БҮГІНГІ  ЖАСТАР  ПСИХОЛОГИЯСЫ

 

                        Айтжанова Р.М., Қожабай А.М.

Е.А.Бөкетов  атындағы  Қарағанды  мемлекеттік   университеті

 

Келешегіміздің келбетті, болашағымыздың баянды болуы бүгінгі  жастарға тікелей байланысты. Өйткені олар – ертеңімізді жасайтын бүгініміз. Елдің қуаты мен қозғаушы күші де осы – жастар. Ел болашағы – жастарымыздың жан-жақты қабілетті, білімді болып өсуі және дамуы. Талпынған құстай талаптанған шәкірттердің бастысы денсаулығы мықты, еліміздің саналы азаматы болуын мақсат етеді [1].                                       Ұлт көшбасшысы, Елбасы да жастарға ерекше сенім арта отырып, жастардың жағдайын жасауға баса назар аударады. Ел Президентінің жыл  сайынғы Жолдауларының басым бағыттары жастармен тікелей байланысты  болуы, кез келген мемлекеттік маңызы бар стратегиялар мен  мақалаларында, сөздерінде әр кез өскелең ұрпақты тілге тиек етуі – соның айқын дәлелі. 2015  жылдың 9 ақпанында Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев  "Мемлекеттік  жастар саясат туралы" Заңға қол қойды. Бұл құжат жастардың мемлекеттік  және қоғамдық қызметке белсенді араласуын қамтамасыз етуге, жастар  саясатын жүзеге асыруда мемлекеттік органдардың жауапкершілігін күшейтуге  бағытталған [2].                                                                                      Жастар психологиясын зерттеуде шетел ғалымдарынан Джон Локк  "Тәрбие туралы ойлар" деген еңбегінде зерттеулер жүргізген. Джон Локк  баланың көзқарастары мен адамгершілік қасиеттерін қалыптастырудағы  тәрбиенің шешуші рөлін мойындай келіп, адам тәрбие арқылы жетіледі деп  жазған. Локк бойынша, бала жаны табиғатынан – ақ парақ сияқты тап-таза  болады, сондықтан тәрбиеші нені қажет деп тапса, соны, сол таза ақ  параққа  жазуы дейді. Және де, бұл тақырыпта зерттеу жүргізген орыстың атақты педагог-психологі – Антон Семенович Макаренко, өз еңбегінде: "Баланың  мінезін, жалпы деңгейін, ынтасын жақсы білу үшін, оның дамуына  адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуына не нәрсе қажет екенін әрбір әке, әрбір ана білуге міндетті. Сіздің балаңыз қалай өмір сүреді, неге қызығады, нені  сүйеді, нені қажет етеді, нені қажет етпейді, ең алдымен сіз осыны білуіңіз  керек. Ол кіммен достасады, кіммен ойнайды, не оқиды, оқығандарын қалай  қабылдайтынын сіз білуіңіз керек. Осының бәрін сіз әрқашан өз балаңызда  жастайынан білуіңіз керек" деп жазған [3]. Француз ғалымы Жан Жак Руссо  баланың ақыл-ойының, ықылас-тілегінің өзіндік ерекшелігінің болатынын, оларға барлық уақытта бала деп қарауға  болмайтындығын, кейде үлкендермен  түрліше араласу, баланың табиғи дамуына кері әсер етеді деп айтқан [4]. Әр жылдарда егіннің жақсы не нашар шығатын мезгілдері болатыны  сияқты адамның, соның ішінде баланың әр нәрсеге әуесқойлығы, сезімталдығы  түрліше болып кездесетін мерзімі бар. Осы мәселені тұңғыш рет көтерген  италияның педагогы Мария Монтессори. Бұдан соңғы кездерде кеңес  психологтары Л.С. Выготский, Н.С. Лейтс осы жөнінде құнды пікірлер  қалдырған [4,33б.].                                  Көрнекті кеңес педагогы А.