Филологические науки

Қазанбаева Айнагүл Зікірқызы (канд.фил.наук, доцент)

Біраяқ Ақсүйрік Бауыржанқызы

Карагандинский государственный университет им. ак. Е.А.Букетова,

Казахстан

СОМАТИКАЛЫҚ ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕРДІҢ ҚОЛДАНЫСЫ

Мақалада соматикалақ фразеологизмдердің мәтіндегі қолданысы, семантикасы, стильдік қызметі сөз етілген. Тіліміздегі соматикалық фразеологизмдер жалпыхалықтық тілдің мүмкіншілігін танытатын тілдік құрал болатыны айтылған. Соматикалық фразеологизмдер тілімізде жиі қолданылып, сөздік құрамнан айрықша орын алатындығы айтылып, нақты мысалдармен беріліп, олардың тілімізді кеңейтетіндігі жайында қарастырылған.

Фразеологизмдер – барлық тілдерге тән құбылыс. Сондықтан да осы бейнелі сөз орамдары барлық тілдерде кеңінен зерттеліп келеді. Соның ішінде қазақ тіл біліміндегі зерттеулердің негізінде бұл құбылыс жан-жақты қарастырылуда.  Фразеологизмдер сөйлеу тілінде де, жазу тілінде де көп қолданылатын тілдік материал. Фразеологиялық тіркестер қай – қайсысы болмасын бәрі де алғаш халықтың сөйлеу тілі негізінде қолданылған. Сондықтан олар өмірдің барлық саласын қамтып, ішкі мазмұны жағынан өте бай болады.                                                                                       І.Кеңесбаевтың көп жылдық еңбегінің нәтижесінде он мыңнан аса фразаны қамтыған «Қазақ тілінің  фразеологиялық сөздігі» шықты. Қазіргі қазақ фразеологизмдерін зерттеу І.Кеңесбаев көрсеткен барлық бағытта жүріп жатыр. Олар мынандай бағыттар: фразеологизмдердің басқа құбылыстардан айырмашылығы, фразеологиялық мағынаның қалыптасуы, олардың ішкі құрлымы, фразеологизм және синонимия, фразеологизмнің стильдік ерекшеліктері, фразеологизмдерді жеке авотордың қолдануы және фразеологизмдердің сөз табына қатыстысы, фразеологизмдердің варианттылығы және т.б.                                                                          І.Кеңесбаев: «Фразеологизмдердің құрылым жағынан қалыптасып, компоненттерінің тіркесу амалдарында бір заңдылық бар. Өмір талабынан туған фразеологизмдер талай дәуірдің елегінен өтіп, құрамы, жасалу тәсілі жағынан, мағынасы жағынан бір жүйеге түскен»,-дейді [1;601].                                   Фразеологизмдердің шығу негіздеріне байланысты төмендегідей пікірлерді айтуға болады:                                                                                           - фразеологизмдер сөздердің тіркесіп, мағыналық әрі құрылымдық жағынан тұрақтануы негізінде қалыптасады;                                                               -  фразеологизмдердің тууына фразеологиялану процесі себепші болады;       - фразеологизмдерден халық танымын байқаймыз және олар ғасырлар бойы халық жадында сақталып, жатталып, қолдануға даяр күйінде енетін тілдік құралға айналған;                                                                                                  - фразеологизмдер бейнелі, астарлы ұғымды білдіреді.                                  Көркем шығарма авторлары жалпы халықтық тілдің фразеологиялық құрамынан қажеттісін ала отырып, оларды мүмкіндігінше түрлендіріп пайдаланады, өзіндік қолтаңбасын да жасайды.                                           Тілімізде құрамында дене мүшелерінің атаулары бар тұрақты сөз тіркестерін соматикалық фразеологизмдер деп атайды.                                            Соматикалық атаулар тілдегі сөз тіркестерін құрауда маңызды қызмет атқарады. Бұл туралы ғалымдардың зерттеулерінде нақты көрсетілген. Ғалым Ә.