ДУЙСЕНБАЕВА
Г.Ж.
Абай атындағы Қазақ
Ұлттық Педагогикалық Университетінің
2-курс докторанты
ЖОҒАРҒЫ
ОҚУ ОРЫНДАРЫНДАҒЫ ОҚЫТУШЫЛАРДЫҢ КӘСІБИ
ҚҰЗІРЕТТІЛІГІ ЖӘНЕ АКАДЕМИЯЛЫҚ ШЕШЕНДІК
Сөз қанға да,
жанға да әсер етіп, арбау сияқты адамның ойын да,
бойын да балқытып, билеп
алып кетуге ыждаһат етеді.
А.Байтұрсынұлы
Адам санасының
қатпарларында пайда болған ой өрнектері сөз формасына
ауысады. Адам баласы қоршаған әлем туралы
ұғым-түсініктерін тіл деп аталатын таңбалар
жүйесі арқылы жеткізіп, өзінің
қоғамға деген пікірін білдіреді. Тіл адамдардың ой-сезімін
жеткізетін, өзара қарым-қатынасқа түсетін басты
құрал. Демек, тілдің ең басты қызметі –
коммуникативтік, яғни қарым-қатынастық қызметі.
Көпшілік алдында сөз сөйлеген адам өзінің ішкі жан
дүниесін, көзқарасын білдіріп қана қоймай,
сонымен қатар тыңдаушыға да әсер етеді. Шешендік -
әлемді өзгертуде,
ықпал етуде, өзіндік мақсатқа жетудегі
үлкен күш.
"Риторика" (rhetorike)
- грек сөзі, шешендік өнер, сөзбен иландыру туралы
өнер. Шешендік өнердің тарихи тамырлары көне
антикалық дәуірден бастау алады. Адам баласын тамсандырып,
сүйсіндіретін құбылыстарды өлең формасына салып
жырлайтын ақындармен қатар, антикалық дәуірде саяси
мәселелер төңірегінде, сот жүйесінде қызыл тілмен
адамды иландырып, көндіретін шешендер де көпшілік алдында кең
танымалдылыққа ие болды. Сол кездің өзінде, шешендік
өнерге үлкен мән беріліп, риторика заңдылықтарын
үйрену қажеттілігі туындайды.
Демек, риторика - иландыру тәсілдерін пайдалана
отырып, аудиторияның өзіндік ерекшеліктерін ескеріп, оған әсер
ету туралы ғылым.
Классикалық тұрғыда риторика -
нақты немесе болжамдалып отырған ақпаратқа сендіру,
иландыру тәсілдерін зерттейтін, нақты логикалық
дәйектемелерге негізделген ғылым саласы, көркем баяндау
теориясы.
Қазіргі таңда риторика ұғымын
нәтижелі баяндау шеберлігінің теориясы ретінде қарастырамыз.
Риторика ғылымы синкретті құбылыс, шешендік өнердің
теориялық мәселелерімен айналысатын академиялық пән
болумен ғана шектеліп қалмайды. Керісінше, шешендік
өнердің әдіс-тәсілдерін еркін меңгерген, білікті
шешенді тәрбиелеп шығаруға бағытталған
қолданбалы ғылымға айналып отыр. Міне, сондықтан да
риторика әрдайым өзге ғылым салаларымен тығыз
байланыста дамып отырады. Тіл білімі арқылы тілдің
заңдылықтарын меңгеріп, адамның ой елегінен
өткізілген ақпаратты жеткізудің түрлі
әдіс-тәсілдерін игересіз. Әдебиеттану ғылымы ақын-жазушылардың
сөз саптауымен, шығармаларындағы көркем
сөздің берілу формаларымен таныстырады. Философия адамды интеллектуалды
рухани ізденіске жолдаса, жекелеген философиялық ғылымдар адамгершілік
құндылықтарын (этика), әсемдікті, нәзіктікті
(эстетика) бағалауға, ойлау заңдылықтарын (логика)
ұғынуға бағыттайды. Психолингвистика айтылған сөздің
адамның ішкі эмоционалды жай-күйіне әсер етуін, белгілі бір
психологиялық жағдаятта қандай лексикалық бірліктерді
қолдану қажеттігін түсіндіреді. Психология ғылымы
арқылы шешен өзінің, аудиторияның ішкі жан дүниесін бақылай алады.
Мәнерлеп оқу, режиссура және актерлік шеберлік негіздері секілді
пәндер шешеннің дауыс ырғағын, келбетін,
қимылдарын еркін меңгеруіне көмектеседі.
Оқытушының шеберлігі оқу жоспарын
орындау мен тәрбие жұмысын жүргізуді қамтамасыз ету
керек. Сондықтан да жалпы мәдени, кәсіби білік-дағдылардан
бөлек, оқытушының алдында педагогикалық міндеттемелер де
тұрады. Ұстаз шәкірттеріне баяндап отырған
ақпараттың мазмұнына, сапасына, одан шығатын
нәтижелерге жауапты. Оқытушының баяндау шеберлігі
педагогикалық біліктіліктің маңызды құрамдас
бөлігі болып саналады.
