Удк 632 18

 

АРАЛ ӨҢІРІНДЕ КҮРІШ КӨГІН ЗАҚЫМДАЙТЫН ЗИЯНКЕСТЕР ТҮРЛЕРІ, ЗИЯНДЫЛЫҒЫ, ҚОРҒАУ ШАРАЛАРЫ

 

Әбілдаева Ж, б.ғ.к. профессор,Қаймолдаева Қ,магистрант,Аханова А.С. студент

 

Коркыт Ата атындағы Кызылорда мемлекеттік университеті

 

         Күріш –жер бетіндегі ең өнімді әрі маңызды дақылдардың бірі.Әлемдегі барлық адамзаттың жартысынан көбі күріш дәнін тамақ ретінде пайдаланылады.Соның ішінде күріш аса бағалы дәнді дақыл ретінде әлемнің 110-ға жуық елдерінде 150 млн. гектар жерге егіліп, оның 90 пайызы Азияда, 4 пайызы Америкада, 2 пайызы Африкада, 4 пайызы басқа құрлықтарда өсіріледі, одан  жыл сайын 400 млн. тоннадай жалпы өнім алынады. Құнды диетикалық тағам болып табылатын жармасының құрамында 7,7 пайыз ақуыз, 75,2 пайыз көмірсу 0,4 пайыз өсімдік майы, 2,2 пайыз клетчатка, 0,5 пайыз күл және 14 пайыз су болады.

         Қызылорда облысында Қазақстанда егілетін күріш көлемінің 80 пайыздан астамы өндіріледі. Жалпы аграрлық өндірісті тұрақтандыру –азық түлік қауіпсіздігі мен аймақтағы әлеуметтік тұрақтылығының негізі болып саналатын күріш өндірісінің тиімділігін арттыру күріш зиянкестері, аурулары және арамшөптерінің зияны 16-18 пайызға кемітуде.

         Күріш көгін зақымдайтын зиянкестерден ең қауіптісі - жағалық сұр шыбын, күріш масасы, арпа минері, шаян тектестерден лептестерия және щитень.(1)

         Жағалық сұр шыбын Ephudra macellaria Lggкең тараған және күріш егістігінде қауіпті зиянкестер қатарына жатады.

         Жағалық сұр шыбынның зақымдау фазасы – дернәсіл. Күріш жаңа көктеп келе жатқан кезде оның өскінінің тамырын кеміреді. Зақымдалған күріш көгі судың бетіне қалқып шығады да күріш сиреп қалады. Әсіресе күріш көгінің тамыры топыраққа толық орнықпай, бір ғана тамырға ілініп тұрған кезде оның зияны көп болады. Дернәсілдің зақымдалуы барлық күріш өскіні тамырын қайшымен қиған секілді біркелкі ұзындықта болуы. Шыбынның дернәсілі күріштің су астындағы тамырлары мен сабақтарына және жапырақтарына, өткен жылдан, қалған шөптердің қалдықтарына жабысып , оны кеміре бастайды. Күріш тұқымы топыраққа сіңірілмей егілген болса, онда оған тым көп зиян келтіреді.Өсімдіктің көктеу фазасындағы зақымдалу коэффициенті 70 пайыздай, ал өнімнің азаюы 3-4 пайыз және одан да көп болады. (2)

Күріш масасы. Бұл –күріш егілетін барлық аудандарға әсіресе су режимі бұзылған атыздарда көп кездеседі.Күріш масасының Chironomidae тұқымдасына жататын екі туыстасы бар: Chironomus sp.және Cricotopus sp. Саны жағынан масаның ең көп кездесетін туысына Chironomus жатады.Оның басқа күріш зиянкестерінен айырмашылығы - ол себілген тұқымды, өскін жапырағын, сабақты зақымдайды. Масаның зақымдау фазасы – дернәсіл. Ол жапырақтың төменгі жағынан кеміріп жеп тек беткі жұқа қабығын қалдырады. Нәтижесінде жапырақ бұзылып жіңішке жіпке айналады және қурап қалады. Күріш масасының дернәсілі күріш өскінін түгел немесе жартылай кеміреді, соның арқасында өсімдік қурайды немесе бойы сау өсімдікке қарағанда қысқа болады. Күріштің себілген дәнін зақымдау кезінде бойына қажетінше ылғал жинаған дәннің қабығы ашылып, өскін шыққан кезде дернәсіл дәннің ішіне еніп, ұрықты түгел жеп қояды, ал эндоспермге тимейді. Осыдан кейін дән көктеу қабілетінен айырылып, өспей қалады. Бірақ сыртқы бейнесінде ешқандай өзгеріс байқалмайды. Күріш масасы өмір сүру кезеңінде ұрықтарын күріштің сабағының астыңғы жағына және атыздардың түбіне тастайды. Оңтүстік облыстарда күріш масасы үш ұрпақ, кейде тіпті төрт ұрпақ береді.

