Филологические науки

 

Жарылғапова Анар  Сануаровна

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің магистранты, Қазақстан

 

Т.Р.ҚОРДАБАЕВ ТІЛДІҢ ЖАЛПЫ ТЕОРИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТУРАЛЫ

 

Ғылым тарихы өткенді білу үшін ғана емес, оның қазіргі күйін дәл, дұрыс танып, болашағын қатесіз бағдарлау үшін де қажет екендігін атап көрсетеді. Кезінде елімізде үстемдік алған саяси идеологияның нәтижесінде ғылымды да идеология бағындырды. Дүииені материалистік және идеалистік деп екіге бөліп алып айтысу да сол кезеңнің көрінісі. Сондықтан Т.Р.Қордабаев еңбектеріндегі ара-тұра кездесетін мұндай сәттерге кешіріммен қарау жөн деп ойлаймыз.

Т.Р.Қордабаев лингвистика тарихына жіктеу жасайды.

Дүние жүзіндегі тілдер қаншама көп және құрылымы жағынан алуан түрлі болғанымен, олардың бір-біріне ұқсас, бәріне ортақ қасиеттері, ортақ заңдылықтары бар.

«Жалпы тіл білімі» қазақ аудиториясына арналған бұл саладағы алғашқы оқулық. Бұл еңбегінде ғалым өзінен бұрынғы үнді- Европашы ғалымдардың еңбектерін саралап, жинақтап, типтендіріп тіл білімі тарихы мен тілдің жалпы теориясы туралы толымды аналитикалық тұжырымдар ұсынған. Бұл оқулық осы уақытқа дейін жоғары оқу орынындағы оқу үдерісінің қажетін қанағаттандырып келеді.

Ал «Тілдің структуралық элементтері» қазақ лингвистикасында тілдің құрылымдық, жүйелік сипатын толық дәлелдеген алғашқы еңбек десе де болады.

Жалпы тіл білімі тіл туралы ғылымның бағыт-бағдарын белгілейтін жалпы теориялық пән. Оның негізгі мақсаты – тіл білімінің ең өзекті, ең негізгі проблемаларына жүйелі талдау жасап, олардың өзіндік сипаттарын айқындау.

Ондай өзекті проблемалар қатарына ғалым мыналарды жатқызады.

1.   Тілдің өзіндік табиғаты мен мәні, ойлаумен, қоғаммен байланысы, атқаратын қызметі.

2.   Тілдің құрылымы, құрылым элементтерінің бір-бірімен байланысы, арақатынасы.

3.   Тілдің таңбалық, жүйелік сипаттары.

4.   Дыбыс тілінің шығуы, тілдер дамуындағы ортақ заңдылықтар, тілдік құбылыстарға түрткі болатын ішкі, сыртқы себептер, тілдер дамуында болатын дифференциялық саралану, интеграциялық процесстер, жалпы халықтық тіл, диалекті, сөйлеу тілі мен әдеби тіл т.б.

5.   Тілдердің типологиялық, генеологиялық топтары, жіктелуі.

6.   Жазудың пайда болу, даму жолдары.

7.   Тіл білімінің өзіндік зерттеу әдістері.

8.   Тіл білімінің негізгі салалары, басқа ғылымдармен қатынасы, өзіндік орны [2].

Автордың тіл білімін басқа ғылымдармен байланыстыра қарауы да заңды. Тіл білімі басқа ғылымдармен қаншалықты жақын байланысты болғанымен, оның дербестігіне нұқсан келмейді. Тіл білімі өзіндік объектілері, өз проблемалары, өзіндік зерттеу әдістері мен методикалары, өзіндік қалыптасу, даму тарихы бар қоғамтану ғылымдарының маңызды, дербес бір саласы  болып  келеді. Т.Р.Қордабаев дыбыс  тілінің өзіндік  сипаттары   бір   сұраудың   да,   бір   сөйлемнен   құралған   анықтаманың да шеңберіне сыймайды. Егер дыбыс тілін қоғамдық қызметі жағынан айқындағымыз келсе, оған «дыбыс тілі дегеніміз – адамдардың бір-бірімен қатынас жасайтын кұралы деп, егер тілінің ой-санамен қарым-қатынасын айқындағымыз келсе, ойды қалыптастырып жарыққа шығаратын құрал, ойлау құралы, ақиқат шын сана» деген анықтама береміз»,- дейді [1].

