Филологические науки

 

Амирбекова Махаббат  Рахимтаевна   (пед.ғыл.канд, доцент) Жарылғапова Анар  Сануаровна (магистрант)

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

ПРОФЕССОР Т.Р.ҚОРДАБАЕВ  ЖАЗБА ЕСКЕРТКІШТЕР ТІЛІ ЖАЙЫНДА

 

1960 жылдардан былай қарай синтаксистің зерттелуі кең ауқымдағы материалдардан гөрі жеке тақырыпты қарастыруға ұласты. Бұған мысал ретінде 1964 жылы жарық көрген Т.Р.Қордабаевтың «Тарихи синтаксис мәселелері» монографиясын атауға болады [1].

Тілдің басқа салалары сияқты синтаксистік құрылысы да заман өткен сайын өзгеріп отырады. Т.Р.Қордабаев қазақ тіліне тікелей қатысы бар жазулар ретінде XV-ХУП ғасырлардағы Қадырғали Қосымұлының, Абылғазы Бахадур ханның шежірелерін, қазақ жүздерінің, руларының Ресеймен жазысқан әртүрлі қағаздарын атап көрсетеді. Қадырғали Қосымұлының шежіресі үлкен тілдік ескерткіш болып табылады.

Шежіре тілінің синтаксистік құрылысына келсек, оның негізгі-негізгі категорияларын, атап айтқанда септік, тәуелдік, жіктік, көптік жалғауларының қызметтері мен тұлғаларын, сөйлем типтерін, сөйлем мүшелерін Т.Р.Қордабаев талдап шыққан болатын.

Зерттеуші шежіре тілінде жай сөйлемдер көбірек қолданылғандығын айтады: түркі тілдеріне тән емес Сархад Хорасан шекарасы, уалайат Тибет деген сияқты инверсияның бар екенін, сөйлем мүшелерінің орын тәртібінің бұзылып отыратындығын айтады. Ал Р.Сыздықованың айтуынша, Қадырғали шежіресінің стильдік ерекшеліктерінің дені мәтіннің синтаксистік құрылысына қатысты болып келеді. Сонымен бірге мұнда түркі тілінің кейбір синтаксистік тәртіптері, мысалы, сөздердің орналасу тәртібі бұзылып берілген тұстар бар. Аудармашы парсы синтаксисінің тәртібімен аударған. Түркі синтаксистік нормаларынан бұлайша аутқулардың себебі біз тілін талдап отырған шығарманың дені аударма болғандықтан, яғни парсы тілі синтаксисі әсерінен ғана емес, біздің ойымызша, сол кезеңдегі түркі прозасының синтаксистік, стильдік нормасының әбден қалыптасып қатаң жүйеге айналмағандығынан деп біледі [2].

Зерттеуші Т.Р.Қордабаев талданып отырған еңбекте құрмалас сөйлемдер кездесетіндігін айтып, олардың салаласа құрмаласқан жалғаулықсыз түрі бір-бірімен төмендегідей жолдар арқылы байланысқанын атап өтеді:

1.     Салалас сөйлем компоненттері бір бастауышқа ортақтасып тұрады.

2.     Сөйлемдер компоненттерінің бірлігін күшейтіп тұрған дәнекер алдыңғы сөйлемде аталған зат есімнің екінші компонентте есімдік түрінде қайталанып айтылуы.

3.     Бірінші жай сөйлемдер жалпылық сілтемелік мәнде айтылған да, олардың мағыналары кейінгі жай сөйлемдер арқылы ашылған.

4.     Жай сөйлемдердің бір-бірімен іргелесе құрмаласуында компонент баяндауыштарының  бірыңғай шақтық, бірыңғай жақтық мағынада тұлғалас болып келуінің де үлкен мәні бар.

Бұлар бір сөйлем емес, одан өрісі әлдеқайда кең. Бұлар сөйлемдер қосындысы, яғни синтаксистік күрделі бір единица. Мұндай күрделі единица құрмындағы компоненттер бірлігі олардың мағына бірлігінен, барлығы бірігіп, бас- аяғы бүтін біртұтас пікірді білдірулерінен кейінгі компоненттер ішіндегі жалғастырушы есімдіктерден байқалады деп атап көрсетті [1,89].

