Тулегенова Ш.И.

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті Қазақстан, Қостанай қ.

 

ДАРА ТУҒАН - БЕЙІМБЕТ

Биыл үлкен дарын иесі, көп қырлы талан иесі - Бейімбет Майлиннің туғанына 120 жыл. Қазақ әдебиетінің тарихында  орны ерекше жазушы. Ол – халқының қайғы-қасіретіне күйініп, мұңды, шерлі, қуаныш-қызығына сүйініп, билікқұмарлардың, саясаткер басшылардың зорлық-зобалаңын өзгелермен бірге бастан кешкен адал перзент.

 Бейімбет Әйет өзенінің бойындағы, Дамба болысындағы Ақтөбе деген жерде  1894 жылдың 15 қарашасында дүниеге келген. Ол өмірдің ащы дәмін көп татты. Әкеден екі жасында, анасынан 12 жасында жетім қалды. Бейімбет алғаш рет Шаншар деген ноғай молдасынан хат таныған. 1911-1912 жылдары көршілес ауылдағы Арғынбай қажының медресесінде оқып, одан кейін шамалы уақыт орыс мектебінде оқиды. Оған көңілі толмай Троицкіге келіп, орта білім беретін «Уазифа» мектебінде бір жыл оқиды. 1914-1916 жылдары Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесінде білім алады. 1916 жылы «Ғалия» медресесінің ашылғанынна он жыл толады. Он жылдың ішінде 950 шәкірт бітірген екен. Сол тойға  Ресей губернияларынан,  Кавказдан, Қырымнан, Түркістаннан, Сібірден көп деген зиялы адамдар қатысады. Сол жиында Б.Майлин алғаш рет А.Байтұрсыновпен кездеседі. Б.Майлин үшін бұл кездесу  әсерлі, маңызды болады. А.Байтұрсынов жас жігіттің бойындағы ұлтжандылық сезімін одан әрі лаулатып, қазақ тіліне деген сүйіспеншілігін тереңдете түсуге негіз болады. Бейімбет өмірінің және шығармашылығының өрбуіне А.Байтұрсыновтың келуі демеу болған. Бірақ, өкініштісі сол, ол бала кезінен көрген көп бейнеттің салдарынан, қаржы-қаражаттың жетіспеушілігінен аш құрсақ оқып жүргенде, денсаулығы нашарлап «Ғалия» медресесін бітіре алмай қалады. Троицк қаласында жүріп Бәкір Алдияров деген дәрігерден ем ала жүріп «Мұқтаждық» деген өлеңін «Қазақ» газетіне бастыртып шығарады.

 

Ай, мұқтаждық, кесел болып тұрдың ғой!

Талапкерге қарсы тұзақ құрдың ғой!

Қолды созып, бойды жазып жүргізбей,

Ауруы жоқ бір мүгедек қылдың ғой.

 

Тоқтау салып кейін қарай тартасың,

Жас талапқа бір ауырлық артасың.

Сөндіресің жалындаған жүрегін [1:17],

Түбін қағып, жел гулетіп қалтасын- деп жазған екен.

Б.Майлин «Айқапта» алғашқы мақаласы жарияланса «Қазақта» тұңғыш өлеңі басылып шыққан. Ақын ретінде өлеңдерін көбірек жариялағаны – «Қазақ» газеті. Көптеген дәлелдерге сүйенсей  «Ғалия» медресесін тастағаннан кейін көп жерлерде мұғалімдік қызмет атқарған екен.

Бейімбет қалам ұстаған замандастарына қарағанда, бәрінен де көп жазып, көлемді мұра қалдырған жазушы. Көзі тірісенде ғана 60 жуық кітаптары жарық көрген. Жарық көрген әңімелерінде ауыл өмірін, қарапайым қазақ халқының тұрмыстық жағдайын ашық суреттеген. Тұңғыш кітабы 1925 жылы арап қарпымен Қызылорда қаласынан «Бейімбеттің  өлеңдері» деген атпен шыққан.

