Өскемен қаласы С.Аманжолов атындағы ШҚМУ

Матаева Бақыткүл Үкіжарқызы

«Психология және педагогикалық коррекция» кафедрасының аға                                                                                                  оқытушысы

Құрманбекова Құралай

Өскемен қаласы С.Аманжолов атындағы ШҚМУ

«Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану» мамандығының 3курс    студенті

            Ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас

      Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеніне байланысты Елбасының «2030 жылғы жолдауындағы» мақсаттар мен мұраттар мүлтіксіз жүзеге асырылса, ұрпақ тәрбиесіндегі істерде де үлкен бетбұрыстар болары сөзсіз. Ұрпақ қамы - ертеңгі ел қамы. 21 ғасырда өмір сүріп, еңбек ететін жастарды тәрбиелеуде қазақ халқының ғасырлар бойы жинақтап уақыт талабына өткен бай қазынасын отбасы тәрбиесінде қолдану – кезек күтірмейтін мәселе екені даусыз. Отбасындағы бала тәрбиесі жөнінде 17-18 ғасырларда өмір сүрген батыстың, орыстың педагог –ғалымдары жақсы ой-пікірлер айтқан болатын. Я.А.Коменский «Ағайынды чехтарды» тәрбиелеудегі халықтық дәстүрдің жақсы нәтижелеріне сүйне отырып, баланы жастайынан жақсы мінез-құлыққа тәрбиелеудің жолдарын көрсетіп берсе, ал Щвейцарияның кемеңгер педагогы И.Г.Песталоцци тәрбиені ана тілінде оқытатын халықтық мектептердің бай тәжірбиесіне негіздей отырып жүргізуді мақұлдады.

        И.Г.Песталоцци: «Бала тәрбиесі, оның дүниеге келген күнінен басталуы керек. Баланың дүниені түсінуі отбасында басталып, мектепте әрі қарай жалғастырылуы шарт» - деген қағиданы ұсынды. Ж.Ж.Руссо бала тәрбиесінің көзі еңбекте, сондықтан баланы жан-жақты жетілген азамат етіп тәрбиелеуді отбасында еңбекке үйретуден бастау керек деп қараса, әйгілі орыс педагогы, К.Д.Ушинский бала тәрбиесіне тоқтала келе, мектеп жасына дейінгі бала тәрбиесінің негізгі ортасы - отбасы. Қазақ отбасындағы ата-ана мен баланың кісілік қарым-қатынасы, эмоционалды сезімдері - олардың жаны мен қанының табиғи бірлігі негізінде жақындық арқылы орындалған. Қазіргі уақытта баланы заман талабына сай жеке тұлға етіп қалыптастыру қазақ отбасындағы барлық ата-аналар үшін көптеген қиындықтар туғызуда. Бұрын бәрімізге белгілі халқымыздың аса күшті қасиеті балажандығы деп саналған. Тіпті қазақ әйелі әулиеге түнеп перзент үшін өмір сүретін. Ал, қазір қазақ әйелдері арасында балаға деген сүйіспеншілік күрт бәсеңдеп кеткен сияқты. Себебі сәби өмірге мүлде дәрменсіз күйде келеді. Нәрестенің өмірге келіп, кіндігінің кесіліп, жөргекке оралуынан бастап дені сау, ақылды да

тәлімді бала етіп өсіру мақсатындағы ата-ананың өмірінде таусылып бітпейтін қарбалас басталады. Соңғы жылдары адамның жан-дүниесімен сырласып, оның мінез-құлқын, тәртібін зерттеуде психолог-педагог адамдар арсындағы қарым-қатынасқа айрықша назар салып отыр. Осы бағыттағы құнды зерттеудің негізін, әсіресе мектепке дейінгі кезеңде М.И.Лисина, Қ.Т.Шериазданова сынды ғалымдар салды. Олар психологияда мектеп жасына дейінгі баланың ересектермен қарым-қатынасын зерттеуде жаңа жол ашты.

        А.С.Макаренко ата-аналарға: «Сіздер баланы тек сөйлеген кезде ғана, оған ақыл айтқанда немесе бұйрық берген кезде ғана тәрбиелейміз деп ойламаңыздар, баланы өмірлеріңіздің әрбір минутында, тіпті өздеріңіз үйлерінізде жоқ уақыттың өзінде тәрбиелейсіздер, сіздер қалай киінесіздер, сіздер басқалармен қалай сөйлесесіздер немесе басқа адамдар туралы қалай қуанасыздар және ренжисіздер, сіздер достарыңызбен қандай қарым-қатынаста боласыздар, сіздер қалай күлесіздер, газет – журнал оқисыздар – осылардың бәрінің бала үшін маңызы бар» , - деген болатын. Олай болса, бала тәрбиесі кезек күтірмейтін, күнделікті өмірде күн тәртібінен түспейтін мәселе болып қала бермек.

