Шаяхметова Сауле,
Абай атындағы ҚазҰПУ
Филология институты
Жалпы тіл білімі кафедрасының
2
курс магистранты
ӘСКЕРИ ТЕРМИНДЕРДІҢ ЗЕРТТЕЛУІ
Ғылым мен
техниканың дамыған заманында терминнің атқаратын
қызметі мен тілден алатын орны орасан зор. Сондықтан қазақ
тіл ғалымдары оған ертеден-ақ ерекше мән беріп
отырған. Сондай-ақ, термин, жалпы терминология мәселесі
бүгінгі күннің өзекті тақырыбына айналып отыр.
«Нақты бір терминді қабылдап,
бекіткенде, оның осы салада қызмет етіп жүргендердің
еркін түсінуіне кедергі келтірмейтіндей, болашақта
қағаз бетінде қалып қоймауы, іс жүзінде
қолдану мүмкіндігі болуы, терминнің беретін
ұғымының жаңа қолданыста толық
сақталуы т.б. басты шарттары болуы тиіс» [1], – деген пікір орынды. Терминологияның басқа салаларына
қарағанда құрамы мен құрылымының
өзіндік ерекшелігі бар әскери терминдерді де мағынасы мен
ұғымына сай дұрыс қолдана білу бүгінгі күн
талаптарының бірі. Себебі, әскери терминдердің ерекшеліктері
мен мағыналық құрылымдарын, жасалу жолдарын зерттеу
бүгінгі тіл біліміндегі көкейкесті мәселелердің бірі.
Көне әскери
терминдердің қолданысын Орхон-Енисей жазбаларынан,
М.Қашқари, Ж.Баласағұни, Ш.Уәлиханов,
Ә.Қайдаров, Р.Сыздық зерттеу жұмыстары мен
еңбектерінен, әскери
лексиканы арнайы зерттеген ғалым Т.Байжанов еңбектерінен
кездестіруге болады.
Қазақ тіл
білімінде әскери терминдерге арналған сөздіктер шығару
ісі Кеңес өкіметі тұсынан басталады. Алайда,
қазақ лексикографиясындағы сөздіктер тарихын зерттеуші
ғалым М.Малбақовтың деректемелері бойынша, Семейдегі
қосалқы жаяу әскер батальонында подпоручик шенінде
қызмет атқарған Н.Жетпісбаевтың «Начальное руководство
арабского, персидского и киргизского языков с
арабско-персидско-русско-киргизскими словами в конце» атты кітабы Қазан қаласында
1890 жылы жарық көрген екен. Аталған кітаптың негізгі
көздеген мақсаты – әскери қызметтегі қызметшілердің қажеттілігін өтеу болатын [2].
1926 жылы Қызылорда
қаласында жарық көрген “Орысша-қазақша
әскерлік атаулары” сөздігі 2005 жылы араб графикасынан
кириллицаға түсіріліп, қайта басылып шықты [3].
Сөздіктің
алғысөзінде Қазақ білім комиссиясының
төрағасы Ахмет Байтұрсынұлы мен комиссия хатшысы
Ғаббас Нұрымұлының сөздікке енген атаулар туралы
берген анықтамасы келтірілген: «Бұл атаулар қазақ білім кемесиесінің 1925-інші
жылғы октәбірден 1926-ыншы жылғы үйенге шейін
болған міжілістерінде тексеріліп осы күйінде қабыл алынды [3,
3].
Осы кезеңде
жарық көрген алғашқы терминологиялық
сөздіктер сияқты «әскерлік атаулары» да алаш
зиялыларының термин жасау, өзге тілдерден термин қабылдау
және оларды жазу қағидаттарын басшылыққа ала
отырып жасалған. Терминологиялық сөздік жасаушылардың
ең алдымен қазақ тілінде бар атауларды барынша пайдаға
жаратып, оларға арнайы мағына жүктеумен бірге ұлт
тілінің сөзжасам тәсілдері арқылы жаңа атаулар
жасауды мақсат еткені аңғарылады» – дей келіп, оны мысалдар
арқылы дәлелдеген [3, 3].
Бұдан шығатын
қорытынды:
1) Кеңестік
кезеңінің басынан бастап-ақ термин мәселесіне
үлкен мән берілген, терминнің маңызын ғалымдар
дұрыс түсінген;
2)
А.Байтұрсынұлы бастаған алаш зиялылары қазақ
тіліндегі бар сөздерден термин жасап, өзге тілден термин
қабылдауды да ұстанған. Бұл ұстанымдар
бүгінгі күні жүзеге асырылып жатыр.
