ХХ  ғасырдың 20-30 жылдарындағы  қазақ әдебиетіндегі көркемдік ұстанымдар

                                                                         Рахманова Н.М.

                                                                           Алматы университеті,

                                                                           ф.ғ.к., проф.  м.а.

         

                ХХ ғасырдың басы – тарихи теңдесі жоқ өзгеріс енгізген оқиғалардың табалдырығы іспеттес. Дүние жүзілік тарихи дамуға түбірлі бетбұрыс жасаған ХХ ғасырдың басындағы оқиғалар әдебиет пен мәдениеттің өркендеуіне де үлкен жағдай туғызды. Осы өзгерістің алғашқы жылдарындағы қазақ әдебиетінің қалыптасу жолдарына көз жіберсек, бұл үдерістің мейлінше күрделі қалыпта, қиын жағдайда жүзеге асқаны байқалады. Бұл тұста әдебиет пен саясат тығыз байланыста болуы қадағаланады, әдебиет арқылы саяси ойлар айтылды. Жаңа қоғам қаламгерлердің өмірді көркем бейнелеу үшін ортақ көркемдік әдісті таңдауларын қажетсінді.

       Көркемдік бейнелеу ұстанымдары белгілі бір көркемдік әдістің шеңберінде тұйықталып қалмайтыны белгілі. Көркемдік әдістердің пайда болуы, дамуы және алмасуы әлеуметтік-тарихи жағдайларға қатысты. Көркемдік әдістердің өзінің даму барысында түрлі өзгерістерге ұшырайтыны, қоғамдық өзгерістерге сай жаңа сипат алатынын әдебиет көші байқатты.

       20-жылдары қазақ әдебиетінде романтизм типологиясында айтылып жүрген төңкерісшіл романтизм  де, әлеуметтік-консервативтік романтизм   де көрініс берді.Осы тұстағы романтизм әдебиетке қаламгерлердің қоршаған ортаға көзқарасын бірден байқататын, әрекеті оқшау кейіпкерлерді әкелді. Дүниені жаңарту сезіміне бөлену қаламгерлер қаламын өмірдің бүкіл қайшылықтарын шешуге армандатты. Өмірді жаңаша жасауға талпынған ұмтылыс романтикалық көңіл-күйге ерік берді.

       Халықтың арман-тілегін көркем шығарманың арқауына айналдырған кезде автордың дүниені эмоциялық қабылдауының табы жатуға тиіс болды. Сондықтан, өзегінде романтика бар шығармада бүкіл халықтың, көпшіліктің және кейіпкердің өміріндегі ең бір шешуші, өзгерісті кезеңдері алынып, көркемдік електен өтіп жатты. Қазақ әдебиетінде жиырмасынша жылдардағы революцияшыл романтика сыңайында жазылған проза поэзиямен салыстырғанда әлсіздеу, кең ауқымды емес болатын.

      Төңкерістің алғашқы жылдарындағы өмір өзгерістері жазушыларға тың соқпақ көрсетіп, соны ізденістерге бастады. Замананың алға тартқан күнделікті өмір материалдары көркем туындыға соны сипатпен түсіп, жазушылардың тың ізденістер жасауына себепкер болып отырады.     

        Қалам қайраткерлерінің төңкерістен кейінгі жағдайын А.Байтұрсынов  дәл көрсетіп берген: «Қазақ баласын ұлтым,  жұртым, бауырым деп үйреніп қалған қазақтың бауырмал қалам қайраткерлері Октябрь өзгерісі болғанда бірден интернационал (бейбауырмал) болып өзгере алмады, өзгелердей

«алымсақтан бері» коммунист, интернационалист едім  деп айтуға аузы бармады. Сондықтан бейбауырмалдық жолға қызмет қылып, басшылық қыла алмады. Бейбауырмалдық жолында қаламмен қайрат етуін  бейбауырмалдық жолындағы үкімет хош көрмейтін болды. Сөйтіп, қазақ қалам қайраткерлерінің халінде дағдарыс болдып, өзгерістен бұрынғы қарқындары қайтып, тартыңқырап қалды» [1.73].

