ӘӨЖ 338.09:

Нұрбосынова Жанар Нұрболовна

Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті «Қаржы» кафедрасының аға оқытушысы

 

Бағалы қағаздармен операциялардың нормативті-құқықтық базасын жетілдіру

 

Бүкіл әлемде мемлекет экономикасын дамытудағы үлкен бір сала бағалы қағаздар нарығы болып табылады. Өйткені халық шаруашылығының кез келген саласын дамытуға, жаңа технологияны енгізу, үшін қандай да бір капитал керек. Мемлекетіміздің нарықтық қатынастарға өтпей тұрып, бағалы қағаздар нарығы жоқ болды деп алдыңғы тарауларда айтқан болатынбыз. Сондықтан да осы нарықтық экономикаға өткенге дейін меншікті капитал жетіспегенде, көбінесе қысқа және ұзақ мерзімге несие тартылып келді. Бірақ несие саясатының қатаңдығынан, банктердің берілген ссудаға деген қатаң талаптарынан ссудалық капитал нарығын қолдану деңгейі төмендеп кетті. Қазіргі кезде қосымша қаражат тартудың дамығына бір түрі ол – бағалы қағаздар шығару.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, бағалы қағаздар нарығын дамыту қосымша қаражат табудың тиімді тәсілдерінің бірі болып табылады. Ал біздің елімізде бағалы қағаздар нарығы дамымаған деп айтуға болмайды. Аздаған көлемде болса да, елімізде мемлекеттік бағалы қағаздар айналысы бар. Дегенмен бағалы қағаздар нарығының дамуы корпоративті бағалы қағаздарды шығара бастаумен басталды деуге болады.

Қазақстан Республикасы нарықтық экономикаға өткенінен кейін бағалы қағздар нарығын қалыптастыру мен дамытуда көптеген реформалық қадамдар жасалды. Қазіргі кезде бағалы қағазадар нарығына екінші деңгейлі банктердің қатысу үлесі ұлғая түседі деп болжауға болады. Бұл бірінші кезекте “Қазақстан ипотекалық компаниясы” АҚ-ның ипотекалық облигациялардың болжап отырған қосымша шығарылымдарымен түсіндіруге болады, себебі бұл облигацияларға несиелік тәуекелдің төмен деңгейі тән. Сонымен қатар зейнетақы қорларының қаражылық мүмкіндіктерінің ұлғаюы және институтционалды инвесторлар санының өсуі банктерді жүргізілетін банктік операциялар көлемін кеңейту мақсатында қор нарығының аталған қатысушылары арасында қарыздық міндеттемелерін орналастыруға ынталандырады. Сондай-ақ, банктердің эмиссиондық белсенділігін банк секторының активтерінің өсуімен және Ұлттық банктің банктердің меншікті қаражаттарының жеткіліктілігіне, оның ішінде банктің меншікті капиталының минималды көлеміне деген талаптарының күшеюімен түсіндіруге болады.

         Қазақстан Республикасының қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Парламентке “бағалы қағазадар нарығы және акционерлік қоғамдар мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне  өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасын ұсынды. Бұл заң жобасымен енгізілетін өзгерістерді шартты түрде төрт топқа бөлуге болады.

         Жобада қарастырылатын мәселелердің бірінші бөлігі бағалы қағаздар нарығында жасалған заң бұзушылықтар үшін жауапкершілікке байланысты болмақ. Атап айтқанда, Қылмыс кодексіне және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін өзгертулер осындай құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік шараларын анықтайды. Бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларының инвесторлардың ақпарат алуға құқығын бұзғаны үшін жауапкершілігі, акционерлік қоғамдардың лауазымды тұлғаларының акцияларды сатып алу тәртібін бұзғандығы үшін, сондай-ақ, бағалар мен манипуляциялау мақсатында жасалған мәмілелер үшін жауапкершілігі көзделген.

