Жанузакова К.Т.
Ф.ғ.д.,
доцент, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық
университеті, Қазақстан
Автор
образы мен кейіпкер
Әдебиетте автор мәртебесі
аса маңызды орынға ие. В.Виноградов, М.Бахтин автордың
көркем шығармада атқаратын қызметіне тоқталып, оны туындының алтын
қазығы деп есептеді [1]. Туындыдағы автор бейнесі кейіпкер
бейнесімен тығыз байланысты. Кейіпкердің
мінез-құлқы, өмірге көзқарасы негізінде
жазушының дүниені тану ерекшелігі, мұрат-мақсаты
жатады. Эстетикалық мұрат суреткер шығармашылығында
көркемдік шешім тауып, нақты болмысқа берген жазушылық
бағасынан көрінеді, өз дәуірінің тыныс-тіршілігін
зерттеп-зерделеуіне байланысты қалыптасады, айқындала түседі.
Қаламгердің өз кейіпкерлеріне деген
қарым-қатынасы әртүрлі болады. Автордың өз
қаһарманына деген жанашырлығы сезіледі, кейде оны
ұнатпайтынын аңғартып қояды, кейде ол турасында
объективті түрде тек бақылаушы ретінде баяндайды. Автор мен
кейіпкер арасында үнемі ара
қашықтық сақталады, өйткені ол кейіпкерді өз дәуірінің
биігінен, өзінің өмірлік тәжірибесі
тұрғысынан бағалайды. Қазіргі кездегі ғылымда
автордың екі түрі көп кездеседі. Бірі - биографиялық
автор, яғни көркемдік кеңістіктен тыс тұратын
шығармашылық тұлға, оның өз өмірі мен
тағдыры бар. Екіншісі - көркем мәтіннің ішіндегі,
яғни образға, белгіге айналған автор.
Әдебиттің
даму тарихында автор бейнесі, оның шығармадағы
қызметіне алуан түрлі көқарас болып отырды.
Мәтіннен тыс тұрған тұлға мен мәтін
ішіндегі автор арасындағы байланыстарды көрсету үшін автор
ұстанымы, авторлық тұлға, автордың идеясы, қаламгер концепциясы, автордың
шешімі сияқты ұғымдар қолданылатыны мәлім.
Ғалымдар мәтін ішіндегі авторды зерттеу үшін автор образы
деген ұғымды енгізген. Автор образы әр түрлі
жақтарда көріну
жағынан ерекше болып келеді, бірақ ұқсас жактары да
бар. Мысалы: прозалық шығармадағы эпиграф, арнау,
алғысөз, соңғысөз, авторлық
түсініктеме анық көріністері болып келеді. Ал поэзияда лирикалық
«Мен» акроөлең, автордың рөлге еніп, диалог пен
полилогқа араласуы жиі кездеседі. Драматургияда автор образы
шығарма атауы, кейіпкерлер тізімін құру, реплика, ремарка,
сахналық ескерту сияқты компоненттермен тығыз байланысты.
Кейбір шығармаларда автор образы жартылай автор түрінде көрінетіні
кездеседі. Мысалы: Б. Майлин «Шұғаның белгісіндегі»,
«Қазақ солдатындағы» автор мен баяндаушы арасындағы
қарым-қатынас С.Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ
кешудегі» автор мен баяндаушының байланысынан өзгеше екендігі
туралы орнықты ойлар айтылған. Авторға синоним мағынада
қолданылатын ұғымдардың көбінесе әдеби
тектер мен түрлерді анықтап тұратыны жиі кездеседі. Баяндаушы
десек, әңгіме- проза туралы болмақ, лирикалық кейіпкер-
көбінесе поэзияға тән. «Автор көркем образ» автор - болмысқа деген
көзқарас иесі, «биографиялық автор» сияқты
түсініктердің өзіндік қолдану аясы бөлек,
қызметі басқа болады. Автор
ұғымымен қатар автоним,
актор, адресант, нарратор, бенефицарий, скриптор сияқты терминдерді
қолданылады.
