УДК 82.091 (574)                                

            Символизм аспектісіндегі қазақ-орыс әдеби байланысы жайында      

                                            

                    Құрманғожаева Э.С. – Халықаралық ақпараттық

                                             технологиялар университеті АҚ, Алматы қ.

    

         Бұл мақалада ХІХ ғасырдың 80-90 жылдардағы орыс әдебиетіндің көркемдік-эстетикалық деңгейін көтерген модернистік ағым-бағыттардың бірі саналатын символизмнің өзіндік ерекшеліктері сөз етіледі. Осы кезеңде Қазақ әдебиеті мен мәдениеті басқа өркениетті халықтармен рухани тығыз қарым-қатыныс жасап, байланыс орнатты.

Сондай-ақ, басылымда символизм ағымының аспектісіндегі орыс пен қазақ ақындарының әдеби байланысы, оның тигізген игі әсер-ықпалы да дәйекті түрде зерделеніп, көрсетілген. Жалпы, сол тұста төл көркем сөз өнеріміздің өркен жайып, өсуінде Орыс әдебиетінің алар орны ерекше, сондықтан бұл жайт та назардан тыс қалған жоқ.

            В статье рассматривается художественно-эстетические особенности русской поэзии 80-90-х годов 19 века, которая основывается на течение символизма.  В это время Казахская литература и культура тесно связалась духовно с другими цивилизованными странами.

         А также в публикации делается обзор литературной связи  русских и казахских поэтов а аспекте течения символизма. Необходимо отметить, что в этой связи место Русской литературы особое. Поэтому в рассматривается и творчество русских поэтов.

The article deals with the problem of the investigations of  Russian poetry in the ХІХ century  of 80-90s and the ethis peculiarities of symbolism are described. Сontribution to growth of the Kazakh literature and encouraged substantial broadening of its horizons, it is necessary to pay attention to the genre originality of their works connected with symbolism and to examine their artistic and aesthetic peculiarities.

One ought to admit that symbolism didn’t find proper overall examination in the Russian and Kazakh literature, and also in literatures  of a number of other countries. Only starting with glasnost, this world literary school has started to be consequently studied as a tendency and philosophic cognition that has set forward the Russian literature.                    

 

         Өткен ғасырлар тоғысындағы орыс лирикасына алдыңғы буын өкілдерінің  дәстүрлі поэзиясы өте күшті ықпал еткені байқалады. «Жаңа поэзияның» эстетизм, стилизациялау, абъстрактілік, патетика тәрізді негізгі нышан–белгілері оны («жаңа поэзияны») уақыт сынынан өткен, сұлу да бай сөзге назар аударуға итермеледі.

Сонымен қатар батыс әдебиетінің ықпалымен орыс поэзиясына жұғысты болған символизм ағымы өзінің символдар жүйесін қалыптастырды. Ақындардың келесі буыны аталмыш жүйенің философиясын қабылдамады, қабылдағысы келмеді де. Олар үшін – бұл жауыр болған «әдемі, сырты жылтыр сөздер» ғана. Тарихи тұрғыдан алғанда мәселе күрделірек болды. Ғасыр соңындағы ақындар дәстүрлі сөз мүмкіндіктерін игерді және сонымен қатар, оның мағыналық құрылымын түбірімен өзгертті. Нақты айтқанда, әр қилы тәсілдер – тек жаңа символика мен бөгде лексиканы енгізумен ғана емес, сондай-ақ жаңа ырғақтар мен әдеттен тыс синтаксистік тіркестер, дыбыстық құрылымдар, ескі поэтикалық образдарды әсірелеу, т.т. арқылы өзгертілді.  Символизм үшін дыбыстық емес, мағыналық құрылым маңыздырақ. Дегенмен фонетикалық құрылым өлеңді музыкаға, өнерге айналдыра алмады. Өлеңнің дыбыстық құрылымы, сөз өнері - поэзиядағы барлық нәрседей сөз мағынасына күшті ықпал жасайтын, дәстүрлі поэтикалық образдарды өзгертетін мағыналық фактор болып қалды да.

