Педагогика
ғылымдарының магистрі
Жолаева Г.Б.
Қарағанды
қ.,Қазтұтынуодағы Қарағанды
экономикалық университеті
ТІЛ ҮЙРЕНУДЕ МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕРДІҢ АЛАТЫН ОРНЫ МЕН
МАҢЫЗЫ
Сабақ барысында студенттерге тілді
тек жалаң түрде меңгертіп қана қоймай,
көркем сөйлеуге баулуда, сол сияқты шәкірттерді
қазақ халқының салт-дәстүрі,
әдет-ғұрыптарымен таныстыруда
мақал-мәтелдердің алатын орыны туралы да ерекше тоқтала
кеткен орынды. Себебі, мақал-мәтелдер қысқа да оралымды
айтылғанмен, мән-мағынасы, берер-тәлім тәрбиесі
өте терең.
Мақал-мәтелдерден халықтың ой-санасы, дүниеге
көзқарасы, ақыл- өнегесі мол көрініс
тапқан. Мақал-мәтелдер ой дәлдігімен, мазмұн
тереңдігімен, түр жағынан ықшамдылығымен
ерекшеленеді. Онда өмірдің сан алуан салалы құбылыстарына
баға беріліп, ой түйінделіп, халықтың ғасырлар
бойғы тәжірибесі негізінде пікір айтылады. Халық терең ойды аядай
қалыпқа сыйғызып, шебер беруге тырысқан. Сөйтіп,
«тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін»
жинақтап, қорытып береді. Онда халық тарихы, әлеуметтік
тіршілігі, ақыл-өнегесі кең көрініс тапқан.
Мақал - мәтелдерде
халқымыз жақсылық пен жауыздықты, адамдық пен
арамдықты, еңбеккерлік пен еріншектікті, жомарттық пен
сараңдықты салыстыра сөз етеді, жамандық пен
жауыздық қылықтардың барлығын батыл сынап,
бүкіл жұртшылыққа адамгершілікке тән мінез,
қылықтардың барлығын ұсынады. Өкінішке орай ғылым мен
техниканың дамуына байланысты біз дайын
құндылықтарға әбден үйреніп, төселіп
кеттік. Олар – әлемдік ғаламтор өнімдері, электрондық
өнімдер, т.б. Сөз жоқ бұл
құндылықтардың да өмірде алатын орны зор.
Дегенмен, адамдардың арасындағы «тірі»
қарым-қатынасқа жетпейді. Көпшілігіміздің
сөйлеу мәдениетіміз, сөздік қорымыз, ұтқыр,
ойлы сөйлеу шеберлігіміз кемшін түсіп жататыны жасырын емес. Себебі
ата-бабаларымыз тобықтай түйінмен-ақ адамға дұрыс
жол сілтей алған.
Мақалдар мен мәтелдерде
адамның жан-жақты тәрбие алуына үлкен мән берген,
тәлім-тәрбиені мақал-мәтел арнасына шеберлікпен
сыйғыза білген. Мақалдар мен мәтелдерді
тапқырлыққа баулиды, шеберлікке, шығармашылыққа
бастайды, көркем сөз табиғатына жетелейді әрі
ұшқыр, көңілге қонымды, ойлы, бейнелі
сөйлеуге үйретеді, сөйлеу мәдениетін дамытады. Оның үстіне
мақалдарымыз бен мәтелдеріміз тіл үйренуде, сауатты жазып,
ойды көрікті әрі көркем етіп жеткізуде, тіл
сауаттылығына баулуда ең тиімді, ең құнды
құрал ретінде де маңызы зор деп есептейміз. «Мақал – сөз атасы». Олар
сөз дәлдігімен, ықшамдылығымен ерекшеленеді.
Мақал-мәтелдер нақыл сөз есебінде қызмет
атқарады. Олардың қайсысында болсын поэзияға тән
ырғақ, үйлесім, саз, интонация барлығы бар.
Мақал-мәтелдердің тақырыптары әр алуан. Олар
халықтың әлеуметтік, шаруашылық, рухани өмірін
түгел қамтиды. Мақал-мәтелдердің басты
тақырыбының бірі – Отан, туған жер, атамекенге байланысты.
