Досова
А.Т. – А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік
унивеситетінің
доценті, филология ғылымдарының кандидаты
Иргизбаева Қ.Б. - А.
Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік
университеті «Филология» мамандығының 2 курс
магистранты
Этномәдени
сипаттағы фразеологизмдердің қолданысы
(М.Мағауиннің
шығармалары негізінде)
Қазақ тіліндегі
өзінің бейімділігімен, әлеуметтік мәнділігімен
ерекшеленетін фразеологизмдерде халқымыздың тарихы мен
салт-дәстүріне, ойлау жүйесіне, материалдық және
рухани мәдениетіне байланысты мол ақпарат сақталған.
Осыған байланысты қазақ тіл білімінде фразеологизмдер
әртүрлі қырынан зерттеліп келе жатыр. Фразеологизмдерді
тілдік тұрғыдан зерттеу бағытында көптеген
жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда, І.Кеңесбаев,
Ә.Қайдар, Н.Уәли, С.Сәтенова,
Ғ.Смағұлованың т.б. еңбектері жарыққа
шықты.
Соңғы жылдары
фразеологизмдерді тілден тыс факторлармен байланыстырып қарастыруға
ерекше көңіл бөлініп, олардың этнолингвистикалық,
этномәдени, психолингвистикалық, танымдық қырларын
зерттеу барысында бұрынғы құрылымдық
бағыттан гөрі антропоцентристік бағыт басым бола бастады.
Тілдік бірліктерді антропоцентристік бағытта зерттеудің
қазақ ұлтының мәдениеті мен материалдық
дүниесін түсінуде маңызы зор.
Қазіргі заман талабына
байланысты фразеологизмдерді тек тілдік жағынан қарастырудың
жеткіліксіз екені белгілі, өйткені халықтың
ұжымдық тәжірибесі, шаруашылығы, адамдардың
бір-бірімен байланысы, қоғамдық қатынастар,
дүниетанымдық ерекшеліктер, материалдық және рухани
мәдениет шеттеліп қалып қояды. Сондықтан
фразеологизмдердің қалыптасуының тарихи, мәдени
негіздері, уәжділігінің этномәдени мәнділігі
жағынан қарастыру халқымыздың өткен
кезеңдердегі мәдениетін танып білуде аса нәтижелі
болмақ. Осы тұрғыдан алғанда фразеологизмдердің
шығу арналары тарихы мен танымдық қызметін
қолөнері материалдары негізінде қарастыру өте
қызықты да танымды.
Ал этномәдени сипаттағы
қалыптасқан фразеологизмдер қазақ халқының
өзіндік ерекшелігін айқын көрсетіп, қолөнеріне байланысты атаулар,
кәсіби-шаруашылық құралдары мен кәсіп, өнер
түрлерінен, киімдері мен тұрмыстық бұйымдарынан,
ата-бабамыздың табиғат байлығын игеру тәжірибесінен,
дүниетанымынан, әлеуметтік реттеу құралы болған
салт-дәстүрлерінен т.б. мол дерек беретін қайнар
көздердің бірі ретінде құнды болып есептеледі.
