Т.Жүргенов атындағы  Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті Мәмбетова Әсел Иманғалиқызы, Т.Жүргенов атындағы  Қазақ ұлттық өнер академиясының аға оқытушысы Хожамбердиев О.К

Тіл мәдениетінің қоғамдағы орны

Тіл тазалығын сақтау қоғамдағы өзекті мәселе болып табылады. Себебі, тіл тазалығы – сөз қолдану мәдениетін арттыратын негізгі шаралардың бірі. Әдеби тілде сөйлеу біздің міндетіміз дейтін болсақ, бүгінгі күнгі жастарымыздың сөйлеу мәдениеті деңгейін жоғарлату қажет. Тіл тазалығы – ұлт мәдениетінің айнасы. Сондықтан бұл мәселенге аса жауапкершілікпен қарауымыз керек. Таза сөйлеу биік мәдениеттілік. Тіл тазалығына, сөйлеу шеберлігіне қазақ халқы ерекше мән берген. Ерте заманның өзінде де тілге қатысты «Өнер алды – қызыл тіл» - деп, жоғары баға берген. Тіл хақында айтылған мұндай теңеулер аз емес. Мысалы: «Тіл – адам ойының айнасы», «Сөз қадірін білмеген, өз қадірін білмейді», «Сөз жүйесін, мал иесін табады» - деген сөздер халқымыздың баға жетпес қазынасына айналды. Ұлы Абай: «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, теп – тегіс жұмыр келсін айналасы» - деп, әрбір сөздің түсінікті, жеңіл, мағыналы болуын өз ортасынан қатаң талап еткен. Бұдан, Абайдың бір ғасырдан астам уақыт бұрын тіл тазалығына ерекше мән бергендігін байқаймыз. Адамды мұратқа жеткізетін ана тілі мен ата дәстүрі дейміз, яғни біздің халықтың қасиетті мұрасы ана тіліміз – қазақ тілі. С.Торайғыров: «Ана тілі» – қайнаған қаның, қиналған жаның, толғантқан көңілдің, лүпілдеген жүректің сығындысы онда дәм де, мән де болу керек» – деп айтса, ал Б.Момышұлы «Анамыздың ақ сүтімен боймызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата - бабамызды, тарихымызды ұмыту» – деген екен. Адам баласының негізгі қасиеті – тіл. Сондықтан да тіл байлығы елдің елдігін, ерлігін, өнерін, ғылымын, әдебиетін, мәдениетін, әдет - ғұрыпы мен салт - дәстүрінің қаншалықты дәрежеде екендігін көрсететіндігі сөзсіз.

Тіл - қатынас құралы. Қай халықтың болмасын тілі мәдениет пен өнерінің мұнтаздай таза, саф күйінде сақталуына үлкен әсер ететіні анық. Осы тілді қадірлей білетін орта болғаны дұрыс. Тілді жеткізудің жолдары – өнер ошақтары, оның ішінде театр актерларының спектаклдеріндегі ойындарымен және көркем тілінде жатыр. Тіл заңдылықтарының бұрмаланбай сақталуына, сөйлеу мәдениеті мен сөзді жеткізу техникасына мән беру, дұрыс сөйлеуге насихаттаудың негізгі мәселесі болып табылады. Сахнадағы сияқты телеэкран алдында да отырған көрермен әрдайым көркемсөз жеткізу кезін қадағалап, тіл тазалығын жан – жақты саралап отырады. Егер жүргізушінің сөзі анық болмаса, тыңдаушысын баурай алмасы анық. Бүгінгі таңда телевизиялық көркемдік құрылымының жетілуіне бірден – бір үлкен қызмет көрсететін, эфирдегі тіл мәдениеті деуге болады. Эстетикалық жағынан қарағанда да эфирден сөйлеп тұрған кісінің тұла бойы, болмысы, білімі ғана емес, оның сөз саптасы, сөзді дұрыс айту арқылы ойды жеткізуі көрермен үшін маңызды нәрсе. Телевизия өнері дамып, құлаш жайған сайын аудитория талғамы күшейе түседі. Қазіргі жағдайда таңдау көп. Көрермен бірнеше телеканалдардың ішінен өзіне жаққанын, өзін тартатын дүниелерді саралап көре алады. Міне, осындай бәсекелестік кезінде қазақстандық телеарналардан берілетін бағдарламалар, оның ішінде өзіміздің қазақ тілінде берілетін хабарлар ұтымды болуы керек. Ол үшін не істейміз? Ең алдымен, өз тіліміздің шұрайлылығын көрсете білуіміз керек. Бүгінгі телеарналардағы хабарларда айтуға қиын, оралымы ауыр сөз тіркестері көбейді. Мысалы, «қолжетімді», «ағымдағы жыл», «жетіп артылады» деген сияқты түсініксіз, әрі жүргізушіге айтылуына қиын сөздер мен сөз тіркестері көбейіп кетті. Оларды «арзан», «биыл», «асты немесе біршама артты» деуге болады ғой...                

