Қолғанатова
Ағила,
Абай
атындағы ҚазҰПУ
Филология
институты
Жалпы
тіл білімі кафедрасының
2 курс магистранты
АҒЫЛШЫН ТІЛІНІҢ ДИАЛЕКТІСІ
Әлемде
қолданысы жағынан үлкен сұранысқа ие болып
отырған ағылшын тілінің де диалектісі ең көп
тілдің бірі. Ағылшын тілінің ең ірі екі диалектісі
болып Британ корольдігінің ағылшын тілі және Америка
құрама Штаттарының ағылшын тілі есептеледі. Алайда,
бұл екі диалектінің де өзі де бірнеше диалектілерге
бөлінеді. Мысалы, британ ағылшын тілінің солтүстік диалектісі
ең ірі түрі болса, одан басқа оңтүстік,
шығыс және батыс аймақтарының диалектілері тағы
бар екен. Ал, ірі диалект болып есептелетін солтүстік англия
ағылшын диалектісі өз ішінен тағы ірілі-ұсақты
30-ға жуық диалектілерге тарамдалып кетеді. Ал Солтүстік
американдықтардың ағылшын тілі 50-ге жуық диалектіге
бөлінсе, одан басқа ағылшын тілінің Австралия варианты,
Жаңазеллендия, Бермуд ағылшын тілі және Канадалық
ағылшын тілі секілді түрлері тағы бар. Соған
қарамастан ең кең таралған оңтүстік британ
диалектісіне негізделген британ ағылшын тілі әдеби тіл болып
саналса, Құрама Штаттарда орталық батыс
ағылшындарының диалектісіне негізделген американдық
ағылшын тілі әдеби тілі деп саналады да ортақ түсінісу
мүмкіндігін жоғалтпай отыр. Ал, Үнді халқында да
бүгінгі күнде бірін-бірі
түсіне бермейтін 447 тілі, оның 2000-ға тарта диалектісі бар
көрінеді. Одан бақа Үндістанның кейбір штаттарында
қарым-қатынас құралы ретінде қолдануға
рұхсат етілген тағы 22 тіл бар екен. Алайда елдің
конституциясында ортақ тіл ретінде хинди және ағылшын тілдері
бекітілген.
Француз, жапон, араб тілдері
жайында да осыны айтуға болады. Міне, қарап отырсақ диалект
ұғымы бір үлкен тілдің жеке тармақтары деген
ұғыммен астастырылған.
Алайда, лингвистикада бұл ұғымға біршама тар
ұғымда пайымдау да бар. Бұл жағдайда диалект
ұғымы негізінен жергілікті аймақтық ерекшелік ретінде
қарастырылады. Негізінен, «диалект» ұғымын
территориялық ерекшелік ретінде қарастыру Кеңестік
лингвистикадан бастау алатын секілді. Тек осы кезеңнен бастап кеңес
ғалымдары орыс
диалектологиясының зерттеулеріне сүйене отырып диалект
ұғымын территориялық ерекшелік ретінде бағалады. Осы
кезден бастап үлкен бір түркі тобына енетін тілдердің
әрқайсысының өз әдеби тілі айқындалып,
өзіндік диалектілері кең көлемде жергілікті ерекшелік ретінде
зерттеліне бастады. Алайда, бұл мәселе өзге туыстас
тілдердегідей емес, қазақ тілінде үлкен дау
туғызды. Оның
өзіндік себептері де жоқ емес еді.
Сол жылдардағы
ғылыми зерттеулерді қарай отырып, осы кезеңдегі әдеби
тіл, диалект мәселелерінің Кеңестік стильге тән саяси
астар алғанын оңай-ақ байқауға болады.
Барлық ғылыми зерттеулерге Марксизм, Ленинизм идеясын тықпалау, Үндіевропа тілдерінен бастау алатын Ұлы орыс
тілінің заңдылықтарын кез келген зерттеуде негіз ету,
әрине, қазақ тіл
білімін де шарпымай қалмады.
