Филологические
науки / Риторика и стилистика.
Әділова
А.С., филология
ғылымдарының докторы
Мырзағұлова
А. Ш., студент
Академик
Е.А. Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті
ӨЛЕҢ МӘТІНДЕРІНДЕГІ ҚАЙТАЛАМАЛАРДЫҢ
ТҮРЛЕРІ
Қаламгер
өз туындысының оқырманға әсерлі болуын
мақсат ететіні белгілі. Бұл мақсатты жүзеге асыру
үшін түрлі әдіс-тәсілдерді қолданады.
Көркем шығармалардағы қайталамалар осындай әдіс-тәсілдердің
бірі болып табылады. Қазақ тілінде алғаш
«қайталақтау» (А. Байтұрсынов) терминімен белгілі
болған қайталама – көркем мәтіндерде жиі кездесетін
құбылыс және автор шеберлігі мен дара стиліне байланысты
ұтымды қолданыс табатын амалдың бірі осы қайталама
екені даусыз.
Қайталама өте ертеден келе жатқан
стилистикалық тәсіл болғандықтан, филолог
ғалымдар тарапынын ұсынылған анықтама, тұжырымдар
аз емес. Олардың қатарында көптеген белгілі ғалымдарды
атауға болады. Қайталамалар туралы әдемдік, орыс тіл білімі
мен түркологиядағы тұжырымдарға шолу жасай келіп, О. Бүркіт
ғалымдардың пікірлерін 4 топқа бөледі [1, 22].
Ал қазақ лингвистикасында қайталамалардың
тілдік табиғаты жайлы ғалым Р.Сыздықованың [2], М.
Серғалиевтің [3], қайталамалардың
лингвостилистикалық жүйесін сипаттаған О. Бүркіттің
[1] тұжырымдары назар аударарлық. Ол қайталамаларды парадигмалық
және синтагмалық тұрғыдан қарастыра келіп, оларды
4-ке бөледі:
1)
стильдік-көркемдегіш қызметін атқаратын
қайталамалар;
2)
семантикалық байланыс қызметін
атқаратын қайталамалар;
3)
мәтін түзімі қызметін атқаратын
қайталамалар;
4)
мәтін дамыту қызметін атқаратын
қайталамалар.
Қайталамалар функционалдық стильдердің
шығармашылық түрлерінің барлық жанрларында
қолданылады.
Қазақ
көркем әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар, Шешен
Республикасының ең жоғары «Ұлт намысы» орденінің
иегері, Шешенстан Мемлекеттік және Халықаралық «Алаш»
сыйлықтарының лауреаы, көрнекті ақын Рафаэль
Ниязбековтың өлеңдеріндегі ел мүддесі,
ұлттық мінез, рух
бостандығы, жалпыадамзаттық құндылықтар
сияқты мәселелер қай кезеңде болсын өзектілігін
жоғалтпайды. Осы орайда «Жолбарыстың баласы жемтігіне алғаш
қарғығанда асыңқырап кетіп, екінші секіргенде
жетіңкіремей қалып, үшіншісінде дәл түседі деген
әңгіме бар.....Өзекті өнердің өнегелі
перзенті де жолбарыстың сол жүректі тұқымын еске салады. Тектес болмағанмен, мінездес
олар. Алғашқы адымдарының бірінде асыңқырап
кетіп, бірінде жетіңкіремей жатса, бара-бара сабаларына түсіп,
салиқалы өнер иесіне айналады. Сондай ерке мінез, елеулі дарынның
бірі Рафаэль Ниязбеков» [4] деген пікір оның шығармашылығын
дәл сипаттағанын айта кету керек.
Ақын
шығармашылығында қайталамалардың көптеген
түрі кездеседі.
Парадигмалық қайталамаларға жататын дыбыстық
қайталамаларды ақын Р. Ниязбеков стильдік
мақсатта жиі қолданады:
Күнқақты
ердің астында
Көп
жүгіретін күлік бар.
Көн
садақтың ішінде
Көбе бұзар
жебе бар [5, 29].
Тұлпардың тұяғынан сескенеді,
Туыс ел ұлылығын танып
ұққан.
Тірлікті талқан қылмақ Темір
ханның,
Тұлпардың тұяғынан жаны
шыққан [5, 77].
Сондай-ақ
ақын ұқсас буындарды қайталау арқылы да
оқырманның назарын өзіне бұрады. Жазушы дыбыс
қайталауды төмендегідей мақсатта жұмсайды:
Жататын адуынан құлап аспан,
Жанарын палуандар жылап ашқан.
Жаныңды сазды әуенге қайратады,
Жасыған, сарқыраған сай жыласа [5, 89].
Дыбыстық қайталаулар сөздің ұйқаспен
келуіне, тыңдаушыға әсерлі болуына қызмет еткен.
Қаламгер
өлеңдеріндегі лексикалық қайталамалар қаһарманның
көңіл күйін ашып, ішкі сезімін аңғарта отырып,
стильдік, мәтін түзу және мәтін дамыту
қызметтерін атқарады:
Дала, дала бұлағы шындап ақты,
Дала туған дәл мендей шын
қазақты.
