Заңтану магистрі Санасыров Н.Т.
Инновациялық Еуразия университеті,
Қазақстан Республикасы
Мемлекеттегі сыбайлас жемқорлықпен күрес
Коррупция немесе сыбайлас жемқорлық
кез келген елде болады, мәселе оның масштабында. Шетелдік
экономистердің тұжырымдауынша, егер мемлекет байып,
гүлденгісі келсе, алдымен коррупцияны жою керек екен. Мысалы, Германия,
Финляндия, Швеция, Швейцария сияқты Батыс Еуропаның дамыған
елдерінде сыбайласқан жемқорлықты жеңген, бірақ
қалдықтары болуы керек. Ал Сингапур, Жапонияда коррупция
мүлде жоқ деуге болады. Әлемдік рейтинг бойынша
коррупцияға бой алдырған Судан, Нигерия, Түркіменстан
сияқты елдердің қатарында, ең төменгі сатыларда
Қазақстан тұрған көрінеді. Жақында сыбайлас
жемқорлықпен, басқа да экономикалық
қылмыстардың түрлерімен күресетін
құқық қорғау органдары биылғы
жартыжылдықта істелген жұмыстарына қорытынды жасады.
Коррупцияға қарсы күрес нәтижелерінің
көрсеткіштеріне қарағанда, Қазақстанда сыбайлас
жемқорлық жойылудың орнына қанат жайып бара
жатқан сияқты.
Мемлекеттік қызметкерлер тарапынан
бюрократизм неғұрлым етек алса, соғұрлым сыбайлас
жемқорлық көбейеді. Бұл – заңдылық.
Қазақстанда коррупцияға бастау болатын бюрократизмді
жеңу үшін алдымен, Елбасының 2005 жылғы 3
мамырдағы «Қазақстан Республикасы мемлекеттік
қызметшілердің ар-намысы кодексі туралы» жарлығымен
бекітілген жаңа талаптарды әрбір шенеунік мүлтіксіз орындап,
қызметтік этиканы меңгеруі керек. Корупцияның аздаған
белгілерін барлық елдерден байқауға болады, бірақ олар
оған қарсы күресті ешқашан тоқтатпайды. Мысалы,
коррупциямен күресті Германия бұдан жүздеген жыл бұрын
бастапты. Ол Кайзердің кезінде де, ІІІ рейхтың тұсында да
тоқтаған жоқ.
Еуропада біздегі сияқты заңды
айналып өту үшін шенеуніктерге 5-10 мың теңге
тықпалау жоқ. Ондай ұсақ-түйекке өркениетті
елдің азаматтары бара бермейді. Олардан мынандай фактілерді кездестіруге
болады: «Фольсфаген», «Мерседес» компаниялары менеджерлерінің тарапынан
фирманың мүддесіне жұмыс істету үшін басқа
елдердің, соның ішінде Орта Азия елдеріндегі ірі басшыларға
пара бергендері анықталды. Олар қатаң жазаға тартылып,
аталған фирмаларға миллиондаған еуро айыппұл салынды.
Осындай әрекеті үшін «Сименс» фирмасына 600 миллион еуро
айыппұл салынды. Жалпы, бұл фирма сот процесі, сараптау
жұмысы бар, барлығына 2,5 миллиард еуро төлеп, әрең
құтылды. Осындай қатал тәртіп орнату нәтижесінде
Германия өткен ғасырдың сексенінші жылдарында коррупцияны
толықтай ауыздықтады деп айтуға болады. Көрші
Қытай елінде де коррупцияға жол берілмейді, парамен
ұсталғандар өте қатал жазаланады. Өткен жылы
қарашада Бейжің соты ұлттық атом корпорациясының
бұрынғы жетекшісі Кан Жисиньді өмір бойы бас
бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Кан Жисинь
корпорацияны 2004-2009 жылдары басқарған екен. Осы уақыт
ішінде ол жалпы 6,6 млн юань (1 млн доллар) көлемінде пара алған
көрінеді. Мамыр айында Бейжің екінші сатыдағы сот Қытай
коммерция министрлігінің келісімшарттар бөлімінің
бұрынғы инспекторы Го Цзинъиге қатысты шығарылған
екі жылға дейін шегерумен өлім жазасына кесу туралы үкімді
өзгеріссіз қалдырды. Го Цзинъи инспекторлық қызметте
жүргенде 8,45 млн юань пара алған көрінеді. Еуропа елдері
жемқорлардың қалтасын қағып жазаласа, Қытай
коррупциямен осылай күресіп жатыр. Ал біздегі жағдай қалай?