Енді, дауыс тәрбиесіне қатысты біраз мәселелерге тоқтала кетсек. Тынысты жаттықтыру үшін адамға ең алдымен өз мүсінін, яғни, денесін дұрыс қалыпта ұстауды үйренгені дұрыс. Мәселен, орындыққа отырғанда алдыңғы жағына қарай отырса, арқаны тік ұстаса, дем жаттығуларына келгенде осы отырыс қолайлы келеді. Тыныс жаттығулары кезінде адам мойын, иық, қол, мойын бұлшық еттерін босатып, кеудені, басты түзу ұстауы керек. Сол арада тыныс алу, еркін тыныс алу басқаша болар еді. Тыныстау кезінде адам демді ішке қарай тек мұрын қуыстары арқылы алғаны дұрыс. Кейде иықты көтеріп, ауызбен дем алынады. Солай дем алғанда көмей жұтқыншақтары тез құрғап, сілекей бездері таусылғандай болып, ауыз қуыстары құрғайды. Ондайда тіл ұшын сәл тістесе, сілекей ауыз қуысына жиналады. Дем жаттығуларын қадағалау арқылы демді қайтадан сыртқа шығарып, мұрын арқылы дем алуды қалыпқа келтіру керек. Мысалы, мұрын қуысы арқылы өткен салқын ауа диафрагмаға жеткенше белгілі бір мөлшерде жылиды. Тәжірибе барысында алғашқы кездері дем, тыныс туралы айтса, адам өзі қалай дем алғандығын зерттеулері мүмкін. Ондай кездерде көз алдымызға жұпар иісті гүл шоқтары келеді. Ол қандай гүл, раушан ба, әлде басқа ма? Иіскеп, көп мөлшерде тыныстаса, оны диафрагмадан тыс көп алатын болсақ, ауа өкпе, асқазанға жетіп, сөйлер кезі келгенде кедергі жасауы мүмкін. Сондықтан ауаны гүл иіскегендей мөлшерде ғана алған жөн. Енді өзіміздің тыныс алғанымызды зерттейтін болсақ, ауа қалай, қай жерлерге келетінін қадағаласақ, ауа мұрын арқылы өтіп төмен, қуық бездеріне қарай диафрагма арқылы өтеді. Сол кезде алған демді «М» әріпі арқылы шығарамыз. Ол дыбыс қалай, қай жолдармен өтеді? Бізде ауыз қуыстары жұтқыншақ, көмей, кеңірдек, таңдай, тіске таяу көмей, жұтқыншақ бездерімен қатар тілшік бар. Адам алған демді есінеу арқылы таңдайға жіберу керек. Таңдайға келген дыбыс біріншіден ерін, иекті қозғап, көз бен танау алдын жыбырлатқандай әсер береді. Демек, мұрын қуысы арқылы өткен ауа таңдай мен диафрагманың жұмысын жандандырып, тыныс, дем жүйесіне ғана емес, сонымен қатар дауыс жүйесінің жұмыс істеуіне мүмкіндік туғызады.

