Мажитаева Ш., Отыншина С.Е.

Е.А.Букетов атын. Қарағанды мемлекеттік университеті.

 

«ӘДЕМI» КОНЦЕПТIСIНIҢ ТIЛДIК КӨРIНIСI

 

Соңғы екі онжылдықта тілді тұтынушы ұлтты алғашқы орынға қоятын лингвистикадағы антропоцентристік парадигма  өз аясында жаңа бағыттарға жол ашты. Осыған байланысты  қазақ тіл білімінде де Н.Аитова, А.Әмірбекова, Г.Снасапова, Ш.Елемесова, Ф.Қожахметова, Қ.Қайырбаева, Ж.Саткенова сынды жас ғалымдардың жұмыстарында тіл мен таным тығыз байланыста қарастырылған. Бұл жұмыстарда тіл жіне таным мәселелері психолингвистика, әлеуметтік этнолингвистика, лингвомәдениеттану, лингвистикамен сабақтастырыла  зерттелген.

Тілді зерттеудің антропоцентристік бағыты тіл біліміндегі адамның тілдік факторы мәселесін, тілдің адамға қызмет ету мәселесі, тіл арқылы адамның табиғаты мәселесін ашумен тікелей байланысты екені мәлім.  Когнитивтік лингвистиканың негізгі санаты концепт табиғатын ашуға бағытталған еңбектер көбейіп келе жатқаны белгілі. Зерттеулерде дала, адам, бақ, тағдыр, өмір, өлім, жан, қайғы, мұң, тары, батырлық, қаһармандық, соғыс, түр-түс, сұлулық, әсемдік, т.б. концептілер әр қырынан қарастырылуда.

Ал А.Байғұтованың  "Қазақ әйелі" концептісінің этномәдени сипаты деген еңбегінде  ұлттың болмыс-бітімі, дүниеге көзқарасы мен рухани-мәдени құндылықтарына сәйкес әйелдің өзіндік табиғатын, қоғамдағы, отбасындағы әлеуметтік қызметімен сабақтас анықтау мәселесін ұлттық таным қорында тіл арқылы жинақталған әйел концептісі арқылы дәлелдеуге талпыныс жасалған.

Кез келген қоғамда, әр дәуірде әйел мәселесі мәңгілік тақырыптардың бірі  болып саналады.  Әйел мәселесі қоғамдық ғылымдардың арасында, негізінен, қазақ әдебиеттануында көркем шығармалардағы әйел бейнесіне қатысты біраз зерттелген.  «...шын мәнінде, қазақ тарихы мен мәдениетін зерделесек, сан ғасырлар бойғы күресте елдігін ерен еңбегімен, асқан парасатымен, шексіз шыдамдылығымен және сүйіспеншілігімен сақтай білген, ұлттық рухты ұрпағының бойына ақ сүті арқылы, бесік жыры мен туған тілі арқылы сіңіре білген әйел-аналар аз емес. Қазіргі таңдағы ана тілінің тағдырында да, бүгіні мен ертеңінде де бағзы замандардағыдай аналардың алатын орны, атқаратын рөлін көрсету мен жаңғыртудың мәні ерекше. Алайда қазақ халқының ұлттық дүниетанымына сәйкес қазақ мәдениетіндегі әйелдің шынайы орнын тіл арқылы таныту, жаңаша зерттеп-зерделеу міндеті толық шешілген жоқ. Осымен байланысты ұлттың болмыс-бітімі, дүниеге көзқарасы мен рухани-мәдени құндылықтарына сәйкес әйелдің өзіндік табиғатын, қоғамдағы, отбасындағы әлеуметтік қызметімен сабақтас анықтау мәселесін ұлттық таным қорында тіл арқылы жинақталған әйел концептісі арқылы дәлелдеудің мәні ерекше» [1,3].  Cондықтан бұл  тақырыптың өміршеңдігі қазіргі қазақ қоғамындағы "қазақ әйелі" концептісінің даму динамикасын, жаңару үрдісін анықтауды зерттеушінің өз  ғылыми  жұмысының негізгі ұстыны болып табылады.

Соңғы кезде де  «әйел» концептісі  тіл білімінде өзектілігін  жоғалтқан жоқ.  Біздің зерттеу жұмысымыз да «әйел» концептісіне қатысты. Атап айтқанда, әйел затын сипаттауда  қалыптасқан «әдемілік»  концептісінің тілдік репрезентациясын ашуға арналған.

Зерттеу жұмысының дереккөзі ретінде мақал-мәтелдер жинағы, М.Мақатаевтың, С.Сейфуллиннің өлеңдер жинағы және «Батырлар жыры» т.б. көркем әдебиет шығармалары алынды.  Тілдік талдауға 200-ге  жуық мысалдар жинастырылды.

Жұмыстың мақсаты – «әдемі» концептісінің  тілдік көрінісін сипаттау.

