Студент Касымова Нургул
Е.А.Букетов атындағы
Карағанды мемлекеттiк университетi
Қ. МҰХАМЕДЖАНОВ ШЫҒАРМАЛАРЫНДА КЕЗДЕСЕТIН
ЖЕРГIЛIКТI ТIЛ ЕРЕКШЕЛIКТЕРI
Ғылыми
жетекші:
ф.ғ.д, профессор Ш. Мажитаева
Қазақ драматургиясында әсерлі, нәрлі,
көркемділігі кемел, тың шығармаларға қалам
тартқан Қалтай Мұхамеджановтың бүкіл
шығармашылығын тұтастай қарастырғанда, ол ХХ
ғасырдағы қазақ ұлты тағдырының
басқалар байқай қоймаған, байқаса да, баса
көрсетуге батылдық етпеген трагикомедиялық сипатын жеріне
жеткізе ашып беруге тырысқанын көреміз.
Қ.
Мұхамеджанов өз шығармаларында заманының
ауыртпалығы мен ұлт
катастрофасын кейіпкерлерінің характерлері мен репликалары арқылы
өз бояуында бейнелеген. Суреткер өз ойын, көзқарасын,
әлемді түйсінуін басқаға дәл, нақты,
әсерлі, бейнелі жеткізу үшін тілдің экспрессивті
құралдарын өз
қажетіне мейілінше уәжді жаратуға тырысқан.
Қаламгер туындыларында тілдің синонимия, антонимия, омонимия,
полисемия, фразеология сияқты эмоционалды-экспрессивті әлеуметі мол
құралдары мен сезімге, санаға әсер ететін синтаксистік
конструкциялары, мақал-мәтелдер, қанатты сөздер мен
афоризмдердің стильдік қызметі айырықша ескерілген.
Шығармаларда әдеби тіл нормасынан ауытқу түрінде орын
алатын диалектизмдер мен окказионал сөздер де кейіпкер тілінде
қолданылып, шығарманың тілдік бояуын арттыра түскен.
Автор қолданысындағы осындай нормадан тыс элементтер контекст
ыңғайына қарай бейнелілігімен, әсерлілігімен,
дәлдігімен көзге түседі.
Диалектілік
сөздердің көркем әдебиетте атқаратын стильдік
қызметі кейіпкерлер тілінде қолданылып, шығарманың
тілдік бояуын күшейтумен байланысты. Дегенмен жергілікті сөздерді
көркем әдебиетте орынсыз қолдану, мәселен,
автордың өз атынан айтылатын баяндауларда шамадан тыс жұмсау
шығарманың көркемдік әріне нұқсан келтіреді.
Әдетте көркем шығармаларда диалектизмдер тілдің
әр түрлі деңгейіне қатысты болып келеді. Яғни,
фонетикалық, морфологиялық, лексикалық ерекшеліктер
түрінде кездеседі [1, 151-152].
Фонетикалық ерекшеліктер әдетте кейбір
дыбыстардың өзара алмасуымен, сөздердің жуан-жіңішке
айтылуымен немесе кейбір дыбыстардың түсіріліп не қосылып
айтылуымен байланысты болады. Автор дауысты дыбыстарды алмастырып
қолданған: а~ә:
жайды~жәйді; ажуа~әжуа; алдақашан~әлдеқашан;
і~и:
әзіз – әзиз; і~ы: шілдехана~шылдахана.
Дауыссыз дыбыстарды алмастырып
қолданған: й~х алмасуы:
меймандар~мехмандар; қ~х алмасуы: хисап–қисап; т~д
алмасуы: тұлдана-долдана; д~л
алмасуы: немқұрайды–немқұрайлы; к~г алмасуы: аракідік–арагідік;
ж~д алмасуы: жүз
/дүз.
Шығарма
мәтінінде дыбыстық алмасумен қатар ықшамдау
үдерісіне байланысты элизия,
протеза апокопа құбылыстары да кездеседі. Элизия құбылысы: ұйытқи – ұйтқи :
Бұл көріністердің бәрі кенет ұйтқи
соққан қар боранның құшағында
жоқ болып кете барды (Қ.М.,
2т.,301). Мағлұм – мәлім.
