Жанузакова К.Т.

ф.ғ.д.,  Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің доценті, Қазақстан, Алматы қ.

 

ДУЛАТ ИСАБЕКОВ ПРОЗАСЫ

 

ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ прозасы үлкен көркемдік ізденістерге қол жеткізді. Осы ретте қазақ әдебиетінің қазынасына олжа салған көрнекті қаламгеріміздің бірі – Дулат Исабеков.

Д. Исабековтің бірінші жақтан баяндалатын «Гауһар тас» повесі қайнысының асыл жеңгесі Салтанат туралы бір үзік сыры десе де болғандай. Әдеби талғамы идеалмен тәрбиеленген оқырман Салтанатты бірден қабылдайды. Ақ желкенді ханзаданы күткен А.Грин шығармасының арманшыл кейіпкеріндей Салтанат өмірден тәтті арман, бақыт аңсайды. Салтанат – нәзіктіктің, тазалықтың, сұлулықтың  кәусар бұлағындай. Салтанат жанындағы адамнан, айналасын қоршаған кез келген нәрседен жақсылық күтеді, сұлулықты байқай біледі, таңдана алады, шынайы қуана біледі. Жаны нәзік қыз жанындағы адамдардың жүрегіне мейірім шуағын құйып, жылылық береді. Повесте отбасын құрған екі түрлі адамның рухани-мәдени дүниелерінің ішкі қайшылығын, қақтығысын көреміз. Бұл екеуі бір-біріне ғашық болып қосылған жоқ, алайда екеуін зорлап қосқан да ешкім жоқ.  Тек ата дәстүр жолымен, ата - аналарының келісімін қабыл алып шаңырақ көтерген олардың жан дүниесіндегі кереғарлықтар мол боп шықты. Салтанат бойындағы табиғи зиялылық, сұлулық Ыбыш бойындағы туа бітті жан кереңдігіне соқтығысады. Жазушы адамның рухани дүниесіне үңіле отырып,  рухани әлем қатынас-қақтығыстарына ден қояды. Шығарма бір жанұя болған екі адамның, ерлі-зайыптылардың өмірін, ішкі жан дүниесін суреттеп, екі түрлі мінез-құлық, екі түрлі психологияны көрсетеді. «Мен жар сүюден бақытты емеспін» деген Салтанаттың ішкі әлемі мен оны қоршаған әлеуметтік орта арасындығы қақтығыстың нәтижесінде ол құрбан болады.  Бірақ өз өлімі арқылы болса да, міз қақпайтын Ыбыштың жанына өзгеріс енгізеді. Шығарма шешімінде көп нәрсеге селт ете қоймайтын Ыбыштың да ауыр қайғыға батқанын көреміз. 

Д. Исабеков шығармаларында  қарапайымдылықпен, юмормен, уытты тілмен қатар трагедиялық оқиғалардың орын алуы кездесіп отырады. Бұл оның туындыларына тән бір ерекшелік. Жазушы рухани жұтаңдық, сезім қатыбастығы жайлаған ортада сұлулықтың да тұншығатынын суреттейді. Қазақ қызына тән барлық асыл қасиеттерді бойына жинақтай білген Салтанаттың қаза табуы оқырман жүрегін жаралайтыны сөзсіз. Д. Исабеков адамзат өмірінің негізін гуманистік идеялармен тығыз бірлікте алып бейнелейді. Шығарманың соңы Салтанаттың өлімімен аяқталғанымен, оның рухани жеңісінің куәсі боламыз.

