Бубеева Меруерт Даулетовна

 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,

Қазақстан Республикасы; Алматы қ.

e-mail: meruyertdaulet@gmail.com

 

НЕМІС БАСПАСӨЗІНДЕГІ ҚАЗАҚСТАН ТАҚЫРЫБЫНЫҢ КӨРІНІСІ

 

Қазақстан мен Германия арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың негізі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 1992 жылғы қыркүйекте ГФР-ға жасаған алғашқы сапары барысында қаланды. Осы сапар кезінде өзара қарым-қатынастардың негіздері туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойылған еді. Сол жылдардан бастап екі мемлекет арасындағы саяси және экономикалық байланыстардың дамыту тұрақты сипат алды [1].

Германия Федеративтік Республикасын Қазақстан Республикасының достық пен сенімге негізделген саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланысы қалыптасқан Еуропадағы негізгі серіктесі ретінде қарастырамыз. Осы орайда тараптар халықаралық саясаттың жаһандық мәселелерін шешу жөніндегі көпжақты ынтымақтастықты жандандыру қажеттігіне баса назар аударуда. Екіжақты қатынастар түрлі деңгейдегі байланыстардың жоғары қарқынымен ерекшеленеді, олар достық пен өзара сенімге негізделген. Халықаралық саясат мәселелерінің басым көпшілігі бойынша ұстанымдарда Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасы арасында түсініспеушілік немесе алшақтық жоқ. Еуропа мемлекеттері ішінде Германия Федеративтік Республикасымен Қазақстан арасындағы ынтымақтастыққа өзіндік ерекшеліктер тән. 

Қазақстан елі тәуелсіздіктің алғашқы сәтінен бастап Германиямен тығыз байланысты қалыптастырғаны белгілі. Қазақстан мен Германияны тек саяси және экономикалық мүдделер ғана емес, сонымен бірге мәдени-ізгілікті байланыстар да, оның ішінде Қазақстаннан ата-жұртына оралған 900 мыңнан астам және Қазақстанда тұрып қалған 200-230 мыңдай неміс ұлтының өкілдері біріктіреді [2].

Біздің халықтарымыздың қарым-қатынасының нығаюына 2009 жылы Германияда Қазақстан жылының табысты өтуі оң әсер етті. Бұл Қазақстанның Еуропа елдерінде ұйымдастырылған алғашқы ауқымды жобасы болатын. Ал 2010 жылы біздің ел Германияның Қазақстандағы жылын өткізді. 2009 жылы Германияда қазақстандық студенттер санының өсуіне байланысты «Болашақ» халықаралық оқу бағдарламасы орталығының өкілдігі ашылды. 2010 жылдың қазанында Гумбольд атындағы Берлин университетінде «Қазақстан және қазақ тілі» лектораты ашылса, бұл да алыс шет елдердегі Қазақстанның алғашқы жобасы еді.

Қазақстан мен Германия өзара байланыстарын одан әрі нығайтауға, тиімді қарым-қатынастардың жаңа бағыттарын іздеуге және проблемалық мәселелерді шешуге ұмтылыс танытады. Берлин бұрынғысынша Қазақстандағы демократияландыру үдерістеріне, Астананың аймақтағы және халықаралық деңгейдегі ұсыныстары мен бастамаларына үлкен қызығушылық білдіріп келеді. Өз кезегінде Қазақстанға да саяси және экономикалық уағдаластықтар негізінде пайдаға шығатын маңызды жақтары да жеткілікті [3].

Екіжақты қарым қатынастардағы байланыстардың ақпараттық реттелуіне тоқталатын болсақ, Қазақстан территориясында жарық көретін «Deutsche Allgemeine Zeitung» ұлттық республикалық газетінің маңызы зор. Аталмыш газет 1966 құрылған және неміс ұлтының Қазақстан жеріндегі жалғыз басылымы болып табылады.

