Несiпбаева Kұралай Елеубеккызы
Е.А.Бyкетов атындағы KарМУ, 2 курс студентi
Мажитаева Шара
ф.ғ.д., профессор
А.БАЙТҰРСЫНОВТЫН
ПУБЛИСИСТИКАЛЫК СТИЛЬДI
ДАМЫТУДАҒЫ КЫЗМЕТI
Қазақ
халқы – бағзыдан келе
жатқан ұлы халық. Ұлы халықтың
әдебиеті қашанда ұлы болмақ. Ал «ұлы халық» деуіміздің себебі қасиетті
сөз өнерінің арқасында. Сөз өнері
дегеніміздің өзі – әдебиет. Кей адамдар әдебиетті
ықшамдалған әлем деп те таниды. Өнердің ішіндегі
ең қадірлісі, ең қасиеттісі, ең қиыны
және күрделісі, ең жоғары түрі де осы – сөз
өнері. Жалпы, айналамызда болып жатқан нендей құбылыс
болмасын, барлығы да біздің санамызға осы сөз
арқылы жетеді. Барлық жайттарды сөз арқылы
ұғынып, сөз арқылы түйсінеміз. Оның
құдіреттілігі де осында. Қазақтың осы сөз
өнерін, өлеңсөзін зерттеуші ғалым Гаухар
Әлімбек «Сөз мағынасы және ақпарат» атты
ғылыми еңбегінде сөздің ақпараттық сипатын
былайша саралайды:
· «Сөз -
ақпарат сақтаушы тілдік бірлік;
· Сөз - ақпарат
жеткізу немесе тарату құралы;
· Сөз - ақпарат
алу құралы;
· Сөз - ақпарат
алмасу құралы;
· Сөздің
грамматикалық мағынасы және ақпарат» [1,146].
Жалпы тіл
туралы, сөз өнері туралы тереңнен толғап, зерделі
ой-пікір білдірген ұлттың ғұлама ойшылдары, ғалым
жазушылары көптеп саналады. Бірақ айтар ойларының түп
төркіні «сөздің ақпараттық қызмет
атқаратыны». Яғни, сөз адамзатқа бірден-бір хабар
таратушы құрал болып табылады. Жалпы, қазақ
әдебиеті тарихында ақпарат тасымалдаушы құрал
қызметін сөз
атқарғанына дәлел – қазақ тілінде
жарыққа шығып тұрған бірнеше газет-журналдарымыз.
Қазақ баспасөзінің тарихы ХІХ ғасырдың ІІ
жартысынан бастау алады. Олар аударма газеттер болса да, ұлттық
баспасөзіміздің алғашқылары «Түркістан
уәләяты» мен «Дала уәләяты» газеттері.
ХХ
ғасырдың басында оннан астам газет-журналдар шығып
тұрды. Бұл басылымдарға «Серке» (1907), «Қазақ» (1913-1918
жылдар), «Алаш» (1916-1917 жылдар), «Бірлік туы» (1917 жыл), «Сарыарқа»
(1917-1918 жылдар), «Ұран» (1917 жыл), «Үш жүз» (!917 жыл),
«Тіршілік» (1917 жыл) және т.б. газет-журналдар қазақ
халқының дүниетанымына әсер етіп,
көзқарастарын кеңейтіп, прогрессивтік ағартушылық
бағытта үлкен қызмет атқарғандығын
көре аламыз [2,29].
Осы газет-журналдардың
ішінен өзіндік ой-өрнегі, ерекшелігімен оқшау
тұрған басылым – «Қазақ» газеті. Газет редакторы - ақын,
әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог,
аудармашы, қазақ баспасөзінің іргесін
қалаған журналист, қоғам және мемлекет
қайраткері Ахмет Байтұрсынов. Сонымен қатар
ұлтымыздың бас баспагері. Патша үкіметінің саясатын
бүкпесіз әшкерелегені үшін қуғын-сүргінге
ұшырап, жер аударылған ол 1910 жылдың басынан жылдың
аяғына дейін Орынбор қаласында тұрады. Араға үш
жыл салып «Қазақ» газетінің ашылуын ұйымдастырады,
оның редакторы қызметін атқарады. Аталмыш газетті редакциялап
жүргенде бірнеше мәрте айыпталып, тұтқындалады.
А.Байтұрсынов ұйымдастырған «Қазақ» газеті патша
үкіметінің көңілінен шыға бермеді, өйткені қазақтың
мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған,
өзіндік көзқарасы бар беделді басылым болды. Бұл
турасында замандастары да өз мақалаларында жазып кеткен.
Солардың бірі М.Әуезов «А.Байтұрсыновтың
«Қазақ» газеті арқылы хуған халқына жасаған
қызметі Абайдың қазақ әдебиетіне сіңірген
еңбегімен пара-пар» деген пікір айтқан.
Қазақ
халқының қоғамдық-саяси жағдайын, әл-ахуалын
ашық жазған «Қазақ» газетінің бірінші редакторы
А.Байтұрсыновтың сөзімен айтқанда «халықтың
көзі, құлағы һәм тілі» бола алды.
