Өскемен қаласы С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік Университеті

«Психология және педагогикалық коррекция» кафедрасының аға оқытушысы, магистрі Матаева.Б.Ү. «Әлеуметтік педагогика және өзін өзі тану» мамандығының 3 курс студенті Ерханова.Н.

Дарынды балалармен жұмыс

Дарынды балалар-өз құрбыларынан ақыл-ойының дамуымен біршама озатын немесе аса көрнекті арнаулы қабілеттерін көрсететін балалар. Белгілі ғалым Н.С.Лейтестің анықтауы бойынша педагогика тәжірибесінде дарындылықты үш топқа бөлген: IQ жоғары балалар, белгілі бір бағытта жоғары нәтежеге жеткен балалар және креативтілігі жоғары балалар. Дарынды балалардың танымдық әрекетінің даму ерекшеліктері: білуге құштарлық, ойлау қабілетінің жоғарылығы, терең ойлауы, жаңа ой тудыру қабілеттілігі, ассоциацияға жеңілдігі, болжамдылық қабілеті, зейіннің жоғарылығы, өте жоғары есте сақтау мүмкіндігі, қызығушылығы мен қабілеттілігі. Қазіргі кезде «дарындылық» ұғымы өте кең көлемде қамтылған. Соның ішінде жаңашыл концепция американ ғалымы Дж.Рензуллидің концепциясы бойынша дарындылық негізгі үш бағыттан тұрады: интеллектуалдық қабілеті (орта деңгейден жоғары), креативтілік, табандылық (белгілі бір міндетке бағытталған). Дарындылықты анықтау диагностикасында «интеллектуалдық портрет» әдістемесі балалардың ойлау қабілеті туралы толық мағлұмат бере алады. Беріліп отырған параметрлер дарынды балаларға тән негізгі ойлау операциялары мен мінездемелерін көрсетеді. 1. Танымдық әрекеті: ойлау ерекшелігі, ойлау жеңілдігі, анализ және синтезге қабілеттілігі, зейіннің жоғары болуы, есте сақтауы. 2. Жеке даму әрекеті: тапсырма мазмұнына деген қызығушылық, перфекционалдылығы, әлеуметтік ерекшелігі, лидер болу ерекшелігі. 3. Жарысқа деген бейімділігі: қызығушылық көлемінің кеңдігі.[1] Дарындылық-жеке тұлғаның өте күрделі, көп аспектілі қыры. Сондықтан оларға тән ортақ көрсеткіштерді белгілеу мүмкін емес. Ұ.Б. Жексенбаева өз еңбектерінде дарындылықтың бірнеше көрсеткіштерін берген. Олар психомоторлық, интеллектуалдық, академиялық шығармашылық және әлеуметтік дарындылық. Дарынды оқушымен жұмыс жасағанда, оқушының педагогикалық, психологиялық, әлеуметтік жағдайына назар аудару керек. Балаға әсер ететін ата-ана, мұғалім, мектеп, жолдастары, жұртшылық. Дарынды баланы анықтай алу үлкен шеберлікті қажет етеді. Баланың жанын  түсініп, баланың табиғатын анықтау үлкен өнер.[2] Дарынды оқушыны анықтау мектеп жұмысында бастауыш сыныптан бастау алады. Бұл жұмыстың жүйелі жүргізілуі психологтар мен мұғалімдердің және ата-аналардың біріккен жұмысы негізінде іске асады. Білім алушының дарындылығын анықтауда ең алдымен оқушының отбасы жағдайы зерттелуі тиіс. Ата-анасымен танысып, отбасы деңгейі анықталған жағдайда баланың табиғатына жақын шығармашылық қабілеті анықталады. Ата-ана- бала тәрбиесіндегі басты тұлға. Сондықтан әке де, шеше де балаларының жан дүниесіне үңіліп, мінез-құлқындағы ерекшеліктерді жете біледі. Осы тұрғыда ата-ананың көмегімен баланың білімін дамытуға жағдай жасауға мүмкіндік жасалынады. Ата-анасымен баланың табиғатындағы ерекше қасиеттері туралы, шығармашылық қабілетінің даму сипатын талқылау оқушыны жете тануға септігін тигізеді. Дарындылықты анықтау мақсатында арнайы сауалнамалар және психодиагностикалық тренингтер жүргізу қажет. [3]