Этномәдени сипаттағы
қалыптасқан фразеологизмдер қазақ фразеологиялық
қорында алатын орны айқындалады, өнер түріне,
қолөнеріне байланысты топтастырылып, фразеологизмдердің
рухани мәдениетпен байланысы этномәдени бірліктердің
беймәлім болып келген мазмұнын ашып, көне наным-сенім,
әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерге
этнолингвистикалық талдау жасау арқылы көрсетіледі,
фразеологиялық лексика қазақ тілінің этномәдени
тұрғыдан құнды әрі аса бай қабатын
құрайды. Сондай-ақ, халқымыздың
тыныс-тіршілігімен, эстетикалық талғамымен байланысты және
қоршаған орта туралы халықтың білімдер жүйесі,
рухани, адами құндылықтары жөнінде кодталған
ақпараттарды құрайды, қолөнерге байланысты
фразеологизмдер тіл мен адамның, ұлттық мәдениет пен
этникалық сананың сабақтастығын көрсетіп,
объективті түрде ұлттың, дүниенің тілдік бейнесін
қалыптастырады, фразеологизмдердің мазмұнын тану және
олардағы халықтық білімдер жүйесін меңгеру
арқылы халқымыздың, өскелең
ұрпақтың ұлттық сипаттағы білімдер
қоры толыға әрі кеңейе түседі, нәтижесінде
рухани-интеллектуалдық тұрғыдан өсуге,
ұлттық менталитетті нығайта түсуге ықпал етеді,
қолөнерге қатысты фразеологизмдер ұлттық болмысты
айшықтай түсетін идиоэтникалық семантикаға ие, сондықтан
қазіргі әлемде кең етек алып отырған жаһандану
жағдайында оларды тану арқылы қазақ
халқының ұлттық болмысын түсінуге мол септігін
тигізеді, фразеологизмдерден халықтың кен байлығы, жер
байлығы, жануарлар әлемі мен адам, қоғам,
әлеуметтік-экономикалық қатынастарға қатысты
білімі мен тәжірибесі көрінеді, фразеологизмдердің
лингвомәдени семантикасында қазақ халқының
қазба байлық, тұрмыстық заттар, әшекей өнеріне
қатысты көпғасырлық ұжымдық
рухани-материалдық шығармашылығы, адамның
табиғатпен, қоғаммен, қоршаған ортамен
қарым-қатынасы көрініс тапқан, сондай-ақ,
қолөнерге қатысты тұрақты тіркестер
қазақтардың ежелгі замандардан бергі
шаруашылық-экономикалық, қоғамдық-әлеуметтік
тыныс-тіршілігінен хабардар етеді.
Жазушы адам мінезінің толып
жатқан қыр-сырын, оның сыртқы бейнесін, ішкі жан
дүниесін әртүрлі тілдік тәсілдерді қолдану
арқылы бейнелейді. Кейіпкер бейнесін, түр-тұлғасын,
ішкі сезім иірімдерін әсерлі етіп жеткізуде әсіресе,
фразеологизмдердің қызметі ерекше.
Фразеологизмдер, олардың
қызметі, көркем туындыдағы қолданысы В.Виноградов,
А.Ефимов, І.Кенесбаев, Ғ.Мұсабаев,
А.Ысқақов, К.Аханов, Р.Сыздык, Ә.Хасенов,
Х.Қожахметова және К.Смағұлова, Р.Авакова,
С.Сәтенова, Қ.Сарекенова, Ж.Қоныратбаева,
Г.Мұхаметкалиева
еңбектерінде ғылыми түрде сараланып зерттелген.
«Тұрақты сөз
орамдары, яғни фразеологизмдер – тіл деп аталатын қасиетті
дүниенің аса бай қазынасы. Ол тіліміздің бөлінбес
бір бөлшегі болып табылады. Фразеологизмдер жеке сөздермен
салыстырғанда көріктеуіш құрал ретінде жұмсалатын
бейнелі, экспрессивті, эмоционалды мәнгі ие» [1,30].
«Тұрақты сөз
тіркестеріне эмоционалды-экспрессивті болу тән. Әкспрессивті
тұрақты сөз тіркесі сезімге ерекше әсер етеді.
Мұндай тұрақты тіркестер әртүрлі
көңіл-күйге байланысты жұмсалады»[2,20].
«Тұрақты тіркес айтайын
деген ойды асырып бейнелеп, эмоционалды түрде береді, сондықтан
оның стильдік қолданысы әр түрлі болады.
