Филологические науки /     Теоретические и методологические проблемы  исследования языка.

 

А.С. Адилова, филология ғылымдарының докторы,

Г.А. Кенжебекова, магистрант

Академик Е.А. Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті

Қазақ көркем мәтіндеріндегі дала образы

 

Көркем әдеби үдеріске қатысушы ақын-жазушылар өзінің таным-түсінігіне сай өзін қоршаған ортаны, ондағы түрлі өзгерістерді оқырманға ерекше әсерлі етіп жеткізуді көздейді. Осы тұрғыда қазақ прозалық және поэзиялық мәтіндерінде ауыл (дала) мен қала образының интерпретациясы зерттеушілер назарынан тыс қалып жүр.

    Жалпы қазақ халқының  тұрмыс-тіршілігі, таным-нанымы көшпелі өмір салтына байланысты болғандықтан, оның дүниетанымында дала, далаға тән кеңдік, сол дала тіршілігіне бейімделу үнемі көрініс табады. Әлеуметтік, саяси, тарихи, қоғамдық өзгерістерге  байланысты қазақтардың көшпелі өмір  салты біртіндеп отырықшылыққа көшкеннен кейін далаға тән және даламен байланысты халықтың бойында, ойында, мінез-құлқында  қалыптасқан қасиеттер, белгілер ауыл ұғымына көшті, яғни қазақтарға тән кеңдік, жомарттық, ақ ниет, кеңпейілділік тікелей ауыл ұғымымен байланыстырылады. Ғаламдық урбанизациялық үдеріске байланысты қазақ халқының қалаға шоғырлануының нәтижесінде халық психологиясы, менталитеті, мінез-құлқы, әлемді танып-түйсінуі өзгеріске ұшырады. Осы себепті қазақ қаламгерлерінің түрлі буындарының көркем шығармаларында (мәтіндерінде) қала мен дала образы түрліше интерпретациялана бастады, тіпті көп жағдайда қарама-қарсы қойыла бастады, яғни көркем мәтіннің вербалды қабатындағы осы образдардың контраст мәнді тілдік құралдармен берілуі жиі байқала бастады.

Кез келген халықтың тіл байлығын оның сөздік қоры, грамматикалық мүмкіндіктері және концептосферасы танытады, анықтайды. Зерттеушілердің пікірінше, концептосфераның құрылымында түрлі зоналар бар: «В структуре концептосферы есть ядро (когнитивно-пропозициональная структура концепта), приядерная зона (иные лексические репрезентации важного концепта, его синонимы и т.д.)  и периферия (ассоциативно-образные репрезентаци. Ядро и приядерная зона преимущественно репрезентируют универсальные и общенациональные знания, а периферия - индивидуальные)» [1; 2: 95].

Қазақ халқының ұлттық концептосферасының өзегі деп саналатын концептінің бірі – дала, оның бір тармағы – ауыл.

 Концептілер – белгілі бір мәдениетті онсыз елестету мүмкін болмайтын ең күрделі, маңызды ұғымдар. Олардың саны шектеулі, себебі кез-келген атау - таңба құбылысы концепт бола алмайды. Белгілі бір мәдениет үшін құнды, өзекті және өзінің бекітілуі үшін саны көп тілдік бірліктерге ие, мақал-мәтелдердің, поэтикалық және прозалық мәтіндердің тақырыбы бола алатын шындық құбылыстары ғана концепт бола алады. Олар халық жадының мәдени иегерлері. Ю.С.Степанов концептіні «адам санасындағы мәдениеттің «мәйегі»; адамның ментальді әлеміне мәдениеттің сол бір түрде енетін түрі» дей келіп, «Концепт – это то, посредством чего человек – рядовой, обычный человек, не «творец культурных ценностей» – сам входит в культуру, а в некоторых случаях и влияет на нее» [3, 43] деп, оның тұтас ұлтқа ортақтығын көрсетеді.  Сонымен қатар концептілер «преисполнены конкретности, они по сути своей близки короткому, но емкому рассказу» [4, 215].

   Концепт жинақталған білімді жаңа ситуацияға ауыстыруға және жаңа ақпаратты қазіргі таңда, қолда бар сөздің негізінде қарастыруға мүмкіндік береді. Ж.Т. Балмағамбетованың ойынша: «концепт обладает сложной структурой, включающей помимо понятийной части социо-психо-культурную часть, которая не столько мыслится носителем языка, сколько переживается им, она включает ассоциации, эмоции, оценки, национальные образы и коннотации, присущие данной культуре» [5, 56]. 

Концептінің мағынасы сөз мағынасынан әлдеқайда ауқымды, яғни концептілер сөз бен экстралингвистикалық болмыстың арасындағы дәнекер және ол сөздің бір ғана мағынасы емес, тіпті сөз мағынасында қамтылмайтын түрлі ассоциациялармен де беріле алады. «Дала» образы – осындай концептінің бірі. 

