Филологические науки
Пірімбетов Т.Т. (фил.ғыл.канд, доцент, Е.А.Бөкетов атындағы
Қарағанды мемлекеттік университеті, Қазақстан)
Ахметова А.А. (Е.А.Букетов ат. Қарағанды мемлекеттік университетінің
магистранты, Қазақстан)
ШЫЛАУЛАРДЫҢ СИНТАКСИСТІК ҚЫЗМЕТІ
Шылаулар басқа
категорияға тән сөздерден жігін ашып, өз алдына жеке
сөз табы болып табылғанмен, дербес тұрғанда
мағына бере алмайтындықтан, көмекші сөздер
қатарына жатады. Лингвистикада бұл сөз басқа
сөздердің шылауына еріп, көмекші болып қолданылатын
сөздерге атау ретінде қолданылғандықтан, соған
өздерінің алғашқы дербес мағынасынан ажырап,
басқа сөздерге тіркесіп, оларға әр түрлі
қосымша мағына үстейтін көмекші сөздерді
аңғарамыз. Бірақ шылаулар тобына жататын сөздер
бір-бірімен ұқсас бола тұрса да, іштей жалғаулық,
септеулік, демеулік болып жіктеледі де, олардың
әрқайсысының топ-тобына лайықты ғана тән
ерекшеліктері де бар. Олардың бұл ерекшеліктері сөйлем
ішіндегі синтаксистік қызметі арқылы айқындалады.
I.Жалғаулық
шылаулар. Бұл сөздер тек
бір ғана сөзге тәуелді емес. Олар өзара тең,
бірыңғай мүшелердің арасындағы қатынасты
білдіреді. Сондықтан жеке бір ғана сөздің грамматикалық
мағынасын көрсетпей, тең екі сөздің
қызметін анықтайды [1;10]. Тіпті кейбір жалғаулықтар
(сондықтан, себебі, бірақ, алайда, өйткені) жаңадан
басталатын ойға, сөйлемге қозғаушы себепкер болып,
ешбір сөзге, ыңғайластыққа байланысты болмайды,
олардан тәуелсіз тұрады. Сондықтан да
жалғаулықтар сөйлем мүшесінің
құрамына да кірмейді. Мысалы: Ержеткен соң түспеді
уысыма, ... (А.Қ.). Абай Жиренше сөздеріне жауап та айтпады
(М.Ә.). Әрі аға, әрі дос, әрі асқан
тәуекелшіл, ... (Ғ. Мұст.). Шербаков алдағыларды
тежемек емес, бірақ арттағылар жетсін дейді. Сондықтан ...,
кейінде қалған жұмыс участкелерін кқтеруге
көңіл бөледі (Ғ. Мұст.). Дәулет пен
сенің араңа тікен де болуға жараған екем (С.М.).
Бұл
сөйлемдердің біріншісіндегі «соң» септеулігі «ержеткен» деген сөзбен бірлесіп мезгіл
пысықтауыш мүше болып тұр (Ержеткен соң түспеді
...). Екінші сөйлемде «та» демеулігі «жауап айтпады» деген
сөздердің аралығында келіп, объекті мен предикаттың
аралық қатысына ерекше күшейту ұғымын үстеп
тұр, яғни Жиреншенің сөзіне Абай тіпті
үндемегенін аңғартса, екіншіден басқа жағдайлар
жасамақ түгіл жауаптың өзі берілмегенін
аңғартады. Кейінгі сөйлемдердегі «әрі, бірақ,
сондықтан, пен» жалғаулықтары сөйлемдерді
логикалық жағынан байланыстырып тұрғаны болмаса,
маңайындағы сөздердің мағыналарына әсер
етпейді және олардың мүшелік құрамына да еніп
тұрған жоқ. Олай болса жалғаулықтар сөздер
мен сөйлемдердің арасындағы логика-грамматикалық
қатыстар мен байланыстарды білдіреді. [2;726]
ІІ. Септеулік
шылаулар. Септеуліктер есім және есімге айналған сөздерге
тіркесіп, сол сөздердің мағыналарына көлемдік,
бағыттық, мезгілдік, мақсаттық, себептік,
мөлшерлік, бірлестік, көмектік, үдетпелі, жобалық,
ықшамдылық, ұқсастық сияқты тағы
басқа аралық ұғымдар жамап, дербес мағыналы
сөздердің семантика-грамматикалық мағыналарын
айқындайды. Септеулік шылаулар жалаң және күрделі
есімдерге тіркесіп, олардың ішкі мағыналық та, сыртқы
тұлғалық та жақтарына қосымша өң
беріп, жаңа грамматикалық мағына үстеп тұрады.