         А.Блок «О современном состоянии русского символизма» атты мақаласында орыс символизмінің тарихын, оның тығырыққа тірелуін, абсолютті құндылықтардың орнын ендігі уақытта субъективтік, салыстырмалы, тек эстетикалық құндылықтардың басуымен түсіндірді [1. 255].

         Блок шығармашылығы абсолюттілік  іздеу ұмтылысынан тысқары  болмайды, бірақ онда адам жалпы мәнді құндылықтармен немесе олардан айырылу трагизмімен бірлікте көрсетіледі. Блоктың көркемдік ізденістері ерекше теориялық қызығушылық тудырады,  себебі оның поэзиясында дәстүрлілік пен жаңалық күтпеген құбылыс байланысқа түскен. Сондай-ақ, Блоктың лирикалық әлемі – басқа ешкімдікіне ұқсамайтын өзгеше әлем.

         Блоктың шығармашылығына шашыраңқылық тән емес. Ол саналы түрде трилогиялық құрылым арқылы қарама-қайшылықтарды толығынан қамтуға ұмтылады. Құрылым ішіндегі әрқилылық Блокқа лирикалық «менді» бейнелеу барысында жеке тұлғаның психологиясын емес, өз замандастарының сана-сезімін көрсету үшін қажет болды. Осыдан Блоктың ұстанымы туындайды. Бұл – лирикалық қаһарман тағдырының бірегейлілігі және оның символикалық бейнелерінің көптігі.       

         «Стихи о Прекрасной Даме» шығармасына циклизация, лирикалық қаһарман, идея тұтастығымен айқындалған контекст тән болып келеді. Ең бастысы, бір өлеңнен екінші өлеңге ауысқан сайын контекс дами түсіп, онда (контексте) алғаш рет Блоктың өзіндік символдары жасалды, және де бұл символдар кейін ақын шығармашылығының өн бойында өзгеріске ұшырады. Бұл символдар бұрыннан таныс поэтикалық  образдардан (жұлдыз, ымырт, тұман, жел, дауыл) жасалады. Аталмыш сөздер романтикалық стильге жатады. Блок бұл сөздерді бір лирикалық жеке тұлғаны, бір тағдырды көрсететін жеке контекс элементтеріне айналдыра алды.

         Блоктың әдісі үшін негізгі нәрсе – тұрақты символдардың жасалуы. «Стихи о прекрасной Даме» шығармасында қалыптасқан Блок символикасы  кейінгі поэзиясында да жалғасын тапты. Ол (символика) Блоктың поэтикалық әлеміне біртіндеп енген жаңа символдармен байланысқа түседі. Блоктың кейінгі өлеңдерінде де «ымырт, таң» сөздері кездеседі – кейде жаңа тіркестерде, кейде келмеске кеткен идеалды әлемнің белгілері ретінде кездеседі. Блоктың ертедегі өлеңдерінде өзгеріске түскен сөзден лексикалық, тіпті стилистикалық жағынан өзгертетін сөздермен бірдей; олар контекстіден жаңа мағынаға ие болса да, романтикалық поэзияның сөздігінен алынған. Кейінірек Блоктың тұрақты символдарының қатарына мәңгілік образдармен бірге уақыт табы бар басқа сөздер де енді. Блок поэзиясында бір рет пайда болған символдар кейін де ешқайда жоғалып кетпейді. Бұл ерекшелік Блоктың поэтикалық ойының негіздерімен байланысты. Бірақ «Стихи о Прекрасной Даме» туындысында декаденттік «жаңа поэзияның» белгілері - урбанизм көрініс тапқан. Блок бейнелеген біртұтас сана – көпқырлы және қарама-қайшылықты, сондықтан да оның субъективтік,  декаденттік мәні бар.               

                           И откроет белой рукою

                           Потайную дверь предо мною

                           Молодая, с золотой косою,

                           С ясной, открытой душою.

                           

                           Месяц и звезды в косах...

                          «Входи, мой царевич приветный»...

                           И бедный дубовый посох

                           Заблестит слезой многоцветной...[1. 124]

         Ақын өлеңінде әйел бейнесі «алтын шашты ханшайымға», ай десе аузы, күн десе көзі, маңдайында жұлдыз жарқыраған ертегілік ханшайымға айналады.

