К.ф.н.
Солтанбекова А.А.
Институт Языкознания имени
А.Байтурсынова, г. Алматы
Қазақ
пуктуациясын оқытудағы функционалды аспекті
Қазіргі
қазақ тілінде тыныс белгілер дұрыс қолданылып жүр
ме? Сөздің әуезділігі, сөйлемнің
мағыналық ерекшеліктері тілдік коммуникация үдерісінде
қолданылатын дауыс кідірісі және әр тыныс белгінің
функционалды-семантикалық табиғаты жетіле дамып зерттеле
қойған жоқ. Тыныс белгілері – адамның ойын дәл,
нақты, түсінікті, тиянақты етіп жеткізетін, жазу тіліне
қызмет ететін шартты белгі. Тыныс белгілерін зерттейтін ілім пунктуация деп аталады. Ол латын
тілінің «punctum» – «нүкте» деген сөзінен алынған.
Жазуда қолданылатын тыныс белгілерінің табиғатын,
қолданысын, атқаратын қызметтері мен білдіретін
мағыналарын айтылу мен жазылудағы қолданыс ережелерін
зерттейді. Қазақ тілінде мынандай тыныс белгілерінің
түрлері бар: нүкте, үтір қос нүкте, леп белгісі,
сұрау белгісі нүктелі үтір, көп нүкте,
жақша, тырнақша, сызықша.
Аты аталған тыныс белгілердің әрқайсысының
графикалық сызбасы қалыптасқан әрі сөйлеуде
болсын, жазылуда болсын дауыс ырғағының белгілі бір жерде
көтеріңкі не бәсең айтылуы, екпін түсіре отырып
мәнермен қай жерде үзіліс, қай жерде кідіріс жасау
керектігін реттеп отыратын қызмет атқарады.
Тыныс белгілері қолданыс ережелеріне қарай үшке
бөлінеді:
1) Сөйлем басында қойылатын тыныс белгілер: үтір,
сызықша, қос нүкте.
1) Сөйлем соңына қойылатын тыныс белгілері: нүкте,
сұрау белгісі, леп белгісі, көп нүкте. Сырт қарағанда ештеңе білінбейтін мына
үйдің ішінде қандай ғажап тіршілік жатқанын
таңқалысты(С.Жүнісов, Ақан сері). Бұл мондыбас кісіге
не түсіндіріп жарытушы еді? (Р. Райымқұлов,
Бұрылыс.). Енді байқасам тарсылдай соққан
сағынышты жүрегім қит етсе, жарылып кетерліктей!
(С.Мұқанов, Мөлдір махаббат).
2) Сөйлем ішінде қойылатын тыныс белгілері: үтір,
нүктелі үтір, жақша, қос нүкте, тырнақша,
сызықша. Бүгінгі таңда мектеп жасындағы, институт
қабырғасындағы жалы қазақ тілді оқырман
қауымға тыныс белгілердің
адамның көңіл күйі мен сезімін, айтайын деген
ойын әсерлі де түсінікті жеткізуге көмектесетін, синтаксистік
байланыстарды дәл ажыратып тұратын таңбалар екендігін
ғылыми зерттеу жүргізе отырып түсінікті ете аламыз. Тыныс
белгілері қате қойылған мәтіннің,
сөйлемнің мағынасы күңгірттеніп не тіпті
өзгеріп кетеді. Сондықтан оны дұрыс қоюдың
мәні зор.
Бүгінгі таңда орфография мен пунктуация мәселелерінен
біршама толық әрі жүйелі тұрғыда
мағлұмат беретін еңбекке Р.Сыздықованың «Емле
және тыныс белгілері» зерттеуін жатқызамыз [1]. Оның
қатарында Ф.Мұсабекованың «Қазіргі қазақ
тілі пунктуациясы», Н.Оралбаева мен Ә.Абылақовтың
«Қазақ тілі», А.Қыдырниязованың «Орфография және
тыныс белгілері» оқу құралдары бар. Алайда аталған
еңбектердің шыққанына біршама уақыт өтуіне
байланысты және олар арнаулы орта оқу орындарына арналып
жазылғандықтан пысықтау материалдары да шағын.
Тіліміздегі
сөздер синтаксистік қызмет атқару үшін бір-бірімен
синтаксистік байланысқа түседі. Сол байланыстарды көрсету
үшін тыныс белгісі қажет екендігін айтып өттік.