С. Макаренко жастарды қайта тәрбиелеудегі  өзінің бай тәжірибесіне сүйеніп, оқу-тәрбие жұмысын жүргізудің жүйелі  теориясы мен әдістемесін құрды. Оның жастар жайлы еңбектері: "Балаларды  тәрбиелеу жайлы дәрістер", "Ата-аналар кітабы", "Тәрбие жұмысын  ұйымдастыру әдістемесі". Және де, жастар психологиясын өзінің еңбектерінде  негіз етіп алған – Василий Александрович Сухомлинский. Ол өз  еңбектерінде  әрбір баланың басынан жан-жақты дамуының, дара ерекшеліктерінің, бейімділігінің, қызығушылығының, тағы басқа қабілеттерінің жетілуіне  бағытталған тәрбие үдерісін ұйымдастырды. Жастарға арналған еңбегі - "Балаға  жүрек жылуы". Ол бұл еңбегінде балаларға деген сүйіспеншілікті негіз  тұтқанын көреміз [5].         Жастар психологиясын  зетттеуде қазақ  ғалымдары  да өздерінің  үлкен  үлестерін  қосқан. Олардың ішінде Кәрім Қойбағаров "Балаларды  адамгершілік  сезімге тәрбиелеу" атты  еңбегінде  өз зерттеулерін жүргізген. Әбдірахман  Асылбеков: "Бала  тәрбиесіндегі отбасының  рөлі", "Мектеп оқырмандарында  ынтаның  қалыптасуы" атты тақырыпта диссертация қорғаған [6].        Бүгінгі ұл – ертеңгі әке, ол әкеге қарап өседі. Бүгінгі қыз – ертеңгі ана, ол  шешеге қарап өсіп, бой түзейді. Балаға білім, тәрбие беруде басты  тұлға  ұстаз  болса, оны жалғастырушы, демеуші – ата-ана және қоғам [7]. Әрбір  мемлекеттің болашағы мектебінде шыңдалады. Мектепте жақсы білім алған  бала, тәрбиені де алады. Тәрбие үдерісінде бала өзінің дамуына қажетті  жағдайларды пайдалануы тиіс. Осыған орай тәрбиеші тәрбие арқылы  баланың  түрлі іс-әрекеттерін тиімді етіп ұйымдастырады, оның дамып жетілуіне қажетті  материалдарды іріктеп алады. Айналадағы табиғи және әлеуметтік ортаға  көзқарасын дамытады.     Жастардың әрбір даму кезеңінде жетекші іс-әрекеті  болады. Мұндай іс-әрекет өзінің мақсаттары, мотивтері және орындалу  тәсілдерімен сипатталады. Бұл жетекші іс-әрекет – өсуші жастардың  психологиялық мұқтаждықтарын қанағаттандыру мен таным немесе  психикалық үдерістерін қалыптастыруға бағытталған іс-әрекет. Балалар жас кезінде еліктегіш келетіні рас. Себебі, баланың мектеп  уақытысында "ауыспалы кезең" деген кезең болады. Сол уақытта көпшілік  жастардың әр нәрсеге қызығушылығы артады. Жақсы қасиетке де, жаман  қасиетке де қызығушылығы арта түседі. Міне, сол уақытта  балаға рухани  тәрбие керек болады. Психологтың, мұғалімнің, ең бастысы – ата-ананың  көмегін қажет етеді.                                                                                              Ойлау әрекеті негізінде, мектеп жасындағы балалардың дүниеге  көзқарасы қалыптаса бастайды. Таным психикалық процесінің (түсінік, қабылдау, зейін, ойлау, сөйлеу және тағы  басқа) дамуымен бірге баланың  психикалық қасиеттері де (қабілет, бейімділік, мінез) қалыптаса бастайды. Осыған байланысты ойлаудың қабылдағыштық, бақылағыштық, білуге  құмаршылық, тапқырлық, ізденімпаздық сияқты болымды жақтары да  жетіле  түседі [7,36б.]. Міне, осылардың арқасында жастар жақсы жетістікке жетеді.        Баланың  дамуында  іс-әрекеттің  рөлі  өте  зор. Ол  дамудың  негізі. Іс-әрекеттің түрлері: ойын, оқу, қоғамдық пайдалы жұмыстар, көркем өнер іс-әрекеті, спорт және тағы басқалар. Осылар арқылы бала жан-жақты жақсы  дамиды. Ақыл-ой және спорттық ойындар баланы дамытудың басты  себептерінің бірі. Ақыл-ой ойындары балалардың аңғарымпаздығын, ұғымталдығын, зеректігін дамытады, ойлау  теориясына (салыстыру, ажырату, жинақтау, және тағы басқа) жаттықтырады. Спорттық ойындар балалардың  қайраттылық, шешімділік, өзін-өзі билеу, батылдық, ерлік, төзімділік сияқты  мораль-дық  қасиеттерін  қалыптастырады, денесін  шынықтырады [7,39б.]