Зерттеушілік құзыреттілік- таным әрекетінің негізі

Г.Р.Оңғарбаева, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ

 

Еліміздің білім беру жүйесі ғаламдық білім берудің стандарттарына бағытталған бұл кезең жас маманнан кәсіби құзыреттілігін жоғарылатуды, кәсіби қызметке байланысты мәселені шешуде дербестік пен шығармашылық таныта білуды, тез өзгеріп жатқан қоғамға тез бейімделіп және өзін көрсете білуді талап етеді. Өмірлік және кәсіби проблемаларды шешу көп жағдайда заманауи білім берудің мақсаттарына сәйкес келетін «құзырлылық», «құзыреттілік» ұғымдарымен бейнеленетін қасиеттерге тікелей байланысты.

Қазіргі таңда «құзырет» терминін ғана емес оның «құзыреттілік», «құзыретті» сияқты семантикалық категорияларын түсіндіруде бірыңғай, ортақ пікір жоқ.  И.А.Зимняя [1] «құзыреттілік» ұғымын  білімге негізделген адамның зияткерлік  және жеке басына байланысты әлеуметтік-кәсіби іс әрекетінің тәжірибесі деп түсіндірсе,   А.В. Хуторской  «құзыретке» өзара байланысты мағыналық бағдар, білім, білік, дағды және тәжірибенің жиынтығынан көрінетін  білім беруге алдын ала  қойылатын әлеуметтік талап (норма), ал «құзыреттілікке» білім алушының тікелей қатысуымен жүзеге асатын тиісті құзыретті игеру, меңгеру деп анықтама береді [2]. С.Г. Воровщиков «құзырет», «құзыреттілік» ұғымдарын әлеуетті-өзекті, танымдық-жеке тұлғалық, берілген-игерілген бойынша ажыратқан дұрыс деп атап көрсетеді. Құзырет шешімін табуы тиіс бағыттар, міндеттер, рөлдер, тапсырмалар туындатады. Құзырет бұл игерілуге тиісті құзыреттіліктің мазмұны. Бұл жағдайда құзыреттілікті нақты бір құзыретті жүзеге асыру үшін іс-әрекетті табысты жүзеге асыру деп түсінеміз [3].

Болашақ маманды кәсіби даярлауда оқу-зерттеу әрекетінің маңызының артуына орай «зерттеушілік құзыреттілік» ұғымын нақтылау және жүйелеу қажет. Ғалымдар зерттеу құзыреттілігінің қалыптасу проблемасына белсенді қызығушылық танытқанымен педагогика теориясы мен практикасында бұл мәселе толық зерттелмеген күйде, қазіргі таңда зерттеушілік құзыреттіліктің мәнін, оның даму барысын түсінуде бірыңғай түсінік жоқ.  

Зерттеушілік құзыреттілік дегеніміз бұрын игерген  білім, білік, дағдының жиынтығына  сүйене отырып, іс-әрекеттің мағыналық мәнмәтінін функционалдылықтан өзгермеліге айналдыру нәтижесінде өз бетінше жаңа білім жүйесін алу және меңгеруге саналы түрде дайындықтан көрінетін қасиет деп сипаттауға болады.

Зерттеушілік құзыреттілік ойлау процесі мен зерттеушілік белсенділіктің даму деңгейін көрсетеді: проблеманы табу және оны бөлшектерге бөлу, оларды шешу жолдары туралы болжамдар құру, проблеманы шешуге міндеттер  қойып, гипотезалар ұсыну, оларды шешуді негіздеу. Зерттеушілік құзыреттіліктің танымдық компонентінің құрамына оқу материалының мазмұнын білу, зерттеуді ұйымдастыру мен жүргізу жайлы  білім,  зерттеудің ғылыми әдістерін білу сияқты қажетті білімдер тобын жатқызамыз. Зерттеу жүргізу іс-әрекетсіз мүмкін емес. Зерттеушілік құзыреттіліктің іс-әрекеттік компонентіне зерттей алу біліктілігі, яғни ғылыми ізденіс жүргізу, зерттеудің мазмұнын, логикасын, бағдарламасын жасау,  ғылыми әдісті таңдап алу және қолдану, эксперимент қою және оның нәтижесін өңдеу, ғылыми тұрғыдан талдау, қорытынды жасау және жұмысты ұсыну, таныстыру жатады [4].

Шығармашылық білім алушылардың зерттеушілік іс- әрекетін ұйымдастырудың басты шарты. Шығармашылық қырын таныту – бұл өзгеше идеялар мен тапсырмаларды қолдана отырып,  үнемі ізденісте болу. Шығармашылық пен зерттеушіліктің өзара байланысы психологияның даулы мәселесі болып табылады. Д. Б. Богоявленская, Л. С. Выготскийдің шығармашылық тұжырымдамасы білім алушының репродуктивті және продуктивті әрекеттерінің интеграциялануына негізделген шығармашылық пен зерттеушіліктің өзарабайланысын дәлелдейді [5]. Онда барлық білім алушыларды зерттеу әрекетіне, шығармашылық әрекетке  тарту және сол арқылы олардың интеллектуалды және шығармашылық қабілеттерін дамыту мүмкіндігі идеясы қолдау табады. Осылайша білім алушылардың танымдық әрекетіндегі шығармашылық олардың шығармашылық құзыреттілігін дамытудың шарты болып табылады. 

Зерттеушілік құзыреттілікке ие тұлғаның негізгі сипаттамасына өзін-өзі жетілдіруге деген үнемі құштарлық мен қабілеті, танымдық белсенділігі және дербестігі жатады.

 

 

Резюме

В статье анализируются понятия «компетенция», «компетентность», «компетентный» и способы формирования исследовательской компетентности. Основной  характеристикой  личности  с  высоким  уровнем  исследовательской  компетентности  является  постоянная  потребность  и  способность  к  самосовершенствованию,  познавательная  активность,  самостоятельность.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

1.      Зимняя, И.А. Ключевые компетентности как результативно-целевая основа компетентностного подхода в образовании. Авторская версия / И.А. Зимняя. – М.: Исследовательский центр проблем качества подготовки специалистов, 2004. – 40 с.

2.      Хуторской, А.В. Ключевые компетенции как компонент личностно-ориентированной парадигмы образования / А.В. Хуторской // Народное образование. – 2003. – № 2. – С. 58-64.

3.      Воровщиков, С.Г. Учебно-познавательная компетентность школьников: опыт системного конструирования / С.Г. Воровщиков // Завуч. Управление современной школой. – 2007. – № 6. – С. 81-103.

4.      Ушаков А.А. Развитие исследовательской компетентности учащихся профильной школы как личностно-осмысленного опыта осуществления учебно-исследовательской деятельности // Вестник Адыгейского государственного университета. Серия 3: Педагогика и психология, №5, 2008. http://cyberleninka.ru/

5.      Ишкова А.Э. Развитие исследовательской компетентности педагогов и учащихся в рамках начального и среднего профессионального образования/ Сибирский педагогический журнал, №2, 2008. С. 344-351