Филологические науки
Ахметова Ақбота (Е.А.Бөкетов
атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің
магистранты, Қазақстан)
ҚАЗАҚ
ТІЛІНДЕГІ ШЫЛАУ СӨЗДЕРДІҢ МАҒЫНАЛЫҚ ТҮРЛЕРІ
Шылау сөздер
дегендеріміз – ішкі мазмұндары жағынан да, сыртқы формалары
жағынан да, сондай-ақ қызметтері жағынан да
өздерінің бастапқы шыққан төркіндерінен
біржола қол үзіп, әрі осы аталған негізгі үш
белгі жөнінен де дербестіктерінен айырылып, өз алдына категория
болып қалыптасқан және жалпы көмекші сөздер тобына негізгі
ұйытқы есебінде қызмет ететін сөздер.
Сөйлем ішінде шылау сөздер объектілік-бағыттықты,
мезгіл-мекендік, тиянақтылықты, әсерлікті әртүрлі
грамматикалық мағына үстемелеп, қосымша реңк
беретін және байланыстырушылық қызмет атқаратын
лексемалар тобына жатады. Олар мағыналық қызметіне
қарай демеуліктер, септеуліктер, жалғаулықтар болып
үшке жіктелетіндігі белгілі. Бұлардың өзара
атқаратын қызметтері әр қилы. Мәселен,
жалғаулықтар сөз бен
сөзді, сөз тіркестері және сөйлем мен
сөйлемді байланыстырса, септеуліктер өздеріне тиісті септік
формаларындағы атауыш сөздермен тіркесіп, сөйлем
мүшелерінің арасындағы бағыныңқылық,
мекендік, мезгілдік, ортақтық қатынасты білдіреді де септік
жалғаулы сөздердің мағынасын толықтырып
нақтылай түседі. Ал демеуліктер болса, орын тәртібі
арқылы атауыш сөздерге тіркесіп, сол сөздерге болжау,
күшейту, қомсыну, салыстыру, нақтылау сияқты
мағыналарды үстеп, әр түрлі грамматикалық
қосымша реңк береді.
Жалпы тілі білімінде шылаулардың бір
қатары сөз бен сөздің арасындағы
грамматикалық байланыстарды айқындау үшін, толықтыру
үшін қызмет етсе, біразы сөз тіркестері мен
сөйлемдердің арасындағы байланысты айқындау үшін
дәнекер болады. Ал кейбіреулері жеке сөздер мен сөз
тіркестері немесе сөйлемдерді нақытылау үшін, толықтыру
үшін, я қосымша реңк беру мақсаттарда қолданылады
делінген [1, 362].
Сөйлем құрамындағы
сөздерді байланыстыруда қызмет ететін шылау сөздердің
екі түрі болады. Соның бірі – жалғаулықтар. Өзара
тең тұрған сөздерді, сөйлемдерді байланыстырып,
солардың арасындағы грамматикалық қатынастарды
білдіретін сөздерді жалғаулық шылаулар дейміз. Олардың
басқа түрлерден ерекшелік қасиеті – бір сөздің
аясынан шығып, екі сөзге, екі сөйлемге бірдей мағына
қосып ұштастыра алуы. Жалғаулықтар – аналитикалық
сипаттағы байланыстырушы сөздер. Бұлардың ескеретін
жері сөз тіркесін құраудан гөрі байланыстырушылық
қасиеті басым болады.
Қазақ тіл білімінде
жалғаулықтардың тілдің даму эволюциясында біртіндеп
барып бастапқы лексикалық мағыналарынан айырылып, абстрактілі
грамматикалық мағынаны иеленген жаңа мағынадағы
сөздер екндігі айтылады. Жалпы олардың қалыптасуы да
өзге грамматикаланған сөздердей грамматикалық
жағынан дерексізденуі, лексикалық дербес ұғымнан жалпы
категориялық дәрежесіне жетуі өте баяу және бірте-бірте
даму жолымен болатындығы анық. Ал септеулік шылауларға
қарағанда жалғаулықтану үдерісі көне
түркі тілінде жаңа да ізін сала бастаған [2, 58].
Сондықтан да көне түркі
дәуірінде жеке қалыптасқан сөздер болып толық
көріне алмайды. Дегенмен, көне түркі руникалық жазба
ескерткіштер тіліндегі йеме
және азу формалары
қазіргі қазақ тіліндегі және
мен әлде мағынасындағы жалғаулықты шылау
сөздер болып отыр. Оларды синтаксистік қатынастағы
грамматикалық мағыналары жағынан салыстырып
қарағанымызда айтарлықтай айырмашылықтары
байқалмайды. Түрколог ғалымдар зерттеулерінде йеме, тақы, йана
сөздерінің мағыналарын бір дәрежеде алып
қарастырғаны белгілі. Мұнда тақы мен йана
сөздері көне түркі тілінде үстеу сөз табымен
мағынасында қызмет еткен. Ескерткіштер тілінде бірде шылау, бірде
үстеу қызметінде көрінбейді. Мысалы: Елін йана бертіміз – Елін тағы бердік немесе елін қайта бердік.
Кідізіг субқа суқмыш тақы ур қатығды ба дер –
Кигізді суға салғын, тағы ұр қатайды ма дер.
Таным түші тақы түкемескен – Танылған түсі
тағы аяқталмаған. Табғачқа йана ічікді –
Қытайға қайта бағынды. Мысалдардан көріп
отырғанымыздай, әр уақытта тақы мен йана сөздері
бірінің орнына бірі жүре бермейді. Олар көне ескерткіштер
тілінде етістіктердің алдында келіп іс әрекетті пысықтап
тұрады.