Қазақ тілінің пунктуациясы бұрын орыс тілінің
пуктауциялық үлгілерін басшылыққа алу арқылы
қалыптасты. Басқа түркі тілдері де орыстың
пунктауциялық ережелерін басшылыққа алады. Оған дәлел пунктуация секілді ерекше графикалық сызбаны
алғаш ұсынған Б.И.Осиповтың жүргізген зерттеулері
арқылы білуге болды. Оның ойынша «жалпы пунктуацияның тарихы
сонау 19 ғасырдың басынан басталады» ‒ дейді.
Пунктуацияның пайда болуы интонациямен тікелей байланысты, интонация
синтаксиситік қатынасты білдіретін бірден бір тілдік бірлік болып
саналады, бұл жерде орфографияның еш қатысы жоқ.
Синтаксистік құрылым деңгейін анықтауда
интонацияның ықпалы күшті болса, онда пунктуацияның
функционалды жағы барлық тілдерді актаулды мүше ретінде
қатысады. Көптеген зерттеушілердің зерттеуі бойынша ерте
кездегі пуктуация
интонациялы—мағыналы болса, қазіргі кездегі пунктуация
синтаксисті-мағыналы сияқты қағидатты ұстанады.
Жалпы тыныс белгілер А.Байтұрсынұлының
еңбектерінде арнайы термин бере отырып зерттегенін білеміз. Қазіргі
үтір мен нүкте, нүктелі үтірді дәл сол
күйінде қолданбаса да ол тыныс белгідерінің
сөздің мағынасын ашып көрсетуде, сөйлемнің
оның ішінде құрмалас сөйлемнің арасындағы
мезгілдік болсын, мекендік, жақтық семаларды жақсы ажыратып
көрсеткенін байқаймыз. Ғалымның
ой іргесімен жанасқан сөйлем
деген жақсы дефинициясы бар, қазіргі функционалды
грамматикадағы таксис семантикалық категориясын білдіреді.
Сөйтіп осы іргелес сөйлемдерге мысал келтіре отырып тыныс
белгінің қойылуын түсіндіреді:
1) Күн
ашық. Тоғайлар шат. Ың-жың орман.
2) Күн кеш
болды. Ат болдырды, ел көрінбеді. Батыр сасайын деді.
3) Біссімілдә
безгелдек! Бұлай жатсын дуадақ! Сыбағама қоңыр
каз. Үлесіме үш үйрек. Екі сартқа бір тартар, аққуды батыр екен атар.
1-мысалға алынған
сөйлемдер арасында жақсы күннің жайын сөйлеген ой
іргесінің ғана біргелігі бар. 2-мысалға алынған сөйлемдер арасында кеш
уақытта болған уақиға жайын сөйлеген ой
іргесінің ғана біргелігі бар. 3-мысалға
алынған сөйлемдер арасында үлес кіретін сөйлеген ой
іргесінің ғана
біргелігі бар.
Сөйтіп, үш мысалдың үшеуіндегі
сөйлемдер біріне-бірі тек ой іргесімен ғана жанасқаны
болмаса, бастарын қосып тұрған
басқа еш нәрсе жоқ. Сондықтан бұлардың аралары да біріне-бірі
қосылмай, ашық-ашық үзіліп
айтылады. Жазғанда араларына үлкен тыныс белгісі (.) қойылады. Іргелері жақын
болса, ортаншы тыныс белгісі (;) қойылады. Бұл жерде нүктені ғалым үлкен
тыныс белгісі деп, нүктелі үтірді ортаншы тыныс белгі деген атау
береді. үтірді кіші тыныс, дефисті
ұзын сызық, қос нүктені қос ноқат
деп берген екен. Бұл тыныс белгілерінің сөйлемдерде қай
жерде қойылатынын мысал арқылы дәлелдейді. 1) Қарабай мен Сарыбай
аңға шықты. Екі дос
бірін-бірі сүйді, құшты. Қолға алды
татулықты, араздықты.
Сыйысулы
сөйлемдердің белгісі – бірнеше мүшелері бірөңкей
болу. Мәселен: 1-сөйлемде екі мүшесі бірөңкей:
Қарабай, Сарыбай – екеуі де бастауыш. 2-сөйлемде де екі
мүшесі бірөңкей: татулықты, араздықты −
екеуі де толықтауыш.
Салалас
сөйлемдердің аралары әуелі кіші тыныс – теріс үтірмен
айырылады. Екінші ортаншы тыныс − үтірлі ноқатпен айырылады. Сұйылыңқы,
қойылыңқы жалғасу бар жерде қойылтушы
сөйлемнің алдына ұзын сызық (−) қойылады.