Болғанбаев қазақ тіліндегі фразеологизмдерді жинақтау барысында: «Анатомиялық атаулар негізгі сөздік қорға жататындықтан, көп мағыналы, туынды жаңа сөз жасауға соншама бейімділігімен ғана сипатталмайды, сонымен бірге тұрақты тіркестер жасаудағы белсенді қызметімен де айрықша көзге түседі», - деп, соматизмдердің фразеология жасаудағы маңызын айтады.         Қазақ тіліндегі соматикалық тұрақты сөз тіркестерінің 30% соматикалық атаулардан тұратындығы жөнінде де нақты деректер бар.                                           Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» шығармасындағы соматикалық фразеологизмдерді қарастыру барсында олардың мәтіндегі қолданысына тоқталамыз.                                                                                                Мысалы, Күнікейдің ерлігіне апасы өңін бұзғанмен, көмейі бос: өзіне тартқанын, бозбаланың көз салғанын бір есептен теріс те көрмейді. Қай есептен екенін кім білсін, ананың мақтанышы да. Күнікей оны сезеді.    Қамданғаны құрсын! Күнікейдің көзі тіріде бір қатынмен сөз байлап, алуға соны оңтайлап, төртті-бесті қараның бір-екеуін беруге, бүгін-ертең қам қып жүр.                                                                                                     Шекер Ордабайдікіне қымзыға барғанда, ана жақта, жүктің бұрышында: “Пұп-пұп!” деп, былғарыға су бүркіп, тықылдатып, құжыраңдап жатқан мойны ішіне кірген бір жаманды көруші еді. Оны кісі екен деп артық көз тоқтатпаушы еді. Жұрттың жер-суға түсірмей жатқанын естіген соң, Шекер де тігінін көргелі:                                                                                           - Былай тұршы, біз де көрейік, - деп, етікшінің пышағын, бізін, балғасын, кемпірауызын ұстап, қамалап жатқан еркектерді кимелеп, біреуінің қолынан қолынан кебісті жұлып алып қарады. Байдың кебісі екен, олай-бұлай аударып көрді де, шүйкесінің қылшығын бір тістеп: “Теріс емес” деп, ерніне жабысқан жүнді түкіріп тастады. Сонымен кете барды. Қайтып оның ісіне Шекер көз салған жоқ.                                                                                                – Е, мына қыз да сәнденіп шығыпты ғой. Мынау атты бұған кім берген? – деп, Күнікейге де көзі түсіп кетті. Күнікей қыпылдап, сазарып, түк айта алмай қалды [3;16].                                                                                          Шығармадан алынған мысалдардағы, «көз» сөзінің негізгі номинативтік мағынасы, адамның дене мүшесінің бірі екендігін білдірсе, аталған мысалдағы көз салу соматикалық фразеологизмінің мағынасы, бұл белгілі бір адамға көңіл бөліп қарағандығын яғни көз тігу мағынасында қолданылған. Сондай-ақкөзі тіріде тіркесінің фразеологиялық мағынасы, дәм-тұзы бітпей тұрып деген мағынада қолданылған. Ал көз тоқтатпаушы тіркесінің фразеологиялық мағынасы мән беріп қарамау мағынасында қолданылып тұр. Көзі түсіп тіркесінің фразеологиялық мағынасы, көріп қалды, қызықты деген мағыналарды білдіріп тұрғанын байқаймыз.                                                   Өйткені өзін қойшының қатынымын деп Шекер өмірі ойлаған емес қой. Қойшы – тек қол байлау, құдай бұйрығы. Анығында Шекер өзін ана мырзалардың қатынымын деп есептейді [3;10]. Бұл сөйлемдегі қол байлау тіркесіндегі «қол» сөзінің да мағынасы адамның дене мүшесін білдірсе,  ал енді қол байлаудың фразеологиялық мағынасы, кедергі, бөгет болу мағынасында қолданылады.                                                                                               