Жуынтаева З.Н. (кандидат филологических наук, доцент);
Е.А.Бөкетов атындағы
ҚарМУ, Қарағанды, Қазақстан
ОРХОН-ЕНИСЕЙ ЕСКЕРТКІШІ – ҚАЗАҚ ӘДЕБИ ТІЛІНІҢ
ҚАЙНАР КӨЗІ
Мақалада көне түркі жазба ескерткішінің, атап
айтқанда, Орхон-Енисей ескерткішінің қазақ әдеби
тілін қалыптастырудағы маңызы туралы сөз болады.
Қазіргі тілімізде қолданылып жүрген дауысты, дауыссыз
дыбыстардың, лексикалық қолданыстардың, морфология,
синтаксис салаларының бастауы осы жазба тілінен бастау алатындығы
қарастырылады.
Әдеби
тілдің тарихы әдеби тілдің қалыптасу, даму жолдарын
өткен дәуірге қатысты мұралар тілін зерттеуден бастап,
әр дәуірдегі сөйлеу мен жазу нормаларының
құрамында болған өзгерістер мен
жаңалықтарды, олардың нормалану процестерін, тілдің
қоғамдық қызметінің дамуын хронологиялық
ретпен зерттеп анықтайды. Ғалым Р.Сыздықова «Орхон-Енисей ескерткішінің тілі –
қазақтың ауызша және жазба әдеби тілдерінің
бір арнасы» [1, 41] деп айтуы бекер емес. Осы пікірді дәлелдеу мақсатында ескерткіш
тілінің лексика-грамматикалық ерекшеліктерін
қарастыруды көздедік. Ескерткіштің түркологияда
зерттелу жайын зерделеу, Р.Сыздықованың әдеби тіл
нормаларының осы ескерткіш тілінен бастау алатындығына ерекше
көңіл бөлуін, оны тілдік деректермен айғақтауын
дәлелдеп көрсету мақаланың мақсат-міндеті болып
табылады.
Көне түркі жазба ескерткіштерінің тіліміздің
тарихын қалыптастырудағы қызметін ғалымдар
көзқарастары дәлелдейді. Мәселен, М.Серғалиев
былай дейді: «Халық ретінде тарих төрінен ҮІ
ғасырдың орта кезінде көріне бастаған көне
тайпаларының білім деңгейі мен жазба мәдениетін әлемге
танытқан Орхон-Енисей ескерткіштері жазба дәстүрдің
негізінде ауызекі сөйлеу тілі жататындығын ескерсек, олардың
да сөйлеу мәдениетінің жоғары көрсеткіші болып
табылатыны шындық. Сөйлеу
мәдениетінің негізгі шарттарының бірі де айтылмақ ойды
білдіретін синтаксистік конструкцияның тиянақтылығы мен
жүйелілігі құрамындағы сөздердің
мағыналық үйлесімі мен сөйлемнің дұрыс
құрылуы болып келеді. …Түркі тілдеріндегі
сөйлемнің құрылымдық заңдылықтарын
анықтап, жекелеген түркі тілдеріндегі сөйлем
құрылысының өзіндік ерекшеліктері мен
ұқсастық жақтарын ажырата білуде Орхон-Енисей
ескерткіштері тілінің маңызы зор» [2, 398].
Көне түркі дәуірінен, оның ішінде Y-Х ғасырлардан бізге мынадай жәдігерліктер жеткені
мәлім:
1) Y ғасырға тән Талас-Енисей
ескерткіштері-мола басына құлпытасқа жазылған
эпитафиялар, олар 1-2 сөйлемнен 5-6 сөйлем көлемінде
айтылған тарих; 2) YIII
ғасырға жататын руна жазулы орхон ескерткіштері:
құлпытасқа қашалып сызылған (жазылған) түркі тайпаларының сол
дәуірдегі атақты қағандары мен батырлары, Білге
қаған, Елтеріс қаған, Күлтегін,
Тонықұқтар туралы тарихи шежірелер; 3) ҮШ-Х ғасырлардағы ұйғыр жазулы жору, аян
айту, діни аңыз түріндегі ескерткіштер (жазбалар) [1, 42].
Руникалық жұмбақ жазуларды шешуге бағытталған орыс ғалымдарының зерттеулеріне көз сала келіп, дат
ғалымы профессор Вильгельм
Томсен оны шешудің кілті
жөніндегі өздерінің қисындары мен жорамалын 1983
жылдың декабрінде атақты түрколог
В.Радловқа жолдады. В.Радлов
бұған дейінгі зерттеулерін және замандас ғалымдардың жорамал
қисындарын ой таразысына
салып, ізденудің нәтижесінде 1894 жылы қаңтарында көне түркі тілінде жазылған Күлтегін
ескерткішіндегі
руникалық
жазудың
тұңғыш
аудармасын берді. Сөйтіп, Н.М.Ядринцев
тапқан жоғарыдағы бұл
ескерткіштің біреуі –
Білге қағанға (735
ж.), екіншісі – оның інісі
Күлтегінге (732 ж.) қойылғаны мәлім болып, мазмұны толық анықталды. Ғылым
саласында ашылған бұл
жаңалық тіл білімінің тарихи-салыстырмалы
бағытын белгілеп, түркология ғылымын
жүйеге келтіруде мықты
қазық болды. Осыдан
бастап түркология ғылымының негізі
қаланып, оның өріс
алуына жаңа кезең
басталды [3,
7-8].