Нақтырақ келтірсек: «Газет – халықтың көзі,
құлағы һәм тілі. Адамға көз,
құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет
сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар
жұрттардың қасында құлағы жоқ
керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр
сықылды. Дүниеде не болып жатқанын көру жоқ, не
сөйленіп жатқанын есту жоқ, өз пікірін айту
жоқ... Екінші, газет – жұртқа қызмет ететін
нәрсе, олай болатын мәнісі оқыған адамдар газет
арқылы халықтың алдына түсіп, жол көрсетіп,
жөн сілтеп, басшылық айтып тұрады... Үшінші, газет –
халыққа білім таратушы... газеттен жұрт естімегенін естіп,
білмегенін біліп, бірте-бірте білімі молайып, зейіні өседі...
Төртінші, газет – халықтың даушысы. «Жұртым» деп
халықтың арын арлап, зарын зарлап, намысын жоқтайтын
азаматтар газет арқылы халықтың сөзін сөйлеп,
пайдасын қорғап, зарарына қарсы тұрып, қарғаға
көзін шоқытпасқа тырысады». Осылайша газеттің
төрт түрлі қызметін анықтай отырып, газеттің
неліктен «Қазақ» аталуын осы мақаласында түсіндірген [3,94].
А.Байтұрсынов
қазақ ғылымына орасан зор еңбек сіңірді. «Қазақ»
газетінің негізін салумен қатар бірнеше еңбек жазды. Мәселен,
1912 жылы «Оқу құралы» әліппесі, 1926 жылы ол әліппенің
жаңа түрін «Әліп-биді», 1928 жылы «Тіл жұмсар» деген
атпен екі кітап шығарды. 1923 жылы қазақ эпостық
жырының бірі «Ер Сайынды», 1926 жылы жоқтау өлеңдерін
бастырды. Ал 1926 жылы «Әдебиет танытқыш» деген еңбегін
жариялайды. Одан бөлек «Қазақ» газеті мен өзге де газет
беттерінде «Аңдаспаған мәселе турасында», «Білім жарысы»,
«Білім жарысы хақында», «Бастауыш мектеп», «Орысша оқулар»
тағы басқа көптеген мақалалары жарыққа
шығады.
А.Байтұрсыновтың
жасаған бұл еңбектерін уақытында өз
заманындағы көсемсөз шеберлері бағалай білді. Атап
айтар болсақ, сол кезеңдегі қазақ
баспасөзінің бірі «Ақ жол» газеті: «Ахаң ұлт
мақсатының көзін ашпағанда, әлдеқашан елдігімізден
айрылып, қоныс кенттерінің біріне табынып, таңнан айрылып
кететін едік... Ұлт дегенді ескерген адам болмай,
құлшылдыққа кез болғанда, бостандыққа
жол сілтеген Ахаң еді...» деп бағалайды [4,45].
Ал замандасы
М.Әуезов «Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң
түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік
ұраны – «Қырық мысал», «Маса», «Қазақ»
газетінің қан жылаған қазақ баласына істеген
еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған
қайраты біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын»
дейді.
Ақын,
жазушы С.Сейфуллин болса «…Өзге оқыған мырзалар шен іздеп
жүргенде қорлыққа шыдап,
құлдыққа көніп, ұйқы басқан
қалың қазақтың ұлт намысын жыртып,
ұлттық арын жоқтаған патша заманында
жалғыз-ақ Ахмет еді. Қазақтың ол
уақыттағы кейбір оқығандары уез, губерния соттарына
күш салып, тілмәш болып, кейбірі арын сатып
ұлықтық іздеп жүргенде, Ахмет қазақ
ұлтына жанын аямай қызмет қылды… халықтың арын
іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын
бәйгеге тікті» деп А.Байтұрсыновтың еңбегін тамаша
бағалайды.
А.Байтұрсыновтың
мұрасын зерттеуші тілші-ғалым Р.Сыздықова
«А.Байтұрсыновтың ақындық таланты да, беріп кеткен поэтикалық
мұрасы да оның өте күшті, дарынды, ойлы ақын
екендігін танытады» деп тұжырымдайды [5,67].
Қорыта келгенде, ХІХ
ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр басында қазақ
елінің оқыған, көкірегі ояу, көзі ашық
ұлтжанды азаматтары бар ерік-жігерін оқу-ағарту
саласының күшеюіне бағыттады. Бұл жолда
қазақ зиялыларының, соның ішінде
А.Байтұрсыновтың атқарған рөлі мен қызметі
ерекше. Біз бұл мақалада А.Байтұрсыновтың осы
мәселе төңірегінде жарияланған еңбектері мен
біраз мақалаларға, ғалым жайында жазылған естеліктерге
тоқталдық. Сонымен қатар
тарихымызда «Қазақ» газетінің бүгінгі
күнде алатын орнын бағамдадық.
Пайдаланған
әдебиеттер
1.
Әлімбек Г. Сөз мағынасы және
ақпарат. Алматы: Атлас, 2006.
2.
Ахметтану бастамалары. Қарағанды: «Болашақ» баспасы, 2005.
3.
«Қазақ» газеті. Алматы, 1998.
4.
Шаяхметова А. Ұлтшылдық мәселесі. «Қазақ».
Алматы, 2006.
5.
Сұбханбердина Ү. Қазақ,
Алаш, Сарыарқа. Алматы, 1993.