1953 жылы қазақ
тіл білімі атына ССРО Ғылым академиясының Тіл білімі институты
тарапынан бірнеше рет сын айтылғаны белгілі.
Осы институттың Түркі тілдері секторы
қазақ тіл білімінің зерттелуіндегі қателіктер туралы 1953
жылы жасаған қорытындысында «Қателердің екінші
түріне ең алдымен қазақ тіліндегі диалектілердің
жоққа шығарылуын жатқызуға болады», – деп
көрсетті [2,195]. Сол жылы мамыр айында
Москвада өткен ССРО тіл ғылымдарының ғылыми
кеңесінде бұл мәселе тағы көтерілді. 1950
жылдардың орта тұсынан бастап қазақ тіліндегі
диалектілік ерекшеліктерді жинап зерттеу жұмысында жаңа
бетбұрыс басталды. Бұған дейін пікір таласының шарпуы
тиіп, құлаш жая алмай келген қазақ диалектологиясында
қол жеткен табыстардың басым көпшілігі 1950 жылдардың
орта тұсынан кейінгі уақыттың ішінде іске асырылуы
кездейсоқ емес. Сол жылдары Вопросы языкознания журналында
Э.В.Севортянның «Қазақ тілші ғалымдарының
қателіктері» атты мақаласы жарияланды. Мақалада
қазақ тіліндегі диалектілердің өз бағасын ала
алмай жүргендігі сөз етілді: «По существу только проф. С.А. Аманжолов отстаивал
на дискуссии тезис о наличии трех диалектов казахского языка, которые
территориально соответствуют старому делению казахского
общества на три жуза. Большинство участников дискуссии высказались против этой
точки зрения, и отвергло ее», – делінген онда [2,195].
Қазақ тіліндегі диалект
жайында қазақ тілі мамандарының арасында əртүрлі
пікірлердің болуы диалектінің зерттелу дəрежесінің
төмен болғандығынан, тілдегі бар диалектіні анықтау мəселесі
шегіне жетпегендіктен деп танылып,
қазақ тілінде диалектілер бар ма, жоқ па деген
айтыс-тартысқа уақыт өткізбей, осы мәселемен
түпкілікті зерттеулер жүргізуге шақырды. Осы кезден бастап,
қазақ ғалымдары жаппай диалектология мәселелерімен
айналыса бастады.
Кезінде Қ.Жұбанов
қазақ тілінің біркелкілігіне таңқалып:
«Қазақ тілінде ешбір диалект жоқ деуге болады. Осы күні
ғана болар, болмас жарқыншақты сезіп жүрміз. Сонда да
бұл сияқты тіл бірлігі маңайдағы тілдерің
ешқайсында жоқ. 4-5 миллиондай көп халық,
қазақ жеріндегі ұшсыз-қиырсыз шалқыған
кең даланы алып жатып тұрып, қалайша мұндай тіл
тұтастығын жасай алды деген сұрау таңданбастай
нәрсе емес. Мұнан 5-6 есе аз, жері мұнікінен 20 есе аз
шағын тілдердің ішкі айырмашылығы сонша күшті,
қай бір тілдегі диалектілерді ол тілге қосудың өзі
даулы болып алады», – деп еді [3, 327]. Түркі
тілдерін ғана емес үндіевропа тілдерінің тарихын жақсы
меңгерген осынау ғұлама ғалымның бұлайша
берік түйін жасауының сыры неде? Біз осы тұжырымның
байыбына жете алдық па, жоқ па?
