Мектеп оқулығындағы Жанқожа батыр туралы деректер

                                                                                          

Эльмира Әбдіхалықова Сәдірқызы

№64 мектептің тарих пәнінің мұғалімі, Қазақстан

 

       Қазақтың әрбір батыры өзінің ерлік істерімен тарихта әр қырынан бағаланып жатса,  Жанқожа батырдың да тұлғасы жыл өткен сайын өз биігінде даралана түседі. Ол бар өмірін Қоқан, Хиуа, Ресей басқыншыларымен сан рет айқаста сарп еткен батыр ғана емес, Арал өңіріндегі қазақтардың Хиуа және Ресей отаршылдығына қарсы азаттық күресін басқарған аса ірі тарихи тұлға ретінде танымал.

  Жанқожа батырдың алдына қойған негізгі мақсаты Алаш баласының басын қосып, ата-бабалардан қалған ұлан ғайыр жері мен байлығын өзге  жұрттың қолына бермей, келер ұрпақтың еншісіне адал аманаттау болатын.

       Әрі батыр, әрі би бабамыздың ерлік өмірі жайында орыс, қазақ тарихшыларының ғылыми еңбектерінде қызықты деректер мол.  Жанқожа батырды жаулары да мойындап, ерлігін, қолбасшылық дарынын, адами қасиеттерін жоғары бағалаған көрінеді. Алаш тарихшысы М.Тынышбаевтың Жанқожа Нұрмұхаммедұлын Үш жүзге даңқы жайылған батыр деп бағалауы да нені аңғартқандай?!

       Қазіргі уақытқа дейін Сыр бойының ел-жұрты Жанқожа батырды әулие тұтып, ғажайып оқиғаларға толы әңгімелер айтады. Тіпті, сол ХІХ ғасырда Арал, Қазалы елдерін аралап Жанқожа туралы мәліметтерді жинаған И.В.Аничковтың «Киргизский герой Джанкоджа Нурмухамедов – очерк из первых шагов русских на Сыр-Дарье» (1884)  деген еңбегінде «...батырдың есімін, істеген істерін білмейтін, ауыздарынан суы құри отырып айтпайтын бірде-бір ауыл, бірде-бір үй жоққа тән» деп жазуы тегін емес еді.

  Рас, кеңестік дәуірде Жанқожа батырдың аты ауызға алынбағаны белгілі. Отаршылдыққа қарсы күрескен батыр туралы көптеген құжаттар да, оның ерлігін жырға қосқан ақын-жыраулардың өлең-дастандары да көзден таса жерлерде сақталыпты. Тек тәуелсіздігімізді алғаннан бері ғана батыр туралы жазылып, айтыла бастады.

  Қазіргі уақытта ол туралы әр кезеңде жазылған көркем шы­ғармалар, эсселер мен ғылыми мақалалар, тарихи-ғұмыр­баяндық зерттеулер аз емес. Батырдың ерлігі жайлы Арал төңірегіндегі халық ақындары көптеген жырлар, қиссалар жазған. Бірақ сол уақыттың ауырлығына орай ол жырлардың көбісі сақталмай, жазылған мол мұралар жойылып кеткен. Арал төңірегіне кеңінен мәлім болған халық жыршысы Нұртуған, Жаңаберген жыраулардың да жырлары сақталмаған көрінеді. Әйтсе де көпшілік батыр бабаның тұлғасы сомдалған бірнеше тарихи жырлар мен Зейнолла Шүкіровтың «Сыр бойы» романы, Бекділда Алдамжаровтың «Ұлы сел» тетрологиясы, Молдахмет Қаназдың «Жанқожа» кітабы, Әбсаттар Оспановтың «Жанқожа батыр» деректі хикаяты мен шежіреші қарт Өмірзақ Ахметов шығармаларынан Жанқожа жайында таныса алатыны сөзсіз.

