Мағауина А.Е.,Шаяхметова М. Н.

Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ

Абай  мұрасындағы  ой-пікірлердің тәрбиелік мәні.

 

Қазіргі таңда қоғамдық өмірді демократияландыру және ізгілендіру жағдайында ұлттық ерекшеліктерімізді айқындайтын рухани мәдениетімізді жетілдіру қажеттілігі туындап отыр. Тәуелсіздік жолына түсіп, озық отыз елдің қатарына қосылу мақсатын жүзеге асыруға кіріскен Қазақстан үшін -  халқымыздың рухани мол мұрасы мен ұлттық сана-сезімін, ұлттық дүниетанымын қалыптастырып қайта жаңарту бүгінгі күннің басты талабы. Халқымыздың рухани мұрасын қарап, жаңа көзқарас тұрғысында пайдалану жастар тәрбиесіндегі мүмкіндігі зор мәселе. Сол себептен ұлттық мәдениетіміз бен руханиатымыздың дамуына зор үлесін қосқан, ұлы ақын , ағартушы

Абай Құнанбаевтың педагогикалық мұрасын зерттеп, зерделеу әрқашанда тиімді. Өткен тарихымыздың шынайы бейнесін жасау- ол еліміздің егемендігін нығайту, ұлттық сананы тәрбиелеудің басты себебі. Тарих- халық зердесі. Болашақ бастамасын бастар баспалдақ іспеттес. Сондықтан, ұлы Абай мұраларындағы ой-пікірлер жаңадан жайқалып келе жатқан жас ұрпақты қалыптастыруда бойына имандылық, адамгершілік, ұлттық мәдениет пен  сана –сезімді сезіндірудің сарқылмас байлығы.

Ұлы Абай Құнанбаев мұрасы еліміздің мыңдаған жылдар, тіпті ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жалғастырған ұлт сабақтастығы мен сана-сезімнің уақыт өкен сайын маңызын жоймайтын зерттеу көзі болып есептеледі.

Абай дүниетанымы зерттеушілер назарында таңбасы тарихта алтын әріптермен жазылып, әдебиетте әдемі әсерімен қалары мәлім.  Профессор Т.Тәжібаевтың еңбектерінде Абайдың ақыл-ой, адамгершілік, еңбек тәрбиесі жайлы тұжырымдарына талдау жасалған. Ол Абайдың педагогикалық психологиялық көзқарасы мәселелерін арнайы тақырып етіп қозғамаса да, М.О.Әуезов, Қ.Б.Жарықбаев, Х.Сүйіншәлиев еңбектерінде ақынның ағартушылық тұжырымдары жайлы біршама құнды пікірлер ұшырасты. Абай педагогика саласында арнайы ғылыми-теориялық шығармалар жазып, тікелей педагогикалық қызметпен шұғылданбаса да, оның өлеңдері мен қарасөздерінен жастарды тәрбиелеу мен оқытудың кейбір дидактикалық мәселелері жөнінде үлгі- өнеге тұтарлық салиқалы ойлар мен тапқыр тұжырымдар көп кездестіріледі.

Абай еңбектерін педагогика, философия, психология, әдебиет, тарих тұрғысынан зерттелгені белгілі.Қазақстандық ғалымдар С.Қирабаев, Қ.Жарықбаев, С.Қалиев, Г.Есімов, З.Ахметов т.б. тәлім-тәрбиелік ой-пікірлердің бар екендігін жан-жақты көрсетсе, Ш.Әлжанұлы, А.Дайрабаева, Т.Төретаева ақын мұрасындағы оқыту, оқу, яғни дидактика мәселелері де орын алғанын атап көрсеткен.

Абайдың қара көздері- оның ақындық мұраларына қосылған ерекше бағалы жауһар,жақұты. Абайдың өз заманында болған таңбасы тарихпен басылған шындық, қоғамдық құбылыс, қанаушылық, күншілдік пен сан алуан   озбырлық, зұлымдық атауларының барлығымен байланысты туған шығармалар көрнісі. Қарасөздердің басты бағасы- Абай заманындағы жағдайы, тарихты өз қалпында бұлжытпай толық көркемделген көрініс ренінде беріледі. Ақынның қара сөздері оның ақындығына қосылған бағалы құндылық. Қазіргі заманда қарасөздердің мазмұны мен мұраты тек тарихи жағынан басым. Көп сөздердегі ойлар, пікірлер өлеңдермен ұштасып,мән-мағыналарын қайталап,пысықтап, әрі қарай дамыта отырған. Қара сөздер жанрлық, стильдік жағынан әр алуан. Онда жүйелі философиялық толғаулар, терең публицистикалық тебіреністер, ойға оралымды нақыл сөздер, ғибрат ретінде жазылған аңыз-хикая, тарихи эссе –очерк те табылады.

Абайдың отыз жетінші қарасөзінде «Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргенінен емес дейді. Көңілдегі көкіректі ой ауыздан шыққанда өңі қашады.  Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған  хайуанның бірі боласың ; адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң Алланың сүйген құлының бірі боласың.

Жамандықты кім көрмейді? Үмітін үзбек-қайратсыздық, дүниеде еш нәрседе баян жоқ екені рас, жамандық та қайдан баян қалады дейсің?  Ашулы адамның сөзі аз болса,ыза, қуаты артында болғаны. Егер ісің өнсің десең, ретін тап. Биік мансап-биік жартас.

Ерінбей еңбектеп жылан да шығады,

Екпіндеп ұшып қыран да шығады»,- делінген. [1, 71бет] Осы бір қарасөзде айтылған ой – адам баласын ең алдымен еңбек сүйгіштікке, адалдыққа шақырады.

Ал, ұлы данышпанның  отыз екінші қарасөзінде « Білім –ғылым үйренбекке талап қылушыға әуелі білім керек. Талаптың өзінің біраз шарттары бар. Білмей ізденгенімен табылмас» ,- деп айтылған. Көкейге түйгенім –алдымен адамда талап болу қажет. Атам қазақ «талаптыға- нұр жауар» деп бекер айтпаса керек.

Ұлы Абай мұрасындағы ой –пікірлердің тәрбиелік мәні өте зор. Болашақты бағдарлай білу барысында жас ұрпақты Абай мұрасымен  сусындатып, тәрбиелеген абзал. Сонда ғана руханияты мен мәдениеті қаланған, әдебиеті мен тарихы сараланған, дүниетанымы мен адамгершілігі жанданған , саналы елдің сапалы азаматы боларымызға күмән жоқ.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер;

1.  «Абайдың қара сөздері»

Редакторы; Рахметова М.К. «Көшпенділер баспасы» 2009ж Алматы.

2.  «Абай энциклопедиясы».  З.Ахметов, М.мырзахметов, Р.Сыздықова. 1990ж Алматы.