Санасыров Н.Т. Инновациялық Еуразия университеті,

Павлодар қ., Қазақстан, юриспруденция магистрі,

Петько Ю.В. Инновациялық Еуразия университеті,

Павлодар қ., Қазақстан, 1 курс студенті.

 

Мейрам кездерінде пайда болатын қылмыстар

 

Жыл сайынғы жаңа жыл мерекесін тойлау кезінде көптеген адамдар қарақшыларға, ұрыларға, алаяқтар мен аферистердің құрған тұзағына түсіп жүргені анық. Ішкі істер министрлігі әрқашан азаматтарға мейрам кездерінде абай болып, сақ болу керектігін ескертіп отырады. Себебі жаңа жыл алдындағы қарбаласты пайдаланып, жеңіл пайда табу үшін жүздеген ұрылар, қарақшылар кейбір кездерде әкімшіліктің, мемлекеттік органдардың қызметкерлері немесе коммуналдық қызмет көрсету орталықтарының жұмысшылары болып келеді. Аяз ата мен ақшақардың киімін киіп немесе дәрігер болып келуі мүмкін. Олар әдетте бірнеше адам болып келеді де, алдын ала жасалған жоспар бойынша өз жұмыстарын істеп болған соң, қарапайым халық олардың қолсұғушықтарының құрбаны болады. Бұл қылмыстарында олар әрқайсысының өз ролі бар, біреуі ұйымдастырушы болса, екіншісі айдап салар, ал үшіншісі орындаушы және тағы сол сияқты. Бағалы заттарынан айырылып қалғанын үй иелері кейіннен бірақ біледі. Осыған байланысты полиция бөгде адамдарды үйге кіргізбеуді сұрайды. Аңқау адамдарды алыстан танитын алаяқтар мейрам алдындағы аласапыран кезінде өздерінің «объектілерін» базарлардың, ірі сауда орталықтарының маңайынан, көңіл көтеру орындарынан іздейді. Осындай жерлерде көлденең көк аттының «жеміне» айналмас үшін өзіңіз ғана сақ болмай, маңайыңыздағы адамдарды да ескертіп қоюды ұмытпай, егер күдікті адамдарды байқап қалсаңыз дереу полицияға хабарлауыңыз қажет.

Қандай да бір мереке болмасын жұрт жаппай тойлауға асығады, және тойдың болғанынан боладысы қызық дегендей мерекеге дайындық бірнеше аптадан бір айға дейін созылады. Нағыз қарбалас мерекеге бір апта қалғанда басталады. Бұл кезде сауда қызады, азық-түлік, арақ-шарап, сыйлықтар алынады, әр үйде егер жаңа жыл болса, шырша безендіріледі. Халық осылайша қарбаласып жатқанда қараниет қылмыскерлер арам пиғылдарын жүзеге асырып жатады.

Қазіргі кезде ересектерді емес, балаларды алдап, бағалы заттарын алып кететін алаяқтар шықты, оның ішінде мектептерді аралап, оқушыларды тонап жүрген әйелдер де ұсталған фактілер аз емес. Мектептерде оқушыларды алдап, бағалы заттарын, оқушы қыздардың құлақтарындағы алтын сырғаларын алып кеткен әйелдің фотороботы жасалған. Көп ұзамай осы сурет бойынша 34 жастағы Гүлнәр деген алаяқ әйел ұсталған. Кейіннен оның осындай бірнеше қылмысқа қатысы бар екендігі анықталған. Мұндай арам пиғылды адамдар басқа да оқу орындарында, офистерде, қоғамдық орындарда толып жүр.

Кейбір жылдары қасына ақшақарын ерткен ұры аяз аталар үй-үйді аралап «табыс» тауып жүрді. Қазір бұл вариант ескірген. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы «ұры аяз аталар мен ақшақарлар» туралы жұрт құлақтандырылып қойылған. Сондықтан мұндай жалған «кәсіпкерлік» олар үшін қауіпті болып, қазіргі кезде ақ халат киген ұры-дәрігерлер басқа жалған «кәсіпкерлік» шықты, еліміздегі полиция қызметкерлері солардан сақ болуға шақырады. Алдыңғы жылы үстілеріне ақ халат киіп, қолдарына дәрігердің сөмкесін көтерген екі адам жер үйлердің бірінің есігін қағады. Олар медициналық қызмет көрсетудің «жаңа түрін» ойлап тапқан алаяқтар. Өздерін «учаскелік дәрігер» деп таныстырған олар үй иелеріне және оның қонақтарына шошқа тұмауына қарсы дәріні ішуге міндеттеген. Үй иесі «дәрігерлер» берген сұйықтықты ішпеген, олардың көзін ала беріп, ыдысындағы дәріні төгіп тастайды. Ал, «дәрі» деп берген сұйықтықты ішкен оның әйелі, бажасы мен балдызы бірден ұйқыға кетеді. Үй иесі де дәрінің күшімен ұйықтап кеткен адамның кейпіне кіріп, бәрін бақылап жатқан. «Дәрі әсер етті» деп ойлаған ұрылар үйдегі бағалы заттарды сөмкелеріне жинап, емін-еркін тонауға кіріседі. Осы сәтті пайдаланып өтірік ұйықтап жатқан үй иесі полиция қызметкерлерін шақырады. Сөйтіп жалған дәрігерлер қолға түседі. Олардың бұл істері бойынша тергеу жұмыстары жүріп жатыр.

