Касенова А.К., Жекибаева Б.А., Медиева С.Х.

  №6 ЖББОМ  Теміртау қ

ҚарМУ

Қазақ тілі сабағындағы оқушының сөздік қорды

 дамыту жұмыстары

 

Тіл дамыту-қазіргі мектептің оқу-тәрбие ісіндегі басты мәселе тіл мен сөйлеу үдерісін жіктей оқыту, оқушының дұрыс сөйлей білуіне көңіл бөлу. Сондықтан, мұғалім қазақ тілі сабақтарында тіл дамытуға, байланыстырып сөйлеуге айрықша көңіл бөледі, тілдік материалдарды дұрыс бере білу, тілдің теориясы мен сөйлеу практикасының бір-бірімен қарым-қатынасы түрлі жаттығу жұмыстары арқылы іске асырылады.

Тілді дамыту дегеніміз–оқушының сөздік қорын дамыту, ойлаған ойын өз еркінше басқа адамға жеткізе алу, оның сөзін түсіне білу, қысқаша айтқанда еркін сөйлей білуге үйрену. Осыдан келіп тіл дамыту жұмысының кең аялы екенін көреміз[1].

Сөйлеу әрекетінің өз сипатамалары бар. Солардың бірі-сөйлеудің мазмұнды да мәнерлі болып келуі. Егер сөйлейтін сөзде мазмұн болмаса ол сөз мәнін жоғалтуы мүмкін. Ал сөзді мәнерлеп айту – әрбір сөйлемге әсерлі үн, саз береді. Аталарымыз айтқандай, бір ауыз сөзбен адамды дертінен жазуға немесе өлтіруге болады.Демек, сөздің құдіреті өте күшті. Сабақтың пікірлесу кезеңінде оқушылар әрбір сөзді орынды қолданып, әр сөзге екпінді дұрыс қоя білуі керек.

Әр мұғалім қазақ тілі сабақтарында тіл дамыту жұмыстарын шығармашылықпен жүргізіп, дұрыс ұйымдастыра білсе, ол оқушының күнделікті өмірдегі құбылысты жан-жақты түсіне білуіне жағдай жасайды.

Тіл дамыту жұмысы, негізінен, мынадай 4 бағытта жүргізіледі.

Біріншіден, мәдени, әдеби сөйлей білу нормаларына үйрету, яғни орфографиялық дағдыны меңгерте отырып, оқушыға мәнерлеп оқу дағдыларын қалыптастыру.

Екіншіден, лексикалық жұмыстар жүргізу арқылы оқушының сөздік қорын байыту, тілдің лексика және фразеология бөлімдерінен кеңірек білім беру көзделеді.

Үшіншіден, жаңа сөздер үйрету.

Төртіншіден, оқушының ойын жазбаша дұрыс, сауатты жаза, әрі сөйлей білуге үйрету мақсат етіледі [2].

Тіл үйренуде ең басты міндет – оқушылардың сөйлеу тілін жетілдіру. 
 - Оқушылардың сөздік қорын дамытуға арналған әдіс –тәсілдер туралы

мәлімет беру. 

     Әдіс – тәсілдер туралы теориялық ұғым беру. 

     Әдістерді тәжірибеде қолдана білуге үйрету. 

     Қазақша сөйлеу дағдысын дамыту

     Жазбаша тілін дамытып, орфографиядан түсінік беру. 

     Сөздікті дамыту. 

     Сөйлеу тілінің граматикасын қалыптастыру. 

     Қазақ тіліне тән дыбыстарды дұрыс айтуға үйрету. 

     Түсінгенін айта білу. 

     Көркем шығармамен таныстыру. 

     Сауатты жазуға дағдыландыру.

Қазақ тілі сабағындағы сөздік қорды дамыту жұмыстары мынадай әдіс-тәсілдер арқылы жүзеге асады. Ол-сұрақ-жауап, сөйлесу, әңгімелесу, әңгіме, түсінігін айтқызу, көрнекілік, аударма, кітап пен жұмыс, мәтінмен жұмыс әдістері. Әр сабақ сайын тақырыпқа сай көрнекі құралдар,түрлі суреттер, кестелер, видео касеталар, тақырыптар бойынша электронды оқулықтар мен сабақты көркемдеп отырса, оқушылардың сөздік қоры біршама толығады деп сенімдімін. Әдіссіз оқыту процесі жүзеге асу мүмкін емес[3].

 Бастауыш сыныптың оқушыларына қазақ тілін үйрету барысында маңызды міндеттерді шешуге көмектеседі:

- адамдардың рухани өмірінің үйлесімді болуы барлық халықтың қазақ халқының мәдени құндылығына қол жеткізу үшін мүмкіншіліктерді кеңейтеді;

-  білім мен мәдениеттің одан әрі көтерілуін қамтамасыз етеді.