Егер жалғаулықтар бір-біріне тең сөздерді я
сөйлемдерді байланыстырса, септеуліктер өзара бағына
байланысқан сөздерге тіркесіп, олардың аралығындағы
байланыстарды септестіріп отырады.
Септеулік шылаулар
әдетте табыс пен жатыс септіктен басқа септіктердегі
сөздермен тіркеседі де, сол сөздің мағынасын
нақтылай, айқындай түседі. Мысалы: ...
Күңкілдесіп сөйлескен бір-екі жаяу
Мүсірәлінің үйіне қарай келді (С.С.).
Төрден есікке дейін шашылып жатқан кәмпит
қағаздары көрінеді (М.Ә.). Жолаушының кірпігіне шейін
қырау тұрып қапты (М.Ә.).
Бұл
сөйлемдердегі «қарай, дейін, шейін» септеуліктері өздері
тіркескен сөздерге әртүрлі үстеме мағына жамап
тұр: «қарай» септеулігі үйге жақындап,
таяғандықты, бірақ үйге әлі жетпегендікті, тек
бағытталғандықты білдіреді. Тек қана «үйіне
келді» десек, онда үйге тікелей келуі, жеткен болуы мүмкін. Олай
болса, қарай септеулігі тіркескен сөздің
ұғымы септеуліксіз айтқан тұлғадан басқаша
болып шығады. Сол сияқты, екінші сөйлемде «дейін» септеулігі
кәмпит қағазының төрден бастап, есікке жеткенше
(сол екі арадағы) кеңістік шегінің аясын, мөлшерін
білдіреді. Бірақ «дейін (шейін)» септеулігінің басқа да
мағынасы барлығын байқауға болады. Мысалы, үшінші
сөйлемде қыраудың жолаушының үстінде тұрмаған жері жоқ екенін
аңғартады. «Дейін (шейін)» септеулігі бір нәрсені түгелдей
қамту (түгел қатысу) сияқты ұғымды да
білдіреді (Демонстрацияға еңкейген шал мен еңбектеген
балаға дейін қатысты).
Септеуліктердің
тағы да бір ерекшелігі бар. Олар өздері тіркескен
сөздердің семантика-грамматикалық мағынасын
толықтырумен бірге, сол сөздердің сөйлем ішіндегі
басқа сөздермен байланысын да қамтып, оларды бір-бірімен
септестіріп тұрады. Бұл жағынан қарағанда, олар
септік жалғауларына ұқсайды. Бірақ септеулік
сөздер – өздерінің лексикалық дербестігін біржолата
жоймаған сөздер бола тұрса да, жалғаулардың
семантикасын айқындап, толықтырып, олардың қызметін де
анықтай түседі. Мысалы: Дәркенбайдан айрылған соң,
Құнанбай көпке шейін үн қата алмай,
томырыла, түйіліп қалған-ды (М.Ә.). Мен сияқты
жүк көтерсең де өлмейсің (С.М.). Бұлар
көмірге Мұсақай арқылы алындық деп
ойлайтындар еді (Ғ. Мұст.). ... Әрбір еңбекші
адамның бойын бостандық үшін күресу деген сананы
сіңіреді (С.М.).
Бұл
сөйлемдердегі «шейін, сияқты, арқылы, үшін»
септеуліктері өздері тіркескен сөздерін (олардың
үстейтін мағыналарын сөз етпегенде), келесі сөздермен
байланыстырып, оларға жалғастырушы дәнекер болып тұр.
Бұл септеуліктер өзінің алдындағы сөздермен
немесе өзінен соңғы сөздермен тіркеспесе әрі
жоғарыдағы сөйлемдердегі сөздердің араларында
байланысқан ұғым болмас еді, әрі басқа бір
ұғым туған болар еді. Мысалы, шейін септеулігінсіз
көпке үн қата алмай десек, көп уақытқа
дейін деген мағына емес, көп кісіге ... деген ұғым туар
еді.
Септеуліктер
өздері тіркескен сөздерімен құралып барып
сөйлемнің бір мүшесі болатын тіркестің ішіне енеді
және осыған орай тіркескен сөзінің қызметін де
өзгертіп, оған қойылатын логикалық сұрауды да
өзгертіп жібереді. Мұны септеуліктердің шылаулардың
өзге топтарынан ерекшеленетін бір белгісі деп қарау керек. Мысалы:
Қосқа апарайық. Содан кейін бір жөні болар.