         Екінші ең көлемді бөлігі инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселесіне арналған:

         1) бағалы қағаздар нарығының субъектілерімен бағалар манипуляциясы мақсатында жасалған мәмілелердің белгілерін анықтау бойынша нормалар нақтылай түсіндіріліп, осындай мәмілелерді жасаудың құқықтық салдары қарастырылғын;

         2) эмитенттің бағалы қағаздарды шығару, орналастыру және өтеу тәртібін бұзуы жағдайында қажетті шаралар қабылдаудағы өкілеттілігі айқындалған, яғни Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске айыппұл салуға рұқсат беретін толықтырулар енгізілген;

         3) сот жарияланған акциялар шығарылымының мемлекеттік тіркеуін заңсыз деп таныған немесе еріксіз таратылу туралы шешім қабылдаған жағдайда акциялар шығарылымының күшін жою туралы шешім қабылдаудағы өкілеттілігі айқындалған.

         Үшінші бөлігін “корпоративті басқаруды жетілдіру” деп атаса болады. Біздің ойымызша, осы орайда акционерлік қоғамның ірі мәмілелер жасасу туралы шешім қабілдау тәртібін бекітетін баптарға өзгертулер ең маңызды болып табылады. Бүгінгі таңдағы Директорлар кеңесімен осындай шешімдерді акциоенрлердің жалпы жиналысы мақұлдаған жағдайда ғана қабылдау тәртібі акционерлік қоғамға шешімдерді тез тиімді қабылдауға мүмкіндік бермейді. Заң жобасымен бұл тәртіпті жеңілдету ұсынылған: шешімдер Директорлар кеңесімен қабылданады, ал директорлар кеңесі қабылдаған шешіммен келіспейтін акционерлер қоғамынан өз акцияларын сатып алуын талап етуге құқылы.

         Төртінші бөлігі бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларына арналған.Кәсіби қатысушыларды лицензиялау және нарықтағы кадрларды оқыту процесін бақылау жүйесін айтарлықтай дәрежеде либерализациялау мүмкіндігі жасалған. Жалпы алғанда, бағалы қағаздар нарығының осы инфрақұрылымын сақтай отырып, заң жобасы жекелеген институттардың, атап айтқанда бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларының өзін-өзі реттейтін ұйымдары және Орталық депозитарийдің қызметін жетілдіруге септігін тигізетін ережелерді де қамтиды.

         Отандық нарықта өтімді инструменттердің пайда болуын ынталандыру үшін Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің жұмыс тобының қызметі шеңберінде заң жобасы бойынша Қазақстандық компаниялардың сыртқы қор нарығына шығуына және елдің жағымды имиджінің қалыптасуына септігін тигізетін өзгертулер ұсынылған.

            Осы ұсынылған өзгертулерге сәйкес, ұйым-Қазақстан Республикасы резиденті эмиссиялық бағалы қағаздар, соның ішінде туынды бағалы қағаздарды шетел мемлекетінің территорисяныда орналастыруды жүзеге асыруға құқылы. Бірақ бұл тек уәкілетті органның сәйкес рұқсаты болған және осы компанияның бұрын шығарылған бағалы қағаздары отандық сауда ұйымдастырушысының тізіміне қосылуы, ал шығарылатын бағалы қағаздар қор биржасының тізіміне листингтің ең жоғарғы немесе жоғарыдан кейінгі категориясы бойынша қосылуы сияқты талаптар орындалған жағдайда ғана жүзеге асуы мүмкін. Облигациялау орналастырған жағдайда олар бір уақытта ішкі ұйымдастырылған нарықта да бірдей бағамен ұсынылуы тиіс. Акцилар шығарған жағдайда ішкі нарықта орналастырылуға орналастырылатын акциялар санының 20 %-нан кем болмайтын бөлігі ұсынылуы тиіс. Акционерлік қоғамның қатысуымен шығарылатын және базистік активі осы акционерлік қоғамның акциялары болып табылатын туынды бағалы қағаздар орналастыру кезінде осы аталған акциялар листингтің ең жоғарғы немесе жоғарыдан кейінгі категорисы бойынша қор биржасының тізіміне қосылуы тиіс. Бағалы қағаздармен операциялардың нормативті-құқықтық базасын жетілдіру жолдарына бағалы қағаздар нарығын мемлекеттік реттеуді қарастыруға болады.