Әйел адамға қатысты жазылған еңбектердегі тұжырымдарға қарағанда, "қазақ әйелі" концептісін гендерлік стереотиптер арқылы да тануға болатындығы айтылады.  Мәселен,  шығыс әйелдеріне тән  қалыптасқан стереотиптерге  ибалылық, инабаттылық,  асқан сұлулық, әдемілік, сүйкімділік, көркемдік, кербездік т.б. жатқызылады.     

Синонимдер сөздігінде «әдемілік» сөзінің синонимдік қатары ретінде  төмендегі сөздер беріледі: сұлу, әдемі, әсем, көркем, ару, әрлі, бәденді, ажарлы, шырайлы, келбетті, кескінді, көрікті, сиықты, келімді, зипа, айдай, реңді, өңді, қияпатты, райлы  [2, 490]

Қазақ тілінде «әдемілік» ұғымын беретін көптеген  мақал-мәтелдер кездеседі. Мысалы:

Гүл – жердің көркі,

Қыз - елдің көркі. [3, 62]

Көріктіні сұлу де, ақылдыны ару де. [3,210]

Сұлу сұлу емес, сүйген сұлу. [3,220]

Тәні сұлу – сұлу емес,

Жаны сұлу – сұлу. [3,156]

Ай десе - аузы бар,

Күн десе -  көзі бар [3,135].

Қазақтың ақын-жазушыларының туындыларында қыз баланың әдемілігі, сүйкімділігі  төмендегідей  сипатталады:

Оралған шашың жібек, қасық барқыт,

Сымбатың шашақ жарған өрім талдай.

Көмірдей оты жанған екі көзің,

Бұраң бел, қырша мұрын, жазық маңдай».

Меруерттей тістеріңді жарқыратып,

Күлгенің нұрын шашып атқан таңдай.

Ерінің қызыл гүлдей албыраған,

Сұлуы Сарыарқаның ерке сәулем... [4,125]

Халқымыздың ұғымында жас қыз баланы гүлмен, қызғалдақпен ұқсатып, теңейді. Сондай ұқсастықтарға орай ақын-жазушылар қыздың сұлулығын, кейде қайта айналып келмейтін жастық шақты білдіру үшін теңеу, метафораларды қолданады:  Қырандай тиген кептерге, Қызғалдақ-ғұмыр, бозбала-ай! (М.Мақатаев. Аманат). Түсіме енді ап-арық, қызым бүгін, Қызым бүгін... Жұлынған қызыл гүлім (5,94].

Қазақ әйелдерінің сырты мен іші сұлулығы, мінез байлығы, ақыл-парасаты жөнінде cипаттағанда, ең алдымен, ауыз әдебиетінен, эпос-жырлардан көптеп мысал келтіруге болады. Мәселен,  батырлар жырындағы әйел кейіпкерлерін суреттеген тұстарын көз алдымызға келтірсек: Жібек - сұлулық пен сымбаттың,  Құртқа - қазақ әйеліне тән ақыл-парасат пен көрегенділіктің, Айман мен Ақжүніс әйел үшін таптырмайтын қасиет - қулық пен айлакерлік, тапқырлықтың, ал Баян - сұлулықпен бірге махаббатқа адалдықтың, сезімге тұрақтылықтың символы.

Қазақ тілінде әйелдің әдемілігін,  көркін ғаламның ұлттық тілдік бейнесіне сәйкес сипаттайды. Мәселен, әйелдің әдемілігін, сұлулығын танытатын концептілерге  «көз», «шаш», «мойын», «бел» «бет» т.б. жатқызып талдауға болады. Мәселен, әдемі көздерді көркем мәтінде сипттағанда  қарақат көз, бота көз, тана көз, жәудір көз, күлім көз, қой көз,  тұнық, мөлдір көз, мойылдай көз, тұнжыр көз, нәркес көз, т.б. тіркесімдер қолданылады..

Сонымен "сұлулық" концептісін құрайтын сөздер, тұрақты сөз тіркестері, теңеулерге тірек сөз ретінде халқымыз үшін етене таныс, оның күнделікті тұрмыс-тіршілігіне, кәсібіне, таным-талғамы мен пайым-парасатына қатысты, тілді тұтынушылар үшін түсінікті, ортақ мағыналар алынғанын байқаймыз.

Келешекте жазылатын жұмыстарымызда осы «әдемілік» ұғымын сиптттайтын тұрақты тіркестерге тоқталмақпыз.  

Пайдаланылған әдебиеттер:

 1 Байғұтова А. "Қазақ әйелі" концептісінің этномәдени сипаты. Алматы, 2008. 25 б.  

2 Бизақов С. Синонимдер сөздігі.  Алматы: Арыс, 2007.  640 б.

3 Қазақ халқының мақалдары мен мәтелдері:  Алматы: М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, 2001.  272 б.

4 Сейфуллин С. Көп томдық шығармалар жинағы. – т. 1: Өлеңдер мен дастандар.  Алматы: Жазушы, 2002. 192  б.

5 Мақатаев М. шығармаларының толық жинағы: Көп томдық. 2-бас. І-т.: Өлеңдері мен дастандары.  Алматы: «Жалын баспасы» ЖШС, 2006. – 320 б.