Негiзiнен, ең, тым,
өте осы сияқты лексемалар
кейбiр туыстас түркi тiлдерiнде шылау сөздер қатарына
жатқызылады. Мысалы: қырғыз, ұйғыр,
ғағауыз, хакас, түрiк, шор тiлдерiндегi. Көмекшi
сөздер атауыш сөздерден кейiн келедi деген тұжырым жалпы
тiлдiк сиптттамалық дәрежеде айтылған заңдылық.
Десек те, тiлдiң кейбiр iшкi флексиялық заңдылықтарына
байланысты өзгешелiктерi болады. Мәселен қазақ тiл
бiлiмiнде сөз алдында тек демеулiгi ғана келедi деймiз. Егер де
күшейткiш үстеулер деп танылып жүрген единицаларды
күшейткiш демеулiктер деп есептейтiн болсақ, онда жалғыз тек
сөзi ғана емес өте, аса, тым, ең, тiптi т.б.осы
сияқты сөздердi де сөз алдында келетiн демеулiк сөздер
қатарына жатқызуға болар едi. Мұны айту себебiмiз, көне
түркi тiлiнде өте, ең тұлғалары кездесiп,
қазiргi дәрежесiнде қызмет атқарған. Мысалы: Ескiнiң ең жақсысын ала
бiлмей,жаманнан арыла бiлмей жүргендерге ренжiдiм. Ал мұндай
күресте жазушылардың, өнер қайраткерлерiнiң
алатын орны өте зор.
Септеулік
шылаулар шығу тарихы жағынан әуелгі лексикалық
мағынасы бар атауыш сөздерден транспозициялық тәсілі
арқылы пайда болған туынды тұлғалар болып саналады.
Олар тілдің даму эволюциясында біртіндеп барып, бастапқы
лексикалық мағынасынан айырылып, қосымшалар жалғану
арқылы сіңісу процесі негізінде
біріктіріліп, абстрактылы грамматикалық мағынаны иеленген
жаңа сөздер құрайды.
Жалпы тіл білімінде
септеулік шылаулар жайлы аффикс және дербес сөз
мағынасындағы екі негіздің барын байқаймыз.
Бұған қоса категория дәрежесіндегі септеуліктер бойына
лексикалық және грамматикалық мағыналарды
сіңдіретіндігі және өз алдына жеке сөз табы ретінде
қаралатындығы бар. Мәселен, демеуліктер мен
жалғаулықтар өздері тіркесетін немесе байланыстыратын
сөздердің грамматикалық тұлғасын талдамайды. Атауыш
сөздер қай сөз табына жатса да, қай тұлғада
тұрса да жалғаулық пен демеуліктер оны елемей тіркесе береді.
Септеуліктер олай емес, атауыш сөздердің арнаулы
грамматикалық формада тұруын қалап, меңгеріп барып
тіркеседі. Десек те, көне түркі тіліндегі септік жалғаулары
бірінің орнына бірі қолданылған. Оларды қазіргі
қазақ немесе басқа түркі тілдеріндегідей нақты
жүйелік байқалмайды. Сол себептен септеуліктердің
грамматикалық көрсеткішпен тіркесуін сөйлемнің
мазмұны мағынасы арқылы анықтаймыз. Мысалы: Йағру
қоңдуқта кісре аңығ білік анта өйүр
ерміс – Жақын қонғаннан кейін жаман ілімді сонда
үйренген еді. Осы сөйлемдегі «қоңдуқта кісре»
тіркесі жатыс септігінде тұр. А.Кононов септеулік шылаулар сөйлемде
есім мен етістік арасындағы синтаксистік қатынасты білдіреді.
Яғни септіктердің мағынасын толықтырады деген [7, 296].
Септеуліктерге тән
қасиет тіркесетін сөздерінің белгілі бір грамматикалық
тұлғада тұруын талап етеді. Мұндай белгілі бір
грамматикалық тұлғада тұратын негізгі сөздер –
зат есім, есімдік, етістіктің есімше түрі және қимыл
атаулары. Аталмыш шылаулар тобы сөйлемде есім мен етістік
арасындағы синтаксистік байланысты білдіреді. Яғни септеулік
шылаулар септік жүйемен тікелей байланысты. Олар септіктердің
мағынасын толықтырады, нақтылайды. Сонымен бірге септік
жалғаулары бере алмайтын синтаксистік қатынастағы
грамматикалық мағыналары мен ерекшеленеді.
Әдебиеттер
тізімі:
1. Аханов К. Грамматика теориясының негіздері. – Алматы: Өлке,
2010.
2. Қазақ грамматикасы. – Астана, 2002.
3. Жұбанов Қ.
Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер/Қ.Жұбанов. –
Алматы: Ғылым, 1966. – 362 б.
4. Исаев С.М. Қазіргі қазақ тіліндегі
сөздердің грамматикалық сипаты/
С.М.Исаев. –
Алматы: Рауан, 1998. –
52 б.
5. Қалыбаева А.Қазіргі қазақ тілінің
морфемалар жүйесі/А.Қалыбаева,
Н.Оралбаева.
– Алматы: Ғылым, 1986. –
190 б.
6. Шақаманова Ы.Б.Шылаулардың дамуы және зерттелу тарихы.
Қазіргі
қазақ
тілі теориясы мен оны оқыту әдістемесінің
мәселелері/Ы.Б.Шақаманова. – Алматы: АГУ, 1995. – 84 б.
7. Кононов А.Н. Грамматика современного узбекского
литературного
языка/А.Н.
Кононов. – М-Л: Изд – во АН ССР, 1960. – 446 с.