Мысалы: Құрбан
үні жалғыз Түркістан уалаяты ғана емес,
бүкіл мұсылман елдеріне мағлұм болды (Қ.М., 14). Битаныс–бейтаныс. Мысалы:
«Битаныс
бұлар кім?» дегендей, қойлар ығыса бастады (Қ.М.,2 т. 308).
Протеза құбылысы: лаж – ылаж. Мысалы:
Ғылым докторының галстугін жалғаудан басқа еш ылаж жоқ (Қ.М., 306).
Апокопа (бүтін сөздің соңғы
бір дыбысының не бір буынының түсіп қалуы)
құбылысы төмендегіше көрініс тапқан: бар-ды
– бар еді. Біздің медпункттің алдында тері
қабылдайтын дүкен бар-ды (Қ.М., 1т., 321). Бұ
да – бұл да. Алдың кеш, жалғыз өзің
қайда барасың, мынау біздің үй, бұ да
жатырқамайтын дос-жораның үй-жайы, осында кемпір енемізден
басқа жан жоқ [2, 331]. Па-па–пай-пай. Па-па, дүние
қоңызым-ай, шайқағың келсе байына
тоқалдыққа алып бере ғой (Қ.М., 332). Пақуат~бай-қуатты. Қалай,
аман-сау жеттіңіздер ме? Құда пақуат па? (Қ.М., 54).
Лексикалық
ерекшеліктерді қарастырғанда диалектілердің көркем
әдебиеттегі қызметіне талдау жасалынады, өзіндік ерекше
топтары іштей жіктеледі, сөз төркіні анықталады [3, 783].
Жазушы шығармасындағы
диалектілерді лексикалық жағынан мынадай топтарға бөліп
қарастыруға болады:
1.
Үй-жай, баспана
және ыдыс-аяқ атауларына байланысты диалектілер;
2.
Ас, тағам
атауларына байланысты диалектілер
3.
Киім-кешек, мата
атауларына қатысты диалектілер
4.
Құрал-сайманға
байланысты диалектілер
5. Жер бедері, оның ерекшеліктеріне қатысты
диалектілер
Қалтай Мұхамеджанов өзінің кейіпкерлерінің
аузына диалектілік фразеологизмдерді
де шебер сала білді.
Диалектілік фразеологизмдер – диалектілік
лексиканың құрамдас бөлігі [5, 20]. Құрамы жағынан
тұрақты бейнелі образды түрде жұмсалатын дайын тілдік
бірлік диалектілік тұрақты тіркестер әдеби тілдегі
тұрақты тіркестерге қарағанда шығу тегіне
қарай ерекшеліктері бар. Мәселен, Міне, мен кеткенде төрт жаста еді, бүгін дүние
жүзінің алдында ән шырқап тұрды. Мен, қасқа маңдай,
жақындай алмадым (Қ.М. 33). Қасқа маңдай фразеологизмі Қызылорда, Арал,
Атырау жерлерінде көп қолданылып, сор маңдай деген
фразеолгизммен мағына жағынан үндеседі.
Тарихтан... Сенің
жерлесіңе... төрт алайын деп тұрған Әнуар бір
қосымша сұраққа «сіздің кітабыңыздағы
деректерге қарағанда» деп ұстама көпшік қоя төпей жөнеліп едім, бес
қойып қарап тұр (Қ.М., 2т., 25). Сөйлемдегі көпшік
қою тұрақты тіркесін қарайтын болсақ,
көпшік диалектісі Қызылорда, Арал; Орал, Орда; Ақтөбе:
Ойыл, Шалқар ауданы, Ырғыз; Атырау, Түрікменстан, Красноярск,
Ашхабад, Ташкент, Қарақалпақстан жерлерінде бір кісілік кішкене
жастықты айтады [3, 366]. Осыдан келіп, көпшік қою тұрақты тіркесі жылы,
жұмсақты алдына қойып, мәртебесін
асқақтату, мадақтау деген мағынаны береді.
Не керек, іріткі, лаңды сала отырып,
құдай оңын берсе бір-екеуінің басып айналдырып алып
қалсаңдар, соның өзі көп жылға азық
болар еді (Қ.М., 1т., 21). Лаңды
сала – ойрандады, бүлдірді [2, 568].
Мұхамеджанов
шығармаларында орынды қолданысты бейнорма элементтерін кездестіріп
қана қоймай, эмоцианалды, экспрессивті бояуы басым
диалектизмдерді де ұшырастыруға болады. Мысалы, Сен саппас
қайдан жүрсің? (Қ.М., 2т., 96). Сөйлемдегі саппас
сөзі – парықсыз, топас, санасыздеген мағынаға ие [6,
708].