Адамның барлығы өмірде мұрын қуысы арқылы дем алатындықтан жаттығу кезінде оны еш қиындықсыз орындайды. Алайда адам күндегі әдетінше, әрқайсысы өздерінше табиғи дем алады. Негізінен, адамға осы жаттығу ғана дұрыс деп тұжырымдауға болмайды. Тек адамға дұрыс мақсат қойып, дұрыс бағыт – бағдар беруіміз керек. Мысалы, кейбір адам көпшілік алдына шығып, белгілі бір шығармадан үзінді оқи бастаған кезде демді мұрын қуысы емес, ауыз қуысы арқылы жұтып, түрі бұзылып дегбірі қашып, дауыс аппаратының жұмысы күрт төмендей бастайды. Неге? Себебі, сол әрекеті кезінде адам сөздердің немесе сөйлемдердің арасында жаттығу кезіндегідей мұрыннан дем алып жатпайды. Ол сырт көзге жасанды болып көрінеді. Жеткізетін ойын дұрыс бере алмай қалады. Ол өмірдегі өз дағдысы бойынша сөйлесе қалыптасып қалған әдетіне сай ауыз қуысымен ауаны ішке жұтады да әрі қарай сөзін айтып, жалғастыра береді. Ондай жағдайда мүмкіндік болса табиғатына сай бағыттап, жөнге салып жіберген жөн. Осындай жаттығулар болсын, қазақ тілінің емле ережелері болсын, сөздің айтылу заңдылықтары болсын әрбір тележүргізушінің білуге міндетті нәрселері. Олардың біразы эфирден сөйлеп тұрғанда тыныс белгілерін ескермей жатады. Сөйлем ішінде кездесетін тыныс белгілерінің атқаратын негізгі қызметі – жеткізушіге сөйлемнің құрамын, оның қандай бөлшектерден құралғандығын, ол бөлшектердің бір – бірімен мағыналық жағынан байланысын байқату. Біз, сөз өнерінің қасиеті мен ерекшелігін жоғары бағалаумен қатар оны қастерлеп, құрметтеуге тиіспіз. Қазақ, ерте бастан – ақ сөз қадірін білген халық. Яғни, сөз өнеріне ерекше мән берген. Бұрынырақтағы билеріміз ел ішіндегі, ру – тайпалар арасындағы дау – дамайды, жанжалдарды бір ауыз сөзбен бітістіріп отырған. «Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді» деген мақалды дана халқымыз бекер айтпаса керек. Уақыт елегінен өтіп, халықтың санасына сіңіп, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып жеткен данышпан сөз зергерлері, халықтың мұң – мұқтажын ойлай білген, қысылғанда жол табар ақылшысы болған Асан қайғы, Қазтуған, Ақтамберді, Үмбетей, Бұқар сияқты тағы да басқа көптеген ақын – жыраулар ақпа – төкпе, суырып салма өлеңменен батырлардың ерлігін, байлардың сараңдығын, жақсы мен жаманның айырмасын таңнан таңға жырлаған болатын. Олар, әр сөзді нақышына келтіріп орындаумен қатар терең ойды жеткізу, астарлап айту жағын жақсы меңгерсе керек. Сондай – ақ, халық әндерінің, халық композиторлары әндерінің сөздері қандай?. Әуені тамылжыған, сөздері құлақтың құрышын қандырады. «Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй» - деген ұлы ақын Абайдың өлеңдері мен қара сөздері қандай?. Ал, әсем ән мен көркемсөздің үйлесіп үндескен тұсы кез – келген адам баласын бейжай қалдырмасы анық. Себебі, нақыл сөздер, шешендік монологтармен жұмыс жасау – жаттығу терең ойлануға,сөз астарын аша білуге, аз сөзбен иіп келтіріп, ұшқыр сөзбен кесіп түсуге үйретеді. Мысалы, актерлық өнерде кешегі өткен Қ.Қуанышбаев, Е.Өмірзақов, Қ.Байсейітов, Қ.Жандарбеков, С.Қожамқұловтар жазып қалдырған еңбектерінде, өздері ойнаған рольдеріне тіл өнерінің тигізген әсері жайында жақсы әңгімелегендерін білеміз.