Зерттеуші Ә.Құрышжанов пен
М.Томанов орхон-енисей ескерткіштері тіліндегі
қазіргі қазақ
тілінен
тұлғалық,
әрі мағыналық
жағынан ұқсастығы айқын, ешқандай
айырмашылығы жоқ сөздер деп 130 сөзді, ал қазіргі қазақ тілімен салыстырғанда кейбір
фонетикалық
ерекшелігі бар сөздер деп 397 сөзді, тұлғалық
та, мағыналық жағынан ұқсастық
таппайтын сөздер 311
сөзді тізіп көрсетеді [4, 57]. Әрине, көне
және қазіргі тілдердің бір-біріне
алыс-жақындығы
тек сөздердің санымен
ғана өлшенбейтіндігін мойындай
отыра, дегенмен, лексикалық қордың
негізі іліктестік тауып
жатса,
көне-жаңа
тілдердің де арналарының бір екендігін
көре аламыз [1, 47].
Ойымызды дәлелдеу үшін Орхон жазбаларындағы
фонетикалық, лексика-грамматикалық
ерекшеліктерге назар аударып көрейік.
Көне түркі тілінде 8 дауысты дыбыс болған: а, е, ы, і, о, у, ө, ү.
Бұлардан басқа Енисей ескерткіштерінде бірен-саран сөздерде
жабық қысаң дыбысталатын е дыбысы қолданылған
деп есептейді. Бұл дыбыс, В.Томсеннің түсіндіруінше, е
ашық дауыстысының әлдеқайда қысаң айтылатын
варианты. Сонымен, көне түркі тілінде сегіз дауысты дыбыс болған
деген қорытынды өзгермей қала береді. Сегіз дауысты дыбыс
мынадай топтарға жіктелген: ашық дауыстылар: а, е,
қысаң дауыстылар: ы, і, у, ү, жартылай ашық дауыстылар:
о, у [5, 35].
Қазіргі түркі тілдерінде барлық тілдерге
ортақ болып келетін 23-25 дауыссыз фонема бар деп есептеуге болады.
Дауыссыздардың қазіргі тілдердегі мұншалық үлкен
топ құрауы – тілдердің ұзақ даму процесін
өткізгендігінің нәтижесі. Түркі тілдерінің
тарихта белгілі көне ескерткіші
Орхон-Енисей жазбалары тілдерінде арнаулы графикалық
таңбамен белгіленген дауыссыз фонемалар саны 16-дан аспайды. Сонда
шамамен 7-8 дауыссыз фонеманың қалыптасуы – тілдердің даму
процесінде болған құбылыс. Жаңа фонеманың пайда
болуы әдетте тілдің іштей өзгеріс дамуының
нәтижесі болуы мүмкін немесе басқа тілдермен
қарым-қатынастың нәтижесі болуы мүмкін [5, 37].
Жазудың дауыссыздарды
белгілейтін таңбалары үш түрлі топқа бөлінеді:
жуан (б, д, ғ, қ, л, н, р, с, т, й); жіңішке (б, д, г, к, л,
н, р, с, т, й); әрі жуан, әрі жіңішке (м, н, ң, п, ш,
ч, з). Бұл дыбыстардың қазіргі қазақ тілінде
қолданылып жүргені белгілі. Сондықтан дауысты, дауыссыз
дыбыстардың негізі көне түркі жазбаларынан бастау
алатындығын аңғару қиын емес.
Лексика
саласындағы қолданысты Р.Сыздықова былай көрсетеді:
1) адамдарға және
туыстық қатынастарға байланысты сөздер: ата,
қатун, қыз, іні, сіңлі, келін, йегін (жиен), оғул
(ұл);
2) табиғат
құбылыстарына қатысты сөздер: йер, тағ,
қар, таш, йыл, күн, суб (су), құм;
3) әлеуметтік
қатынастарға байланысты сөздер: ел, іл, йурт, қан
(хан), қаған, бек, бай, күң, чығай (кедей),
төрү (төре, заң);
4) әскери лексикаға
жататын сөздер: сү (әскер), шерік (шеру), уруш, қылыч,
сүңгі, оқ;
5) шаруашылыққа,
тұрмысқа қатысты сөздер: бедіз (өрнек),
ағыл (ауыл), қапығ (қақпа), еб (үй);
6) жан-жануарлар атаулар: адғыр,
ат, інгек (сиыр), бөрі, қой, йылқы, йонт (жылқы), барс,
бічін (мешін);
7) анатомиялық атаулар: баш,
бас, адақ, көз, қаш, құлғақ,
йүрек, сач, тіл, өд (өт);
8) заттардың сынын
көрсететін сөздер: ақ, қызыл, сары, йегрен (жирен),
йашыл, көк, қара, улуғ, бедүк, (биік), йуйқа
(жұқа), йінйічке, қалун (қалың);
9) есімдіктер:
бен, мен, сен, сін, ол, біз, сіз, не, қаны, бу, кім;
10) сан есімдер: бір, екі, үч,
төрт, беш, алты, йеті, секіз, тоқуз, он, йігірмі, отуз,
қырық, еліг, йуз, мың, бің, түмен;
11) етістіктер: ет, олур (отыр), йат,
йарат, көр, біл, тут, йағыл, сақын (ойлан), сығта;
12) үстеулер: ілкі, кідін
(кейін), күнтүз, таңүнтүрү (таң ата)
сияқты сөздер деп бөліп, олардың қазақ
тіліне де тән екендігін, бірлі-жарым фонетикалық
айырмашылықтары болмаса, негізінен сол қалпында
сақталғандығын көрсетеді [1,46-47].