Дала төсін қақ жарып туды олар,
Дала өлген соң осында жатыр қалып [5,
26].
Төмендегі
өлең жолдарында лексикалық қайталама әсірелеу,
айтар ойдың мазмұнын тереңдету мақсатында
жұмсалған:
Келсең,
шабыт, алаулы ақ армандай,
Сол
бір шабыт жанатын жанар
қандай.
Қайран
шабыт, сен жоқта азалымын,
Қайда,
шабыт, барасың қара
ормандай? [5, 91]
Ғылыми
айналымда «лексикалық қайталама терминімен белгіленіп жүрген
қайталаманың түрі - екінші жағынан, жеке сөз
таптарының қайталанып келуі» [1, 118] деген пікір бар, осы
тұрғыдан келгенде ақын мәтіндерінде зат есімдер,
етістіктер, есімдіктер т.б. сөз таптарының қайталануы молынан
байқалады, мысалы, мына жолдардағы қайталама туынды сын
есімнен болып тұр:
Сенсіз де тозып келген –
Миғұла ақымақтар.
Сенсіз де озып берген
–
Құлагер арғымақтар.
Сенсіз де көтерілген,
Көгіне қыран шабыт.
Сенсіз де
күмбезіне,
Қазағым
ай қондырған
Келесі
өлең жолдарындағы аффикстік қайталамалар [6, 16] ұйқас құрау
және өлең ырғағын келтіру қызметін
атқарады:
Менен
алыс кетпегін, ұзамағын,
Ұзамағын,
бағымды тұсамағын.
Әр
нәрсеге еліреп ұрынбағын,
Дуылдаған
ақ берен қызамағын [5,
78].
Қаламгер
шығармаларында синтаксистік конструкциялардың қайталанып келуі жиі кездеседі.
Ғалым
О. Бүркіттің пікірінше: «Синтаксистік паралеллезим –
бөлшектері бір-бірімен симметриялы принцип бойынша гармониялық
тұтастықта қайталанып беріліп отыратын стилистикалық
айшық» [1, 163] және «Поэзиялық шығармаларда
синтаксистік параллелизмнің екі түрі кездеседі: мәндес
параллельдер және қарсы мәндес параллельдер» [1, 193]. Р. Ниязбековтің мәтіндерінде
мәндес параллельдер жиі байқалады:
Атадан арлы
жол қалған,
Сардардан
қалың қол қалған.
Бауыржаннан
заңғар зар қалған,
Махамбеттен
асқақ рух қалған [5, 11];
Синтаксистік құрылымның
қайталамалары көркемдегіш қызметтен гөрі мәтін
түзімі және мәтін құрылымы қызметтерін
атқаруға икемді келеді:
Ерім елге
қарап,
Елім елге
қарап сөйлейтін күн туар ма екен.
Елім ерге
қарап,
Елім жерге қарап сөйлейтін мұнар
күннен құтылар ма екен. [5:289]
Автор жеке
сөйлемдерді бұлайша құрылымдық жағынан
қайталап, параллель қатар түзуі арқылы кейіпкер
басындағы психологиялық жағдайға назар аудартып, айтар
ойдың экспрессивтік-эмоциялық бояуын күшейткен.
Р. Ниязбеков поэзиясында қайталама
түрлері елеулі орын алады. Ақын мәтіндерінде
дыбыс, сөз, сөз тіркестері, сөйлемдер бірнеше қайталана келіп, көркемдегіш, ойды байланыстыру, мәтін
тұтастығын қамтамасыз ету, мәтін семантикасын дамыту
қызметтерін атқарады, сөйтіп өлеңнің
көркемдігін, эмоциялық-эстетикалық
әсерлілігін арттыруға ықпал ету, мазмұндылығын күшейте түсу
мақсатында жұмсалады. Суреткер
шығармашылығындағы қайталамалар мәтіндегі
сөздердің эмоционалды-экспрессивті бояуын жандандырып, модальділік
түзуге, кейіпкер сезімін жеткізуге, ойды образды түрде бейнелеуге,
оқырманды баурап алуға ұтымды қолданылған.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.
Бүркіт О. Қайталамалардың лингвостилистикалық
жүйесі. – Алматы: Ғылым,
2001. – 274 б.
2.
Сыздық Р. Сөз құдіреті. – Алматы: 1997. – 224 б.
3.
Серғалиев М. Сөз сарасы. – Алматы: 1989. – 198 б.
4. Қазақтың ақыны, чешеннің
батыры / Егемен Қазақстан, №92, 23.03.2013.
5.
Ниязбеков Р. Шығармалар жинағы. – Астана: 2010. - 295 б.
6. Әзімжанова Г.М. Көркем проза тіліндегі етістіктің стилистикасы:
Филол. ғыл. канд. ... дисс. авторефераты. – Алматы, 1998. – 24 б.