Сұйылтушы сөйлемнің алдында қос ноқат (:) қойылады
[Байтұрсын ұлы
ақымет]. Сондай-ақ ғалым төл сөздер мен
төлеу сөздерде қойылытын тыныс белгілердің
қызметін де айтып кетті: Төл
сөздер қабатша (« ») ішіне жазылады. Төлеу сөздерге
тыныстар жай сөйлемдерше қойылады. Мәселен: Шал айтты: «Көрмеймісің не
еткеніңді? Желігіп жындануға жеткеніңді? Бардай-ақ
әкең құны сонша шаншып. Терісін іске алғысыз
еткеніңді». Шалдың бұл сөзі төл сөз
болған соң, қабатша қойылып тұр [Байтұрсын ұлы ақымет].
1915
жылы жарық көрген «Жазу қағидалары» деген кітапшада
тыныс белгілерінің қолданылуы туралы ережелер берілген. Онда тыныс
белгілерінің жеті түрі ғана аталып, олардың
әрқайсысына берілген ережелерге мысалдар келтірілген. Леп белгісі
«дауыс ишараты» деп, сызықша мен жақша және көп
нүкте «ишарат» деп, тырнақша «екі ишарат» деп аталады.
Яғни XIX ғасырда және
XX ғасырдың басында түркі тілдерінде, соның ішінде
қазақ тілінде баспадан шыққан кітаптарда тыныс
белгілері дұрыс, жүйелі түрде таңбаланбаса да,
ақырын-ақырын графикалық сызбасын көрініс тапты.
Орыс алфавитіне
көшкен кезде, кейбір қазақ тілі мамандарының «Жазуда
тыныс белгілерін дұрыс қоя білу керек, осы уақытқа
дейін жұрттың бәріне бірдей заң болатындай тыныс
белгілерінің ережелері жоқ, қазір қазақ
халқы орыс алфавитіне көшіп отырғанда, жазуда үлкен
маңызы бар тыныс белгілерін дұрыс қоя білу мәселесін де
осы бастын қолға алу керек» деген сияқты баспасөз
бетіндегі пікірлер қазақ тілінің пунктуациясын
дамытуға алып келді. Профессор Р.Сыздық «Байтұрсынов
жазуы және емле ережелерінің тарихы» деген мақаласында тыныс
белгілерінің осы күнгі терминдерін алғаш ұсынған
А.Байтұрсынов екендігі айтты. Тыныс белгілердің арнайы терминдері
болмаса да 1898 жылы жарық көрген ДУГ
газетінде Байтұрсынов ұсынған тыныс белгілерінің
қатарын яғни қазақша нұсқасын келтіре
кетеді: «Қазақ жазбаларының орфографиясы мен жазба
мәдениеті туралы әлеуметтік үн де ХІХ ғасырдың
соңы мен ХХ ғасырдың алғашқы 10-15 жылы барысында
ашығырақ шықты, мақалалар жарияланды, қазіргі
тыныс белгілерінің түр-тұрпаты мен орындары көрсетілді
(ДУГ, 1896, №31). Жоғарыда айтылды, араб жазуымен берілген
мәтіндерде ешқандай тыныс белгілері болмады. ДУГ-тің
өзі бастапқы нөмірлерінде тыныс белгілерінсіз шығып
тұрыпты. Кейін өзі танытып түсіндірген тыныс белгілерін
пайдаланды.
Бірақ не газет
редакциясы, не жеке авторлар бұл тыныс белгілерінің
қазақша толық (түгел) атауларын (терминдерін) бере
алмады. Тыныс белгілері дегенді тыныстар деп атады және тыныс
белгілерін қою емес, тыныстарды жүргізу деді. Ал жеке
бірқатарының атауларын: нүктені – тыныс, үтірді –
жарты тыныс, нүктелі үтірді – тыныстың төрт
бөлгенінің бірі, сұрау белгісін сұралған
жауаптың аяғына қойылады деп, леп белгісін ашуланып не
қорқып, яки таңданып айтқан сөздің
аяғына қойылды деп, осы үлгіде әрі қарай
тырнақшаның, қос нүктенің, көп
нүктенің, дефистің, сызықшаның терминдік атаулары
емес, түсіндірмелері ғана көрсетілген (ДУГ, 1898, №42). Тыныс
белгілерінің осы күнгі терминдерін алғаш ұсынған
А.Байтұрсынов болатын. Араб таңбалы жазуда тыныс белгілерінің
жоқ болғандығы, бас әріп таңбасының
жоқтығы мәтінді дұрыс жазуға, түсініп оқуға
кедергі келтіретіндігі сөз болды. Әсіресе «Түркістан уалаяты»
мен «Дала уалаяты» газеттері жарық көре бастағанда, тыныс
белгілерін қолдану әрекеті басталды. «Синтаксистік
тұтастық» (период) деп аталатын мәтін сегменттерін
(бөліктерін) айырып азат жолдан (абзацтан, жаңа жолдан) бастап жазу
да осы кезде көрінді. А. Байтұрсыновтың
оқулықтары мен еңбектерінде, ХХ ғасырдың басында
шығып тұрған «Қазақ», «Айқап» газеттерінде
кеңінен орын алды. Араб жазуымен ұсынылған мәтінде орын
алмаған (және орын алуы мүмкін де емес) мәселе – бас
әріптің қолданылуы болып қала берді, сондай-ақ
дефис пен сызықшаның қолданысы, оқшау сөздердің
сөйлемдегі өзге сөздерден тыныс белгілерімен, көбінесе
үтірмен бөлектетіліп көрсетілуі сияқты
пунктуацияның жеке тұстары да әлі айқындалып,
тұрақталмағандығы көрінді [2].
