Филологические науки”/ Язык, речь, речевая коммуникация

 

к.ф.н. Сейдикенова А.С.

Жетысуский государственный университет им. И.Жансугурова,

Талдыкорган, Казахстан

 

Ағылшын және қазақ тілдеріндегі дінге байланысты мақал/мәтелдердің ұқсастығы мен айырмашылығы

 

Мақал – мәтелдердің тіл білімінде, оның ішінде, қазақ және ағылшын тілдерінде әр тұрғыдан жан-жақты зерттеліп келгені мәлім. Мақал – мәтелдердің тілдік табиғаты, олардың басқа тұрақты тіркестермен ұқсастықтары немесе ерекшеліктері А.Байтұрсынов, І.Кеңесбаев, Р.Сәрсенбаев, Б.Адамбаев, Ә.Қайдар, С.Нұрышев, Ғ.Мұсабаев, М.Ғабдуллин, Ғ.Тұрабаева салыстырмалы–салғастырмалы тұрғыдан А.Нұрмаханов, Э.Мұқышева, А.Дондаева, Д.Беғалықызының т.б. жұмыстарында қарастырылған. Ағылшын тіліндегі ұлттық болмыс және ұлттық таныммен тығыз байланысты тұрақты тіркестерді, мақал – мәтелдерді жан – жақты, түбегейлі зерттеген ғалымдар – Н.Барли, А.Дундэс, А.Крикман, М.Куузи, Г.Мильнер, А.Тэйлер, Г.Л.Апперсон, Линда және Роджер Флавэлдер.

Мақал-мәтелдер бойындағы ұлттық бояу әр халықтың әлем бейнесімен тығыз байланысты. Яғни,  мақал-мәтелдер – бір жағынан тіл көркемдігінің  сипаты. Мақал-мәтелдер өз тарапынан мәдени ақпаратты символдау қызметін атқарады. Ә.Қайдар: «Кез келген этностың, ұлттың, ұлыстың тілінде оның басынан өткен бүкіл өмірінің өрнегі жатыр. Халықтың, яғни этностың шын мәніндегі  болмысы мен дүниетанымы оның тілінде ғана сақталады. Әр түрлі заттың, құбылыстың аты-жөні, сыр-сипаты, қоғамдық қатынастар әдет-ғұрып, салт-санамен дәстүрлер жайлы мағлұматтардың бәрі де кейінгі буындарға тек тіл фактілері арқылы ғана, яғни тілдегі сөздер мен сөз тіркестері, фразеологизм мен мақал-мәтелдер арқылы жетіп келуі мүмкін», - деп өз тұжырымын айтқан болатын.[1]  Мысалы: Базарға барғанның бәрі молда емес; Кірсіз-ай, мінсіз - Құдай; Би билеп жүргендердің бәрі бақытты деп ойлама, Намаз оқығандардың бәрі молда емес т.б.

Ал мәтелге келсек, жоғарыда мақалға берілген анықтаманы оған да беруге болады. Мәтел де халық даналығынан туған, мағынасы уағыз, өсиетке негізделген, құрылымы көркем, ырғақты, әрі ықшам сөз үлгісі. Мәтелдің мақалдан айырмасы – мәтелде айтылатын ой – пікір мақалдағыдай емес, негізінен жанама түрде астарлау, меңзеу түрінде берілетіндігінде. Мысалы:

Адамның басы – Алланың добы; Құдай салды – мен көндім; Жақсы да Құдайға керек; Мал байдікі, жан Құдайдікі деген мәтелдерде мақалдағыдай байымдау, оны қорытындылау жоқ, тек бір жағдайды жанамалап, меңзеп, тұспалдап білдіру ғана бар. Демек, мақал мен мәтелдің айырмасы – олардың мағынасына байланысты, білдіретін ой пікірдің (мағынасының) білдірілу тәсілінде. Ой – пікір, ұғым мақалда неғұрлым анық, ашық айтылса, мәтелде тұспалдап, жанамалап, меңзеп айтылады. Мәтел құрылымы жағынан  көбінесе жай сөйлем іспеттес, бір құрылымнан тұрады.[2]

Мақал-мәтелдерде оқу мен еңбек, ойын мен өнер, адамның жақсы-жаман қасиеттері, елін сүю, ата-ананы құрметтеу т.б. үлгі-өнегелер сөз болады. Өмірдің әр саласына байланысты болғандықтан оларды әр түрлі тақырыпқа бөлуге болады. Қай елдiң мақал-мәтелдерiн алмасақ та, барлығының ең басты ерекшелiгi – тәрбиелiк маңыздылығы. Ағылшын және қазақ тiлiндегi мақал-мәтелдердi үйрету негiзiнде бiз балаларды тек ағылшын және қазақ халқының көп ғасырлық өмiрлiк тәжiрибесiмен, әлеуметтiк, этикалық және эстетикалық көзқарастары мен дүниетанымымен таныстырып қана қоймай, ең бастысы сол нақыл сөздер мен мақал-мәтелдердiң тәрбиелiк мәнiн түсiндiрiп, сөздiк қорын байытамыз.