ХХ
ғасыр әдебиетінде баяндау барысын кілт үзіп,
қаһармандардың түрлі кезеңдегі өмірін
суреттеп кету, кенет күтпеген философиялық пайымдауларға
бару, кейінге, алыс өткен күндерге лириалық шегініс жасау,
болмаса болашаққа «озып ету», күнделікті өмір
көріністерін үзілмелі кескінде бейнелеу кеңінен
тараған. Лирикалық шегіністер – ең алдымен, автордың
жеке суреткерлік тұлғасы, ішкі сезімдері, дүниені
қабылдауы көрініс беретін, автордың өз
дүниетанымын бейнелейтін поэтикалық форма. Кейде баяндаушы
шығармада оқиғаны әңгімелеп қоймай,
өзінің оқиғаға қатысын,
сезім-күйлерін, қуанышы мен ренішін білдіреді, оқиғаны кейіпкерлермен
бірге өз басынан кешіреді және кейіпкерінің тағдырына
селқос, немқұрайлы қарай алмайтынын
аңғартады.
Эпикалық туындыларда баяндау түрлерінің
ұйымдастырылуы маңызды орын алады. Көркем шығармада
«көпдауыстылық», оқиғаның әртүрлі
көзқарас тұрғысынан суреттелуі, баяндаушылар мен
баяндау арнасының ауысып отыруы
құрылымдық қызмет атқарады.
Сондықтан шығарма құрылысының ерекшелігін түсіну
үшін баяндау композициясын талдау қажет. Егер мәтінде
эпикалық дәстүрге сай бір ғана баяндаушы болып,
көркем тіл бірдауысты
баяндауға құрылса, оны шығарма композициясын талдауда
назардан тыс қалдыруға болады. Мысалы, Ж.Аймауытовтың
«Ақбілек» романында баяндау барысы
өзгеріп отырады. Мұны романның сыртқы
композициясынан да көреміз, кейіпкерлердің есімімен аталған
«Бекболат», «Офицер», «Мұқаш» тарауларында автормен қатар
оқиға қаһармандары да баяндаушының қызметін
атқарады. Автор «Бекболат»,
«Мұқаш» бөлімдеріндегі баяндау мәнерін ауызекі
сөйлеу тіліне жақындатқан. «Офицер» бөліміндегі баяндау
басқаша: бұл барлығына өз көзқарасы бар,
талдау жасай алатын, бірақ
өзін биік, үстем санайтын өзімшіл оқыған
адамның сөзі. Шығармада
баяндау мәнерінің әр бөлімде ауысып отыруы ерекше көркемдік композициялық
мағына жүктеген.
Ә.Кекілбаевтың
«Аңыздың ақыры» романында автордан басқа үш
баяндаушы бар. «Қызыл алма» тарауында Әміршінің
мұнараны қабылдауы, онымен қарым-қатынасы,
екеуінің арасындағы үнсіз текетіресі, сол арқылы Әміршінің өмір мен
өлім, жақсы мен жаман, даңқ пен дақпырт, т.б.
құндылықтар туралы философиялық толғанысы,
ой-тебіренісі, ішкі монологы
суреттеледі. Мұнда оқиға Әміршінің
көзімен баяндалады.
«Мұнара» тарауында оқиға Жаппардың
қабылдауы арқылы баяндалады, оның мұнараны
дүниеге әкелудегі мехнаты, шығармашылық азабы,
терең сезімі, махаббат қайғысы, ой толғанысы
суреттеледі. Жаппардың өзі болып мұнара тіл қатады.
«Махаббат» атты үшінші тарауда ханымның мұнарамен үнсіз
сұхбаты, күн
ұзақ мұнараға тесіле қараудан туған алуан
түрлі сезімдері, ойлары, психологиялық ахуалы баяндалған.
Қорыта
айтқанда, автор образы семантикалық-стилдік категория ретінде
қаралған абзал. Көркем мәтінді оқырман
қабылдауы да аталмыш мәселені күрделендіре түседі.
Бұл бағытта бір-біріне қарама-қарсы екі үрдіс
анық байқалады. Бірі - оқырманға көркем туындыны
өзінше бағалауға барынша еркіндік беру тәуелсіз
ету. Екіншісі әрбір
оқырманды мәтіннің жаңа авторы ретінде тануы.
Әдебиеттер
1.
Бахтин М.М.
Литературно-теоретические исследования. – М., 2003.