К.Ж.Бұзаубақова

            Тараз мемлекеттік педагогикалық институты,Қазахстан

 

МУЛЬТИМЕДИАЛЫҚ ОҚУЛЫҚТЫ ПАЙДАЛАНУ ЖОЛДАРЫ

     

         Білім беру ұзақ мерзімді «Қазақстан - 2050» Стратегиясының  басым бағыттарының  бірі болып отыр. Қазақстандағы білім беру реформаларының ортақ мақсаты білім беру жүйесінің жаңа әлеуметтік-экономикалық ортаға бейімделуі болып табылады. Қазақстан Президенті әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына республиканы кіргізу  межесін қойып отыр [1].      

Қазақстанның жоғары мектебі дүние жүзілік білім деңгейіне жетуге және бірыңғай білім беру кеңістігіне енуге ұмтылуы керек. Алға қойған мақсаттарға жету механизмі Болондық процестің өлшемдерін орындау болып табылады.

 Жоғары педагогикалық оқу орындарында инновациялық білім мен технологияны меңгерген, ақпараттық-коммуникативтік құзіреттілігі қалыптасқан, кәсіби-педагогикалық біліктілік деңгейі, шығармашылық ойлау қабілеті жоғары, рухани тұрғыдан дамыған, білім  беру саласындағы инновациялық процестерді жүзеге асыруға қабілетті жаңашыл жаңа тұрпатты педагог даярлау мәселесіне жаңа тұрғыдан қарауды талап етеді.

     Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың қазіргі кезеңінде жоғары білім беру жүйесінде білім берудің «білімділік» моделінен «құзіреттілік» моделіне көшу жүзеге асырылуда [2].      

         Құзіреттілік тәсіліне негізделген жаңа білім мазмұнның базалық принципі – тұлғаның адамгершілік-рухани қасиеттерін дамытуды ынталандыратын ізгі білім беру ортасын құру: өзін-өзі  тану, өзін-өзі анықтау және өзін-өзі жетілдіру, коммуникативтік дағдыларды, ақпараттар мен технологияларды басқара білуі, проблемаларды ұтымды шешу, іскерлік пен креативтілікті қалыптастыру, тұлғаның өздігінен дамуы мен дербестігін қамтамасыз ету.           

         Тұрақты дамудың даңғыл жолына түскен отанымызға заманауи инновациялық ілімдерді игерген әлемдік бәсекеге қабілетті білікті мамандар, оқу-тәрбие процесін жаңаша ұйымдастыра алатын жаңа тұрпатты мұғалімдер қажет.Жаңа тұрпатты мұғалім кім? Жаңа тұрпатты мұғалім - заманауи педагогикалық құралдардың бүкіл әлеуетін меңгерген, инновациялық технологиямен қаруланған, өзін-өзі жетілдіруге үнемі ұмтылып отыратын, рухани дамыған, шығармашыл, креативті, интеллектуалды тұлға, білікті маман. Жаңа тұрпатты мұғалім өз пәнін теориялық және әдістемелік тұрғыдан жетік меңгерумен қатар төмендегідей қасиеттерді  қоса игергені абзал: балаларды сүйе білу; балалардың жеке тұлғасын құрметтеу; баланың келешегіне сену – оптимистік көзқарас; баланың жан дүниесін тану – ізгілікті қарым-қатынас; баланы түсіну – оның орнына өзін қоя білу,  қоршаған ортаны соның көзімен көре алу; жеке тұлғаның рухани дүниесі мен табиғатына қамқорлықпен қарау - әрбір  тұлғаның қайталанбайтын өзіндік рухани әлемі, өмір тәжірибесі, әдеттері  мен көзқарастары болады; жеке абырой сезімін сақтау және дамыту – онсыз тәрбие де, өзін-өзі тәрбиелеу де мүмкін емес; баланың досына айналу – оқыту процесінде  оған қолдау көрсету және көмектесу; тұлғаның денсаулығына, психикасына, шығармашылыққа  деген ұмтылысына зиян келтірмеу; тұлғаның  дүниені тұтастай қабылдауына көмектесу; тұлғаның ішкі әлеуетін ашу, оның өз бетінше білімді игеруіне жағдай жасау; тұлғаның өзін-өзі дамытуына, жетілдіруне толықтай жағдай жасау .

Жаңа тұрпатты мұғалімнің кәсіби құзіреттілігі – маманның тез өзгермелі әлемде жаңа ақпарат пен жаңа  білімді өз бетінше іздеп тауып, оны сұрыптап, жүйелеп, өз іс-тәжірибесінде  тиімді әрі нәтижелі пайдалана алуы.

Қоғамды ақпараттандырудың қазіргі кезеңі адамзаттың іс-әрекет сферасына түгелдей дерлік ақпараттық технологияларды ендірумен сипатталады.

ХХІ ғасыр толастаған ақпараттық медиа-коммуникациялық және ақпараттық байланыс құралдарын пайдалану ғасыры. Адамзат өміріне, медиа ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап кеңінен ене бастады. Бүгінде медиа – ғаламшардағы барлық адамзат қауымы үшін негізгі әрі басты байланыс құралы.

