Филологические науки/Методика преподававния языка и литературы

Аға оқытушы Жақанова Г.І.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті

Қазақстан Республикасы, Алматы қ.

 

ОРЫСТІЛДІ АУДИТОРИЯДА ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУДЫҢ САПАСЫН АРТТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ЖАҢА ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР

 

Қазіргі білім беру жүйесінің негізгі міндеті  адамның ішкі жан дүниесінің, адамгершілік қасиеттерінің, жеке басының дұрыс қалыптасуына бағыттау, соған негіздеу болып табылатындықтан,  қазіргі қоғам адамзат алдына, білім беру жүйесіне үлкен мәселелерді қойып отыр. Осындай әсіресе жоғары мектеп педагогикасының күрделі де маңызды мәселесі –оқыту мен білім беру үрдісін жетілдіру, оқытудың жаңа технологияларын, жаңа үлгілерін құрастырып шығару, оларды оқу үрдісінде тиімді пайдалану.

         Педагогикалық технологияны оқытудың барынша ұтымды жолдарын зерттейтін ғылым ретінде де, оқытуда  қолданатын әдіс-тәсілдер мен ұстанымдардың түсіндірме жүйесі ретінде де және нақты жүзеге асатын оқыту үрдісі ретінде де түсінуге болады. Яғни, педагогикалық технологияның өзіндік ерекшелігі – оқу үрдісінің қойылған мақсатқа жетуге кепілдік беретіндігінде.

         Педагогикалық технология – білім стандартында көзделген оқыту нәтижелеріне қол жеткізу жолындағы мақсат, мазмұн, әдістер мен құралдардың біртұтас қызметін бейнелейтін үрдіс [1].

        Әрбір педагогикалық технология жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуға, оның өзіндік және шығармашылық қабілетін арттыруға, қажетті іскерліктері мен дағдыларын қалыптастыруға және өзін-өзі дамытуына қолайлы жағдай жасауға қажетті объективті әдістемелік мүмкіндіктерін қамтиды.

        Қорыта айтқанда, педагогикалық технологияның негізгі ерекшелігін былай көрсетуге болады:

1   Ұйымдастырылған, белгілі бір мақсатқа бағытталған, алдын ала жобаланған педагогикалық әрекет.

2   Оқу үрдісін іске асырудың маңызды техникасы.

3   Қойылған мақсатқа  нәтижелі жету үрдісі.

4   Педагогикалық жүйенің барлық өзара байланысты элементтерін ескеретін оқыту үрдісі.

5   Әдістеменің методологиялық негізі.

6   Нақты, белгілі ұсыныстар беретін динамикалық, процессуалды оқыту үрдісі.

7   Бір ғана пән немесе бір ғана мақсатты орындауға бағытталмай, керісінше, оқу үрдісін іске асыруда жан-жақты әрекет ететін үрдіс.

8   Студент объект емес, субъект ретінде қаралатын үрдіс.

Қазақ тілін жаңа технологиялар арқылы оқыту, соның ішінде қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқыту – соңғы кездерде қолға алынып жүрген тың мәселелердің бірі.

        Жоғары оқу орындарының орыс топтарында қазақ тілін жаңа технология арқылы оқыту мәселесіне тоқталып, оны зерттеуші ғалым -  Қ. Қадашева. Осы мәселе бойынша Қ. Қадашева 2001 жылы Жаңаша жаңғыртып оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері: өзге тілді дәрісханалардағы қазақ тілі деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады [2]. Ғалым бұл еңбегінде қазақ тілін оқыту әдістемесіндегі, сондай-ақ, әлем тілдерін оқыту әдістемесіндегі ғылыми тұжырымдар мен практикалық бағыттар, оқытудың озық технологиялары бойынша пікір-көзқарастарды қорытындылай отырып, қазақ тілін өзге тілді дәрісханада оқытудың жаңаша жаңғыртып оқыту әдістемесінің ғылыми-теориялық негізін жасады. Тілді үйретудің озық әдістемелерінің бірі ретінде көп деңгейлік оқыту әдістемесінің басты бағыттары мен түрлерін алғаш рет теориялық тұрғыдан талдап, білім беру жүйесінде пайдаланылуға тиімді үш деңгейлік оқыту әдістемесінің нәтижелі екендігін дәлелдеп ұсынды.