«Тауарихта жиі кездесетін жалғаулықсыз салалас сөйлемнің жасалу жолдарына қарағанда, жеке-жеке сөйлемдердің мағыналық жақындықтарына өзара қосылып бірігуінен құрмалас сөйлемнің алғашқы түрлері пайда болған дейтін қағиданың дұрыстығына сенім арта түседі», - дейді Т.Р.Қордабаев. Т.Р.Қордабаев тілші ғалымдар Р.Сыздықова мен Ә.Құрышжановтың осы ескерткіштер туралы өзара пікір алысуларына былай деп жауап береді: «Әңгіме авторлары өздеріне Қадырғали Жалайыр кім, оның еңбегі қандай туынды болып  табылады?  Қолжазба нұсқаларын бұрын кімдер зерттеген? деген сұрау қояды да, оларға жауап береді. Бірақ сол жауаптары өздері іске алғысыз етіп көрсетуге тырысқан менің еңбегімдегі пікірлерімен үндесіп жатыр» [1, 25].

Түркі туыстас тілдердің ХҮІІ ғасырдан сақталған жазу нұсқалары ішіндегі көрнекті орын алатын еңбек «Шежіре-ит түрік» атты шығарма. Бұл шежіренің авторы – Шыңғыстың ұрпағы, Хиуаның ханы Араб Мұхаммед ханның баласы Абылғазы. Абылғазы – өз заманының көрнекті қолбастаушысы, әрі тарихшысы болған адам. Бізге Абылғазы Баһадур ханның екі тарихи еңбегі белгілі. Оның біріншісі – «Шежіре, түрікмен» де, екіншісі – біз талдағалы отырған «Шежіре түрік». Бұл қолжазба 1891 жылы Шамелддин Хұсаинұлының қаражатымен Қазанда басылып шыққан. Түркологиялық еңбектердің кейбіреулерінде Абылғазы шежіресі татар диалектісінде жазылды десе, екінші біреуінде көне өзбек тілінде жазылған дегенді айтады. Ал Абылғазының өзі жалпы түркі халықтарына түсінікті тілде жазуға тырыстым дегенді айтады.

«Шынында да шығарма тілі өте жеңіл, қарапайым, түсінікті. Тілінің қазақтарға түсініктілігі жағынан алғанда, бұл шежіре Қадырғали жазған «Жамиғ-ат-тауарихтан» да жақынырақ деуге болады. Өйткені Қадырғали шығармасында бізге түсініксіз араб, парсы, моңғол сөздері едәуір жиі қолданылса, бұл шежіреде ондай сөздер аз. Олардың орнына түркі туыстас халықтарға түсінікті ортақ сөздер қолданылып отырылады» [1,100] деп көрсетеді.

Т.Р.Қордабаев сонымен бірге шежіре тілі «Жамиғ-ат-тауарихқа» ұқсайтынын, тіпті кейбір бөлімдерінің бір-бірінен көшірілгендей болып келетінін атап көрсетеді. Атап айтқанда, «Тауарихтағы» сияқты мұнда да қазіргі әдеби тілімізде -с, -н, -у. -ы, -і дыбыстары келетін орындарда –ш, -и, -ғ, -ұ, -ү дыбыстары келіп отырады. Мысалы: Ол бір тағ-ға шық-ды [1,100].

«Тауарихтағы» сияқты бұл еңбекте де баяндауыш қызметіндегі үшінші жақтық етістік көптік жалғаулы формада айтыла береді. Сол сияқты, көптік жалғауы екі шежіренің екеуінде де қазіргі әдеби тілімізде жалғанбайтын, нақтылы саны белгілі, яғни сан есімнен болған анықтауышы бар зат есімдерге де жалғанады. Айтылғандары сияқты көптеген бірліктерімен қатар бұл екеуінің арасында біраз өзгешеліктер де жоқ емес, ол өзгешеліктер бұлардың грамматикалық және лексикалық жақтарынан кездеседі. Алдыңғы шежіреге қарағанда мұнда етістіктің бірсыпыра түрлерінің синтаксистік қызметтері әлдеқайда күрделенген. Өткен шақтық -ып, -іп, ауыспалы шақтық -а, -е, -и көсемшелер алдыңғы сөз болған шежіреде өте сирек кездессе және бұлар арқылы жасалатын күрделі етістіктер жоқтың қасында ғана болса, талданып отырған еңбектер олар – өте жиі және әртүрлі синтаксистік қызметтерде қолданылады. «Тауарихта» көмекші функциясынада қолданылатын етістіктер өте шағын, етістіктің күрделі түрлері сирек кездесетін болса, мұнда көмекшілік қызмет атқаратын, етістік түрлері де соған  сәйкес күрделі етістіктер  де  әлдеқайда мол кездеседі. Етістіктердің  осы айтылғандарындай синтаксистік қызметінің жетіле түсуі «Шежіре түріктің» бүкіл синтаксистік құрылысына елеулі әсерін тигізген. Оның сөйлемдерін түр жағынан, құрылысы жағынан «Тауарихтағыдан» көп жетілдіре, икемді, орамды ете түскен [3, 125].