Ханшайымды қоршаған тыныштық, «арман» Блок лирикасында әр түрлі қырынан көрінеді. Блокта «ұйқы» – көп мағыналы символ. «Соловьиный сад» өлеңіндегі «ұйқыға мас болған адамды», «Песня судьбы» өлеңіндегі «ақ үйден шығып, нағыз адамды іздеген адамды және ғашығын ұйқыдан оятып, өмірге көз ашу» тақырыбын ескерсек те жеткілікті. Мұнда – Әлем жаны, ертегілік ханшайым, сүйген жар, Отан қиылысады.

         Осы іспеттес шығармаларды қазақ ақындарынан да кездестіреміз. Мысалы, Мағжанның «Шолпы» өлеңінде:

                         Сылдыр, сылдыр,сылдыр...

                         Қанымды қайнатты құрғыр.

                         Шық- шық жүрекке тиеді,

                         Күлпара талқан боп сынғыр!

                       

                        Сылдыр,сылдыр,сылдыр...

                        Өзекті өртеді құрғыр.

                        Әдейі іргеден жүреді,

                        Сұлу қыз санадан солғыр! [2. 84]

         Шолпы сылдыры жүрек қылын шертіп, өлеңге әуен енгізеді. Шашына шолпы таққан сұлу қыздың суреті көз алдымызға келеді. Осыған қатысты ой-пікірді  М.Жұмабаев шығармашылығы туралы жазған ғалым Ш.Елеукеновтің ғылыми еңбектерінен кездестіреміз: «Символизм ойды бейне арқылы өріп жеткізудің жаңа тәсілдерін алға тартты. Атап айтқанда, поэзия мен музыканың ауылын жақындастырды. Жүректің жан даусы енді дыбыс, сөз ырғағы арқылы да жеткізілетін болады»[3. 202].

         “Страшный мир” шығармасында Блок әрбір ақын үшін күрделі болып табылатын мәселе - адамгершілік құндылықтардың  бастаулары стилистикалық дәстүрмен бедерленбеген тұрпайы сөздің поэтикалық жетістігі мәселесін шешеді. Мұнда сөздің этикалық-эстетикалық әсері қорқынышты әлем мен осы қорқынышты әлемнің құрбаны әрі оның жамандығын, әзәзілін мойынымен көтерген ақын үшін құнды адам тұлғасы арасындағы күрделі қарым-қатынастан туындайды.

         “Унижение” өлеңінде жеке тұлға трагедиясы әділетсіздіктен жапа шеккендер трагедиясымен түйіседі. Өлеңде заттылық (нақтылық)  басым. Және де өз заттылығын сақтап қалуымен бірге жаңа мағынаға да ие болады, мұнда да Блок әлемінің белгі–символдары көрініс табады...

         Блок поэзиясындағы нақтылықтың тамаша үлгісі – “На островах” өлеңі. В.М. Жирмунский Блок поэзиясындағы бейнеленген жағдаяттың қайталанатынын атап көрсетеді. Жағдаяттың символикалық мәні ақынның өз сөздерінде ашылады [4. 28].

         “На остравах” өлеңі жағдаятты заңдастырады. Бұның өз дәлелі бар – ақын идеалдық ұстанымдарынан үміт үзеді.Бұл тұста нақтылық – жан жалғыздығының белгісі. Бірақ бұл өлең – тұйықтықты білдірмейді. Ол Блок контекстінде, алдымен В.М Жирмунский атап көрсеткен ақын өлеңдері контекстінде, олардың (өлеңдердің) заттық антитезасы ретінде өмір сүреді. Сондай-ақ, жалпы Блок трилогиясының контекстінде өмір сүреді, сол арқылы “қар, ымырт, жел” символдары беріледі. Мұндағы “қар” –“Снежная маска” шығармасындағы “қарға” ұқсамайды. Бірақ Блоктың контекстер поэтикасының заңдылықтары бойынша “жел” мен “қар” “Снежная маска”, “Файна” және т.б. шығармаларының символикасын да өз бойына сіңіреді.

         “На островах” – бұл құмарлықты тарту ету туралы жазылған өлең.  Блок бұрынғы символдарын қайта қарап, оларды нақтыландыра, заттандыра түседі.  Сондықтан аталмыш өлеңдегі символиканың екі түрлі мәні бар, яғни құмарлық сезімі  мен табиғат көрінісі астасып берілген:

                         ...Да есть печальная услада

                         В том, что любовь пройдет, как снег.