Тіл қоғам қажетін өтейтін, қоғамға қызмет ететін қоғамдық құбылыстар қатарына жатады. Оның себебі тіл қоғам үшін, қоғам мүшелерінің пікір алысып, өзара түсінісуі үшін керек. Пікір алысу, сөйлесу қоғамдасқан адамдар бар жерде ғана болады, адам жоқ жерде тіл де жоқ. Адам қоғамы қашан туған болса, тіл де сол кезеңде пайда болған. Қоғамсыз тіл, тілсіз коғам болмайды.

Тілдің құрылымдық және функциялық жағы болады. Бұл екеуі өзара байланысты, бірақ бір емес. Тіл жалпыхалықтық дегенде, оның құрылымының жалпы халықтығы ескеріледі, өйткені бұл жағынан әр халық, әр ұлт тілі – бір бүтін. Ал қызмет жағынан алғанда тілде айырмашылықтар мен өзгешеліктер кездесе береді. Істейтін кәсіптеріне, мамандықтарына, білім дәрежесіне, жас мөлшеріне, жыныстарына қарай әртүрлі әлеуметтік топтардың өз сөйлеу мәнерлері, өзіндік лексикондары болатындығы даусыз. Бір кездерде «тіл таптық құбылыс» деушілер тілдің осы ерекшеліктеріне сүйенеді, сөйтіп, олар тілдің қызметтік жағын оның құрылымдық жағымен шатастырды деп атап көрсетеді.

Сөйлеу дегеніміз – тілді қатынас үдерісінде өз ойын басқаларға білдіру, басқаның ойын білу мақсатында қолдану деп атап көрсетті.

Тіл мен сөйлеудің бір еместігін, бұлардың арасында айырма барын ғалымдар ертеде-ақ байқаған. Т.Р.Қордабаев Ф.де Соссюрдің тіл мен сөйлеуге қатысты көптеген құнды пікірлерімен қатар кейбір қайшылықтры да бар, ол сөйлеуді тек индивидиумдық, даралық құбылыс, онда әлеуметтік ештеңе де жоқ дей тұра, тілді сол сөйлеу әрекетінің бір бөлшегі деген пікіріне ғылыми түрде сыни көзбен қарап былай деді: «Егер тіл әлеуметтік болса, онда ол иидивидуалдық болып табылатын сөйлеу әрекетінің бір бөлшегі болмау керек, не болмаса сөйлеу әрекеті таза индивидуалдық болмау керек. Сол сияқты, тіл «сөйлеу әрекеті» түсінікті болу үшін, ал сөйлеу тілдің іске асуы, әрекетке жарауы үшін қажет дей тұра, сөйлеуді таза индивидуалдық құбылыс деу қисынсыз. Егер сөйлеуде тек индивидуалдық қана сипат болса, адамдардың бір-бірін түсінуі мүмкін болмаған болар еді» [1, 98].

Тіл мен ойлау арасындағы байланыс, бірлік олардың тепе-теңдіктерінің кепілі бола алмайды. Бұл екеуі бір-бірінен қызметі, құрылымдары жағынан да жекеленеді. Ойлаудағы мақсат объектіні танып-білу, жаңа мәлімет, тың білім беру табу болса, тіл ойды қалыптастыру, жарыққа шығару, оны сақтап, кейінгі ұрпақтарға жеткізу міндеттерін атқарады. Құрылымдары, логикалық формалары жағынан алғанда, ойлау ойдың логикалық құрылысына ұғым мен байымдауға негізделеді. Ойлаудың логикалық заңы, формасы – жалпы адамдық. Ал тілге негіз болатын оның грамматикалық құрылысы – сөз өзгертуі, сөз туғызу, сөйлем құрау ережелері.