Өзбектің кейбір зәнталақтары Ресейге кетіп қалды дегенді естідім
ғой (Қ.М., 1т., 24). Сөйлемдегі
зәнталақ сөзі
бірқатар аймақтарда, атап айтқанда: Қостанай, Жангельдин ауданында; Жамбыл облысы: Сарысу
ауданы; Талдықорған; кей батыс аймақтарда:
Маңғыстау, Атырау; Түрікменстан, Ташкент жерлерінде қолданылып, бұзылған, оңбаған;
нәлет [4, 68] деген мағынаны береді. Диалектілік лексикада
кездесетін мұндай сөздер адам көңіліне жағымсыз
әсер тудырып, ауыр қабылданады.
Адам ойын
мәнерлі, әсерлі жеткізетін экспрессивті сөздер де автор
шығармаларының нәрін келтіріп тұр. Экспрессивті
реңі басым диалектілер кейіпкер тілін әрлендіре түскен.
Мысалы, Айман – Шолпан – екі науша жігіт үйден шыға
береді (Қ.М., 2т., 127) деген сөйлемдегі науша диалектісі Қостанай, Ұзынкөл ауданы
жерлерінде ірі деген мағынаны білдіреді.
Сайып
келгенде, материалдық мәдениетті
бейнелейтін адам баласының жалпы материалдық
мәдениетінің аймақтық ерекшелігі болып табылатын этнодиалектизмдерді
автор өз шығармаларында шебер қолданған. Себебі олар да
адам әрекетінің маңызды, негізігі саласы: үй-жай,
киім-кешек, азық-түлік, салт-дәстүр т.б.
материалдық құндылықтарды өндіру, жасау
үстінде пайда болады да, аймақтық лексиканың этнодиалектизмдер қабатын
құрайды. Осы лексикаға енетін этномәдени қабатты
таратып білу этнос мінез-құлқын, өмір сүру
тәсілін, тарихын, жалпы, этнос табиғатын тануда дерек болатыны
белгілі. Міне осы себепті Қалтай
Мұхамеджанов шығармаларында диалектілерді өте орынды
пайдаланып, сол арқылы кейіпкерлерінің образдарын керемет
ашқан.
Сонымен
жазушы шығармаларында фонетикалық, грамматикалық ерекшеліктер
де ұшырасады. Олар батыс сөйленістерінің айырым белгісі
саналады. Автор кейіпкерді сөйлету арқылы олардың
стилистикалық қызметін көрсетеді. Лексикалық
ерекшеліктер, негізінен, осы аймақ халқының
қолданысында жүрген атаулар, олар материалдық және
рухани мәдениет деректері ретінде тақырыптық топтарға
тарату мақаламыздың өзегі болды.
Автор
өзінің шығармалардында жергілікті тіл ерекшеліктерінің
қолдануда сол өңірдің колоритін беріп,
шығарманың шынайылығы арттыра түскен. Мұндай тәсіл, ең алдымен,
шығарманың тақырыбына, мазмұнына, суреттелетін
оқиғаларға, автордың мақсатына, эстетикалық
идеалы мен шеберлігіне байланысты. Орынды, мақсатты түрде
қолданылған жергілікті
ерекшеліктер тілдік экспрессияның тиімді құралы болып
табылатынына Қалтай Мұхамеджанов шығармаларына диалектологиялық
талдау барысында көз жеткіздік.
Пайдаланылған
әдебиеттер?
1.
Қалиев Ғ., Болғанбаев Ә. Қазіргі қазақ
тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. Оқулық. –
Алматы, 242 б.
2.
Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігі.
1-кітап. – Алматы: Ғылым, 1999. 240 б.
3.
Диалектологиялық сөздік. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2007. – 800
б.
4.
Атабаева М.С. Қазақ тілі диалектілік лексикасының
этнолингвистикалық негізі. – Алматы: Білім, 2006. – 228 б.
5.
Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. –Алматы:
Дайк-Пресс, 2008. – 968б.
Көркем
әдебиет:
1.Мұхамеджанов Қ. Таңдамалы шығармалар. Үш
томдық. 1-2 т. – Алматы: «Атамұра», 1998. –320 б.