Өткен аптада Экономикалық
қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы
күрес агенттігінің соңғы алты айды қорытындылау
бойынша кеңейтілген мәжілісі болды. Осы отырыста келтірілген
фактілерге қарап, елімізде жүйелік коррупция мен
«көлеңкелі» экономиканың қаншалықты тамыр жайып,
гүлденгенін көруге болады. Жыл басынан бергі алты айдың
ішінде қаржы полициясы 4,5 мың қылмысты ашып, 4 мыңнан
астам қылмыстық істі сотқа жіберіпті. Олардың ішіндегі
1 696 (40%) іс ауыр және өте ауыр қылмыстарға жатады.
Әрі қарай тарататын болсақ: парақорлық – 287,
бюджет қаржысын қымқыру – 229, жалған кәсіпкерлік
– 305, салықтан жалтару – 580 қылмыстық іс
қозғалған. Бұл – алты айдың ішінде ғана
жасалған қылмыстар.
Экономикалық қылмыс және
сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес
агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаровтың
мәлімдеуінше, Қарағанды облысында құрықталған
ұйымдасқан қылмыстық топтың алаяқтық
әрекеттеріне қатысты жүзге жуыққылмыстық іс
қозғалған. «Егер әрбір ұйымдасқан топ
жүз қылмыстан жасап үлгеріп жатса, оған дейін
құқық қорғау органдары қайда
қарап отырған?» деген ой келеді. Бұл ұйымдасқан
қылмыстық топ 50 жалған кәсіпорын ашып, солар
арқылы 50 миллиард теңгені клиенттеріне қолмақол
ақшаға айырбастап үлгерген. Бұл ақшаның 500
миллионы бюджеттің қаржысы екен. Демек, мемлекеттік
қызметкерлер мемлекетті алдап, бюджеттен жегісі келген. Мұндай
экономикалық қылмыстар қазір қатардағы
қарапайым алаяқтық әрекеттердің бірі сияқты
көрінеді. Сондықтан ешкім оған таң қалмайды.
Таңданатын нәрсе – ұзақ жылдар бойы
контрабандалық заттарды Қытайдан Қазақстанға
өткізумен айналысқан, жүзден астам мүшесі бар
ұйымдасқан топтың қылмыстық әрекеттерін осы
уақытқа дейін қалай ғана ешкімнің
байқамағаны? Қаржы полициясының мәлімдеуінше,
коррупциялық топтың кейбір мүшелерінің,
контрабандалық тауарды кеденнен кедергісіз өткізгені үшін,
бір жылдың ішінде алған сыйақыларының көлемі
жүз миллион долларға дейін жетеді екен!
– Ұйымдасқан қылмыстық
топ және құқық қорғау
органдарының жекелеген өкілдерінің контрабандалық тауарды
кеденнен кедергісіз өткізгені үшін бір жылдың ішінде
алған сыйақыларының көлемі жүз миллион
долларға дейін жеткен. Ұйымдасқан қылмыстық
топтың 33 мүшесін қамауға алуға сот санкция
берді, олардың ішінде Бақыт Отарбаев пен Талғат
Қайырбаев та, қылмыстық топқа көмектескен
мемлекеттік қызметкерлер де бар. Қалғандарынан жауап алынып
жатыр. Ұсталғандардың көрсетулерінше,
контрабандалық тауармен өтетін әрбір көліктен 25-30 мың
доллар түсетін болса, оның 5 мыңы үкімет бюджетіне
ресми аударылады, біразын қорғаушыларына пара ретінде береді, ал
қалғанын ұйымдасқан қылмыстық топ
өзара бөлісіп отырған, – деп мәлімдеді қаржы
полициясының бастығы Қайрат Қожамжаров.