Білім алушылардың алдында сөз сөйлейтін
оқытушының педагогикалық шеберлігі бірқатар
біліктілікті талап етеді:
Ø ұсынылған
ақпаратты аудиторияға терең әрі мәнді
түсіндіре білу;
Ø өз ойын
тыңдармандарға жеткізе білу;
Ø өзіндік позициясын
белгілеп, дәлелдеу;
Ø өзінің
көзқарасының дұрыстығына иландыру, т.б.
Шешендік өнер саласында
қалам тербеп, зерттеу жасап жүрген ғалым С.Негимовтың
пікіріне сүйенсек, шешен адамға тән қажетті
қағидалардың бірер тізбегі төмендегіше:
а) қыран
қанаттылық; ә) сұңғыла ойлылылық; б)
терең ақылдылық;
в) телегей білімділік; г)
көрегенділік-білгірлік; ғ) судан тұнық сөз;
д) дауыс саздылығы; е)
сұңқар үнділік; е) келісімді келбеттілік;
з) сұлу
тұлғалық; и) сыртқы түрінің
мәдениеттілігі т.б. [1, 55].
Риторика ғылымының
заманауи даму үрдісі риторикалық және педагогикалық
білімнің дәстүрлі әрі жаңа бағыттарын
қамти отырып, жемісті даму үстінде. Риториканың
дәстүрлі арналарының қатарында "Академиялық
шешендік" арнайы сөз етуді талап етеді. Шешендік өнердің
бұл саласы жоғарғы оқу орындары кеңістігінде
өріс алатын ғылыми және оқу дискурстарының
өзіндік ерекшеліктерін қарастырады. "Академиялық
шешендік" оқытушылардың бойында шешендік
дағдылардың қалыптасуына ықпал етеді. Себебі, риторика
ғылымының жалпы заңдылықтарына сүйене отырып,
мәтін түзуден тыңдарманға жеткізуге дейінгі,
тақырыпты ойластырып, көпшілік алдында сөйлеуге дейінгі
барлық мәселелерді қамтып, қарастырады.
ü Инвенция топ-қа - негізгі ойлау
үлгілеріне сүйене отырып, студенттерді ойлануға, шынайы
болмысты ой елегінен өткізіп, ұғынуға жетелейді [2,
62-64].
ü Диспозиция
риторикалық мәтіннің ерекшеліктері туралы ақпарат
береді. Мәтін түзуші сөздерді дұрыс байланыстырып,
біртұтас шығармаға айналдыру жолдарын үйретеді.
ü Элокуция -
мәтіннің эстетикалық талғамын, әсер ету
күшін нығайтуға қажетті көркемдеуіш-бейнелеуіш
құралдармен таныстырады.
ü Оратория -
сөзімізді, аудиторияны, сөйлеу кезіндегі қимыл
әрекетімізді ырқымызға қарай бағындыруға,
тыңдаушының сезіміне әсер ете білуге үйретеді.
"Академиялық
шешендік" монологтық сөйлеуден бөлек, заманауи оқу
үрдісінде үлкен қызығушылық туғызып
отырған диалог мәселесін (әңгіме мен сөзталас) де
назардан тыс қалдырмайды. Мұнымен қоса, ғылыми дәрістертің, ғылыми баяндамалар мен өзге
ауызша не жазбаша ғылыми мәтіндердің ерекшеліктерімен
таныстырып, студенттердің тілдік, ойлау әрекетінің даму
сипатынан хабар береді.
Педагогикалық тапсырмалар
көзделген мақсатына жетуі үшін, оқытушының
баяндауы белгілі бір талаптарға сәйкес жүргізілуі тиіс.
Нормативтілік (оқытушы баяндамасының әдеби тілдің,
акцентология, орфоэпия, грамматика және өзге ғылым
салаларының талаптарына сай болуы), сөз дәлділігі
оқытушы баяндамасының дұрыс жүзеге асырылуын
қамтамасыз етеді. Баяндаудың мәнді болуы - оның
образдылығында, бояуларының қанықтығында,
әсерлілігінде.
Тілдік сөйлеу
құралдары:
·
әдеби образдарды, дәйексөздерді, қанатты
тіркестерді қолдану;
·
түрлі стильдік, экспрессивтік лексиканы қолдану;
·
баяндаудың көркемдігі (сөйлеу тілінің троптары мен
фигуралары);
·
сөздің (сөйлеу тілінің) қым- қуыт
қайшылықты өрілуі;
·
интонациялы мәнерлілік, дауыс күшін,
жоғары-төменділігін, сөз ырғағын елеп-екшеу; психологиялық
кідірістер [1, 81].
Оқытушының сөз саптауындағы
жан-жақтылық пен сөз тазалығы, сөздің
орындылығы мен мәнерлілігі студенттің бойында тілдік
құралдар арқылы пайда болған эстетикалық
құндылықтарды бағалауға дәріптейді. Оқытушының
баяндамасы кәсіби тұрғыда неғұрлым сенімді,
мәнді, орынды болған сайын, оқу-тәрбие үрдісіндегі
коммуникативті әсер етудің нәтижелілігі де арта түспек.
Әдебиеттер
тізімі:
1 А.С. Қыдыршаев. Шешендіктану:теориясы және практикасы. Орал, 2012. 232 б.
2. Волков А.А. Курс русской риторики.
— М.: Издательство
храма св. муч. Татианы, 2001. - 480 с.