Қ.Жұбанов
терминология мәселесінің ғылыми түрде шешілуін
көздеп 1935 жылы Мемлекеттік термин комисссиясы Бюллетенінің №4
санында “Термин сөздердің спецификасы жөнінде” деген
мақаласын жариялаған. Аталған мақалада
Қ.Жұбанов терминдерді сипаттай келе, өз мақаласын
төмендегідей қорытады: «Біз
жоғарыда терминдер, бір жағынан халықаралық ортақ
болып кеткен сөздерден жасалса, екінші жағынан, ел-елдің өз тіліне аударылып
та алынып отырады деген едік; міне, термин тәжірибесіндегі осы заң
қазақ тілінің терминдерін жасауда да өзінің
күшін сақтауы керек.
Сөйтіп,
қазақ тілінің терминдері бір жағынан
бірыңғай интернационал сөздермен алынса, екінші жағынан
– қазақ сөздерінен жасалатын болады.
Біз бірыңғай
интернационал терминдер – қазақ тілінде оларға сәйкес
келетін сөздер табылсын, табылмасын
аударылып алынбасын дейміз. Қазақ тілінің терминдері
жайлы біздің ұстаған жолымыз осы» [4, 153].
Бұл пікірден біз
алғашқы қазақ тілі ғалымдарының терминді
дұрыс бағалап, дұрыс жол нұсқағанын
аңғарамыз.
«Совет дәуірінде жарық
көрген 83 терминологиялық сөздік терминдік лексиканың
жалпы санын шамамен айтуға мүмкіндік беретін сияқты.
Біздің шамалауымызша, техника және табиғат ғылымдары
саласынан жасалған 51 сөздік пен қоғамдық
ғылым бойынша жасалған 32 сөздіктегі терминдік
единицалардың жалпы саны 10 томдық сөздіктегі
сөздердің санынан әлдеқайда артық. Мәселен,
М.Исамбаев тарапынан жасалған орысша-латынша-қазақша медицина
терминдерінің сөздігінің бір өзі (3) шамамен 10
мыңдай терминдік единицаны қамтыса, сол сияқты 500-ден 3
мыңға дейін термин енген сөздіктер қатарына жалпы биология (4), металлургия (5), экономика (6),
математика (7), физика (8), заң (9), әдебиеттану (10), тіл білімі
(11) сөздіктерін жатқызуға болады. Тек
қоғамдық ғылымдар саласынан ғана Тіл білімі
институты тарапынан ЭВМ арқылы сұрыпталып, реттеліп, баспаға
дайындалып жатқан қазақша-орысша және
орысша-қазақша сөздіктердің өзі жалпы саны 60
мыңға жуық терминдік единицаны қамтып отыр.
Сөйтіп, тұлғалық жағынан қайталауын
есептемегенде, терминологиялық мағына беретін единицалардың
жалпы саны шыққан және шығатын сөздіктерде 67
мыңнан әлдеқайда көп екеніндігіне таласуға
болмайды» [5, 192].
Жалпы қазақ
тіл білімі мамандары термин мәселесіне о бастан-ақ үлкен
мән беріп, оның дамуына ат салысып отырған. Қазақ
тілінде термин жасау ісі А.Байтұрсынұлының 1912 жылы
жарық көрген оқу құралынан басталған. А.Байтұрсынұлы,
Қ.Жұбанов, Х.Досмұхамедұлынан бастап қазақ
тілін зерттеуші ғалымдар терминология мәселесіне, сондай-ақ
терминологиялық сөздік жасау ісіне де белсенді қатыса білді.
Дегенмен, кейбір тілші ғалымдарды атап кететін болсақ:
І.Кеңесбаев, Н.Т.Сауранбаев, М.Балақаев, Ғ.Ғ.
Мұсабаев, Р.Сыздық, Ә.Қайдаров, Ө.Айтбаев,
Ш.Құрманбайұлы, Т.Жанұзақов, А.Әбдірақманов,
Б.Қалиев, Ғ.Қалиев, Н.Уәлиев, А.Алдашева,
С.Ақаев, Ш.Біләлов т.б. Терминологияның түрлі саласынан
оннан астам кандидаттық диссертациялар қорғалды. Алайда
бұл жоғары көрсеткіш деп айта алмаймыз, өйткені
терминологияның салалық түрлері өте көп.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Момынова Б.
Терминология дербес ғылым емес // Ана тілі. – 2004. 18 наурыз.
2. Малбақов М.
Қазақ сөздіктері. Қазан төңкерісіне дейінгі
сөздіктер хақында. – Алматы: Ана тілі, 1995. – 112 б.
3.
Орысша-қазақша әскерлік атаулары – Русско-казахская
военная терминология / Құраст. Ш.Құрманбайұлы,
О.Жұбаева (Қызылорда, 1926).–
Астана: Сөздік-Словарь, 2005. – 136 б.
4. Момынова Б.
Терминология дербес ғылым емес // Ана тілі. – 2004. 18 наурыз
5 Малбақов М.
Қазақ сөздіктері. Қазан төңкерісіне дейінгі
сөздіктер хақында. – Алматы: Ана тілі, 1995. – 112 б.
6. Жұбанов Қ.
Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер / Жауапты
ред.К.Хұсайынов. – Алматы, Ғылым, 1999. – 581 б.