Ақылбай Абайұлының қазақ әдебиетіндегі поэма жанрының дамуына қосқан үлесі

 

Г.С.Апеева

Филология ғылымдарының кандидаты

Абайдың ақын шәкірттері ұстаздарының өнегелі дәстүрін  меңгере отырып, «үйрену, үлгі алу, тәжірибе жинақтау кезеңдерінен өтіп алып барып», өзіндік ізденістер жасауға талпынған. Және олар бұл талаптарының нәтижесінде сәтті авторлық табыстарға қол жеткізген. Шәкәрім, Ақылбай, Мағауия, Көкбай, Әсет, Уәйіс ақындар өз поэмалары арқылы қазақ әдебиетіндегі ең алғашқы озық үрдістердің қалыптасып дамуына  ықпал еткен. Әрине, Абайдың бұл ізбасарларының қай-қайсының да болмасын поэмаларының мазмұны мен пішінінде стильдік жақындықтың, идеялық-көркемдік нәрінде өзара байланыстың бар екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Сөйте тұра аталған ақындардың әрқайсысының өзіндік дара шығармашылық қалпы бар. Абай шәкірттерінің арасында ұстаз салған сара жолды әрі қарай дамыта түскен Ақылбай болды. «Дағыстанның»  әуелгі бастамасынан – ақ тосын әрекетке тап боламыз. Кавказ тауын, оның табиғатын жыр жолдарына арқау қыла отырып, өзі жырламақ жердің бар шындығын алға тосады. Қарт Кавказ бен оның айналасындағы табиғат қандай тәкаппар болса, ол жердің адамдарының да көңілі биік, кеудесі өр. Ешбіреуі басынан сөз асырмайтын, қит етсе қолы қанжарына жабысатын өркөкірек.

Ақырып айдаһардай жүз толғанып,

Тауды бұзып, тас жарған долы Терек [1].

Поэманың басында долы табиғатты суреттегеннен-ақ оқиғаның барысын сезе бастаймыз. Ақын сол арқылы оқырманын кезектегі қанды оқиғаға дайындай түседі. Табиғаттың суық түсінен сескенесің. Ақын бұл арада параллелизм әдісін қолданған. Ақылбай поэмаларының өзіндік даралығын танытатын осы суреттер. М.Мағауин: «Қазақ әдебиетінде адам тағдырына құрылған сюжетті шығармаға пейзажды алғаш енгізуші Ақылбай болды» [2], - дейді. Көркем суреттерге Абай мен Шәкәрім өз поэмаларында соншалық көңіл бөлмеген. Шындығында пейзаж жасауда және бұл тұрғыда жаңа тіркестерді қолдануда Ақылбай қаламы құлашты. Алғаш рет табиғаттың тылсым күшіне жан бітіре суреттеу Абай шығармашылығымен еніп қалыптасты десек, ұстаздың бұл жаңалығын, оны сюжетті шығармаға енгізген оның ақын шәкірттері еді. Кавказ бен Зұлыс тауының көрнекті көріністері арқылы өз поэмаларының сюжеттік желісін жетілдіріп отыру Ақылбай ақынның негізгі көркеми тәсілі болған. Және бұл оның қазақ әдебиетіне енгізген өзіндік жаңалығы, дара шығармашылық беті болды. Ақылбай пейзажында ұстазы Абай лирикасының сарыны жатыр. Тек мазмұндық желісі ғана емес, сөз саптауларына, қолданған тіркестеріне дейін ұқсастық тауып жататыны алдыңғы тараушада сөз болды. Поэмадан алынған төмендегі жолдардың осы ойымызды нақтылай түсетіні кәміл.  Ақылбай «Зұлыс» поэмасында да өзінің суреткерлік сипатынан жазбайды. Әдемі суреттер жасайды:

Зор Зұлыс, зодыр Зұлыс түсі суық,

Басына жан бармаған мұның жуық.

Алабас ақ бурадай бұрқыраған,

Үскірік, қарлы бұлт басын жуып [1, 76-б.].

Қ.Мұқамедханұлы ақын тіліндегі бұндай қолданыстарға «Зор Зұлыс, зодыр Зұлыс түсі суық» дегендегі эпитеттер табиғатты жанды бейнеде кейіптеу (олицетворение), «ала бас ақ бурадай бұрқыраған» деген көркем теңеулер, күрделі метафоралар, екпінді, әсерлі дыбыс үндестіктері, осы шумақтардың өн бойында кездесетін өлең өрнектері, ажарлы сөз айшықтары – нағыз ақындық образ» [1, 49-б.], - деп өзіндік бағамын ұсынған.

Сюжетті шығармаға табиғат көріністерін кестелей білуі Ақылбайдың бірінші ерекшелігі болса, шығарманың композициялық құрылысына өзгерістер енгізуі оның тағы бір шеберліктің тезінен өткендігін байқатады.

Бұзылған Дағыстанның қу қаласы,

Көрінді қарт Жүсіптің үй – ханасы.

Жүсіп тұр қайғы басқан үй алдында,

Дүниенің әсер бермей тамашасы [1, 56-б.].

Бұлайша, оқиғаның соңынан бастап жырлау Ақылбай заманында қазақ әдебиетінде қалыптасып, қанат жая қоймаған көркем әдіс екендігі белгілі. Ақылбай құр еліктеуші, дәстүрден өнеге алушы ақын емес. Оның өзіндік ақындық беті айқын, көркем суреттер жасап, үлкен ой түйетін дарынды ақын.

Сөзге шебер ақынның дәстүрлі эпитет, теңеу, бейнелі сөздерін былай қойғанда, «тәуекел дариясына салып қармақ», «қанды шапан үстіне қалды киіп», «бейнет ішіп, күн көрген қатер киіп», улы қанжар, улы жас, бұлбұл көңіл, ажал иісі тәрізді төл суреттері ақынның өзіндік бейнелі ойлау жүйесінің биіктінін танытады.                                                               

Ақылбай Абайұлы өзінің поэмалары арқылы ұстаздан алған тағылымын бойға сіңірген дарынды шәкірт екендігін мойындатады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Қ.Мұхамедханұлы. Абайдың ақын шәкірттері. -Алматы: РГЖИ Дәуір, 1993. 1-кітап. – 224 б. 

2.  Мағауин М. Шәкәрімнің шеберлігі. // Жұлдыз. 1988. №10.