Адам баласы басынан небір күйлерді кешіреді, олар қуанады, шаттанады, күледі, ашуланады, күйінеді, ренжиді, жақсы көреді, жек көреді. Бір сөзбен айтқанда адам бойындағы қасиеттер әр түрлі. Осындай қасиеттер қазақ тіліндегі соматикалық фразеологизмдерден де мол көрініс табады.                       Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі» повесіндегі соматикалық фразеологизмдердің  қолданысына тоқталатын болсақ, олардың мәтін ішіндегі айқындылығы, бейнелілігі көрінеді. Мысалы: Есімбектің үлкен үйі лық толған адам, қымыз ішіп, әйдәй қызды-қызды болып жатыр екен. Мен тегіс араладым. Бір отауда Шұға кездесті. Көрісіп амандасқаннан көзімді ала алмадым. Апыр-ай, адамзатта ондай сұлу болады екен-ау!... Аққудың көгілдіріндей осы аппақ. Үстінде шетін кестелеген ақ көйлек, омырауын неше түрлі ілгіштермен безеп тастаған, қызыл пүліш қамзол, басында үкі таққан түлкі бөрік, өзі сұлу адамды мүлде одан жаман жандырып, құбылдырып тұрды. Мысалдағы, көзімді ала алмадым деген тіркестің фразеологиялық мағынасы, тесіліп ұзақ қарады деген мағынада қолданылып тұр [4;7].                       Құрамында көз, бас, маңдай, бармақ, мойын, аяқ, ауыз, алақан тәріздес соматизмдері бар фразеологиялық тіркес көп кездеседі. Солардың бірі «көз» сөзімен жасалатын соматикалық фразеологизмдердің молдығын айта аламыз. Көз адам баласының, жан-жануардың көру мүшесі яғни жарық дүниені сездіретін шырақ. Көз арқылы адамның ішкі сезімі байқалады, «көз – жүректің айнасы» деп айтуға болады. Мысалы, «көз алмау» деген фразеологиялық бірлік: бір нәрсеге қадала қарау, «көздің қарашығындай сақтау»: бір нәрсені қастерлеу, ұқыпты сақтау, «өз көзіне сенбеу»: мүмкін емес нәрсенің болуы сияқты ұғымдарды білдіреді.                                                                                     «Оң қолы» деген фразеологиялық бірлік белгілі бір адамның сенімді көмекшісі, жақтасы деген мағынаны білдіреді. Ал «тырнақ» сөзінің қолданысына келсек, «тырнақтап жинады» деген тіркес там-тұмдап, ұқыптап жинастырды деген мағынада қолданылады. «Алақанында ұстау» бір адамды аялау, мәпелеу деген мағынаны білдіреді.«Он саусағынан өнер тамған» деген соматикалық фразеологизм ағаштан түйін түйетін, өте шебер, ісмер  мағынасында қолданылады. «Мойнына міну» өз жұмысын біреуге артып қою, біреуге істету мағынасында қолданылады.                                                    Сонымен, адамның өзіндік болмысын, күрделі табиғатын, қимыл-қозғалысын, психологиялық күй кешуін, физиологиялық қалпын т.б. жай-күйді ой-санасымен қатысты ұғымдардың жүйеленуінен қалыптасқан соматикалық фразеологизмдер әуел бастан-ақ адамдардың өзін-өзі тануға ұмтылуынан пайда болған.                                                                                                                 Қорыта келе, дене мүшелерінің атаулары – сөздік қордың өте ертеден келе жатқан көне тобы. Сол себепті де соматикалық атаулардың фразеологизмдер құрамында көптеп кездесуі қалыпты көрініс. Соматикалық фразеологимдер жасалу жолында олардың арасында біріншіден логикалық байланыс, екіншіден, образ тұтастығы сақталған. Соматикалық фразеологизмдер көркем шығарма тілінде кездесіп, үйлесімділігі мен бейнелілігі айқын көрінетін тұрақты тіркестер болып табылады.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі

1.     Кеңесбаев І. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. А.: Ғылым, 1977. – 712б.

2.     Болғанбаев Ә. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. А.: Дәуір, 2003. – 242б.

3.     Аймауытов Ж. Ақбілек: повесть, роман. – А: Атамұра, 2003. – 280б.

4.     Майлин Б. Повесть, әңгімелер. – А: Жазушы, 2004. – 192б.