Осындай тұста қазақ тілінің біркелкілігі жайында
Қ.Жұбановтың пікірімен сабақтастыра, тайсалмай пікір
айтқан ғалымының ірісі Ғ.Мұсабаев болды. Ол
керісінше «Қазақ
тіліндегі диалект жайында қазақ тілі мамандарының арасында əртүрлі
пікірлердің болуы диалектінің зерттелу дəрежесінің
төмен болғандығынан, тілдегі бар диалектіні анықтау
мəселесі шегіне жетпегендіктен еді деу де дұрыс емес, оның
(диалектінің) əлсіз, айтуға тұрарлықтай
еместігінен, көзге бадырайып тұратын жергілікті диалектінің
жоқтығынан деп түсіну керек. Қазақ тілі
мамандарының кейбіреулері қазақ тілінде үш диалект бар
десе, екінші біреулері қазақ тілі екі диалектіге бөлінеді
дейді, ал үшіншілері диалект жоқ деп айтысуларының себебі –
жергілікті диалектінің айтарлық дəрежеде жоқтығына
толық дəлел», – деп көрсетті. Ғалым тіл
ғылымындағы тавтологияға қарсы шығып: «Қазақ
тілінің шығуы мен дамуын Карл Маркс пен Фридрих Энгельстің
еңбектерінде көрсетілген роман жəне герман тілдерінің
шығу жəне даму тарихымен бірдей деп қарау
дұрыстыққа жатпайды. Қазақ тілі
жоғарыдағы тілдерден басқаша жағдайда дами отырып
қалыптасқандықтан, мұны К.Маркс пен Ф.Энгельстің,
жоғарыда атап өткен индоевропалық тілдердің
дамуындағы үш тобының ешбіреуіне де жатқызуға
болмайды. Қазақ тілі бір тұтас қыпшақ
тобының бір бөлек тілінің диалектісі ретінде жеке тіл болып
қалыптасқан. Сондықтан да ол диалектілер жинағы болып
табылмайды. Сондай-ақ ол тайпалар тілдерінің бірлестігі де емес.
Өйткені тайпалар тілі ертерек кезде болмаса, орта ғасырдың
бас шенінде ерекшелігін сақтай алмаған. Сөйтіп, жергілікті
территориялық диалектінің жай-күйі қазіргі
қазақ тілінде осы тұрғыдан қаралуға тиіс»,
– деп көрсетті [4, 266].
Біздіңше, Ғ.Мұсабаев
көптеген түркі халықтарына қарағанда
қазақ тілінің жағдайы ерекше екенін дөп тауып
айтады. Ғалымның өз сөзіне назар аударайық:
«Көптеген түркі тілдерінде тарихи жағдайына қарай, біреулерінің
отырықшылық күйіне (башқұрт, əзірбайжан)
байланысты, біреулерінің геофизикалық алшақтығына
(мысалы, татар, қырғыз), əртүрлі генетикалық
топтан құралған (өзбек, алтай,) құрамына
байланысты диалектілік ерекшеліктері бар. Ал, қазақ тіліне келсек, қырғыз
халқы сияқты, бір жартысы қырғыз Алатауында, екінші
жартысы Орта Азияда болып, қарым-қатынассыз ғасырлап
өмір сүрген қазақтарды көрмейміз. Туыстық
байланысынан ерте ажырап, бір жағы Азияда, көпшілігі Шығыс
Европада тұратын татар күйі де қазақ өмірінде
кездеспейді. Əрі жергілікті, əрі тайпалық диалектілердің
тоғысқан жері өзбек тілінің ерекшелігін
туғызған жағдай да қазақ шындығында
болған емес. Сондықтан қазіргі қазақ тілінде
кейбір диалектілік ерекшеліктерді тайпалық тілдердің
қалдығы ретінде тарихи тұрғыдан қараған
проф. Аманжоловтың пікірінің дұрыстығы бар» дей келе
ғалым «Профессор С.Аманжолов соңғы еңбегіндегі – бір
кездерде үш диалект болған деген пікірін жөндей алмай кетті»,
– деген өкініш білдіреді. Ал, ғалымның өз пікірінше, «қазақ
тілінде ешқандай диалект жоқ. Өйткені қазіргі
қазақ тілінде жергілікті диалект жасауға керекті
жағдайлар болған емес. Ендеше, орыс тіліндегі ақиқат
шындықты қазақ тіліне ауыстыруға болмайды» -дей отырып,
ғалымның қазақ тіліндегі жергілікті ерекшеліктер
тайпалық және территориялық сөйленіс сипатына ие
екендігін көрсеткені көпшілікке мәлім [4, 266].