        Қазақ тілін мамандыққа қатысты оқыту арқылы оқыту сапасын арттыру және қазақ тілін оқытуды жаңа технологияның әдіс-тәсілдерімен жаңарту мен модуль жүйесін қолданудың маңызын көрсеткен ғалымдардың бірі – Р.Ә.Шаханова. Ол қазақ тілін оқытуда жаңа технологияны ендіру, студенттердің оқу-біліктілік жұмыстары жағдайын бағалауға көмектеседі, әрбір оқытушының жұмыс қарқындылығын арттырады дей отырып, жаңа технология әдістері арқылы   қазақ тілін сапалы меңгерту үшін төмендегілердің іске асуы тиіс деп есептейді [3]:

     а) жаңа технологияны әдістемелік тұрғыдан қамтамазыздандыру;

     б) модульдердің практикалық құрылымдарын дайындау;

     в) оқытудың жоспарланған нәтижелеріне жетудің әдістемелік ұйымдастыру шарттарын жасау;

     г) жаңа технология бойынша модульді өткен кезде студенттермен жұмыс түрлерін жоспарлау және ұйымдастыру;

     д) жаңа технология бойынша қазақ тілін оқытудың жоспарланған және өлшеу әдістемесін қорытындыланған құжаттарын дайындау.  

     Жоғары оқу орындарының орыс тілді бөлімдерінде қазақ тілін модульмен оқыту мәселесін теориялық жағынан да, әдістемелік қырынан да зерттеп, ол туралы  докторлық диссертация   қорғаған ғалым –  К. Жақсылықова [4].       Ол модуль арқылы оқыту мәселесінің мазмұнын, ішкі құрылымын, жүйесін анықтап берді. Тілді үйретудің сапасын арттыру, модуль арқылы оқытудың әдістемелік жүйесіне қатысты ғылыми пікірлер, тұжырымдамалар жүйеленді. Бұлардың бәрі –  тілді оқыту теориясына қосылатын жаңа ғылыми ұғымдар. Сондай-ақ еңбекте:

      -  орыс тілді бөлімдерде қазақ тілін оқытудың сапасын арттыру бағыты мен ана тілімізді модуль арқылы оқыту әдістемесінің жүйесіне теориялық сипаттама беріліп, олардың негізгі белгілері мен өлшемдері анықталды;

      - модуль арқылы оқытудың негізгі қағидалары мен заңдылықтары белгіленді және негізгі ұстанымдары анықталып, олардың жалпы дидактикалық ұстанымдары мен байланысы көрсетілді;

    -   модульдік оқытудағы кері байланыс модулі құрылды.

      Модуль арқылы оқытудың әдістемелік жүйесі орыс тілді бөлімдерде қазақ тілі сабағын оңтайлы, жүйелі ұйымдастыруға көмектеседі, қазақ тілін оқытудың сапасын арттырудың ұтымды жолдарын белгілейді деп атап өтедi ғалым.

     Жаңа оқыту технологиясының бір түрі деңгейлік оқыту бойынша зерттеу еңбегін жүргізген К.О. Өмірбаева Оқу орыс тілінде жүретін мектептердің 5-сынып оқушыларының сөйлеу тілін деңгейлік тапсырмалар арқылы дамыту тақырыбында кандидаттық диссертация қорғап, деңгейлік оқыту  бойынша оқу материалын меңгертудің 4 деңгейін ұсынды: 1) оқушылық; 2) алгоритмдік; 3) эвристикалық; 4) шығармашылық. Деңгейлік тапсырмалар –  балаға шамадан тыс жүктеме беру емес, керісінше, оқушының біліміне, мүмкіндігіне, сұранысы мен қабілетіне сәйкес дайындалған сатылы, спиральды, жүйелі тапсырмалар [5]. Зерттеуде деңгейлік тапсырмаларды түрлендіріп жүргізу арқылы оқушылардың сөйлеу тілін дамытуға болатындығы және қазақ тілі сабағын қызықты, тиімді жүргізуге мүмкіндік туатындығы дәлелденді.

       Қорыта айтқанда, қазақ тілін жаңа оқыту технологиялары арқылы сапалы меңгерту мәселесі әлі де ізденуді қажет етеді.

 

        Әдебиеттер:

  1. Әбдікәрімова Т., Әбдіғалиева Т.Шаймерденова К. Қазақ тілін оқыту әдістемесі. - Алматы, 1999.

  2. Қадашева Қ. Жаңаша жаңғыртып оқытудың ғылыми әдiстемелiк негiздерi: өзгетiлдi дәрiсханалардағы қазақ тiлi: пед. ғыл. док. … дисс. – Алматы, 2001. – 301 б.

    3. Шаханова Р.Ә. Орыс аудиториясында қазақ тілін оқытуда тілдік жағдайды пайдалану.  2004. т.N3.-С.46-49 б.

    4. Оралбаева Н., Жақсылықова К. Орыс тіліндегі мектептерде қазақ тілі оқыту әдістемесі. - Алматы. Ана тілі, 1996 – 20 б. 

5.   Өмірбаева, К. О.  Сөйлеу тілін деңгейлік тапсырмалар арқылы дамыту  // Қазақ тілі мен әдебиеті орыс мектебінде. - 2001. - №1. - Б. 33-37