«Дала» сөзін лексикографиялық деректер былай анықтайды: 1. Кең байтақ жазық өңір, құла дүз. ... 2. Есік алды, тыс. ... 3. Ауылды жер, қыр. Бұл сөздің осында көрсетілген мағыналары ақын М.Мақатаевтың «Біздің жақтың іңірі» өлеңінде (жасырынған күн мен ауылдың елең-алаң түні, егіс даласындағы қызған еңбек, ауыл түнінің оттары, адамдардың дауысы, пысқырынған аттар, сықырлыған арба, тасыған арна, қыр астынан шыққан ай) көрсетілсе, бірінші мағынасы М.Жұмабаевтың «Жазғы жолда» шығармасында жағымсыз реңде өзектенген: шаң үйірілген, аспан күңіреніп, жерді қусаған жапан түз, меңіреу дала. Ж. Қашқыновтың өлеңінде осы кеңдік мағынасы мүлде қарама-қарсы сипатта, яғни мұндағы жағымды мән айқындауыш болып тұрған синоним сөзбен күшейтіле түскен:

... Топырағыңды тағы айналып баысппын,

Сағыныштың жырын шайқап тасыттың.

О, туған жер, гүл жазира – кең дала,

Мен өзіңе өмір-бақи ғашықпын!

Ал С. Ақсұңқарұлы өз өлеңіне дала туралы барлық түсінік-пайымын енгізген, яғни осы сөздің лексикалық мағынасына кірмейтін, алайда ұлттық әлем бейнесіне тән ассоциациялар байқалады:

Дала десең жарқ етер –

Даңқым!

деген бір өлең.

Дала десең жарқ етер –

Халқым!

деген бір өлең.

Махаббатым шығар-ау Махамбеттің туғаны.

Ер ұлдарым болмаса –

ез екем деп жүрер ем!

Дала десең жарқ етер –

Сұлулық!

деген бір өлең.

Дала десең жарқ етер –

Ұлылық!

деген бір өлең.

Арман шығар даламда Абайымның туғаны.

Абайларым болмаса –

ақымақпын деп жүрер ем!

Тарих стадионы – Дала! Тәні – қан-жоса!

Жалт қарады Ұлына ол көгін тұман торласа.

Батырлары болмаса – қорқақ бүкіл адамзат...

 

Ақымақ бүкіл адамзат – Ақындары болмаса!

Байқалып отырғандай, дала образын ақын коннотациясы айқын сөздер арқылы бірнеше тармақпен көрсетеді және олардың бәрі ұлттық дүниетаныммен, тарихпен, мәдениетпен тікелей байланысты. Жағымды және жағымсыз бояулы сөздердің контраст семантикасы арқылы дала образындағы қайшылық та байқалады.

Кең далада еркін өскен қазақтың бойынан табылатын қасиеттердің қатарында жайсандық, жомарттық, ашықтық, кеңдік, сезімталдық, адаммен қарым-қатынаста және өз ісіне адалдық, ар-намысты жоғары қою, рухани әлемінің байлығы, адамзатқа мейіріммен қарау, ақ көңілділік, уәдеге берік болу, айтқан сөзін орындау қазақтың бойынан табылатын қасиеттер еді, бірақ урбанизациялану үдерісі кезінде бұлар біртіндеп өзгере бастады. Үлкен қалада өмір сүру, ондағы күнделікті қарбалас тіршілік, шектелген аумақ, түрлі эмоциялар мен әсерлерді жасыру, дәстүрлі  мәдениеттің мегаполистегі тұрмыспен қабыспауы, көптеген жайттарға қатысты ұлттық көзқарастың жоғалуы қазіргі қоғамда өмір сүріп жатқан адамның мінез-құлқына өзінің таңбасын салып кетті. Басым көпшілігі қала тұрғындарына айналып үлгерген халық кеңдікті жоғалтып, бар нәрсені жоқ дейтін, басқа адамдарға аса бір сенімсіздікпен, қорқынышпен қарайтын болды, құдайы қонақ келеді деп әрқашан ашық жататын есік жабық тұратын болды, бұрынғы жайсаңдық пен ашықтық біртіндеп келмеске кете бастады, мінез өзгеріп,  екі сөйлеушілік,  көрсеқызарлық, қатыгездік көп байқалуда. Мұның бәрі бұрынғы қазақтың қанында, жанында бар қасиеттерден арылуға себеп болып отыр. Ұлттық дүниетанымдағы осындай өзгерістер қазақ ақын-жазушыларының көркем мәтіндерінде көрініс табуда, бірақ бұл басқа мақала тақырыбы.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

 1. Лихачев Д.С. Концептосфера русского языка // Русскаясловесность. Антология. – М., 1997.

2. Маслова В.А. Современные направления в лингвистике: учебное пособие / В.А. Маслова. – М.: Издательский центр «Академия», 2008. – 272 с.

 3. Степанов Ю.С. Константы. Словарь русской культуры. Опыт исследования. – Москва: Школа «Языки русской культуры», 1997.

4. Алефиренко Н.Ф. Лингвокультурология: Ценностно-смысловое пространство языка. – М.: Флинта: Наука, 2010.

 5. Балмагамбетова Ж.Т. Теория художественного перевода: интегративно – концептологический аспект: монография / Ж. Балмагамбетова – Астана: Мастер По, 2013