Біз бұл мақалада қазақ және ағылшын тілдеріндегі дінге байланысты мақал мәтелдерді қарастырамыз.

Ағылшын тіліндегі мақал-мәтелдердің ауқымды бір тобы қасиетті кітап Інжілге байланысты қалыптасқан. Халық арасына кеңінен таралып, көп оқылғандықтан, Інжілдік тізбектердің ауқымды тобы тұлға тұрақтылығы, тіркес тиянақтылығы, мағына тұтастығы тәрізді белгілердің арқасында қолдануға даяр тілдік бірлікке айналған. Зерттеу барысында олардың бір бөлігінің түпнұсқадағы қалпын берік сақтағандығы, еш өзгеріссіз қолданылатындығы айқындалды. Мысалы: You cannot serve God and mammon (сөзбе-сөз аудармасы: Сен Құдай мен Мамонаға бірдейй қызмет ете алмайсың); A soft answer turneth away wrath (с.с.а: Жұмсақ (жылы) жауап ашуды қайтарады) The spirit is willing, but the flesh is weak (с.с.а: Жан қалайды, бірақ дене әлсіз); т.б. Түп-төркіні Інжілге барып саятын мақал-мәтелдердің сәл өзгеріске ұшыраған түрлері де кездеседі. Мысалы: Saw the wind and reap the whirlwind; Spare the red and spoil the child: you cannot make bricks without straw.[3]

Ислам дінін қабылдағаннан кейін қазақ халқының мәдени өмірі жаңа бетбұрыстарға толы еді. Халық ауыз әдебиетінің бір саласы – мақал-мәтелдерде діни уәждердің орын алуы осының айқын дәлелі. Ш. Әділбаева халық ауыз әдебиетінің бір тармағын құрайтын мақал-мәтелдердің кейбіреуі әрі тілдік жағынан, әрі мағына жағынан хадис мәтіндерімен бірдей. Мұндай мақал-мәтелдердің халық жадына сіңіп, қанатты сөзге айналған хадистер екенінде күмән жоқ. Мысалы, Аллаһ Елшісі (саллаллаһу аләйһиуәсәлләм): «Әр дерттің дауасы бар. Дерттің дауасы табылып қолданылғанда  Аллаһ тағаланың рұқсатымен (көмегімен) ауру адам жазылады,»  - деп мәлімдеген. Міне, осы хадистің бірінші сөйлемі қысқа әрі нұсқа түрде халқымыздың тілінде: «Әр дерттің дауасы бар» деген мақалға айналған. Әрі мақалдағы дауа  деген арапша сөздің сол күйінше алынуы, бұл мақалдың халық арасында қанатты сөзге айналған хадис екенін көрсетеді. Дерттің алдын алу тазалықпен байланысты. Ислам діні тазалыққа қатты мән берген бірден-бір дін. Себебі, адам баласының таза болуы - оның денсаулығы, жүзінің шырайлылығы,  тұла бойының сәнділігі, айналасындағыларға тартымды да сүйкімділігі деген сөз. Ал ішкі жан дүниеге тән тазалық – ақ жүрек, адал ниет, пәк көңіл мен кіршіксіз ой дегенді білдіреді. Мұсылман үшін ең маңызды нәрсе иман болатын болса, тазалықты жаны сүйген Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһиуәсәлләм) «Тазалық -  иманның жартысы» -  деп, иманды құлды жан тазалығы мен тән тазалығына шақырған. Мұсылман қазақ Аллаһ Елшісінің тәліміміне мойынсұнып, тұрмыс-тіршілігінде тазалыққа ерекше мән берген. Осыдан ауыз әдебиетімізде «Тазалық – иманның жартысы» деген мақал пайда болған деген пікір айтады.[4]

Енді екі тілдегі діни сипаттағы мақал/мәтелдерді қарастырып көрейік:

Құдайға құрмет елдің салты,

Еліне құрмет ердің даңқы. /Тозаң басқан құдық та бір –

Тозығы жеткен ғұрып та бір./ Cleanliness is next to Godliness/ Қазақ тілінде Құдайға құрмет елдің салты деп айтса, ағылшын тілінде: Құдайға жақын болудың бір шарты – тазалық дейді.