                         О, разве, разве клясться надо

                         В старинной верности навек ?...

 

                         Я чту обряд: легко заправить

                         Медвежью полость на лету,

                         И тонкий стан обняв, лукавить,

                         И мчаться в снегу и темноту [1.167]

         Блок өмірінің соңына дейін әлемді символикалық тұрғыдан бейнелеу әдісіне адал болады. Бірақ ақын үшін поэтикалық түрлендіру материалы не екенін білудің маңызы зор. Олай болмағанда “Стихи о прекрасной даме” мен “Родина”  циклының арасында елеулі айырмашылық болмас еді. Бұл тұста ақын өз мақсатында  кітаби символиканы қолданама әде әрдайым жаңарып отыратын  тәжірибеге сүйене ме –осының басын ашып алу  шешуші роль атқарады. Мұнда Блок өз елінің тарихи болмысында және замандастарының  санасында болып жатқан  процестерді түсіну қажет болғанда поэтикалық образдардың қайнар көзін ашты.

         Жоғарыда келтіргеніміздей, А.Блок поэзиясы қазақ ақындары    М.Жұмабаев пен Б.Күлеев творчестволарына айрықша әсер етіп, шығармашылық шеберлігінің шыңдалуына барынша ықпалын тигізді.  Бұған  Мағжан өлеңдерін оқи отырып, көз жеткізуге болады. Ақынның «Жаралы жан» өлеңінде лирикалық кейіпкердің зары былай берілген:

                  Сауықшыл есіл елім-ай,

                  Сарыарқа сайран жерім-ай!

                  Күмістей таза суы бар,

                  Айдын шалқар көлім-ай!

 

                  Қиналдың ау, шыбын жан,

                 Тоқталсайшы, ыстық қан!

                 Зарлайсың ғой жерім боп,

                            Бесікте қалған балапан! [2. 45]

Бұл жерде ақын «қан, жан, тамұқтың уы» сөздері символ ретінде алынып, «өмір мен өлімнің тайталасынан философиялық түйін түюге ұмтылады».

         Әлбетте, Блок поэтикасы – стилизация гүлденген дәуірдегі стильдер поэтикасы. Бұл кезеңде стилизация дайын құндылықтар үлгісімен бедерленді. Стиль дүниетанымды тікелей бейнелейді, идея мен форма бірлігі сияқты эстетикалық құрылымды тікелей жүзеге асырады. Стилизация бұрыннан бар эстетикалық форма арқылы іске асады. Эстетизм және стилизация  – бір-бірімен байланысты ұғымдар. Стилизация  бір кезде қоғамдық және рухани өмірді айқындаған құндылықтарды өз тарихи ортасынан жұлып алған таза эстетикалық материал ретінде  пайдаланылды.

Блок поэзиясы күні бүгінге дейін өз құндылығын жоғалтқан жоқ. Ақын поэзиясы – өткенінің баға жетпес мұрасы, тарихи өткен дәуірдің айнасы, адамзат үшін маңызды құндылықтарды ту етіп көтерген поэзия болып табылады.

          Түйіндей айтқанда, Блок пен Мағжан шығармашылығының символизм аспектісінде үйлесім табуын, біріншіден сол тұстағы саяси-әлеуметтік жағдаятпен байланыстырсақ, екіншіден қазақ ақынының орыс символистерінің ықпалында болғанынан деп білеміз. Бұл пікіріміз басқа да зерттеушілердің пікірімен орайласатыны анық.

                                    

Пайдаланылған әдебиеттер:

1  Блок А. Собрание сочинении. В 8-ми томах. Т.5. – Москва, 1998.С.225

2  Жұмабаев М. Сүй, жан сәулем. Өлеңдер мен поэмалар. Алматы:         

    Жазушы, 1999.254 б.

3  Елеукенов Ш. Мағжан (Өмірі мен шығармагерлігі). Оқу құралы.  

     Алматы: Санат, 1995.384 б.

4  Cүтжан С. Рухани алмасу арналары. Монография. – Павлодар: Керекубаспасы, 2003. – 186 б.