«Deutsche Allgemeine Zeitung» ұлттық республикалық газетінің  әрбір санында Қазақстан территориясы мен басқа мемлекеттерде өмір сүретін неміс халқының қоғамдық өмірі мен мәдениеті жөнінде саяси, аналитикалық және экономикалық сараптамалар, танымдық және публицистикалық мақалалар,  ақпараттық хабарлар  жарияланады. Сонымен қатар, басылым беттерінде тарихи отандағы тұрғылықты немістер, оларға білім мен тәрбие беру жөнінде көкейкесті мәселелер де қарастырылады. Қарым-қатынастың тереңдей түсуіне Қазақстан Республикасында тату-тәтті тұрып жатқан 130-дан астам ұлттың ұлтаралық келісімдері де ерекше орын алады.

Германиялық кәсіби өңдеуші-редакторлар мен журналистер де сол газеттің мазмұнының жақсаруы мен беделінің биіктей түсуіне, бұдан тыс таралымының артуына Отандық әріптестермен теңдей қызмет етеді. Яғни бұл екі ел арасындағы журналисттердің өзара тәжірибе алмасуына көп септігін тигізуде.

Deutsche Allgemeine Zeitung мемлекет аумағында тарыдай шашылған неміс ұлтының өзара қарым-қатынасының сақталуына септігі мол. Әсіресе қазіргі таңда басылым ГФР мен Германия тұрғындарына, мәдениетіне қызығушылық танытып отырған қазақ қоғамына байланыс орнату үшін жаңа деңгейде мүмкіншіліктер тудыруда [4].

Зерттеу тақырыбына орай, Германиядағы неміс баспасөзіне  шолу жасайтын болсақ, Қазақстан жайлы ақпараттардың басым көпшілігі  «Frankfurter Allgemeine Zeitung», «Die Welt», «Die Zeit» секілді ұлттық басылымдарда жарық көреді.

Ұлттық газеттерде негізінен Қазақстанның соңғы 20 жыл ішінде өте жоғары деңгейге жеткендігі басым айтылады. Соның ішінде Қазақ елінің экономикалық салада өте жақсы нәтижелерге қол жеткізуі,  Қазақстанның Ішкі жалпы өнімінің жоғары көрсеткіші туралы мәліметтер жиі беріледі. Германия және Еуропа Қазақстанның қарусыздану жайлы қадамын өте жоғары бағалайды [5].

Неміс баспасөзінде жиі жарияланатын тақырып Қазақстанның көрші елдермен тату-тәтті өмір сүруі де еуропалықтарды бей-жай қалдырмайды. Өйткені, Қазақстанда көптеген ұлт пен ұлыс өкілдері, әртүрлі діни конфессиялар мен бірлестіктер бір үйдің баласындай татулықта өмір сүріп келеді. Ал, құқықтық мемлекет тұрғысынан Қазақстан қалыптасу кезеңін бастан кешіріп отыр. Бұдан былай құқықтық мемлекет құру үшін бірталай жұмыстар атқару қажет [6]. Сол секілді шалғай ауылдардағы  халық пен қала тұрғындарының арасындағы тұрмыстық айырмашылық та біраз ойлануды қажет етеді. Ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейі қала тұрғындарымен салыстырғанда анағұрлым төмен. Осы айырмашылықты теңестіру бағытында да істелер шаруа да қыруар[7]. 

Осылайша, бүгінгі табыстар мен келешекке жоспарланған бірлескен жобалар және түрлі салалар бойынша екі жақты қарым-қатынастың тереңдеуі екі  ел халықтарының ықпалдасуы жолында таңдалған бағыттардың дұрыстығын көрсетіп беріп отыр.

 

References:

1.        А.Б. Ахметжан. Двусторонние экономические отношения между Республикой Казахстан и ФРГ на современном этапе // G-Global.

2.        Б.М. Балаубаева. Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасы арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастық // DEUTSCHLAND - ZENTRAL ASIEN: AKTUELLE FRAGEN DER AUßENPOLITIK UND INTERNATIONALE BEZIEHUNGEN. – 21б.

3.        Н.Б. Онжанов Казахстанско-германские отношения на современном этапе //Государственное управление и государственная служба, № 2, 2013, б. 67-69

4.   http://deutsche-allgemeine-zeitung.de/de/content/blogcategory/41/77/

5.   http://www.kasachstan.diplo.de/

6.   http://www.dw.com/en/top-stories/world/s-1429

7.    ideo&sort=relevanz, http://www.faz.net/