Бұлар жалпы адамдық емес, жеке халықтық, ұлттық болады. Әрбір этникалық топ тілі ойды өзінше қалыптастырады, тек өзіне ғана тән амал-тәсілдер арқылы жарыққа шығарады. Осы себептен де әр этникалық топ өкілі өз тілі тұрғысында, өз тілі негізінде ойлайды.

Профессор Т.Р.Қордабаев ғылыми тұрғыда мағына жөніндегі анықтамаларға сын көзімен қарап, мағына дегеніміз таңбалаушының таңбаланушымен қатынасынан туатын мән, мазмұн деп түсіндіреді. Тілдік мағына сан салалы, күрделі құбылыс. Бұл мағыналардың білдіретін материалдық көрсеткіштерінің қыр-сырлары, тілде атқаратын қызыметтері жақтарынан алуан түрлі болатындықтарын байқауға болады.

Т.Р.Қордабаев тілдің мағыналарының сөйлеу үдерісіндегі түрленуін былай түсіндіреді: «Тілдің коллектив мүшелері сөйлеу процесінде сөздің лексикалық мағынасын түрлендіріп, оны ауыспалы, келтірінді мағынада қолдана береді, ал грамматикалық мағынларды олай түрлендіре алмайды» [1, 138].

Бұл жағдайлар тілдік семантиканың сапалық жағынан да, сандық жағынан да, құрылымдық жағынан да әр қилы екендігін байқатады.

Кез келген сөздің лексикалық мағынасымен бірге грамматикалық мағынасы қосақталып жүреді. Тілдерде кездесетін грамматикалық мағыналардың материалдық көрсеткіштері аффикстер, шылау сөздер, сөздер қатары, қос сөздер, ішкі флекция, екпін, интонация, супплетизм екенін атап көрсетеді. Әрбір грамматикалық мағына өздерінің материалдық көрсеткіштерімен бірлесіп жеке-жеке топ құрайды. Ондай топты лингвистикада грамматикалық категория деп атаймыз.

Тіл білімінде сөз тіркесін сөйлемге қосып қараудың дұрыс еместігін ашып көрсетеді. Т.Р.Қордабаев бұл жөнінде былай дейді: «Сөздер тіркесінің сөйлемнен негізгі ерекшелігі онда предикативтік байланыстың, қатынастың болмайтындығында: жақсы адам, кітап оқу, машинамен бару, дауыстап сөйлеу – сөздер тіркесі, кітап оқыды, машинамен барды, дауыстап сөйледі предикативті тіркес, яғни сөйлем» [1,100]. Сонымен бірге Т.Р.Қордабаев өз еңбегінде сөйлем туралы былай дейді: «Сөйлем аяқталған ойды емес, жеке ойды білдіреді. Ондай жеке ойлар логикалық жағынан аяқталмауы да мүмкін. Сөйлем – ең кіші коммуникативтік тұлға. Оған тән белгілер, оның грамматикалық сипатын айқындайтын синтаксистік категориялар – коммуникативтік пен модельдік және предикативтік қасиеттері» [1,100]. Т.Р.Қордабаев сөйлемдегі жіктеуде екі түрлі белгіні басшылыққа алады: оның бірі структуралық белгі, екіншісі модельдік белгі.