Қазіргі пунктуацияның тәжірибесінде
«пунктуациялық норма» термині тар мағынада яғни тек тыныс
белгілердің қолданысы ретінде қалып қоймайды, одан да кеңірек түсіндіріледі.
Пунктуациялық норма сөйлеу нормасымен/мәтін ішіндегі ойдың
жүйелілігімен сәйкесетін тұстары жиі орын алады. Яғни
жалаң күйдегі сөйлемдердегі тыныс белгілердің қолданысы
мен қызметін зерттеу өткен ғасырда орын алған,
қазіргі таңда пунктуациялық нормаға көшу
дегеніміз мәтіндегі немесе сөйлеу тіліндегі
коммуникативті-прагматикалық нормадағы тілдік бірліктердің
қолданысы. Мәтіннің
өте күрделі тілдік құрылым екендігін білеміз. Оны
айқындайтын басты белгілері – жүйелілік және
тұтастық. Мәтіннің тұтастық категориясы
мәтінді ұғынып, оның мәнін түсінгенде
ғана пайда болып, логикалық жағымен тығыз байланысты
болса, жүйелілігі күрделі бірліктерді құрайтын тілдік
құралдардың белгілі әдіс-тәсілдермен
ұйымдасуынан көрінеді.
Коммуникативті-прагматикалық норма дегеніміз белгілі бір
қоғамдағы коммуниканттардың түрлі тілдік жағдаяттағы
сөйлесімді құрайтын түрлі деңгейдегі тілдік
бірліктердің құрылымы. Тілдік норма әр
деңгейдегі тілдік бірліктердің өзара тіркесім қабілетін
белгілесе, сөйлеу нормасы нақты бір уақыт кесіндісінде
сөйлеу жағдаятында қалыптасады. Яғни сөйлеу
тіліне коммуникативті-прагматикалық нормалар тән болып келеді.
Сөйлеу жағдаятына байланысты тіл бірліктерін таңдау ережелері
болады. Мұндай нормалар тіл үйренушілер арасындағы
қарым-қатынас үстінде, тіл меңгеру барысында
қалыптасады. Тіл үйренуші санасында аталған нормалар
тәрбие, тәжірибе, білімнің арқасында қалыптасып,
қабылданып, сөйлеу жағдаятының түріне
қарай, сөйлеуші қажеттілігіне қарай
қолданысқа түседі. Осы көрсетілген нормалар
(коммуникативті, тілдік, прагматиаклық пункцтуациялық нормалар)
сөйлеуде бір жүйеге түсіп белгілі бір коммуникативті жағдаяттағы
әлеуметтік болмысы анықтала түсті. Қарым-қатынас
барысында тілдің көбіне прагматикалық қызметіне
мән беріледі. Ауызекі қатысым барысындағы әрбір
сөйлесімнің ықпал ету күші адресат факторымен
қатаң түрде санасуы керек. Қатысым орнатудың
сәттілігі коммуникативті-прагматикалық нормаларды
сақтауға да көп байланысты. Өйткені қатысым
нақты коммуникативті жағдаят, әңгімелесушілердің
интенциясы мен ниетін негіздейтін үйлесімді тілдік амалдарды
таңдау, әңгімелесушілердің ара қатынасы, жеке сөйлеу
дағдылары мен қатысым жағдайы арқылы реттеліп
отырады. Коммуникативті жағдаятқа
мынадай белгілер тән: белгілі бір әлеуметтік орта, оның
белгілері, коммуниканттардың өзіндік мінез-құлқы,
сөйлесу барысындағы көпшілікке қарап айтылған
тілдік/тілдік амал-тәсілдер қатары; сөйлесетін ортақ
тақырыптың атауы, ондағы тыңдаушы мен айтушының
арасындағы әлеуметтік, қоғамдық,
мәдени-тұрмыстық аясының теңдігі; қатысымға
қатысушылардың мақсаты мен уәжі коммуникативтік
жағдаяттың компоненттерімен тығыз байланысты болып келеді.