     «Медиа» термині латынның «media» құрал деген сөзінен шыққан, қазіргі кезеңде, күнделікті өмірде ақпараттық және коммуникациялық бұқаралық құрал (баспасөз, фотография, киномотография, теледидар, аудио, видео, мультимедиалық компьютерлік жүйе, интернет) ретінде қолданылады [3].        Ал, мультимедиаға зерттеуші ғалымдар түрліше анықтама береді: Д.Н.Жонассеннің (D.H.Jonassen) анықтамасы бойынша, мультимедиа - екі не онан да көп типті ақпараттарды интерактивті формада біріктіру [4].              

        Ресейлік ғалым И.И.Косенко: «Мультимедиа – әртүрлі формада ұсынылған ақпараттарды біріктіруге мүмкіндік беретін компьютердің аппараттық және бағдарламалық құралдарының кешені» - деген анықтама береді .

  «Мультимедиа» термині латын тілінің «multy» (көп) және «media» (орта) сөздерінің бірігуінен құралған .     

Медиатека (media ағылшын сөзі – жалғастырушы, жеткізуші құрал) - әр алуан ақпарат жеткізуші құжаттар жиынтығы (кітаптар, мерзімді басылымдар, аудио-, видеокассеталар, СD, DVD -дискілер, интернет ресурстары), компакт-дискілер, электрондық оқулықтар.

         Педагогика курсы - педагогикалық оқу орындары студенттеріне тәрбие мен оқыту жайында терең білім беретін пән. Пәннің құрылымы, мазмұны адамзат қоғамының үнемі жаңарып, өзгеруіне байланысты, тәрбие мен оқыту ілімі де үнемі өзгеріп, жаңарып отырады.

          Педагогика пәнінің типтік бағдарламасына сәйкес 15 лекция      және  30 семинар сабақтары ACTIV STUDIO бағдарламасында өңделіп,  флипчарт  жасалынды.Педагогика пәнінің мақсаты - тұтас педагогикалық процесс жағдайында болашақ педагогтардың теориялық білімдері мен практикалық білік пен дағды жүйесін қалыптастыру.     

          Инновациялық технологияны пайдаланып медиа білім берудің маңызы зор.         «Қызықты педагогика» оқу құралында  «Педагогика» пәнінен студенттердің  шығармашылық қабілеттерін  дамытуға арналған қызықты материалдар беріледі: сөзжұмбақтар, бейнесөздер, сөзтізбектер, басқатырғылар мен танымдық  іскерлік ойындар .

Оқу-тәрбие  процесінде мультимедиалық оқулықты пайдаланудың дайындық кезеңінде:

-   студенттің игерген білім, білік, дағдыларын диагностикалау жүйесі қамтамасыз етіледі;

-   студенттің таңдаған тақырыбының мағынасын толықтай ашуға көмектесетін оқу-ақпараттық мәліметтер жиналады (оқу-ақпараттық банкі құрылады).

Мультимедиалық оқулықты пайдаланудың  негізгі кезеңінде:

-   оқытушы өз материалын экран дисплейіне түсіре алады;

-   оқытушы студенттермен кері байланысты қамтамасыз етуге мүмкіндік алады: әрбір студентке білім деңгейіне сәйкес кеңестер беріп, бақылау жасайды;

-   сабақта студенттердің іс-әрекетін түгел бақылауға жол ашылады;

студенттің өз білімін өзі бақылауына мүмкіндік туады

Оқу-тәрбие процесінде мультимедиалық оқулықты пайдаланудың қорытынды кезеңінде:

-   студенттің іс-әрекетіндегі олқылық пен кемшіліктерді дер кезінде анықтауға және тіркеуге мүмкіндік ашылады;

-   студенттің іс-әрекетіндегі жіберген кемшіліктің себебін ашуға жол ашылады,оқу іс-әрекетін тұтастай талдауға болады;

-   студенттің оқу іс-әрекетіндегі кемшіліктерді болдырмаудың және алдын алу шараларын қарастыруға толық мүмкіндік жасалынады.

         Қазақстан Республикасы жоғарғы оқу орындарында білім беру мазмұны, оқыту формасы мен әдістері уақыт талабына сай мамандыққа қойылатын талаптарға сай ұйымдастырылуды талап етіп отыр. Сондықтан болашақ педагогтарға педагогика ғылымын терең зерттеу, оны меңгеру өзекті мәселе болып табылады.

Пайдаланған әдебиеттер

1.     «Қазақстан жолы-2050:Бір мақсат,бір мүдде,бір болашақ / Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. -Астана,2014.

2.     Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы.-Астана, 2010.

3.            Психолого-педагогический словарь/ Сост. В.А. Мижерников. Ред. П.И. Пидкасистый. -Ростов: Феникс, 1998. - С. 241.

4.                                      Jonassen D.H. Computer in the classroom. Englewood cliffs: Prentice
Hall. 1996.