Сөз зергерлерінің ой
түйінін ықшамдап аңғартатын,
жинақылықтың үлгісін көрсететін
фразеологиялық тізбектер-стиль құрайтын компоненттердің
бірі. Әрине, көркем шығарма тіліндегі фразеологиялық
тіркестерді талдау- әрбір автордың өзіндік стиль
жасаудағы тілдік тәсілдерінің бояу-өрнегін
айқындау болып табылады. Жазушының көркемдік нақыш,
қырын танытатын сөздер –осы фразеологизмдер» [3,25 ].
«Өйткені мағыналас
қатар ішіндегі әр фразеологизм - әр образ. Тіпті образдар
жинағы деуге болады. Ал әр образдылық –әр адамның
дүниені қабылдаудағы өзіндік санасы мен болмысынан
туатын ерекшелік. Тіпті бірдей образдылықты екі түрлі адам бір
мезгілде жасай қоюы да екіталай. Себебі адам бойындағы сезім
саласындағы айырмашылықтар түрліше. Тұрмыс
жағдайы, білім деңгейі, жас мөлшері, қоршаған
орта әсері де ықпалын тигізеді. Қалыпты, күнде
көріп жүрген, болып жатқан дүние құбылысын
әркім әр түрлі қабылдайды, бағалайды» [4,56].
Қазақ жазушысы
М.Мағауин кейіпкер бейнесін жасауда фразеологизмдерді орынды
қолдану арқылы оқырманға кейіпкердің
мінез-құлқын, алуан түрлі психологиялық
жан-күйін, тебіреністерін дәл, анық жеткізеді. Мысалы:
«Өз әнімді аузыңнан
естігенде төбем көкке жеткендей болып ем. Содан соң
бір сәт бақыт құшқандай да болдым»(А,
539-б).
«Өз атына айтылған
көшеметке көңілі тасыған Көсайдар
ұсынысты қабыл алмады» (А, 540-б).
Берілген мысалдардағы
«төбесі көкке жету», «бақыт құшу»,
«көңілі тасу» деген тұрақты тіркестер кейіпкердің қуаныш сезімін
бояуын қоюландыра жеткізеді.
«Ораз – Мұхамед жіби
қоймаған. Қайта, тәккаппар да, тәуекелшіл
бектің бұрын білінбеген бұлтақ мінезі – қандай
тайғақтан да шатқаяқтамай шығар ебіне қаны
қайнаған.(А, 534-б).
«Осының алдында ғана
өз руының түйе балуаны жығылғанда, бас
бәйгеден айырылғанын намыс тұтып, ызадан жарылуға
шақ қалған (А, 254-б).
Кейіпкердің ашу-ызасын
«қаны қайнау», «ызыдан жарылуға шақ қалу»
тіркесті әсерлі жеткізеді.
«Фразеологизмдер – күрделі
лингвистикалық бірліктер. Олардың күрделілігі тек
құрылымдық түрлері мен синтаксистік модельдерінің
көпшілігімен ғана емес, сонымен қатар тематикалық
және семантикалық көп жақтылығымен,
сондай-ақ ойдың түрлі экспрессивті-эмоционалды реңтерін
бейнелеу мүмкіндігімен түсіндіріледі» [5, 202].
М.Мағауин шығармаларында
тұрақты тіркестер авторлық баяндауда да, кейіпкер тілінде де
талғампаздықпен жұмсалып, кейіпкерлердің қуану,
ренжу, қорқу, күйіну сезімдерін әсерлі бейнелейді.
Көңілі босап,
өкпе-бауыры езіліп барады (А, 333-б).
Таң атқанша жүрегімді
қан жуды. Адам қызғаныштан өлмейді екен.
-Талай рет тізеліктен
қан кештім, бір-ақ рет жүрегім шайлықты, - деді Бесоба
батыр.-Ет бауыр жақынның да, қанды көбе жолдастың
да қазасын көп көрдім-бір-ақ рет қабырғам
қайысты(А, 93-б).