 Д. Исабеков  «Қарғын»  романында  өмірдің, тұрмыс-тіршіліктің  эпикалық тынысын беруге емес, адамның рухани дүниесіне үңіле отырып рухани әлем қатынас-қақтығыстарына ден қояды. Жастар бас алмай оқыған, әдеби сын салқындау қабылдаған бұл шығармада жазушы тағы да рухани өмір әлеміне үңіледі. Жасын бейнесін сыншылар көбінесе сол заманның әлеуметтік тынысы, шындығы тұрғысынан бағалады. Ал романның табиғатын, көркемдік  құрылымын тану, ең алдымен осы Жасынның болмысын тап баса білумен байланысты. Романға қазық болған кейіпкер Жасын әдеби сын әдетте, көркем шығармадан іздейтін әлеуметтік белсенді, күрескер қаһармандар санатынан емес. Бірақ ол - бүкіл болмысымен айналасына әсері қуатты, басқа бір өлшемдерге ұмтылуға тырысатын рухани жасампаз кейіпкер. Оның түсінігі қалыпты ұғым-танымға сыя бермейді, мінез–құлқы, қарекет өзгешелігі бар. Оны  көп адамға түсініксіз көрінуі   дүниетаным тереңдігінен туындайды.Жасын – күрделі тұлға. Қалыптасқан қағидаға, догмаға жаны қас оның кез келген нәрсеге өзінің жеке тәуелсіз ойы бар. Рухани ішкі еркіндікті, шығармашылық дербестікті  бәрінен  жоғары қоятыны да сондықтан. Ол – өз ортасынан оқшауланып, қоғамды жатсынған трагедиялық тұлға. Д. Исабеков кейіпкерлеріне рухани максимализм тән. Олар басқа адамдардан бойын аулақ ұстап, оңашалау жүргенімен, болып жатқан оқиғаға белсене араласып, жауапкершілік жүктеуден қашпайды. Тағдырдың басқа салған талқысына төзе білетін кейіпкерлерінің көбі үнемі азап шегіп жүреді. Кейде трагедиялы халге душар болып жатады. Жандары қиналысқа түссе де оларды адамгершілік мәселесі, рухани құндылықтар, адам өмірінің  мәні мен мағынасы  мәселелері толғандырады.

Жазушы Сәргел, Тұрғат бейнелері арқылы арқылы тоғышар тіршіліктің психологиясына талдау жасайды. Романда рухани бастауды үнемі адамгершілік, ішкі  ізденісте жүретін Жасынның, рухани толысу шырғалаңдарын басынан кешкен Бағиланың, Мәликаның және қарапайым ауыл адамдарының бейнелері арқылы бағамдаймыз. Д. Исабеков кейіпкерлері – қоғам ағысынан тыс қалған, жалғызілікті, жан дүниелерін ешкім түсіне бермейтін жандар. Олар тағдырдың басқа салғанына мойынсұнған, қандай  теперіш көрсе де ішкі адамдық тұғырын жоғалтпаған рухы биік адамдар. «Үндемес» повесіндегі Тұңғыш  та – өз өмірінде ештеңеге жанталасып ұмтылмаған көнбіс, жаны сірі, момын адам. Жазушы шығармаларында көтерілген адамгершілік мәселелер ұлттық ауқымда ғана қалмай, жалпы адамзат нәсіліне ортақ мұраттармен үндесіп жатыр. «Сүйекші» сынды    повеске    үңіле    отырып,    Д. Исабеков творчествосына әлемдік әдеби-философиялық ағым экзистенциализмнің әсері болғандығын айта аламыз. Мұндайлық ерекше нышан Д. Исабековтің басқа да шығармаларында анық аңғарылады деуге негіз бар. Сыншы Ә. Бөпежанова «Осы ретте Исабеков творчествосынан сарын іздесек, кезінде бізде ағаш аттың басына ілінген, батыс философиясының, сондай-ақ әдебиетінің де қуатты ағымы экзистенциализммен – адам баласының қатал өмір алдындағы, әлемдік абсурд алдындағы трагикалық дәрменсіздігі    үндестікті зерделер едік...  Дулат шығармаларының ой саз-әуені екі регистрде – трагедиялы өмір және сол өмірдің өзінде адам бола білу яғни өз өміріне өзі мағына бере білу бақыты – естілетінін айту орынды» [1, 12-13] –  деп жазады.