        Жанқожа батыр жайлы мәліметтердің көпшілігі орыс ғалымдарының еңбектерінен алынған. Жанқожа Нұрмұхаммедұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліске қатысты Н.Веселовский, И.В.Аничков, Л.Арасанский еңбектері, Э.Мейер, Н.Маев, А.И.Макшеев, П.Иванов жазбалары құнды мәлімет көзі болып бізге жетсе де, олардың қаншалықты шындыққа жақын екені тағы да беймәлім. Десек те оларды сараптап, арнайы зерттеп жүрген қазақ тарихшы ғалымдарының еңбегіне сүйенеміз. Бұл орайда Жанқожа бабамыздың көтерілісі жайлы көп жыл бойы зерттеу жұмыстарын жүргізген Т.Ж.Шойынбеков, М.Қ.Қозыбаев, С.Е.Толыбеков сынды ғалымдарымыздың еңбектерін оқып, сабақ барысында тек оқулықпен шектелмей, сол деректерді толықтыра баяндап отырамыз.        

       Жанқожа бабамыз бастаған көтеріліс жайлы мектеп оқушылары 8-сыныптан бастап таныса алады. Оқулықтағы «Қазақтардың Орта Азиялық хандықтар мен патша үкіметіне қарсы көтерілістері» деген 23-параграфтың 2,4,5-тараушалары, яғни, «Жанқожа батырдың Хиуа мен Қоқанға қарсы күресі», «Жанқожа Нұрмұхамедұлының патша үкіметіне қарсы күресі (1856-1857)», «Көтерілістің жеңілуі» деп берілген тақырыпшалар Жанқожа батырға арналған. «Жанқожа батырдың Хиуа мен Қоқанға қарсы күресі» деп аталатын екінші тараушадағы кейбір деректер басқа тарихи еңбектермен салыстырғанда  сәйкессіздік танытады. Мәселен, оқулықта «1935 жылы ол Хиуаның Бабажан бекінісін шауып алады... 1836 жылы Жанқожа жауынгерлерімен бірге  Хиуа әскерлеріне қарсы күреске шығып, олардың ірі бекініс-қамалы Бесқаланы тас талқан етіп қиратты» [1,160 б.] деп берілсе, 2010 жылғы «Қазақстан тарихының» 3-томында «1836 жылы Жанқожа жауынгерлерімен бірге Әмудария мен Сырдария арасында орналасқан Хиуаның тұрақты әскерлеріне қарсы күрес  бастады. 1842 жылдың күзінде оның әскері Хиуаның ірі бекінісі Бесқаланы қиратып, қала коменданты Бабажанды... тұтқынға алды» [2, 387 б.] деп берілген. Сонда Жанқожа батыр қай жылы Хиуа әскеріне шабуылын бастап, қай жылы Бесқаланы қиратады? Тарих нақтылықты қажет етеді десек, онда осы сәйкессіздікті оқулық авторлары келешекте ескерсе екен деп ойлаймын.

        Оқулықта Жанқожа батыр 1780-1860 жылдар аралығында өмір сүрген. Қай мәліметтерді қарасаңда батырдың өлген жылы 1860 жылы деп беріледі. Ал туған жылы нақты емес, әр деректе әр түрлі. Мәселен, 1998 жылғы «Қазақтар. Көпшілікке арналған тоғыз томдық анықтамалықтың» 2-томында (93-б.) Жанқожа батыр 1777 жылы өмірге келген деп берілсе, кейбір деректерде 1770 жылы дүниеге келген болып шығады. Әрине, әйгілі батырдың туған жылын дәл анықтау болашақта арнайы зерттеуші ғалымдардың міндеті деп білеміз.

       Батырдың әкесінің есімі жайлы да әр түрлі дерек бар. Оқулық пен  зерттеу еңбектерде Жанқожа Нұрмұхамедұлы деп аталып жүр. Ал жергілікті ауыл тұрғындарының мәліметтері бойынша, батырдың әкесінің есімі Нұрымбет екен. Олардың айтуынша, Жанқожа Әлімнен тарайтын Майдан деген рудан шыққан. Атасы Киікбайдан Өтеген мен Нұрымбет туады. Қызлорда облысы Қазалы ауданы «Қазақстанның 40 жылдығы» атындағы совхоздың орталығына жақын Ащыкөлдің биік төбесінің басында әкелерінің жерленген жері моласы бар екен. Сонда Жанқожа Сыр бойында Қарақұмда, Ырғыз бен Електің бойында көшіп-қонып жүрген Киікбайдың Тама руынан шыққан Есет батырдың апасы Тәже атты әйелінен туған Нұрымбет батырдың баласы болып шығады.