Мақал-мәтелдердің үлкен
бір саласы еңбекке арналған. Халық еңбекті әр
уақытта ардақтап, бүкіл игіліктің көзі деп
таныған. Бұл «Еңбек түбі – береке», «Еңбек
етсең, емерсің», «Ер дәулеті – еңбек», «Бейнет, бейнет
түбі – зейнет деген мақалдардан айқын аңғарылады.
Халық еңбек пен бақытты егіз деп қараған. Адамды
ер атандырып, құрмет, қуанышқа жеткізетін де
еңбек деп білген. «Еңбегіне қарай – құрмет,
жасына қарай – ізет», «Еңбек ерлікке жеткізер, ерлік мұратқа
жеткізер», «Еңбек еткен – мұратқа жеткен», «Әрекет
болмай, берекет жоқ», «Еңбексіз рақат жоқ», «Бір
еңбектің көп рақаты бар», «Біткен іс – піскен жеміс»
деп, халық еңбекті мейлінше дәріптеген. Сонымен қатар
жалқаулықты, еріншектікті мінеген. «Ақымақ
күлкіге тоймас, жалқау ұйқыға тоймас»,
«Жұмысы жоқтық – ырысы жоқтық», «Еріншектің
егіні піспес», «Еңбек адамды бүтіндейді, жалқаулық
адамды түтіп жейді», «Жақсы болар жігіттің жұмыссыз
жүрген күні жоқ, жаман болар жігіттің еш
жұмысқа қыры жоқ» деп, халқымыз
жалқаулықты шеней отырып, еңбек адамының беделін
биіктетіп отырған.
Мақал-мәтелдер құрылысы жағынан сырттай
ұқсас болып келгенімен, олардың мазмұнды
түйіндеуінде, ойды шешуінде өзіндік ерекшеліктері,
айырмашылықтары бар. Ол айырмашылықтар мен ерекшеліктер
мақал-мәтелдің ойды түйіндеу жағынан да,
құрылымы жағынан да байқалады.
Мақал дегеніміз - өмір құбылыстарын
жинақтайтын бір немесе екі бөлімнен
құралып,алдыңғысында жалпы пайымдау,
соңғысында қорытынды пікір айтатын, өте ықшам,
бейнелі халық нақылы. Мақалдар аяқталған ойды
білдіретін жай немесе құрмалас сөйлем болып келеді,
құрамындағы сөздер өзінің дербес
мағынасын сақтайды.
Бір мысал талдап көрелік:
«Тоқпағы күшті болса, киіз қазық жерге кірер»
деген мақалды алсақ, бұл екі жай сөйлемнен
тұрады. Мұнан мақалдар көбінесе екі бөлімді
болатынын көреміз. Оның үстіне мақалда ой
тиянақты болып келеді. Алдыңғы ой екінші түйінді
пікірдің шарты түрінде келеді. Киіз қазықтың
жерге кіруі тоқпағының күшті болуына байланысты
екендігі анық айтылып тұр.
«Мезгіл жетсе, мұз да ерір» деген мақалдан да
осыны байқауға болады. Мақалда бір-біріне
қарама-қайшы ұғымдар мен нәрселер салыстырылып,
шендестіру арқылы ой-пікірді айқындау тәсілі басым болып
келеді. Ал мәтел
құрылысы жағынан мақалдан өзгешерек.
Мәтелде қорытынды ой, түйін айтылмайды, тұспал
ғана болады. Бейнелі сөз айшығы арқылы берілген ойды
тыңдаушы өзі топшылайды, тұжырым жасайды. Мысалы, «Көппен көрген –
ұлы той» дегенде тұспал ғана бар. Бұл жерде
мағынаны тыңдаушы өзі қорытуына тура келеді.
Мәтелде дәлелдеу де, тиянақты тұжырым да болмайды, мағына
ашық емес, қорытынды пікір жоқ. Мәтел – халық арасында
кең тараған, қорытындысы болмайтын, негізгі айтылатын ой
жанамалап берілетін, ықшам кестелі халық сөзі.
Өзінің құрамы жағынан фразеологизмдерге
мақалдан гөрі мәтелдер бір табан жақын келеді. Мақал – мәтелдің
бойында поэзияға тән жинақылық, үнділік, сазды-
лық, ұйқас, ырғақтылық байқалады.