 «Тауарихта» көмекші функциясында қолданылатын етістіктер өте шағын, етістіктің күрделі түрлері сирек кездесетін болса, мұнда көмекшілік қызмет атқаратын, етістік түрлсрі де соған сәйкес күрделі етістіктер де әлдеқайда мол кездеседі. Етістіктердің осы айтылғандарындай синтаксистік функцияларының жетіле түсуі «Шежіре түріктің» бүкіл синтаксистік құрылысына елеулі әсерін тигізген. Оның сөйлемдерінің түр жағынан, құрылысы жағынан «Тауарихтағыдан» көп жетілдіре, икемді, орамды ете түскен. «Тауарихта» ерді, болғай деген сияқты бірнеше түрлі ғана етістіктерге аяқталып отыратын бір тектес, бірыңғай құрылысты сөйлемдер өте жиі және ұзак-ұзақ болып кездесіп отырса, талданған шежіредегі сөйлемдер өзінің баяндауышы арқылы құбылып, сан түрге еніп отырады да, тартымдылығы, әсері алдыңғы еңбектегіден күштірек болып келеді. «Тауарихта» е көмекшесі біраз орында ғана еді болып келетіні болмаса, негізінде ерді түрінде кездеседі. «Шежіре түрікте» бұл көмекші қазіргі тіліміздегі сияқты тек -р дыбысысыз ғана айтылады. Сұрау шылауы «Тауарихта» бірде ма, бірде ми болып келсе, талданып отырған еңбекте ол тек ми түрінде ғана кездеседі.

Қазіргі әдеби тілімізде көмектес жалғауы деп аталатын, құрамдылық, көмектестік мағыналарды білдіретін шылау «Тауарихта» бірлен, бірлә, илән, илә болып әртүрлі дыбыстық құрамда айтылса, соңғы шежіреде ол бір ғана илән түрінде қолданылады. «Тауарихта» туынды сын есім жасайтын -лы жұрнағы -лығ түрінде қолданылса, соңғы шежіреде ол қазіргі әдеби тіліміздегі сияқты -лы, -лі түрінде колданылған: Атлығ атлы, узун бойлығ - ұзын бойлы.

Профессор Т.Р.Қордабаев мынадай қорытынды жасайды: «Бұл екі шежіре арасындағы үлкен өзгешелік олардың лексикасында «Тауарих» лексикасының үштен біріне жуығы араб, парсы, моңғол сөздері болып келсе, «Шежіре түрікте» жүздің тоқсан-тоқсан бес проценттейі түркі сөздері» [1,106]. Шежіредегі сөйлем құрамына енетін сөздердің бір-бірімен қарым-катынасқа келтіретін байлауыш дәнекерлердің «Тауарихтағыдан» айтарлықтай өзгешелігі болмағандықтан, олар бөлек қаралмай өздері қатынасты синтаксистік категориялармен бірге сөз болады.

Алдыңғы шежіредегі сияқты мұнда да сөйлемдер ықшамды, аз сөзді болып келеді. Жай сөйлем – бұл еңбектегі ең негізгі және жиі кездесетін сөйлем түрі. Ой құрылысы жағынан да, мағынасы жағынан да алуан түрлі болып келеді. Қазіргі әдеби тіліміздегі кездесетін жай сөйлем түрлерінің барлығы да кездеседі деуге болады. Қазіргі қазақ тіліндегі бастауыш қызметінде қолданылатын сөз таптарының негізгі түрлерінің бәрі де бұл еңбекте сол функцияда кездеседі. формалы қимыл есім бұл еңбекте кездеспейді. Ол қолданылатын орындарда көбінесе -мақ формалы етістік келеді. Баяндауышқа тоқталар болсақ, талданып отырған енбекте баяндауыш мүше сөз табы жағынан да, морфологиялық формасы жағынан да түрге бай. Егер «Тауарихта» көсемше формалы етістіктің немесе - мақ, - мек формалы етістіктердің жіктелген түрі тіпті жоққа тән болса, олар тиянақты баяндауыш қызметінде өте сирек қолданылса, бұл еңбекте олардың барлығы да баяндауыш қызметінде жиі қолданылады.

Бастауыш пен баяндауыш бір-бірімен жақтық жағынан да, сандық жағынан да қиысады. Бұл екі мүше арасындағы предикаттық байланыс үш түрлі жолмен берілген: оның бірі комбинаторлық жол, екіншісі синтетикалық, яғни морфологиялық жол, үшіншісі аналитикалық жол. Комбинаторлық байланысқа мына сөйлемдерді жатқызуға болады: Мен атама да інілеріме де не юзім миен көрмедім.