Мұндай медициналық көмек көрсетуші «ұры-дәрігерлер» кез келген үйге кіруі мүмкін. Мысалы, екі алаяқтан құрылған қылмыстық топ өздері ойлап тапқан ноу-хау арқылы кәсіпкерден 50 мың доллар бопсаламақшы болған. Ресей мемлекетінің 38 жастағы тұрғыны 23 жастағы келіншекпен интернет арқылы танысып, қылмыстық дуэт құрған. Олардың жасаған жоспарлары талай ұйымдасқан қылмыстарды әшкерелеген із кесушілердің тәжірибесінде бұрын болмаған екен. Бұлар алдымен ақшалы кәсіпкерді телефон арқылы қыспаққа алады. Алдымен оның құлағына үрей туғызатын ақпараттарды құяды. Сені өлтіруге тапсырма түсті. Егер 50 мың доллар бермесең, бала-шағаңмен қосып қырып саламыз. Ажалдың қайдан келгенін білмей қаласың деп қорқытады. Кәсіпкердің офисін, тұратын жерін, қандай көлікпен жүретінін, отбасы мүшелерін тура айтып береді. Жұмыс үстелің терезенің алдында тұр, терезеге жалюз ілінген. Мен кез келген уақытта сені басыңа оқ қадаймын. Өмір сүргің келсе, 50 мың долларды шығар деп байқұстың үрейін әбден ұшырады. Телефонмен айтылған сөздерге аса сеніңкіремей жүргенде кәсіпкердің үйіне бір күні артынып-тартынып «учаскелік дәрігерлер» - осы екі қылмыскер келеді. Бұлар кәсіпкердің үйіне кірген бетте өздерінің санитарлық-эпидемиологиялық стансаның қызметкерлері екендігін айтып, Алматы қаласының әкімінің ақ қағазға жазылған, жалған мөр басылған тұрғындарды шошқа тұмауына қарсы тегін вакцинация жасау туралы қаулысын көрсетеді. Үйдегілер естерін жиғанша тездетіп оларға дәрі береді. Дәріні ішіп алған үйлі жан қатты ұйқыға кетеді. Артынан анықталғандай, бұл дәрі-сұйық зат ешқандай вакцина емес, клофелин араластырылған коньяк болып шығады. Алаяқтар үйді сол кезде-ақ тонап кетпекші екен, бірақ дәріні ішуден бас тартқан сол үйдің аяғы ауыр келіні бөгет болыпты. Кәсіпкер тұрып жатқан элит үйдің алдында бейнекамера орнатылған. Бірақ тура «дәрігерлер» келіп кеткен уақыт камераға жазылмай қалған. Мұны да істеген әлгі қылмыскерлер болып шықты. Осылайша олар өздерінің қандай маман екендігін көрсеткен екен.

Кейіннен араға бір күн салып аталған қылмыскерлердің біреуі ақша талап етіп алматылық кәсіпкерге тағы телефон соғады. Қандай мықты бизнесмен болмасын жоқ қылып жіберуге өздерінің мүмкіндіктері мол екендігін айтады. Бұған кәсіпкердің де көзі жеткендей, оның айтқандарына көнгендей болады. Енді қасарыса берсе бала-шағасының да, өзінің де өмірі қиылатынын түсінеді. Сөйтіп бизнесмен ендігі жерде алаяқтардың құрсауынан шығудың амалы «тек полицияға хабарлау» деп шешкен екен.

Алаяқтар өте сақ болады, сондықтан оларды ұстау өте қиын. Бірақ бұл жолы полиция қызметкерлері аталған қылмыскерлердің соңынан тура бір апта жүріп, ақыры ақша алып тұрған жерінде қолға түседі. Қазір бұл екеуі де Қылмыстық кодекстің 181 бабы бойынша айыпталып, тергеу изоляторына қамалған. Бұл бап бойынша айыпталғандар 7-15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы тиіс.