Онда басы артық сөз болмайды. Барлығы өз орнында, ішкі
мазмұнына сыртқы формасы сай үндестік тапқан болып
келеді. «Ер дәулеті - еңбек» деген мақалды талдап
көрелік. Осындағы сөздердің бірін де өзгерту
мүмкін емес. Мұндағы негізгі ой – еңбектің
қажеттілігін, ол бүкіл
игіліктің көзі екенін білдіру. Ой қазығы
«еңбек» деген сөз болған соң, «е» дыбысы ерекше естіліп
тұр. Мақалға саздылық, үнділік беріп
тұрған да – сол. «Дәулет» сөзінің мақал
бітіміне кіруі де соған байланысты. Оның орнына «ырыс,
байлық, молшылық» т.б. сөздердің біреуін де ала
алмайсың. Сөздерді ауыстырып қолдансақ, онда бұл
мақал поэтикалық қасиетінен де, мән – мағынасынан
да айырылады, мақалдық қасиеті жұтаңдайды. Мақал-мәтелдерде
халық сөзді барынша үнемдеп қолданады. Тіпті кейде
кейбір сөзді тастап кетіп отырады. Мысалы, «Ақыл – жастан, асыл –
тастан» мақалында «шығады» деген сөз қалып
қойған. Бірақ одан мақал ойсырап тұрған
жоқ. Түсіп қалған сөз өз өзінен
ойға оралып, ишарамен білінеді.
Мақал-мәтелдердің тура және ауыспалы мағынасы
болады. Мысалы, «Өнер алды – қызыл тіл», «Ер қанаты – ат»,
«Елін сүйген ер болады», «Жігітті намыс, қоянды қамыс
өлтіреді» деген мақалдар ешқандай тұспалдаусыз тура
мағынада айтылып тұр. Ал, «Қызым, саған айтам, келінім,
сен тыңда», «Не ексең, соны орарсың», т.б.
мақал-мәтелдерде айтпақ ой тура айтылмай,
жұмбақтап, астарлы мағынада білдірілетінін көреміз. Мақалдар мен
мәтелдердің үш жақты ерекшелігі бар
тұлғалар екендігіне ғалымдар ертеден-ақ назар аударып
келеді. Біріншіден, мақалдар мен мәтелдер – фразеологизм
сияқты тілдік құбылыс. Екіншіден, пайымдау мен ой -
пікірдің түйіні ретінде логикалық тұлға.
Үшіншіден, келелі ой, кең мазмұнды қысқа айтып,
қорытынды жасаудың тамаша үлгісі.
Мақал-мәтелдердің осындай үш жақты қасиеті
оларды тілдік құбылыс ретінде және ойлау құбылысы
ретінде бөлек-бөлек зерттеуді қажет етеді. Мақал мен мәтелдер
сөйлеу кезінде тыңнан жасалынбайды, дайын қалпында
жұмсалады, құрамдары әрқашан тұрақты
болады.
Мақал-мәтелдер фразеологизмдер сияқты құрамын
сақтап қолданылады, олардың сөздерінің орнын
ауыстыруға болмайды. Олар қай тұрғыда болсын, я
морфологиялық, я синтаксистік тұрғыда болсын,
өзгеріссіз, даяр күйінде қолданылады. Мысалы, «Аздың
қадірін білмеген, көптің қадірін қайтіп білер»
деген мақалда құрамындағы жеке сөздердің
берер мағынасы сөз болып отырған жоқ, түгел бір
мақалдың тұтас мәні сөз болып тұр. Мақал-мәтелдердің
мағынасы сөйлемнің бастапқы мағынасымен жарыса
отырып дамиды да, келе-келе астарлы мәнге өтеді. Мысалы, «Адам
аласы ішінде, мал аласы сыртында», «Біреуге ор қазба, өзің
түсесің» дегендер тура мағынасымен қатар, ауыспалы
мағынаға да ие. Ол мағыналар бір-бірімен астарласып,
байланысып жатыр. «Адам аласы», яғни адамның жаман пиғылы,
жағымсыз жақтарын сырт бітімінен көре, сезе алмайсыз. Демек,
сөйлемнің фразеологиялық мағынасы «ала»