М.Балақаев: «...қазіргі қазақ тілінде
лексикалық, фонетикалық, әрі грамматикалық
ерекшеліктерімен оқшауланған, өздеріне ғана тән
негізгі сөздік қорымен ерекшеленіп көзге түскен диалектілер жоқ, говорлар тобы бар», -
деп дұрыс көрсеткен деп ойлаймыз [5, 66]. Бұл жайында М.Әуезовтің пікірі де осы оймен
ұштасады: «Сталин жолдастың еңбектерінде диалектің
екі алуан болатыны аталып өтті. Бұның бірі – үстем
таптың белгілі ортасы арнаулы дәуірлерде қолданатын,
халық тілінен бөлек диалект немесе жаргон. Екіншісі – жергілікті
елдің анық халқы болып қолданатын диалект. Осы
соңғы мағынасындағы диалектіге Сталин жолдастың
беретін ғылымдық талдауы бойынша, бұның өзіндік
грамматикалық құрылысы болады. Оны диалект ететін
айрықша белгі – өзге, өзімен туыстас тіл тобынан
бөлекше қалыптанған, айқын грамматикалық
өзіндік құрылысы. Ал осы жағынан қарағанда,
қазақтың қазіргі тілінде диалект бар ма десек,
жаңағы белгідей көп қазақ тілінен бөлек
тұрған грамматикалық құрылысы бар диалект бар деп
айта алмасақ керек», - дейді М.Әуезов [6, 66]. Сонымен қоса, диалектілік ерекшеліктер белгілі
сөйлеу әрекетін толық құрай алмайды,
өйткені «диалектілік тіл» жоқ, жалпы «диалектілік тіл (диалектный
язык)» терминін қолданатын орыс диалектологиясында жергілікті
ерекшеліктердің қазіргі күнгі жағдайына қарай
«полудиалект (жартылай диалект)» деп бөлушілік бар.
Біз, әрине, қазақ
тілінің жергілікті ерекшеліктері бар екенін түпкілікті
жоққа шығарғалы отырған жоқпыз.
Сөзсіз қазақ тілінде де жергілікті ерекшеліктер белгілі
дәрежеде сақталып отыр. Ондай ерекшеліктер қазақ
ғалымдарының диалектологиялық зерттеулерінің
нәтижесінде өте жақсы бағасын алып, орны
айқындалды да. Дегенмен, сол зерттеу материалдарының өзі
қазақ тіліндегі жергілікті ерекшеліктер диалект дәрежесінде
емес, «говор», яғни сөйленіс дәрежесінде екенін
көрсетеді. Дегенмен, қазіргі диалектологиялық зерттеулерде
С.Аманжоловтың тұжырымдары басшылыққа алынып келеді.
С.Аманжоловтың өзі де жергілікті тіл ерекшеліктері тілдің
тарихын зерттеуде таптырмас құрал екенін айта отырып, оларды
әдеби тіл жойып жібермей тұрғанда, тездетіп жинап алуымыз
керек», - деп көрсеткені белгілі. Ендеше, қазақ
жазушыларының шығармаларындағы диалект сөздердің
қолданысынан үрікпеуіміз қажет, керісінше жазушының
нағыз көркем сөз шебері екенін көрсететін,
жазушының оқырман тілін байытуға, оқырман өресін
биіктетуге үлес
қосатын бір мүмкіндік
ретінде бағалануы тиіс.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Э.В. Севортян. Об ошибках казахских языковедов.// Вопросы языкознания, №2., 1953.
2. Қ.Жұбанов. Қазақ тілі
жөніндегі зерттеулер. А., 2010.
3. Ғ.Мұсабаев. Қазақ тіл білімінің
мәселелері А., 2014.
4. М.Балақаев. Қазақ әдеби тілі
және оның нормалары. А., 1984.
5. Әуезов М.
Қазақ әдебиет тілінің кейбір мәселелері. //
«Коммунист», №3. 1951. – 60-69 б.
6. Аманжолов С.А. Вопросы
диалектологии и истории казахского языка. – Алматы: Учпедгиз, 1959. – 451 с.