Осы тұңғыш жинағынан кейін Бейімбеттің 1926 жылы бес кітабы жарық көреді. Бұлардың екеуі – поэзиялық, екеуі – прозалық, біреуі – драмалық жинақ.

«Ел мектебі» - бір перделі пьесасы мен «Ел сыры» кітабы Қазақстан Мемлекеттік баспасы тарапынан шығарылса, «Күлпәш» - Бейімбеттің тұңғыш прозалық жинағы. Ташкентте шыққан. «Шұғаның белгісі» және басқа әңгімелер жинағы Мәскеуде басылып шыққан. «От басында» жинағында Бейімбет оқырмандарға төрт өлеңін және қара сөзбен жазылған үш оқшауын ұсынған. «Ел сыры» кітабына 34 шығармасы енген. Олар: Жас жүрегім уға толған, Зайкүн, Қазақ туралы, Теңелді, Бай ермегі, Байшұбар, Хан күйеуі сияқты шығармалары бар.

1927 жылы Бейімбеттін 5 поэзиялық, екі драмалық, бір прозалық, барлығы 8 кітабы шығады. 1929 жылы Бейімбет «Шала сауаттылар үшін оқу кітабын» жасады. Ол кітап 80 мың данамен екі рет басылып шығады. 1933 жылы Ғ.Мүсіреповпен бірігіп «Сауат үшін» кітабын жазады. 1932 жылы С.Сейфуллин, І.Жансүгіровпен бірлесіп «Әдебиет тану оқу құралын» жазып шығады. 1934-1936 жылы Ғабит Мүсірепов, Әміржан Ситдықовпен бірігіп «Сауаттандырғыш» деген кітап бастырып шығарады. Бұл кітап алғашқы жылы 150 мың, келесі жылы 250 мың, содан кейін 75 мың даманамен жарық көрген. Майталман қаламгер, сөз маржанын төгілткен зергер жазушы.

Ақындығы мен жазушылығынан бұрын, ол кісінің журналистік саласында көп істегенін білеміз.  Өз замандастарына қарағанда, қысқа ғұмырының тең жартысын баспасөзге арнаған газеткер болатын. Бейімет әдебиетте қандай із қалдырса, журналистика саласында да  сондай із қалдырды. Баспасөзден ешуақытта қол үзбей, барлық қиыншылығына, ыстық-суығына төзіп жұмыс істеген. Оның журналист ретінде қалам тартпаған мәселесі жоқтың қасы.

Б.Майлиннің журналистикалық жолы  1913 жылдан басталды. Оның ең алғаш баспасөз бетінде жарық көрген дүниесі «Қостанай уезі, Дамбар болысы» деген мақаласы «Айқаптың» 1913 жылғы 15 санында жарияланған. 1914-1916 жылдары Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқып жүргенде «Садақ» атты қолжазба әдеби журнал шығаруға белсене ат салысып, оның редакторы болады. Бұл журалда «Шұға» деген әңгімесі алғаш жарияланады. Б.Майлин «Еңбекші Қазақ» газетінен кейін, Қостанайдағы «Ауыл», республикалық «Ауыл тілі», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, «Жаңа әдебиет», «Әдебиет майданы», «Жаршы» журналдарында жемісті еңбек еткен.

Б.Майлинді қазақ журналистикасының негізін қалап, баспасөз ұйымдастырушысы болып, оның дамып, өркен жаюына зор еңбек сіңірген, тамаша шығармалар қалдырған шебер жазушы, талантты да тағанды журналист деп білеміз.

Б.Майлин - тума талант, дара дарын, қайнар бұлақтың көзіндей жарып шыққан мөлдір судай. Жазу стилі мен шеберлігі бөлек, өзгеге ұқсамайтын публицист, қаламды жүрдек журналист. Оның публицистикасында өзіне тән шеберлігінің қыры мен сыры айырықша ерекшеленеді.

 

 

Пайдаланған әдебиеттер

1.     Бейісқұлов Т. Дарын даралығы.  – Алматы «Қазақстан», 1994ж.

2.     Байменшин С. Майлының Бейімбеті. – Алматы «Білім», 1994ж.