Арпа минеріHydrellia  griseola Fale Ephydridae тұқымдасына жатады.

Арпа минері Қазақстанның барлық күріш өсіретін аймақтарында кең таралған және одан ең көп зиян шегетін Қызылорда облысының күріш егістіктері. Минер үш генерацияда дамиды. Ересек түр сабан астында, өсімдік қалдығында, қыстап шығады.

Арпа минерінің зияндау фазасы – дернәсіл. Олар пайда болған бойда жапырақтың қабығын тесіп ішіне енеді де паренхимасымен қоректенеді. Дернәсілінің қоректену кезінде мина пайда болады. Жапырақтың  өсуіне байланысты дақ та үлкейеді. Жапырақ бетінде бір немесе бірнеше минер болуы мүмкін. Егер жапырақта бір минер болса, ол орташа жапырақтың  15 пайызға жуық көлемінде, екі мина болса 25 пайыздай бетіне жайылады. Минердің жапырақта орналасу сипаты әртүрлі: жапырақтың негізгі жағында, ортасында және ең жоғарғы бөлігінде. Ең қауіпті зақымдалу – жапырақ негізіндегі екі немесе одан да көп минасының болуы. Осындай жағдайда жапырақ қурайды солады.

Арпа минерінің зияндылығы ауа райы жағдайымен байланысты әсіресе, жаздың салқын болуы оның зияндылығын арттырады. Дернәсілінің бірінші және екінші ұрпағы аса зиян келтіреді. Арпа минерінің зияндау коэффициенті, атыздағы судың тереңдігі 20-30 сантиметрден асса, 30 пайыздай болып, өнімнің жалпы төмендеуі 70 пайызға жетеді.  Сонымен қатар зақымдалған өсімдік зақымдалмаған өсімдікке қарағанда 1-2 күндей кеш шашақтанады және аурумен зақымдалған күріш жапырағының ішіне еніп паренхимамен қоректенеді. Бір дернәсіл жапырақ тақтасының 15 пайызын, екі дернәсіл 25 пайызын зақымдайды.

      Шаян тәрізділер - Crustacea

ТМД республикаларында шаян тәрізділер барлық күріш өсірілетін аймақтарда кездеседі. Кубанда А.И. Касьяновтың (3), А.С. Космачевскийдің (4), Орта Азия республикаларында К.И. Бобер (5), және Сборщикованың (6), зерттеуінен анықталған. Күріш зиянкесі ретінде щитень бірінші рет Қырғызстанда 1937 жылы, Краснодар өлкесінде және Ташкент облыстарында 1947-1949 жылдары тіркелген.

Қазақстанда Tripos canciforms Scnof және Leptesteria dahalacengis Алматы және Қызылорда облыстарының күріш егістіктерінде 1967 жылы байқалды. Бұған дейін шаян тәрізділермен күріштің зақымдалуы жайлы ешқандай мәлімет болмаған.

Қызылорда облысында шаян тәрізділер бір ұрпақ береді. Олардың жұмыртқалары топырақтың беткі қабатында қыстап шығады. Күріш атыздарын суға бастырғаннан кейін 7-8 күннен соң шаян тәрізділердің дернәсілі жұмыртқадан шыға бастайды. Олардың өсіп үлкен шаянға айналуына 18-20 күн жетеді. 17-маусым мен 15-ші шілде аралығында жаппай шағылысу басталады. Шілде айының екінші онкүндігінен бастап шаян тәрізділердің жұмыртқа капсулаларынан жұмыртқаларды көріп санауға болады. Лептестерия 120-200-ге дейін жұмыртқа салады. Жұмыртқа салған шаян тәрізділердің көпшілігі шілденің соңында қырылып қалады.