Кірсіз – Ай, мінсіз – Құдай. /Дін өлімді уағыздайды, Білім өмірді уағыздайды./ All the world is your country, to do good is your religion. Екі тілде де Құдай жайлы айтылып, Құдайдың қадір-қасиеті жайлы айтылады.

Құдайға сенген құстай ұшады,

Адамға сенген мұрттай ұшады./ Ауру жанымен әлек, Молда-екең жаназаның малымен әлек./ Beware of the false prophets, who come to you in sheep's clothing, and inwardly are ravening wolves./ Қазақ тілінде құдай мен адамға  сенген адамның іс-әрекетін салыстырса, ағылшын тілінде жалған пайғамбарлардан сақтану керектігін айтқан. [5]

Дүниеде тек Құдай мұңсыз.

/Сауатсыз молданың сәлдесі үлкен/ No man can serve two masters.

(Christian New Testament). Қазақ тілінде дүниеде Құдай мұңсыз десе, ағылшын тілінде екі бірдей Құдайға құлшылық ете алмайтыныңды айтады.

Тәңірінің құдіретін көрем десең тауға бар./ Өлімнен қорықсаң өлесің.

Өлімді қорқытсаң жеңесің./ The Lord does not let the righteous go hungry, but he thwarts the craving of the wicked. Екі тілде де Құдайдың құдіреттіліген анықтайтын қасиетттерді немесе іс-әрекеттерді көрсетіп отыр. Қазақ тілінде Тәңірінің құдіретін көрем десең тауға бар десе, ағылшын тілінде Құдай тақуа адамды аштан қалдырмайтынын айтады.

 Адам ойлайды, Құдай шешеді. Қожа мен молда

Меккеде кездеседі, не некеде кездеседі. The blessing of the Lord makes rich, and he adds no sorrow with it. [6]. Екі тілде де адамның бұл өмірде әр ісі Құдайдың батасымен бітеді. Қазақ тілінде адам ойласа, Құдай шешеді деп айтады, ағылшын тілінде Құдай батасын әділ адамға береді, берсе де еш қиыншылықсыз беретінін айтады.

Ағылшын  мақал-мәтелдерінің Інжілден кейінгі негізгі қайнар көзі – В.Шекспир шығармалары. Ағылшын мақал-мәтелдер қоры Шекспир шығармаларындағы цитаттар арқылы едәуір байыған. Бірқатар ғалымдар тобы ағылшын мақал-мәтелдердің гүлдену дәуірі Шекспир өмір сүрген заманмен тұстас келеді деген пікір айтады [7]. Қазақ және ағылшын паремиологизмдерінің түпдеректеріне қатысты негізгі айырма мынада: қазақ мақал-мәтелдерінің ауқымды тобы жеке тұлғаға (би, шешен, ақылгөй, дана қариялар т.б.) байланысты қалыптасып, ұрпақтан ұрпаққа ауызша таралып отырған. Ал, ағылшын мақал-мәтелдерінің негізгі бұлағы діни ағым, қасиетті кітаптан тараған ұлағатты сөздер болып табылады және сондай-ақ Шекспир сынды ұлы тұлғалардың айшықты, мәнді сөз үлгілері ерекше орын алады.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Қайдар Ә. Халық даналығы – Алматы: Тоғанай, 2004 –558 б.

2. Тұрманжанов Ө., "Қазақ мақал-мәтелдері"  Алматы "Ана тілі", 1992ж.

3. Аққозин М. "Қазақ мақал-мәтелдері.Казахские пословицы и поговорки". Алматы."Қазақстан", 1990ж.

4. Әділбаева Ш. «Хадис-ғұрпымыз, сүннет – салтымыз», «Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қоры», 2011 ж. Алматы қаласы, 279 бет.

5.Буковска.М.В., Вяиьцева С.И., Дубянская З.И., Зайцева Л.П., Биренбаум."Словарь употребительных английских пословиц и поговорок". Москва Я.Г.,"Русский язык", 1990ж.

6.«Book of proverbs in the Old Testament»

7. Kuskovskaya S. «English proverbs and sayings», minsk, 1987, Vysheishaya Shkola Publishers