Дарынды балалармен жұмыс істемес бұрын оларды топ ішінен анықтап алуымыз керек. Олардың дарындылық белгілері қандай? Олар жаңа ақпаратты іздестіруге, берілген тапсырмалардың басқа да тривиалды емес жауаптарын іздеуге әрдайым талпынып отырады. Олар-көшбасшы. Мұндай балалармен жұмыс істеуде өте абай болу қажет. Себебі, өздерін басқа оқушылардан артық санауы мүмкін.  Дарынды балалармен жұмыс жүргізудің мақсаты: баланы шығармашылыққа баулу; білімді құзыретті деңгейге жеткізу; жалпы білім білік дағдыларын дамыта оқыту; оқушының белсенділігін арттыру мақсатында даму деңгейіне танымдық белсенділігін арттыра оқыту; теориялық білімді практикада қолдана білуге үйрету. Баланың ерекше қабілеті мен дарыны бала жастан-ақ байқалады, мысалы, сөзінен, істеген ісінен, оқу, жазуға ерте құмарлануынан, ертегі, әңгімелерді, тақпақ, өлеңдерді жатқа айтуынан, естігенін дереу жаттап алуынан, қабыл алуы мен қызығуынан байқалады. Мұндайды халқымыз зейінді, қағілез, «құйма құлақ» (керісінше болса «ақпа құлақ») деген. Ондай балалардың кейбіреулері ой жүргізуге, салыстырмалап бір нәрсенің ұқсастығы мен айырмашылығын аңғаруға қабілетті болады. Қазақтар арасында мұндай дарынды адамдар өте көп болған, мысалы, Жамбыл кішкентайынан қолына домбыра ұстап, есін білген кезден өлең шығарған. [4]

Дарынды балалар мен жастарды айқындау, оқыту мен дамыту тұжырымдамасының негізіне мынадай идеялар басшылыққа алынған: дарынды балаларды әлеуметтік және құқықтық қорғауды ізгілендіру және демократияландыру; дарынды балаларды айқындау және олармен жұмыс жүргізуде биологиялық, әлеуметтік  факторларды есепке алу; дарынды балалар мен жастарды іріктеу үшін диагностикалық әдістер кешенін пайдалану; дарынды балалармен және оқушылармен жұмысқа мұғалімнің арнайы дайындығы. Дарынды балаларды қоғамның ғылыми келешегі ретінде қарап, танып білу үрдісі өте ертеден басталды. ХХ ғасырдың басында дарындылық пен оны зерттеу әдістеріне арналған алғашқы ғылыми еңбектер пайда болды. Дарынды балалармен жұмыс жүргізгенде баланың өсуіне қарай дарындылық нышанының ғайып болу мүмкіндігін ескеру қажет. Сондықтан дарынды деген мәртебе тағуда аса сақ болу керек, себебі жеткіншектің мамандандырылған оқу орнында білім алу кезінде жанға бататын жағдайлар туындауы мүмкін. Дарынды балаларды оқытуда зерттеу әдісін қолдану қажеттілігі олардың табиғи қызығуының жоғарылығымен, қоршаған ортасына деген құштарлығының басымдығымен түсіндіріледі. Оқушының өзіндік зерттеу әрекеті оның өзіндік талабын қанағаттандыруға ықпал етеді. Оқушылар қоршаған ортамен таныса отырып, өзіндік зерттеу әрекетінің көмегімен жаңа білімді дайын күйінде емес, өзі ашады. Психологтар зерттеу тәртібін тұлғаның дамуы мен өзін өзі дамытуында маңызды деп көрсетеді. [5]

Дарындылық табиғатпен берілген ерекше қабілет деп түсіндіріледі. Адами ойлау табиғаттың адамзатқа берген тамаша сыйы. Дарындыларды іздеу, оларды оқыту мен тәрбиелеу қоғам үшін бүгінгі күні өте қажет. Себебі, әрбір талантты адам еңбекке бейім келеді. Қазіргі кезде ғылым мен техниканың даму деңгейі әрбір оқушыға сапалы және терең мен іскерліктің болуын, олардың шығармашылық жұмыс істеуін, ойлауға қабілеті болуын талап етеді. Дарынды балаларға психологиялық тұрғыдан өте көп көңіл бөлінуі керек. Себебі білім беру жүйесінде шығармашылық қабілетін дамытуда мұғалімнің және баланың тегін анықтап, дер кезінде психологиялық көмек көрсету өте қажет. [3]

Пайдаланылған әдебиеттер.

1.Б.Әйтен. Дарынды балаларды анықтау әдісі. Мектептегі психология №3(45)2012

2.Г.Хамитова. Дарынды балалардың шығармашылық,интеллектуалдық қабілетін анықтап дамыту. Мектептегі психология. № 4(46) 2012

3.Д.Б.Жасанова. Дарынды балалармен жұмыс. Педагогика және оқушы психологиясы.№ 3(33) 2016

4.І.Халитова.Дарынды балалармен жұмыс. Әлеуметтік педагогика. Алматы. «Білім» 2007

5.Р.Исламова. Дарынды оқушылармен жұмыс істеу аспектілері. №2 2010