Сондай-ақ жазушы
шығармасында кездесетін жүрегі дауаламау(129), жүрегі
қан жылау (165), жүрегі суу(185), жанынан түңілу (511),
жүрегі май ішкендей кілку(105), жүрегі шайлығу(159), жаны
түршігу(156), көңілі қалу(188), іші жылу(147) деген фразеологизмдердің
барлығы кейіпкердің ішкі сезімін, толқынысын дөп басып,
дәл жеткізу үшін қолданылған.
«Тұрақты тіркестер -
әдеби тілдің ілгері даму барысында қалам
қайраткерлерінің әрекеті арқылы жанданған
әсем кестелер. Олар сөз зергерлерінің ой-түйінін
ықшамдап аңғартатын, жинақылықтың
үлгісін көрсететін көркемдік құралы.
Тұрақты қолданылған тұрақты тіркестер
кейіпкер мінезінің әр түрлі қырларын тіркестерді
қай жазушы болса да өз шығармасында қажетіне
қарай қолданады» [6,67].
Лингвистикалық еңбектерде
фразеологизмдердің өзгертіліп қолданылуы төмендегідей
түсіндіріледі: «Фразеологическое новаторство писателей способствует
оживлению и обновлению значения общественных слов....
... Фразеологическое творчество
писателей имеет прямое отношение к развитию и изменению общенародного языка.
Каждый писатель принимал участие в творческом обогащении и развитии речевых средств.
При этом он не только изыскивал новые способы использования общеизвестной
фразеологии, но и вносил свою долю в сокровищницу удачных выражений и оборотов
общенационального языка » [8,197].
Сонымен, «Сөзіңіз
нақты, дәлелді болсын десеңіз, өңменен
өтіп, қолқаны қозғайтын дәрежеде болсын
десеңіз, халықтың хас туындысы - айшықты сөздер
тобының тамырын басыңыз. Сонда ғана сіз тілдің
қасиеті деген не, байлығы деген не сияқты сауалдарға
нақты жауап бере аласыз» [9,34].
Жазушы М.Мағауин шығармаларында
қолданылған тұрақты тіркестер кейіпкер мінезінің
әр түрлі қырларын аша түсуге де қызмет етеді.
«Айқас десе қаны
қызатын, төбесінен торғай асырып көрмеген Абалақ
сұлтанды басып, сабасына түсіріп, иіп, бері бұру,
араздық жолынан татулық жолына көшіру оңай емес...»
(А,122-б). Кейіпкер бейнесін беруге
қызмет ететін бұл фразеологизмдер автор тарапынан өзгертіліп
берілген. Мысалы, төбесінен торғай асырып көрмеген
деген халықтық тілде басынан сөз асырмау түрінде
қолданылады.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1
Мұхаметқалиева Г. Тұрақты
эпитеттердің тілдік табиғаты.
Фил. ғыл. канд.
дисс: Алматы,
1995, 175- б.
2 Қайыпбаева А. Тұрақты
тіркестердің поэзия тіліндегі қолданысы.
Фил.ғыл.канд.дисс:
Алматы, 2001, 151- б.
3 Мұсабекова Ф.Қазақ
тілінің практикалық стилистикасы. Алматы, 1982, 125-б.
4
Смағұлова К. Мағыналас фразеологизмдердің
ұлттық- мәдени аспектілері. Фил.ғыл.канд.дисс:
Алматы,1998, 130 -б.
5
Қайдар Ә.Қазақ тілінің өзекті
мәселелері. Алматы, 1998, 304-б.
6Белбаева
М. Қазақ тілінің лексикологиясы. Алматы,1979, 185- б.
7
Авакова Р. Фразеологиялық семантика. Алматы, 2002, 150 -б.
8
Ефимов А.И. О языке художественных произведений. Москва, 1954, 181-б.
9 Айтбайұлы Ө. Қазақ фразеологизмдері мен
перифраздары.Алматы, 2013, 200-б.