         Бағалы қағаздар нарығын реттеу оның барлық қатысушыларын, барлық қызмет түрлерін және барлық операцияларды қамтиды. Бағалы қағаздар нарығын реттеу ішкі және сыртқы болуы мүмкін.

         Ішкі реттеу - ұйымның қызметінің бағыныңқылығы өзінің ішкі нормативтік құжаттарға бағытталады (жарғыға, ішкі ережелерге және басқа да нормативтік құжаттарға).

         Сыртқы реттеу - ұйымның қызметінің бағыныңқылығы мемлекеттің заңнамалық актілеріне, басқа ұйымдар актілеріне, сонымен қатар, халықаралық келісімдерге бағытталынады.

         Бағалы қағаздар нарығын реттеудің келесі түрлері бар:

- бағалы қағаздар нарығын мемлекеттік реттеу;

- бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларының реттеуі немесе нарықтың өзін-өзі реттеуі;

- қоғамдық реттеу немесе қоғамның ойын негізге ала отырып реттеу.

         Бағалы қағаздар нарығын келесі мақсаттарға жетуге негізделеді:

1. бағалы қағаздар нарығында тәртіпті ұстап тұру, оның барлық қатысушыларына жұмыс істеу үшін қалыпты жағдайды ұйымдастыру,

2. бағалы қағаздар нарығының қатысушыларын жеке тұлғалардың алаяқтығынан қорғау;

3.   сұраныс пен ұсыныс негізінде бағалы қағаздарға еркін және ашық баға бекітуді қамтамасыз ету;

4.     кәсіпкерлікке ынталандыратын бағалы қағаздар нарығын құру;

5.   жаңа бастамаларға, нарық құрылымдарына сүйеу болу, жаңа нарықтарды құру;

6.  қоғамдық мақсаттарға жету үшін нарыққа әсер ету (экономиканың өсу қарқынын жоғарылату).

         Бағалы қағаздар нарығын реттеу келесі шараларды қамтиды:

-       жалпы негізде бғалы қағаздар нарығының нормативтік базасын құру;

-       бағалы қағаздармен жұмыс істейтін қызметшілерді аттестациялау мен бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларын лицензиялау;

-       бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларының ақпараттарын экономика субъектілеріне ашу;

-       бағалы қағаздар нарығының қызмет етуіндегі нормалар мен ережелердің -ақ, бағалы орындалуына қадағалау жасау, құқық бұзушыларға шаралар қолдану.

         Сондай қағаздар нарығының қызметін белсендету және акционерлік қоғамдардың жариялылығы принципін жүзеге асыру мақсатында қор биржасының тізіміне листингтің ең жоғарғы категориясы бойынша қосылған акциялардың эмитенттері, сондай-ақ, оларды осы категорияға жіберу бастамашылары нарықтағы орналастырылатын және еркін айналыста болатын акциялардың қор биржасын ережелерімен бекітілген минималды көлемін қамтамасыз етуі тиіс. Осы нормаларды орындау нәтижесінде жеке және институтционалды инвесторлармен инвестициялау объектілері ретінде қолданылуы мүмкін. Қаржылық инструменттердің қатары кеңейе түседі. Қазақстандық бағалы қағаздар нарығында бірінші класты эмитенттердің өтімді бағалы қағаздары пайда болады.

         Қортындылай келе, жоғарыда аталған тенденциялар қаржы нарығының, соның ішінде қор нарығының дамуына жағымды әсер ететінін айта кеткен жөн.

 

Қолданылған әдебиеттер тізімі

 

1. Колтынюк Б.А. Рынок ценных бумаг: Оқулық. – Санкт-Петербург: Издательство Михайлова, 2004.-336б.;

2. Искаков У.М., Бохаев Д.Т., Рузиева Э.А. Финансовые рынки и посредики: Оқулық.-Алматы: Экономика, 2005.-298б.;

3. “Бағалы қағздар нарығы туралы” Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 2 шілдесіндегі Заңы;

4. Көшенова Б.А. Бағалы қағаздар нарығы: Оқу құралы. – Алматы: Экономика, 1999.-235б.;

5. Жуков Е.Ф. Рынок ценных бумаг: Оқу құралы. – Москва: Юнити,2005. – 400б.;