(С.М.) ... Өскен сайын басшылыққа қойылатын
тілек, талап та өсті. (Ғ. Мұст.) Оған шейін бір
рет болса да тойынып алайық.
Бұл
сөйлемдердегі «содан кейін, өскен сайын, оған шейін»
тіркестерінің әрқайсысы қашан? Сұрауына жауап
беріп, өз алдына жеке-жеке күрделі мезгіл пысықтауыш болып
тұр.
Ал осы тіркестердегі
«кейін, сайын, шейін» септеуліктерін қоспай айтсақ, «Содан бір
жөні болар. Өскен басшылыққа қойылатын тілек,
талап та өсті. Оған бір рет болса да тойынып алайық»
сияқты болып шығар еді де, содан сөзіне кімнен? неден?
сұраулары қойылып, толықтауыш болып, өскен сөзі
қандай? Сұрауына жауап болып, анықтауыш болып, оған
деген сөз неге? (неменеге?) сұрауына жауап беріп толықтауыш
болып кетер еді.
Сөйтіп,
септеуліктер өздерінің лексикалық дербестіктерін сақтай
отырып, сөйлем ішіндегі сөздердің мағыналарын
дәлдеп, нақтылап, анықтаумен бірге, олардың
байланыстарын да ұштастырып, сөйлемді стильдік жақтан да
жатықтандырады.
ІІІ. Демеулік
шылаулар. Демеуліктер септеуліктер
сияқты:
Біріншіден,
өзі қатысты сөзден кейін келіп, оларға алуан
түрлі абстракциялы мағына қосу үшін қолданылады.
Олар өзі тіркескен жеке сөздің я бүтіндей
сөйлемнің мағынасына адамның әр түрлі
көңіл-күйінің реңкін, райын үстейді.
Екіншіден,
демеуліктер өздері тіркескен сөздердің белгілі бір формада
(тұлғада) ғана тұруын қажет етпейді;
үшіншіден, олардың (демеуліктердің) көпшілігі
қосымшалар сияқты, өзі тіркескен сөздерінің
соңғы дыбыстарының әуеніне қарай еріп, белгілі
(ма//ме, ба//бе, па//пе; да//де, та//те; ғой//қой;
ғана//қана т.б. сияқты) дыбыстық вариантта келеді.
Бұл жағынан демеуліктер қосымшаларға
ұқсайды. Бірақ қосымшалар белгілі бір сөз табына
ғана телулі болса, демеуліктерде ондай талғам жоқ, олар
әр алуан тұлғадағы әртүрлі топтағы
сөздерге тіркесе береді.
Жалғаулықтар
сияқты, демеуліктер де мағынасы тең болғанымен,
тұлғасы жағынан бірыңғай болып келетін
сөздердің арасына дәнекер болып келеді де, септеуліктер
сияқты оларды септестіріп байланыстырып та тұрады. Сондықтан
демеуліктердің өздеріне тән ерекшеліктері бола тұрса
да, олар көмекші сөздердің өзге топтарымен
(жалғаулықтармен, септеуліктермен) бірге
семантикалық-грамматикалық бір топ ретінде қаралуға
тиісті. [2;665] Мысалы: Болдың ғой Кремльде? Соны айтшы
(Ғ. Мұст.). Олжекеңмен ойнаған ғой біреу
(Ғ. Мұст.). Апыр-ау, дала боран боп кеткен бе? Әлгінде
ғана күн толас еді ғой? (С.М.). Дәркенбай ше?
Ол енді қайтеді? (М.Ә.).
Осындағы
бірінші сөйлемде ғой болжай, сұрау қоя
қарауды аңғартса, екінші, үшінші сөйлемдердегі ғой
демеулігі ойға жорамал, күдік туғыза айтқандықты
білдіреді. Ал үшінші сөйлемдегі -ау демеулігі
таңдануды, бе боранның болғаны туралы анық
сұрауды, ғана демеулігі мерзімді мөлшерлеп,
шақтағандықты білдіріп тұр. Төртінші
сөйлемдегі ше демеулігі де сұрауды білдіреді. Осы мысалдарда
сұраулы сөйлем жасауға дәнекер болып тұрған
«ғой, бе, ше» демеуліктерінің өзара ерекшеліктері де бар. Ал,
екінші сөйлемді ғой демеулігінсіз «Олжекеңмен
ойнаған біреу» деп айтуға болады. Бірақ онда
сөйлемнің мағынасы да, құрылысы да мүлдем
басқа боп кетеді; «ойнаған ғой» тіркесі баяндауыш болса,
«ғой» демеулігінсіз айтсақ, ойнаған – анықтауыш та,
біреу – анықталушы болады. Ендеше демеуліктерді септеуліктен де, жалғаулықтан
да ерекше бөлініп шығатын қасиеті бар категория деп
қараған дұрыс. Бірақ демеуліктер сөздерді,
сөйлемдерді байланыстыру үшін қызмет етпейді [1;9] деген
пікірмен мүлдем келісуге болмайды. Өйткені олар – өзіндік
ерекшелігі бола тұра, сөйлем ішіндегі сөздерді де,
сөйлемнің мағынасын да толықтырып, байланыстыратын
грамматикалық мағынасы да бар категория.