сөзінің ауыспалы мағынасының негізінде
қалыптасқан. «Біреуге
ор қазба, өзің түсесің» сөйлеміндегі туынды
мағына «біреуге ор қазу» , яғни «басқаға
жамандық жасау» деген ұғымды білдіреді. Ал «өзің
түсесің» сыңары «басқаға жамандық
жасасаң, өзің де жамандықтан аулақ
қалмайсың» дегенді білдіріп тұр. Мақал мен мәтел
бір-бірінен осындай белгілерімен ерекшеленеді. Қазақ
өміріндегі әлеуметтік-тарихи өзгерістерге байланысты
мақал-мәтелдердің де мазмұны байып, өзгеріп
отырғанын көреміз. Әрбір тарихи кезең
мақал-мәтелдерде өзінің ізін қалдырып
отырған. Мысалы, «Базары жақын байымас», сол сияқты
«Ексең егін, ішерсің тегін», деген мақалдар қазақ
даласында сауда, базар сияқты қарым-қатынастардың
енуіне байланысты шыққаны, елдің экономикалық
тіршілігіндегі өзгерістен кеп туғаны айқын. Мақал-мәтелдерді
байытып, оның сарқылмас көліне үзілмей
құйылып отыратын сала-сала бұлақтар бар. Олар –
нақыл сөздер, толғаулар, шешендер сөзі жеке, сом
айтылған мағыналы өлең, өлең жолдары,
ақын-жазушылардың кітабынан шығып, мақал-мәтелдер
қатарына қосылып тұратын тұжырымды айтылған асыл
сөздер, мағыналы көркем сөйлемдер. Ақын –
жазушылар шығармаларында мақал-мәтел болып кеткен жолдар мол.
Ыбырай Алтынсарин мен Абай Құнанбайұлының
көптеген өлең жолдары қанатты сөздерге айналып
кеткені белгілі. Мысалы, Ыбырайдың «Шегірткем, бір секірдің –
құтылдың, екі секірдің – құтылдың,
үшіншіде – тұтылдың», Абайдың «Білімдіден
шыққан сөз талаптыға болсын кез», «Тамағы
тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын»
дегендері мақал - мәтелдер қатарынан өз орнын
алған. Жастарға
өнер-білім, тіл үйретуге, жан-жақты тәрбие беруде
мақал-мәтелдің мән-маңызы өте зор. Білім
мен өнер еңбектің бір түрі болса, аз сөйлеп,
көп тыңдаған, көп оқып, білімін байытқан
бала ғана өмірден өз сыбағасын алып, өз орнын
таба алатыны сөзсіз.
Көптеген
ғалымдарымыздың ғылыми зерттеу еңбектерінде сөз
болған мақал-мәтелдердің тәрбиелік мәні
жөніндегі пікірлеріне көңіл аударып көрелік. Мысалы,
Балтабай Адамбаев «Халық даналығы» деген еңбегінде: «Әр
халықтың мақалы мен мәтелі – сол халықтың
өзі жасап алған логикалық формуласы, ережесі. Ол кез-келген
оқиғаның, мәселенің тұсында еске
түседі, тілге оралады. Сөйтіп, көп ойлануды, ұзақ
баяндауды керек ететін қиын нәрсені жеп-жеңіл ,
оп-оңай, бір-ақ ауыз сөзбен түсіндіреді,
ұғындырады» деп, мақал-мәтелдердің
мінез-құлық мәдениетіне, өнерге, әдебиетке,
деген негізгі талаптарын тұжырымдауға болатынына тоқталады. Қазақтың жазба
әдебиетінің негізін салушы ұлы ақын Абай
Құнанбайұлы ұлтымыздың ауыз әдебиетінің
асыл қазынасы мақал -мәтелдердің шығу тегін
терең зерттеп, құнды пікірлер айтты. Мысалы, Жиырма
тоғызыншы қара сөзінде: Біздің
қазақтың мақалдарының көбінің іске
татырлығы да бар, іске татымақ түгіл, не
құдайшылыққа, не адамшылыққа
жарамайтұғыны да бар.