Дүние жүзіндегі тілдер сияқты қазақ тілі де дыбыс сөз, сөздер тіркесі, сөйлемнен тұрады. Осы  тілдік  элементтер  өзара  бірлікте,   байланыста тұрып, біртұтас құрылым құрайды. Т.Р.Қордабаев тілдік элементтердің әрқайсысына байланысты өзіндік пікірін айтады. Тілдің басқа қоғамдық құбылыстардан ең негізгі өзгешеліктерінің бірі – оның таңбалық сипатында болса, ал басқа таңбалар жүйесінен өзгешелігі жүйелік, құрылымдық сипатында. Жүйе, құрылым дейтін атаулардың және бұлар арасындағы жақындық пен өзгешеліктерін ғылыми проблема ретінде біздің елімізде елуінші жылдар ішінен бері қарай зерттелс бастады. Осы уақыт ішінде жүргізілген пікір таластарының нәтижесінде сөз болып отырған проблемаға қатысты екі мәселе түпкілікті шешілуде деуге болады. Олардың бірі жүйе мен құрылымды өзара жақын, бірақ бір-бірінен ерекшеліктері де бар, екі бөлек ұғымның атауы ретінде қолдану, екіншісі жүйені де, құрылымды да тілдік тұлғалардың бірліктеріне, арақатынастарына байланысты қарау мәселесі. Бірақ проблеманың ең күрделі мәселелері қатарына жататын бүл екі атауға анықтама беруде лингвистер арасында бір-біріне қайшы пікірлер күні- бүгінге дейін бар: біраз ғалымдар тілдік жүйені элементтер қатынасымен байланысы тұрғысында анықтаса, екінші топтағы ғалымдар оны құрылымға тән белгі деп есептейді т.б. [3].

Т.Р.Қордабаев орыс тіл білімінде, Прага лингвистерінің мектебінде айтылған пікірлерге қосыла отырып, құрылым деп, тілдік тұлғалардың арнаулы тәсілдер арқылы іске асатын байланыстарының жиынтығын айтамыз дейді. Ал тілдік жүйе дегенге біртұтас объекті деп есептелетін құрамына енетін тұлғалар мен олар арасында болатын байланыстар жиынтығы жатады. Тілдік жүйе құрайтын кесек тұлғалар фонетика, лексика, грамматика [4].

Т.Р.Қордабаев тіл дамуының онын ішінде грамматиканың дамуы жөніндс айтқан пікірлерін өзінің ХҮІ-XIX ғасыр жазба ескерткіштерін зерттеу қорытындысы деуге болады.

Тіл фактілерін тарихи тұрғыдан алып зерттеудің, білудің ғылым үшін де, практикалық іс үшін де үлкен мәні бар. Өйткені қандай құбылыстың, фактінің болмасын өткенін, тарихи даму жолдарын білмей тұрып, оның қазіргі күйін, сырын жете білу мүмкін емес. Тіл тарихын зерттеуде, үйренуде басшылыққа алынатын басты бір принцип – тіл тарихын, оны туғызған, сол тілді қатынас құралы ретінде пайдаланған қоғам тарихымен тығыз байланыста қарау принципі. Тіл тарихын зерттеуде, үйренуде басшылыққа алынатын екінші принцип – зерттеліп отырған тілдің фактілерін, орынды жерінде, онымен бірге туыстас тілдермен және қаралып отырған тілдің қазіргі фактілерімен салыстыра қарау принципі.

Қорыта келгенде, Т.Р.Қордабаев жалпы тіл білім мен қазақ тіл білімінің дамуында өзіндік орны бар, осы ғылымға айрықша көп еңбек сіңірген ғалым екеніне көзіміз жеткенін айтуға тиіспіз.

 

Әдебиеттер тізімі:

1. Қордабаев Т.Р. Жалпы тіл білімі. – Алматы, 1966.

2. Тілтанудағы тұлға. Профессор Т.Р.Қордабаевтың 90 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференция материалдары. – Қарағанды, 2005. – 335 б.

3. Қазіргі қазақ тілі. – Алматы, Ғылым. 1954

4. Қазіргі қазақ тілінің грамматикасы. – Алматы: ҚазССР Ғылым Академиясы, 1967.