       Төңкерістен кейінгі уақыттың аласапыран құбылыстарын бағалау, болашақ өзгерістерді болжай білу қаламгерлердің дүниетанымдық ерекшеліктерімен байланысты еді. Көзі қарақты, Европа әдебиетімен етене таныс, төңкеріске дейін дүниетанымдық көзқарастары қаланған ұлтшыл бағыттағы қаламгерлер заманның алуан шындығын таразыға тартып, өз пікірлерін білдіріп отырған.  Олар қазақ әдебиеті тек тапшыл бағытты ұстанса, әлемі тарылатынын салмақтай білген.  1927 жылы жазылған Екеудің «Көркем әдебиет туралы» мақаласы сол тұстағы әдебиет тірлігінен хабардар береді:«Қазақ төңкеріске жолдан қосылған жұрт. Төңкерістен бұрын коммунист жолында болған қазақ жоқ. Қазақ саясаттың өзіне кеш кірісті. Төңкерістен бұрын қалам ұстағанның бәрі ұлтшылдық бағытта жазып жүрді, төңкерістен кейін кейбір жазушылар еңбекшіл, тапшылдық, төңкерісшілдік бағытқа түсті. Бұрынғы ұлтшыл жазушылардың енді еңбекшіл, тапшыл болуына, әрине, төңкеріс, үкімет, саясат құбылуы әсер етті. Саясат, әлеумет құрылысы өзгерген соң, пікір де өзгермек қой. Алайда, қазақ жазушыларының бұрынғы ұлтшылдық сезімі пышақ кескендей жоғалып кетуі табиғи нәрсе ме? Төңкеріс болмаса, патша үкіметі құламаса, отаршылдық саясат өрши берсе, сонда да сол тапшыл болып отырған жазушылар ұлтшылдық бағытын тастар ма еді? Орыстың төңкеріс туғызған жазушыларының өзінде ұлтшылдық пікір қалмай отырғанда, қазақтың төңкерістен бұрын жазушыларында неғып ескіліктің жұғыны аз да болса қалмады? Қалмады десек шын болар ма? Міне, бұл ойланарлық нәрсе? Троцкий айтқандай «боялып, қу болып» жүрген жазушылар бізде жоқ деуге болмайды. Шын жүректен табиғатынан қайнап шықпаған сөзде жан болмайды, ондай сөз ақындыққа жатпайды, «бей намаздың» назамы болып шығады. Міне, сол себептен де әдебиетіміз, оның ішінде тапшыл әдебиетіміз жуырда аяқтана алмайды»[2.55].

       Шындықтың сырын образды түрде ашу үшін 20-30 жылдардағы қазақ прозасы реализм әдісіне көбірек ден қойды. Заман соны қалады. Дегенмен де бірі қаламгерлердің шығармаларында реализм мен романтизмнің араласып жүрген тұстары да бар. Кеңес жазушыларын реализмнің өмірдің өзінен алынған шынайы фактілерді көркемдік жинақтауы қызықтырды. Дегенмен уақыт өте келе кеңестік идеология дәстүрлі реализмнен де өзгеше дүниені қажетсінді.

        ХХ ғасыр басындағы әлемдік әдебиет көкжиегінде романтизм, реализммен қатар модернистік үрдістер бой көрсете бастады. Қаламгерлердің көпшілігі көркемдік әдістердің барлық түрлерін пайдаланды. Кей шығармаларда романтизм, реализм, модернизм белгілерінің қатар көрініс тапқандары да байқалады. Дегенмен де сол шығармаларда олардың ара салмағы тепе-тең болмай, әйтеуір біреуі басымдық танытты. Сол тұстағы әдеби шығармаларда романтизм элементтерін бойына сіңірген реализмнің модернистік дүниетанымға ұласып көрініс бергені де байқалады. Модернизм — табиғаты еркіндікке бейім көркемдік ұстаным. Кеңес үкіметі қалыптастырған социалистік реализм мен модернизм эстетикасының қарама- қайшылықта қатар өмір сүруі екі  жүйе қақтығысының алғашқы дәуірінде-ақ белең алды.

      Әдебиеттің келешегіне алаңдаулы Алаш зиялылары «Алқа» әдеби бірлестігінің идеясына топтасса, пролетарлық бағыттағы қаламгерлер ҚазАПП-тың маңайына шоғырланды. Кеңестік саясат күшейген сайын   кеңестік идеологиядан, қоғамнан тыс өмір сүруді жоққа шығарды. Адамның рухани интеллектуалдық дамуы мен өз өзін қалыптастыруын тек сол қоғамға тән жалпыға ортақ тағдырдан жеке адамның кез келген оқшаулануын біржақты бағалады. Әдебиетте ұлт бейнесінен гөрі  жаңа қоғам адамын жасау алдыға шықты. Ұлт туралы жасалған берік байламдар мен батыл әрекеттердің жолы кесілді. Бұл шешім пролетарлық бағыттағы жазушыларды да кештеу болса да ойлантты. Уақыт өте келе заманы ортақ екі бағыттағы қазақ қаламгерлері ұлт бостандығы мен ұлт теңдігі деген ізгі мақсат жолында мүдделес, рухтас екендіктерін түсінді.

                                       Пайдаланылған әдебиеттер:

1.   Байтұрсынұлы А. Бес томдық шығармалар жинағы.- Алматы,2003- 2006.4-т.

2.   Абдолла Байтасов, Даниял Ысқақов. Көркем әдебиет туралы \\ Алаш ақиқаттары. -Алматы, 2006.