     Қарым-қатынас – баланың психикалық дамуының негізгі факторы, әрі шарты. Кеңестік психология мен педогогикада қарым-қатынасқа бірнеше анықтама береді. Біреулер, қарым-қатынасты ақпарат алмасу деп түсінсе, келесі біреулер, қарым-қатынасты –адамзат дамуының құрамдас бөлігі деп қарастырады. «Қарым-қатынас – қаншалықты әлеуметтік құбылыс болса да, соншалықты – жеке даралық құбылыс. Сондықтан да, қарым-қатынастын ең маңызды құралы – тілде, оның жеке даралық көрінісі мен механизімі болып табылатын – сөйлеуде, әлеуметтік пен жеке даралықтың бір тұтастығында көрінеді...» Қарым-қатынас тек тіл арқылы әректтесу ғана емес, ол аса маңызды тәрбие құралы да болып табылады. Адамды қалыптастыратын қоршаған орта, қоғам екендігі белгілі шындық. Отбасындағы ата – ана мен бала арасындағы қарым-қатынас мәселесін В.С.Мухина мен Л.А.Венгер де ғылыми тұрғыдан зерттеді. Олар отбасында дұрыс ұйымдастырылған қарым-қатынас пен тәрбие үрдісі нәтижесінде мектеп жасына дейінгі бала өздігінен дербес әркеттер (киім кию, жуыну, тамақтану т.б) орындағандарымен, ата – ана тарапынан көрсетілген эмоционалды қарым – қатынасты әлі де болса аса қажет етеді деп тұжырымдайды.В.С.Мухинаның айтуынша адамдар арасындағы қарым – қатынастар барысында балада әр түрлі тәртіп формалары қалыпасады. Бұл жерде бала үшін ең бастысы – ата – ана тарапынан ұйымдастырылған жағымды қарым – қатынас. Ата –ана сенімі мен махаббаты балада оптимизм, жақсы үлгі болуға деген тілекті қалыптастырады. Бала әр уақытта өзіне жасалған эмоционалды қолдауды қажет етеді.

      Баланы дұрыс толыққанды азамат етіп тәрбиелеу үшін ынтымақтастық пен қарым – қатынастың керек екені белгілі. Осы қарым – қатынас түрін дамыту жолдарына баса көңіл бөлген жөн. Біздің бұл көзқарасымыз халықтық тәрбиенің басты қағидаларының ғылыми педагогикамен байланысын қарастырған С.Қалиевтің тұжырымдамасымен қабысып жатыр. Халық педагогикасында тәрбие ісі баланың жас ерекшелігін ескере жүргізіуді талап ете отырып: «Ұлыңа бес жасқа дейін патшадай қара, он бес жасқа дейін қосшындай сана, он бес жастан асқан соң ақылшы досындай бағала» -делінген.

       Ғалымдардың ойынша отбасындағы жағымды қарым-қатынас балада жауапкершілік, ынтымақтастық, бірлік сияқты сапаларға негіз болса, керсінше жағдайдағы қарым-қатынас (ұрыс-керіс, қақтығысушылық) баланың көңіл – күйіне, еңбекке қабілеттілігіне үлкен зиян келтіреді. Тәрбиеде «былай істе, мұны істеме» деудің орнына жүріс-тұрысымызбен балаға үлгі болу керек. Өйткені іс – әрекетіміз, сөзге қарағанда, көбірек әсер етеді. Жақсы нәрселер жасалынса, балаға үлгі болады. Балаға жақсылық жасаудың пайдасын түсіндіру керек. Осылайша, бала өзімшіл болудан кұтылады. Өзімшіл болып өскен балалар қоғамға үйлесе алмайды, тіпті салт – дәстүр, әдет-ғұрыпты және заңды да танымайтын болады.

       Әрбір ата – ана өзінің баласын тәрбиелеуде онымен тіл табыса білуге, жақсы өнеге көрсетіп, тек жақсы әдет, жақсы мінез – құлыққа тәрбиелеуге міндетті.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Қызықты психология  3  (25-26)  2016 Алматы

2. Педагогика және оқушы психологиясы 1 (7) Алматы

3. Қызықты психология  3  (14)  2015  Алматы

4. Педагогика және оқушы психологиясы 4 (28) Алматы