Ескерткіштегі
сөздердің көпшілігі өзінің мағына
жағынан да, тұлға жағынан да қазіргі
қазақ тіліндегі сөздермен бірдей келеді. Ондай
сөздердің қатарына мынадай сөздер жатады: аз,
алқын – алқыну, алп – алып, алты – алты, аң – аң, ара –
ара, арқа – арқа, артық – артық, бар – бар, бас – бас,
бес –беш) – бес, бол – болу, біз – біз, бір – бір, екі – екі, қан –
қан, кел – кел, киік – киік, көк – көк, күн –
күн, қара – қара, қыз – қыз, не – не, ол – ол, оғыз
– оғыз, тоқ – тоқ, темір – темір, сен – сен, өрт –
өрт т.б. Дыбысталуы жағынан өзгеше сөздер: адырылты –
айырылды, анта – онда, аны – оны, анча – сонша, бен –мен, бод –бой, буң –
мұң, екінті – екінші, еліг – елу, йағ – жау, йат – жат,
күч – күш, олур – отыр, іл – ел, ығач – ағаш т.б.
Көне
түркі тілінің морфология саласында да көп өзгеріс
жоқ. Тіліміздегі сөз таптары ескерткіштерде кездеседі. Орхон-Енисей
жазбаларында қолданылған жұрнақтардың басым
көпшілігі қазіргі түркі тілдерінде қолданылып
жүрген қосымшалардың аясынан асып кетпейді. Олар
қазіргі түркі тілдерінің көбінде-ақ өзіндік
дыбыстық құрамы мен білдіретін мағынасын
өзгертпей қатар сақтауымен бірге, өздерінің
өнімді, өнімсіз қасиеттерін де жоймаған. Тәуелдік
жалғаулары мен барыс, табыс септік жалғауларының -ғару,
-геру, -ығ, -іг тұлғалары, -мыш, -міш көне
тұлғалы есімшелер, шартты райдың -сар, -сер
тұлғасының қолданылу ерекшеліктерінен басқасы
қазіргі қазақ тіліне тән болып келеді. Бұл да
морфологиялық тұлғалардың әдеби тілімізде
сақталғандығын байқатады.
Ескерткіштер
тіліндегі сөйлем ішінде кездесетін сөздер қалай болса, солай
айтыла бермейді. Олар белгілі бір тәртіп бойынша өзара
мағыналық және тұлғалық жақтарынан
бір-бірімен байланысып келеді. Олар белгілі сөз тіркестерін жасайды.
Бірақ сөз тіркестерінің құрамында кездесетін
сөздер әр уақыт тең дәрежеде байланыспайды, бірі
екіншісіне бағынып байланысады. Осыған орай олар не салаласа, не
сабақтаса тіркеседі [3,108]. Сөз тіркесінің түрі бізге
көне түркі тілінен жеткендігі даусыз. Оны мына мысалдардан аңғаруға
болады. Түрк будун қанын
болмайын Табғачда адырылты, қанланты – Түркі халқы ханы
болмай Табғаштан бөлінді, ханданды. Қаны сүсі тірілміс
– Ханы, әскері (түгел)
жиналды. Сөйлемдердегі адырылты, қанланды (бөлінді, ханданды)
немесе қаны сүсі (ханы, әскері) сияқты тіркестер
салаласа байланысқан.
Қорыта келгенде, Орхон-Енисей
ескерткіштері әдеби тіліміздің негізіне арқау
болғандығы сөзсіз. Академик Р.Сыздықованың
зерттеулерін басшылыққа ала отырып байқағанымыз:
көне жазбалар тілінің фонетикалық, лексикалық,
морфологиялық, синтаксистік сипаты қазіргі қазақ
тілімен үндесіп жатыр.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Сыздықова Р.
Қазақ әдеби
тілінің тарихы. Алматы: Ана
тілі. –319 б.
2.
Серғалиев М. Синтаксис мәселелері. – Астана, 2006. – 409 б.
3. Айдаров Ғ. Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі. –Алматы: Мектеп, 1986, -173 б.
4. Айдаров Ғ., Құрышжанов Ә.,
Томанов М. Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі. – Алматы, 1971. -359 б.
5.
Томанов М. Қазақ тілінің тарихи
грамматикасы. – Алматы: Мектеп, 1988. – 264 б.