        Оқулықта Жанқожа батырдың күрес жорықтары 1835 жылдан басталған. Ол 1780 жылы туылды дегеннің өзінде елу бес жасқа келеді. Ал оқушылардың жергілікті батырдың 55 жасқа дейінгі өмірі туралы, яғни, оның қай уақыттан бастап батырлық даңқының шыққанын білгісі келетіні әбден мүмкін. Осыған орай Жанқожа батыр жайында таныстырғанда оқулықтан тысқары кейбір мәліметтермен қысқаша толықтырып отырудың артықтығы болмас деп ойлаймын.

         Ең алдымен батырдың сырт кейпіне келетін болсақ, оны көрген көне көз қариялардың айтуы бойынша, Жанқожа батыр Есет Көтібаров сияқты алып денелі, биік бойлы дәу адам болған. Ерекше отты жанарлы, айрықша сұсты болған делінеді. Ол қаруын ешуақытта жанынан қалдырмаған. Оның қанжары, қылышы мен айбалтасы әркезде, тіпті, ұйықтап жатқанда да өзімен бірге болған. Батыр сөзге сараң, өте бұйығы болған екен. Ел аузындағы әңгімеде Жанқожа бесікте жатқан кезінде-ақ алып күштің иесі екендігін байқатқан екен. Ал он бес жасқа толғанда-ақ сол кездегі қазақтарды билеуші Қылышбайға сес көрсетіп, батылдық танытыпты. Жанқожа оны өзінің жақын туысы Есенбек деген кісінің аты мен түйесін тартып алып кеткені үшін аямай жазалаған көрінеді. Жанқожаның әкесі баласының бұл қылығына ашуланып, яғни, өзінен үлкенге қол көтергені үшін оны жазаламақшы болады. Бірақ Қылышбай батыр өзін шын мәнінде кінәлімін деп есептеп, Жанқожаға тимеуді өтінеді. Міне, осы оқиғадан бастап Жанқожаға ауыл адамдары батыр деген атақ беріп, оны өз басшымыз деп қадір тұтқан екен.

     Жанқожа батырдың Хиуа мен Қоқанға дейін-ақ ХVІІІ ғасырдың соңғы жылдарындағы қазақ-қарақалпақ қақтығыстары тұсын, яғни, қарақалпақтардың қазаққа жасаған шапқыншылықтары үшін кек қайыру мақсатында олардың Жаманби, Орынби сияқты жерлерін талқандауы, небәрі он жеті жасында  белгілі батыр Тықыны жекпе-жекте өлтіруі жайындағы деректерді ел аузынан жеткен тарихи жырлардан да көруге болады. Жалпы, батыр туралы тарихи жырлар оның 17 жасында қарақалпақтың Тықы деген батырын өлтіруінен басталады. Одан әрі тарихта белгілі Бабажан сарттың қаласын бұзып, өзін өлтіруі және түрікпен сардары Әйімбет (Аймұхаммет) батырды жекпе-жекте өлтіруі; Орыс басқыншыларына қарсы жорығы; Кенесары ханның әскерімен бірлесіп, Созақ, Сауран, Қосқорған секілді Қоқан қамалдарын алуы сияқты батырдың өмірінде орын алған  оқиғалар қамтылады. Сол жырлардың бірінде, яғни, «Жанқожа батыр» деп аталатын Лұқпан Кенжеұлы жырлаған дастанда Жанқожа батырдың он жеті жасында Жаңадария бойында Тықы батырдың қаласын бұзып, өзін өлтіргендігі туралы кеңінен беріледі.

       Түйіп айтқанда, Алаш жұртының арын арлап, елдік туын көкке көтерген ұлт-азаттық көтерілістің қаһарманы Жанқожа туралы осындай кейбір деректермен сабақ барысында толықтырып отырсақ, оқушының дүниетанымымен қоса, сабаққа деген қызығушылығы арта түсетіні хақ.

    Әдебиеттер:

     1. Қабылдинова З.Е., Қайыпбаева А.Т. Қазақстан тарихы. 8-сынып.-Алматы: Атамұра, 2008.

    2. Қозыбаев М. Қазақстан тарихы. Бес томдық. 3-т. Алматы: Атамұра, 2010.

Резюме

       В настоящей статье речь идет о некоторых сведениях о батыре Жанкожа, жизнь которого изучается в учебниках «Истории Казахстана»  8-х  классов.

Summary

     This article considers some information about BatyrZhankozha, whose life is studied in the "History of Kazakhstan" 8-th  grade.