтастық заңдылықтары мен даралық ерекшеліктерін дұрыс байланыстыру арқылы жақсы нәтижеге жетуге болады. Қазақ тілінің өзіне табиғи сөз тіркестері мен ұғымдары, жекелеген сөздердің белгілерінің даралық ерекшеліктерін ажыратып тани отырып, тіл үйренуші бірінен-бірі ажыратуға болмайтын тұтас ұғымдарды, сол тіркестердің тудырып тұрған тұтас түсініктерін, сол арқылы қазақ тілінің өзіне тән табиғатын таниды. Осы ұғымның студент есінде берік орнығуының бір шарты – ассоциациялық байланыста түсіндірілуі.

Тіл үйренушілердің қазақ тілін өз ана тілі сияқты үйретудің тиімді жолдарының бірі, әр сөзді білдіретін мағыналарына бойлау, сол сөздің түбірі неден шығып тұр, оның білдіріп тұрған мағынасы не дегендер болса, екіншіден, аталған сөздер арқылы үйренушінің ассоцияциясын тудыру.

Белгілі бір тақырыпты өткенде үйренушінің сөздік қорына жүгіну қажет. Студенттің сөздік қорында қанша көлемде сөз бар екенін оқытушы есепке алып отыруы керек. Әр студентке даралай жұмыс жүргізген немесе деңгейлеп оқытқан өте тиімді. Сөздік жұмысы студеттердің тілін дамытады, жатық сөйлеуге үйретеді.

Жаңа сөздерді меңгеру арқылы сөз тіркесін және сөйлемдер құрай алады.

Сөйлем құрауға дағдыландыру әдісінде бұрынғы өткен сөздерді жиі пайдаланып, ауызекі тілдік қорын қайталап, кеңейтіп отыру қажет.

Лексикалық жұмыс күнделікті жаңа материалды үйретумен байланысты жүргізіліп отырады. Жаңа сөздерге мағынасы келсе синоним, антоним, омоним сөздерді тауып түсіндіру, сөздермен қысқа сөйлемдер құрату, жаңа сөздерге байланысты суреттер болса, сол суреттерді пайдалана отырып сөйлем құрату. Бұл әдіс жаңа сөздерді есте сақтауға көмегін тигізеді. Студенттің неғұрлым сөздік қоры көп болса, соғұрлым қазақ тілін жақсы үйреніп еркін сөйлейді және дүрыс, сауатты жаза алатын болады.

Оқыту процессінде сөздікпен жұмыс барысында студенттердің тілдік материалға талдау жасау, салыстыру, топтау, есте сақтау дағдылары қалыптасады.

Қазақша сөйлеу дағдысын қалыптастыру үшін сөйлеудің дұрыс үлгісін көрсету керек. Бұл міндетті мәтін атқарады.

Оқытуда тілдік қатынас мақсатын алға шығарған қатысым (коммуникативтік) әдісінің артықшылығы пратикада дәлелденген. Өйткені, мәтін сөйлеуге жаттықтыру, сөйлеу дағдысын қалыптастыру құралы. Мәтінмен байланысты жүргізілетін жұмыстардың бәрі де сөйлеу дағдысын қалыптастырумен байланысты болғанда ғана, тілге үйрету жұмысы нәтижелі болмақ. Оқу мәтіндегі қазақша сөйлеудің дұрыс үлгісін көрсетіп қана қоймайды, оған бірте-бірте дағдыландырылады.

Тілді оқытудың алғашқы кезінен бастап соңғы кезіне дейін мәтін ұзақ уақыт сабақта қолданылатын болғандықтан, ол сөйлеудің дұрыс үлгісінің еске сақталуына мүмкіндік беретін дидактикалық материал. Мәтінмен жүргізілетін жұмыс түрлері оны оқу, мәтіндегі дұрыс сөйлеу үлгілері арқылы оқығанын, аударғанын жеңіл диалогқа айналдыру, қарапайым мазмұнын айту арқылы көрінеді. Мақсат – оқушының мәтіндерді практика жүзінде іске асуына, байланыстырып сөйлеуге қалыптастыруға дұрыс пайдалану.

Мәтінде тілдің барлық деңгейіне қатысты тілдік тұлғалардың бәрі орын алады. Сондықтан, ол арқылы тілдің фонетикасын, лексикасын, грамматикасын оқытуға болады. Ал түрлі деңгейдегі тілдік тұлғалардың түйісетін орны мәтін болғандықтан, тіл оқытуда мәтінді дұрыс пайдаланған жөн.

 

Әдебиеттер

1.    Ж. Мұсаұлы, Р.Әмренова, «Қазақ, орыс тілдерінің салғастырмалы грамматикасы» /Оқу құралы/ 2003ж.

2.    Н. Оралбаева. Қазақ тілі. Практикалық курс. А. 1982ж.

3.    Қазақ тілі. Учебное пособие для интенсивного обучения казахскому языку.