Тілдік
қарым-қатынасқа түсетін коммуниканттардың тілдік
немесе одан да кеңірек вербалды және вербалды емес қатынас
құралдары коммуникативті-прагматикалық норманы
құрайды. Пунктуациялық тілдік құралдарды
қолдану тек мәтін құрау үдерісінде жүзеге
асады. Қазақ тілінің пунктуациясын зерттеу барысында кез
келген нормативті емес тыныс белгілер
Басты назар аударатын мәселе коммуникативті-прагматикалық
нормаға тілдік қарым-қатынасқа түсуші
адамдардың коммуникативті және тілдік (вербалды және вербалды
емес қарым-қатынас ережелері) сипаттағы ережелер енгізілген. Вербалды қарым-қатынас тіл, сөйлеу арқылы
жүзеге асады. Тіл – сөз жүйесі, сөздерді дұрыс
құрастыру, ойды сөзбен толық жеткізу, дыбыстың,
интонацияның, сөздің нақтылығы. Тілдік
дыбыстық құбылыс – сөз темпі, дауыс ырғағы,
ритм, тембор, дикция. Вербалды емес қарым-қатынас «дене тілі»,
«ым-ишара тілі» деген ұғымдармен байланысты. Бұл
қарым-қатынас құралына поза, ым-ишара, мимика, визуалды қатынас,
тұлға аралық дистанция жатады.
Коммуникативті-прагматикалық норма тілдік санада, сөйлеу актісінде
көмескі түрде көрініс берсе, пунктуациялық норманы
коммуникативті-прагматикалық қатынаста қарастыру керек.
Пунктуацияны игеру тек мәтінде жүзеге асады.
Пунктуациялық норма – белгілі бір синтаксистік
құрылымдағы тыныс белгілерді пайдалана отырып, жалпы
пунктуациялық жүйедегі барлық тыныс белгілерді жалпы бір
ережеге бағындыру. Тыныс белгілер жүйесі мынадай нақты
белгілеріне байланысты топтарға бөлінеді: а) тыныс
белгілердің жұмсалу өрісі (сөйлем немесе мәтін),
ә) актуалды мүшеленудің нысаны (мәтін немесе
сөйлем), б) актуалды мүшеленудің нәтижесі
(мәтінннің бір бөлігі, сөйлем немесе
сөйлемнің бі сыңары), грамматикалық (синтаксистік)
нмесе объектінің мағыналық сипаты. Тыныс белгілердің
бұл сипатына қарай негізігі өзегі (ядро) негізгі үш
класты құрайды: 1) сөйлемнің біткенін анық
көрсету (нүкте, сұрау белгісі және леп белгісі,
ойдың жалғасын көрсететін көп нүкте); 2)
сөйлемнің ортасынан бөліп тастайтын тыныс белгілер
(нүкте, нүктелі үтір, сызықша, қос нүкте,
көп нүкте); 3) сөйлемнің ортасында кездесетін
(жақша, тырнақша, сызық, үтір, көп нүкте)
тыныс белгілер класы сөйлемнің графикалық безендірілуіне
қызмет етеді.
Қорыта
айтқанда, пунктуациялық норманы теориялық
тұрғыдан меңгерудің маңызы зор. Кез келген адам
сауатты жазу үшін пунктуациялық нормаларды толық игеруі
керек. пунктуация – сөйлемді және мәтінді,
сөйленімді мағыналық
бөліктерге бөлудің графикалық тәсілі.
Осыған орай тыныс белгілерін дұрыс қоя білу – сауаттылықты
арттырады, әрі
сөйлемнің синтаксистік құрылымын меңгеруге
көмектеседі.
Әдебиет:
1.
Сыздықова Р. Қазақ
орфографиясы мен пунктуациясы жайында анықтағыш. – Алматы, 1960.
2.
Сыздық Р. «Байтұрсынов жазуы» және емле
ережелерінің тарихы. / Р. Сыздық // Қазақ әдебиеті және мемлекеттік тіл. –
Алматы, 2009. - № 2-3. – Б. 3-7.
3.
Мұсабекова Ф. Қазіргі
қазақ тілінің пунктуациясы. – Алматы, 1973.
4.
Шапиро А.Г. Основы русской пунктуации. – М., 1955.