Жақында Қазақстандағы
ең тығыз «сыбайласқан», жемқорлыққа тым
жақын аймақтардың 2013 жылғы рейтингі
жарияланды. Экономикалық қылмыс және сыбайлас
жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің
мәліметі бойынша, өткен жылы тіркелген 1,5 мың
коррупциялық қылмыстардың Қазақстанға
келтірген залалы 4 млрд 901 млн теңгені (33,6 млн АҚШ доллары)
құраған. Сыбайлас жемқорлық деген
республиканың барлық өңіріне де сіңісіп,
халықтың жадын жаппай жайлаған екен. Рейтинг бойынша сыбайлас
жемқорлықтан бірінші орында Оңтүстік
Қазақстан облысы тұр – 229 қылмыстық іс
тіркелген. Одан кейінгі орынды 131 коррупциялық қылмыс
ашылған Жамбыл облысы иемденген. Әрі қарай Шығыс
Қазақстан – 126, Алматы – 120, Қарағанды – 101,
Ақмола – 98, Павлодар – 98, Атырау – 95, Астана қаласы – 92, Алматы
қаласы – 81, Ақтөбе – 76, Солтүстік
Қазақстан – 70, Қызылорда – 67, Маңғыстау – 57,
Батыс Қазақстан – 55, Қостанай – 51 болып, әрбір облыс
тиісінше өз орындарын алған. Соңғы бес жылдың
ішінде сыбайлас жемқорлық пен «көлеңкелі» бизнеске
қарсы күрес үдемесе, бәсеңдеген жоқ. Алайда
әбден қанымызға сіңіп алған ба, одан ешкім
қаймығып, айылын жияр емес. Қаржы полициясының мына
көрсеткішіне назар аударайықшы: 2010 жылы 1441 қылмыс,
2011
жылы – 1330, 2012
жылы – 1486, 2013
жылы – 1568 коррупциялық әрекеттерге қатысты
қылмыстық іс қозғалған.
«Осы сыбайлас жемқорлыққа
қатысты қылмыстардың барлығына дерлік мемлекеттік
қызметкерлердің қатысы бар» деп айтуға болады.
Қазақстан Президентінің саяси мәселелер жөніндегі
кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаевтың мәлімдеуінше,
өткен жылы Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа
қатысы бар деген айыппен 537 шенеунік тұтқынға
алыныпты. Мемлекеттік қызметкерлер тарапынан коррупция көбінесе
құрылыстарға рұқсат, лицензия беру, тендер
өткізу сияқты жұмыстар кезінде орын алса,
құқық қорғау органдары тарапынан қылмыстық
істерді бүркемелеу, дұрыс шешім шығармау немесе
созбалауға салып, пара беруге мәжбүрлеу арқылы
жасалады. Бұл жерде Еуроодақ тәжірибесіне жүгіне
кетейік. Мысалға, біздің көптеген жоғары лауазымды
шенеуніктеріміз сүрініп жатқан тендер өткізу мәселесін
алайық. Тендер Еуропа елдерінде Бұқаралық ақпарат
құралдарының қатысуымен, қысқасы,
«төрткөз» принципімен ашық жүргізіледі. Бір бөлім
екінші бөлімнің жұмысын тексереді. Басқа бөлім
кеден шығынын есептейді, үшіншісі есепшоттарды тексереді. Егер
талап қылған кәсіпорындардың бірі «тендерге
қатыстырмады» деген арыз түсірсе, тендер қайтадан
өткізіледі. Еуропаның көптеген елдерінде жекеменшік
компаниялардағы коррупция мен мемлекеттік органдардағы сыбайлас
жемқорлықтың жазасы әртүрлі. Мысалы,
фирманың менеджері миллион еуроны жеп қойса, оған 2 жылды
шартты түрде береді, ал мемлекеттік қызметкер 10 мың еуро парамен
ұсталса – 4-5 жылға түрмеге отырады. Судьяны ешкім сатып ала
алмайды. Өйткені оған барлық жағдай жасалған.
Мәселен, судьялар Германияда жоғарыдан тағайындалмайды.
Бұл да коррупцияның алдын алудың бір жолы болып табылады.
Судьяны Әділет министрі төрағалық ететін,
адвокаттардан, заңгерлерден, әртүрлі ведомстволардың
өкілдерінен құрылған комиссия сайлайды. Судьяның
жалақысы отбасындағы жан басына қарап белгіленеді. Мысалы, ол
мұсылман болып, екі әйел алған жағдайда, екеуі де
есепке алынады. Егер судья қайтыс болған жағдайда оның
бала-шағасы жалақысының 40 пайызын алып отырады. Сонда
судьяның коррупцияға қарсы иммунитеті болады. Ал бізде ше?
Бұдан екі-үш ай бұрын
Экономикалық қылмысқа және сыбайлас
жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі Президентке
Жоғарғы соттың жеті судьясын қызметтен босату туралы
ұсыныс жасады. Бұл лауазымды тұлғалар заңға
сәйкес судьяларға қойылатын талаптарды
сақтамаған. Бас прокурор қаржы полициясы көрсеткен
фактілер бойынша қылмыстық іс қозғады. Жақында
Жоғарғы соттағы істе бұларға қатысты
жаңа фактілер пайда болды. Бас прокурор бұрынғы
судьялардың біріне, 70 мың доллар пара алғанына қатысты
қосымша қылмыстық іс қозғады.