Шығармада предикативтік қатынастың синтетикалық тәсілмен берілген түрлері де өте жиі ұшырайды. Мысалы: Ол күні су яқасында ятдұқ. Сирек те болса, бастауыш пен баяндауыштың аналитикалық тәсілмен берілген түрлері де кездеседі. Мысалы: Артымыздан иеткен киесі көп болмас.

Бастауыш пен баяндауыш бір-бірімен сандық жағынан да өзара үйлесіп тұрады. Тілдің синтаксистік жүйесіндегі өзгеріс, даму, ең алдымен, сөздердің, яғни сөз таптарының бір-бірімен тіркесімпаздық қасиетіндегі құбылыстардан, синтаксистік элементтерді бір-бірімен қарым-қатынасқа келтіретін амал-тәсілдердегі, формалардағы құбылыстардан, грамматикалық формалардың мағыналары мен функцияларындағы құбылыстардан байқалады. Синтаксистік құрылыстардың әр жүйесіндегі, әр саласындағы өзгерістер, дамулар бір-біріне тығыз байланысты, шарттас болып келеді.

Синтаксистік өзгерістерге себепші болатын факторлар жөнінде ғалымдар арасында үлкен айтыс болған. Олардың бірі синтаксистік элементтер қатынасының салаластықтан сабақтастыққа қарай даму жөніндегі пікір. Мұны жақтаушылардың бірі – көне заманда жалғауыштар болмаған, синтаксистік элементтердің дербестіктері басым болған дегенді айтады. Кейін сабақтастырушы дәнекердің пайда болуымен бытыраңқылық жойылып, тілдің синтаксистік құрылысы салаластықтан сабақтастыққа қарай дамыған және әлі де сол бағытта дамып келеді дегенді айтады [4; 5].

Синтаксистік құрылыстағы құбылыстардың себебін, бағытын айқындауда кең тараған екінші бір бағыт – оны тілді қолданушылардың «үнемшілдікке» талпынуынан дейтін көзқарас. Бұл көзқарасты жақтаушылардың пікірінше, тіл иелері әрқашан да тілдің, оның элементтерінің шағын, жеңіл, көп күшті керек етпейтінін ықшамды болуын көксейді, сондай дәрежеге жеткізуге талпынады. В.Г.Адмони тіл дамуындағы «үнемшілдік» бағытты сынайды. Т.Р.Қордабаев та осы пікірге қарсы екенін былай деп атап көрсетті: «Синтаксистің дамуына ең негізгі себеп, қозғаушы күш болатын бір ғана фактор бар, ол сол тілде сөйлейтін қауымның тілді өз ойын дәлме дәл, толық етіп бере алатын икемді, орамды, көркем, бай тіл дәрежесіне жегкізу, шындап дамыта беру талабы» [1,16]. Қазақ қауымы XX ғасырға дейін араб графикасына негізделген жазуды қолданып келді. Жазу тілі қалыптаспайынша тілдің әр алуан стильдік түрлері де, орамды, икемді, маневрлі синтаксистік құрылысы да болмақ емес. XX ғасырға дейін таза қазақ тіліндс жазылған ескерткіштер аз. Мұндай жағдай түркі халықтарының бәріне ортақ, себебі ескерткіштер жалпы түріктік әдеби тілде жазылды.

Тіл фактілері қазақ тілі синтаксистік құрылысындағы өзгерістердің, жаңалықтардың бірте-бірте пайда болған ұзақ замандар жемісі екендігін көрсетеді. Тіліміздің синтаксистік құрылысы бұрыннан бар амал-тәсілдердің, элементтердің, фактілердің бірден-бірге толығуы, жетілуі, айқындала дәлелдене түсуі арқылы жаңа амал тәсілдердің, конструкциялардың, элементтердің, бірте-бірте еніп, орнығуы, қалыптасуы арқылы да байып, жетіліп отырған.

Әдебиеттер тізімі:

1. Қордабаев   Т.Р. Тарихи синтаксис мәселелері. – Алматы, 1964.

2. Сыздықова Р., Қойгелдиев М. Қадырғали Қосымұлы оның жылнамалары жинағы.  – Алматы: Қазақ университеті баспасы, 1991.

3. Тілтанудағы тұлға. Профессор Т.Р.Қордабаевтың 90 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференция материалдары. – Қарағанды, 2005. – 335 б.

4. Аманжолов С. Қазақ тілі грамматикасы. Синтаксис. ІІ бөлім. 1951. –325 б.

5. Қазіргі қазақ тілі. Алматы, Ғылым. 1954