Шаян тектестердің күрішке зияны - әлі өсіп үлгірмеген жас өскіндерді тамырымен жұлып құлатып кетеді. Сондай-ақ олар суды лайлап өскіндерге күн сәулесінің түсуін қиындатады. Күрішті щитеннің ересек жастағы дернәсіліличинкасы мен ересек имагосы зақымдайды.  К.И. Бобердің (4) ойынша олар күріш өскінін кеміру арқылы зақымдайды. Арал өңірінде күріш тұқымын топыраққа сіңірмей сепкен жерде, кеш себілген және су режимі бұзылған жерде зиянкестер көп кездеседі. Ең зиянды кезеңі маусымның бірінші жартысы. Әсіресе кеш себілген күріш 2 - ден 7 пайызға дейін зақымдалады

Қазақ күріш шаруашылығы  ғылыми зерттеу институтының зерттеулері көрсеткендей егіс алқаптарын зиянкестерден қорғауда агротехникалық шаралармен қатар химиялық әдістерді қолдану да жақсы нәтиже береді (7).

  Агротехникалық әдістер. Күріш көгін зақымдайтын зиянкестерден қорғауда су режимін және атыздағы судың тереңдігін дұрыс сақтаудың әсері бар. Танаптағы судың тереңдігі 10 см болса жағалық шыбынмен зақымдалу 20 сантиметр тереңдікке қарағанда үш есе, күріш масасымен зақымдалу төрт және одан да көп болады. Зиянкестер санын тиімді азайту үшін атызды,  2-3 күнге кептіру жақсы нәтиже береді. Осы шараның тиімділігі 98-100 пайызға жетеді.

Химиялық күрес тәсіліне тұқымды себер алдында димилин, 48 % с.к. 0,1 л/т, каратэ 050, к.э. 0,1л/т тұқымға араластырып егу кезінде өсімдіктің бір шаршы метрдегі саны бақылаумен  салыстырғанда димилинде 5,4, каратэде 6,5 пайызға көбейді, ал дәннің салмағы тиісінше 44 кг және 33 кг өңделмеген нұсқаға қарағанда бір  шаршы метрде бақылаумен салыстырғанда көбейді. 

 

                                     Қорытынды

1. Арал өңірінде күріш көгін зақымдайтын зиянкестерге жағалық сұр шыбын, күріш масасы, арпа минері, шаян тектестерден лептестерия және щитень жатады.

2.Жағалық сұр шыбынның күріш көктеу фазасындағы зақымдау коэффицинеті 70 пайыз, ал өнімнің азаюы 3 пайыздай. Күріш масасының зияндылық коэффициенті 24,3 пайыз, өнімнің азаюы 1,8 пайызға тең. Арпа минерінің зияндау коэффициенті 30 пайыз, ал бір дернәсіл жапырақ тақтасының 15 , екі дернәсіл 25 пайызын зақымдайды. Шаян тектестердің ең зиянды кезеңі маусымның бірінші жартысы.

3.Күріш көгін зақымдайтын зиянкестерден қорғау шаралары агротехникалық және химиялық болып табылады. Агротехникалық шаралардан тиімдісі атыз суын 2-3 күнге құрғатып отыру, ол 97-100 пайызға жойылуын қамтамасыз етеді.

4.Тұқымды себер алдында инсектицидтермен өңдеу күріш көгін зиянкестерден сақтап өсімдіктің зақымдануын азайтады.

 

                                        .

                                       

 

                            Пайдаланылған әдебиеттер

1. Әбілдаева Ж., Бәкірұлы Қ., Шермағамбетов К. Күріш ауыспалы егістігіндегі дақылдардың зиянкестері, аурулары, арамшөптері және олардан қорғау шаралары. Қызылорда,”Тұмар” 2007. б.12-15.

2. Котлярова Л.А. Вредители риса в Кызылординской области и меры борьбы с ними. Сборник “Рис в Казахстане” на казахском языке. Изд-во “Қайнар” 1969 г.

3. Касьянов А.И. Ракообразные-вредители риса. Ж. Защита растений 1967 г.5.

4. Космачевский А.С. Вредители сельскохозяйственных культур и меры борьбы с ними. Краснодарское книжное издательство, 1957 г.

5. Бобер К.И. “Apuscancriformis Schaff  вредитель риса в Чуйской долине Киргизской ССР”(предварительное сообщение), 1937.

6. Сборщикова М.П. Вредители риса и борьба с ними. Ташкент.1967.

7. Абилдаева Ж., Шермагамбетов К. Рекомендации по системе защиты риса и культур рисового севооборота от вредителей, болезней и сорных растаний в условиях Қызылординской области. Кызылорда, 2005 с. 1-22.