Демеуліктердің
қосымшаларға, әсіресе, жұрнақтарға
бейімділігі де жоқ емес. Мысалы, сұраулық ма//ме
демеулігі негіз бен жіктік жалғаудың арасына түсіп бірігіп те
кетеді (Бармысың? Студентпісің?). Сондай-ақ, етістіктің
тілек-өтініш, қалау мағынасын білдіретін (айт+шы,
айтсаң+шы, көр+ші) шы//ші жұрнаққа айналып
кеткен. Демеуліктердің мағыналары жұрнақтардан
гөрі де абстрактылы. Сондықтан да олар көбінесе синтаксистік
қызмет атқарады. [3;129]
Сөйтіп,
демеуліктер деп сөздің я сөйлемнің мағыналарына
күшейту, тежеу, сұрау, күмандану, құптау,
таңдану, мадақтау, өкіну, ренжу т.б. сол сияқты
көңіл-күйіне байланысты әр түрлі қосымша
реңк, өң жамап, абстракты мағына үстейтін шылау
сөздерді айтамыз.
Демеуліктер – тілді
стильдік жағынан көріктендіріп, мәнерлей түсетін аса
қажетті сөздер. Бұлардың да өздеріне тән
іштей сараланатын сипаттары және қалыптасу тарихы бар.
Сонымен, шылау деп
аталып жүрген көмекші сөздердің тобы іштей өзара
жалғаулық, септеулік, демеулік болып бөлінеді. Осы үш
түрінің ішінде септеуліктер мен демеуліктер тобының
грамматикалық қызметі жағынан да, логикалық-мағыналық
жағынан да жалғаулықтардан айтарлықтай
айырмашылығы бар. Септеуліктер мен демеуліктер негізінен дербес
сөздерге тіркесіп айтылып, сол дербес сөздердің сыртқы
тұлғасына да, ішкі мағынасына да үлес қосады, сол
сөздің құрамында жай сөйлемнің ішіндегі
сөздерді байланыстырады да, оларды біртұтас логикалық
байланысқа келтіреді. Ал, жалғаулықтар олай емес.
Жалғаулықтар жеке сөздерді демемейді. Олар бір-біріне
тең екі сөзді, сөйлемдерді, көбінесе дербес
сөздерді ыңғайластырады. [4;515]
Сөйтіп
жалғаулықтардың осындай жайттарын еске алып
қарағанда, жалғаулық категориясын септеулік пен демеуліктерге
қоспай, өз алдына дербес сөз табы деп қараған
дұрыс деп ойлаймыз да, соған байланысты жалпы шылаулар тобына
жатқызылып жүрген септеуліктер мен демеуліктерді демеу сөз
деп атап, дербес сөз табы ретінде қараған жөн.
Оған негізгі дәлел: демеуліктер мен септеуліктер жеке дербес
мағынада қолданылмағандарымен, басқа сөз
таптарының шылауында жүрмейді. Қайта, септеуліктер
өзара тіркескен сөздерді меңгеріп тұрады да,
демеуліктер өздері тіркескен сөздерге
көңіл-күйіне байланысты әр түрлі
мағыналық әуен, ұғым үстемелейді.
Сөйтіп, демеу сөздер (септеуліктер мен демеуліктер) өздері
тіркескен сөздерін тұлға жағынан да, мағына
жағынан да демеп тұрады.
Әдебиеттер
тізімі
1.Әміров Р.
Қазақ тіліндегі жалғаулықтар. – Алматы, 1959. – 10-бет.
2.Виноградов В.В.
Русский язык (Грамматическое учение о слове): Уч. пос. для студ. вуз. по спец.
– 3-е изд. испр. – М.-Л., 1986. – 853с.
3.Дмитриев Н.К.
Грамматика башкирского языка. – М.-Л.: Высш. шк., 1948. –
275с.
4.Баскаков Н.А.
Каракалпакский язык. – М., 1952. – 543с.