. Және бір айтып  кететін жәйіт, жастардың  дамуында өте үлкен маңызға ие, ол – еңбек. Сондай-ақ , жастардың еңбекпен өзін-өзі тәрбиелеуі. Еңбекке  мойымаған бала әрдайым қиындықтардан сүрінбей өтеді. Еңбек адамды  сабырлылыққа, ұстамдылыққа, төзімділік пен шыдамдылыққа үйретеді. Расында жұмыстың адам өміріндегі рөлі ерекше. Ол барша адамды  тәрбиелейді.                                                                            Қорыта айтқанда, болашақта ел тізгінін ұстар азаматтар – бүгінгі жастар. Бүгінгі жастар қандай тәрбие алса, ертең сол тәрбиені көрсетеді. Сондықтан, қоғамдағы  жастардың рөлі – ерекше маңызға ие. Олардың тәрбиесі, білімі, руханияты әлбетте баршаны қызықтыруы тиіс. Себебі, бала тәрбиесіне  уақытында назар аудармаса, уақыт өте келе, дұрыс тәрбие алмаған бала өз  зиянын  тигізері сөзсіз. Қазақтың ұлы ойшылы Жүсіп Баласағұн: "Тәртіп  көрген  адам  бала  күнінде, өнерімен  қуандырар түбінде" – дегенді осындай  тұжырымда айтса керек. Кішкентайында тәрбие алмаған баланы, өскеннен  кейін тәрбиелеу қиын шаруа. Халықта "Ағаш түзу өсу үшін, оған  көшет  кезінде көмектесуге болады. Ал үлкен  ағаш болғанда, оны түзете  алмайсың," - деп бекер айтылмаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік  яғни  адамгершілік  сияқты  құнды  қасиеттерді  сіңіріп, өз-өзіне  сенімділікке тәрбиелеуде отбасы мен педагог мамандар шешуші рөл  атқаратыны белгілі. Отбасында ата-ана, ал мектепте мұғалім, психолог  мамандары баланың тәрбиесіне үлкен маңыздылықпен қарауы  керек. Жастарды болашақта жақсы адам етіп тәрбиелеу үшін,олардыңой-пікірін, психологиясын түсінуге тырысу керек. Сол кезде  ғана баланың  өз-өзіне  деген  сенімі және айналасындағы жандарға деген сенімі арта түседі. Жастарға  қажетті ең басты үш  нәрсе  бар. Олар: жақсы тәрбие, кемел білім және адал  еңбек. Болашақ ұрпаққа тәлімі мол тәрбие беру үшін осы үшеуін ұстану  жеткілікті. Ертеңіміздің айбынды азаматтары болу үшін, әрбір жас ұрпақ – әрі  тәрбиелі, әрі білімді, әрі өнерлі болады  деген  сенімдеміз. Сонда ғана, оларды  болашақтың кепілді азаматтары дей аламыз.          Біздің келешегіміз бүгінгі жас  ұрпақ, ал  жас  ұрпақ  тағдыры  олардың бойына тәрбие мен білім  нәрін  себуші  ұстаз  қолында. Сондықтан  да, білімді  де  білікті  ұстаздарымыз  аман  болсын  дейміз!!!                               Пайдаланылған  әдебиеттер    

1. Қасымбекқызы С. Жастар  болашағымыз // Жетісу. – Талдықорған, 2015. - № 128. https://www.zhetysu-gazeti.kz/index.com       

2. Назарбаев Н.Ә. "Нұрлы  жол – болашаққа  бастар  жол" // Қазақстан  халқына  Жолдауы. – Астана, Ақ Орда. 2015.02.09.          

3. Қоянбаев Ж.Б., Қоянбаев Р.М. Педагогика. – Алматы, 2004. – Б.37-386.

4. Бейсенбекова Г.Б., Молдабаева Р.А., Нұрғалиева С.М. Жас  ерекшелік  психологиясы. – Қарағанды, 2005. – Б.6-33.        

5. Педагогика  пәні, оның  негізгі  үғымдары. https://www.kitaphana.kz/ru/3259

6. Қазақстанда  психология  ғылымының  қалыптасуы  мен  дамуы. https://www.studopedia.org/10-57472  

7. Қоянбаев Ж.Б., Қоянбаев Р.М. Педагогика. – Алматы, 2000. – Б.35-40.