Жазушының «Тіршілік», «Дермене», «Сүйекші», т.б. повестерінде адамның социомәдени құрылымнан тыс қалатын, қоршаған ортаны  жатсынуынан туындайтын экзистенциализм сарыны  негізгі бағдарға айналған. Экзистенциализмдегі болмыстың негізгі модустары - жалғыздық, ар азабы, қорқыныш, жаныңа жау көретін әлеуеттік ортаны қабылдамай  «жат адам» жағдайында болу болғандықтан  күдік пен күмән, мазасыздық, азаптану сезімдерінен ишара береді. «Сүйекші» мен «Тіршілік»  повестеріндегі оқиғалар типтік емес жағдайдан туындайды, өзгеше дамиды.  «Сүйекшідегі» Тұңғыштың, «Тіршіліктегі» Молдарәсілдің панасыз, сұрғылт өмірін, кеңес дәуіріндегі «қалыпты» ұғымға салсақ, Қазан төңкерісіне  дейінгі тар да қапас өмірмен ғана түсіндіруге болмайды. Кезінде баспасөз беттерінде қазақ прозасындағы сапалы көркемдік құбылыс деп бағаланған бұл шығармаларға хронотоп тұрғысында, яғни уақыт пен кеңістік өлшемдерінің нақты тиянақталмағанына, дерексіздігіне байланысты едәуір сын-ескертпелер айтылған болатын.  Мұндай қате тұжырымның бір жағы кеңестік әдебиеттануда туындылардың көркемдік кеңістігін, құрылымдың аясын тереңірек талдаудан гөрі әдебиеттің хрестоматиялық-реалистік ұстанымдарын, яғни өмірдің көркем бейнесін, шындығын іздеп үйренген танымның әсерінен болса керек. Ал жазушы Д. Исабеков тұғырнамасында, адамзат  үшін оның қай кезеңде, қандай қоғамда тірлік етуі маңызды емес, маңыздысы – ішкі рухани тәуелсіздік, өйткені қара күш зорлығы да, әлеуметтік және рухани зорлық та — трагедия.

Әлем әдебиетінде жамандық атаулыны шегіне жеткізе отырып, жақсылықты дәріптеу, ауыр трагедияны суреттей отырып гуманистік идеяларды насихаттау дәстүрі ертеден қалыптасқан. Күн өткен сайын жаңаша қырларын аша түсетін, уақыт озған сайын басқа бір тұңғиық-тереңдеріне тарта беретін Шекспирдің трагедияларын айтсақ та жеткілікті. Жазушы өмірдің трагедиялық суретін жасай отырып, сол өмірге жеке адамның панасыздығы мен қорғансыздығын, жалғыздығын, тағдырының талайсыздығын меңзейді. Жалпы трагедиялық пафос Д. Исабековтің бірнеше повестеріне ортақ қасиет. Оны профессор Р. Нұрғалиев те атап өтеді [2, 285].

Д. Исабековтің «Гауһар тастан» бастап кейінгі повестерінде  көбінесе ізгілік, сұлулық, жақсылық зорлық-зомбылықтан жеңіліс тауып жатса да, автор үшін нақты қазір қол жеткізген табан асты жеңістен гөрі адам баласының рухани жеңісі қымбат – ол рух мықтылығын дәріптейді. Д. Исабеков кейіпкерлері басқалардан оқшауырақ қалса да, өз өмірінде өтіп жатқан оқиғаларға  белсене араласады. Жазушы дағдыдан тыс ситуацияларды бейнелеуге шебер. Оқиғалары адам болмысы айқынырақ танылатын қалыпты ортадан тыс жерлерде өтіп жатады. Тосын іс-әрекеттер арқылы олардың болмысы ашылады.

«Қарғын» романындағы Жасын тікелей жазушының осы бағыттағы ой-толғамдарын арқалаған кейіпкер. Шығармадағы авторлық «меннің» айрықша қызметіне тоқтала кеткен орынды. «Қарғын» романында қаһармандарының болмыс-бітімін, дүниетанымдық, мінездік табиғатын,  психологиялық-эмоционалдық халін айқындау үшін диалогқа айрықша жүк артатын Д. Исабеков авторлық ремаркалар арқылы әңгімелесуші тұлғаларға өз көзқарасын андатып отырады. Шығармада Жасынның арғы болашақ өмірі белгісіз күйде қалған. Суреткер роман соңында оқиға шешімін оқырманның өз үлесіне қалдырады, әркім өз түйсігіне орай өрбітер кең желі тастайды. Д. Исабеков стиліне өз оқырманын болып жатқан оқиғаға бей-жай қалдырмай қатыстырып отыру тән. Д. Исабековтің «Қарғын» романында нақты реализм мен нәзік символика, рухани максимализм үйлесім тапқан.

 

Әдебиеттер:

1      Бөпежанова Ә. Дүние – имани құбылыс. – Алматы: Өлке, 2001. –160 б.

2      Нұрғалиев Р. Арқау. – Алматы: Жазушы, 1991. – 2 т.  – 576 б.