Әуелі «Жарлы болсаң, арлы болма» дейді. Ардан кеткен соң,
тірі болып жүрген құрысын. Егер онысы жалға
жүргеніңде жаныңды қинап еңбекпенен мал тап деген
сөз болса, ол - ар кететұғын іс емес. Тыныш жатып,
көзін сатып, біреуден тіленбей, жанын қарманып, адал еңбекпен
мал іздемек - ол арлы адамның ісі. «Қалауын
тапса, қар жанады», «Сұрауын тапса, адам баласының бермейтіні
жоқ» деген - ең барып тұрған құдай
ұрған сөз осы. Сұрауын табамын, қалауын табамын
деп жүріп қорлықпенен өмір өткізгенше, малды не
жерден сұрау керек, не аққан терден сұрау керек
қой. «Атың
шықпаса, жер өрте» дейді. Жер өртеп шығарған
атыңның несі мұрат? «Жүз күн атан болғанша,
бір күн бура бол» дейді. Тәңірге жазып, мінбей-түспей
арып, шөмеңдеп диуаналықпен бір күн болған
буралық неге жарайды? «Алтын
көрсе, періште жолдан таяды» дейді. Періштеден садаға кеткір-ай!
Періште алтынды не қылсын, өзінің көрсеқызар
сұмдығын қостағалы айтқаны. «Ата-анадан мал
тәтті, алтынды үйден жан тәтті» дейді. Ата-анасынан мал
тәтті көрінетұғын антұрғанның тәтті
дерлік не жаны бар. Бұлардың бәрінен де қымбат
ата-анасын малға сатпақ ең арсыздың ісі емес пе?
Ата-ана шамасы келсе, михнаттанып мал жиса да, дүниелік жиса да, артымда
балаларыма қалсын дейді. Ол ата-ананы малға сатқан соң,
құдайға дұшпандық іс емес пе? Осындай
білместікпенен айтылған сөздеріне бек сақ болу
керек.«Біздің қазақтың
мақал-мәтелдерінің көбінің іске татырлығы
да бар, іске татымақ түгіл, не құдайшылыққа,
не адамшылыққа жарамайтыны да бар» дей келе, «Қалауын тапса,
қар жанады, сұрауын тапса, адам баласының бермейтіні
жоқ», «Атың шықпаса жер өрте», «Ата-анадан мал
тәтті, алтын үйден жан тәтті» деген
мақал-мәтелдердің сұрамсақтық,
пәлеқорлық, дүниеқоңыздық,
қулық-сұмдық, алаяқтық сияқты жат
мінездерді уағыздайтын, мағына-мәні қайшы
мақал-мәтелдер екенін дәлелдеді. Сондай-ақ, Отыз
үшінші, Отыз алтыншы сөздерінде «Өнерді үйрен,
үйрен де жирен», «Өнерліге тоғыз өнер де аз», «Алтау
ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса,
төбедегі келеді», «Аз араздықты қуған көп
пайдасын кетірер», «Ағайынның азары болса да безері болмас», «Жол
қуған қазынаға, дау қуған пәлеге
жолығады», т.б. халықты өнерге, бірлік-берекеге,
достыққа шақыратын мақал-мәтелдердің мәніне
баға берді өзгертсе,
мақалдардың мағынасы бұзылады.
Бұл мақалдардың қазіргі жаһандану кезеңінде
білімге ұмтылған жастарымыз үшін берер тағлымы
өте зор. Халық ауыз әдебиетінің бір саласы -
мақал-мәтелдер газет-журналдарда жарық көрген
ақын жазушылардың ой-толғауларынан туындап, халық
аузында мақалға айналған ой-түйіндермен
толықтырылып отырылады. Оларды да сұрыптап, әр сабақта
пайдаланып отырсақ, тіліміздің баюына қосқан
үлесіміз болары анық.
Пайдаланылған
әдебиеттер тізімі:
1. М.
Әлімбаев. «Халық – қапысыз тәрбиеші». Алматы – 1976
2.Б.Адамбаев.«Халық
даналығы».Алматы –1976
3. С. Ұзақбаева.
«Оқушыларға эстетикалық тәрбие беру». Алматы – 1988 4.С.Қалиев. «Халық
педагогикасы хақында бірер сөз».Алматы – 20005.
Қ.Жарықбаев., С.Қалиев. «Қазақтың
тәлімдік ой-пікір антологиясы»
Алматы 1994
6. М. Әлімбаев. «Халқымыз қандай тәлімгер!»
«Мұрагер» журналы №1, 1992
7.«Қазақ тілі мен әдебиеті»
журналы №5,2004 8.«Қазақ
тілі мен әдебиеті» журналы №4, 2004
9.«Қазақ тілі мен әдебиеті» журналы №1, 2005
10. Ө.Тұрманжанов. «Қазақтың мақалдары
мен мәтелдері» Алматы – 2007