Қазақ тілін үйрету сабақтарын құру және оны оқыту мағынасын іріктеу кезінде бірқатар принциптерді ескеру қажет.Басты принциптердің бірі-тәрбиелеу мен оқытуды  бірыңғай  жүйеге біріктіру.Қазақ тілі-әлеуметтік, рухани-адамгершілік, эстетикалық тәрбиенің қайнар көзі. Балалардың сөйлеу мүмкіншіліктерінің даму барысында қазақ тілінің оқыту мен тәлім-тәрбие берудегі рөлі күннен күнге арта түсуде[4].

Ойын дегеніміз не? А. Макаренконың айтуынша: «Ойынға бір жақты көзқарас қате. Педагогикалық үрдісте ойынды дұрыс пайдалану сабақтың тиімділігін арттырады, балаларға қуаныш сыйлайды. Ойын бала үшін жаңа ортаға тезірек бейімделуіне мүмкіндік береді.

Балаларды қазақша сөйлей білуге үйретуде мынадай талаптар қоюға болады:

1. Әр сөзді тұрақты түрде есінде қалдыру.

2. Сөз балаларға таныс заттарға байланысты болу керек.

3. Әрбір сөз үнемі пайдаланылып, қайталанып отыруы тиіс.

4. Сөздік қорды молайтып отыру.

5. Қазақ тіліне тән дыбыстарды дұрыс айтуға дағдыландыру арқылы дұрыс сөйлеуге үйрету.

Бұл талаптарды орындау үшін әр сабақ қызықты құрылып, сабақтың әр кезені әдістемелік талапқа сай жүргізілуі тиіс.Тіл үйрену баланың ойлау қабілетімен тығыз байланысты болғандықтан, олардың ойлау дағдысын жан– жақты дамытып, кеңейтіп отыру қажет.Балалардың сөздік қорын молайту жөнінде оларды дұрыс сөйлеуге үйрету жолында өзімнің іс-тәжірибеге сүйеніп мынадай тәсілдер қолдануға болады:

- Сөздік жұмыс (әңгімелесу, жумбақтарды шешу, ребустар құру, салыстыру, қайталау,сұрақ – жауап, суретпен жұмыс, оқу т.б.);

-  Көрнекі құралдар қолдану (сурет, ойыншық);

- Ойын (дидактикалық, сергіту, жарыс,сюжетті–рольдік, логикалық, т.б.) [5].

Баланың сөздік қорын молайтып, жаңа сөздерді меңгеруде шешуші роль атқаратын жұмыстың бірі–сөздік жұмысы. Осы сөздік жұмысты жүргізуде, бекітуде, оны практикалық қолдана білуде ойынның атқаратын ролі ерекше. Бала ойнай отырып, тілдік материалды меңгеру мақсатында сөздерді жаттайды. Сабақ баланың ақыл- ойына күш түсірмей, ойын түрінде өткізіледі. Балалардың логикалық ақыл-ойын, эмоциялық еркін, зейінін, ынтасын дидактикалық ойындар арқылы арттыру барысында ойындарды түрлендіріп, күрделендіріп отыруға болады.

 «Дыбыстар жұмбағы» ойынын барлық сыныптарда ойнатуға болады. Бұл ойын баланың сөздік қорын дамытады, дыбыстарды дұрыс табуға, айтуға үйретеді. Мысалы, кез келген тақырыпты  қайталаған кезде ойнатуға болады. Оқушылар жиі қолданылатын сөздік қордан сөздер табуы тиіс. Сөздік жұмбақты өздері құрау керек.

 «Шешуін тап» ойындарында қазақ тіліне тән дыбыстарды меңгеріп алғаннан кейін, оларды әбден бекіту мақсатында жұмбақтар, жаңылтпаштар, олардың сипаттамасын жатқа айтқызу жатады.Сонымен қатар сергіту ойындарын  пайдалану қажет. Сабақта балалар шаршады-ау деген мезетте сергіту, бой жазу жаттығуларын жүргізу керек [6]. Жалпы мектепте балалар сабақта аса зор ынтамен ойнайды, олар ешқашан шаршамайды, тіпті уақыттың  қалай өткенін  де байқамай қалады.

 

Пайдаланған  әдебиеттер:
1. Рахметова С. Қазақ тілін оқыту әдістемесі. -Алматы. 1991.
2. Әбілқаев А. Қазақ тілін оқыту әдістемесі. -Алматы. 1995.
3. Исабаев Ә. Қазақ тілін оқытудың дидактикалық негіздері. -Алматы. 1993.
4. Нұржанова Ж. Қазақ тілін тиімді оқыту жолдары. -Алматы. 2001.
5. Әлімжанов Д., Маманов Ы. Қазақ тілін оқыту әдістемесі. -Алматы. 1965. 

6. Шоқыбасова Н.А. Қазақ тілі .- Астана.2004