*99785*

Абжалов Р.С., х.ғ.к. Абжалов Б.С.*, Асқарова Э.Д. *,

х.ғ.к. Алтынбекова М.О*.

С. Рахимов атындағы ШРӘМИ

*А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті

Экологиялық білім және тәрбие берудің принциптері

мен маңызы

 

Қоршаған ортаны сақтау, қорғау мақсатында білім беру мәселесінің өзектілігі күн санап артуда. Табиғат жанашырларын, яғни эколог мамандарды дайындау қарқыны ғылыми негізделген қажеттілікпен салыстырғанда осы уақытқа дейін кенже қалып келеді. Экология ғылымының негізгі мақсаты – биосферадағы тепе-теңдікті сақтау, оның бұзылу себептерін болжау және алдын алу. Бұл антропогенді экологиялық апаттардың алдын алуға негіз болады. 1968 жылы Парижде өткен ЮНЕСКО-ның Халықаралық конференциясында «Адам және биосфера»  атты бағдарлама қабылданды. Бұл, алғаш рет әлемдік деңгейде қоршаған орта ресурстарын қорғау және тиімді пайдалану туралы бағдарлама болып табылады. 1971 жылы Швейцарияда, 1972 жылы Стокгольмде «Табиғатты қорғау», «Қоршаған ортаны қорғау» мәселелері және осы бағытта білім беру туралы шешімдер қабылданған. Ал, 1992 жылы Рио-де-Жанейрода БҰҰ 190 мемлекеттің жоғары басшыларының басын қосып конференция өткізіп, «ХХІ ғасырдың күн тәртібі» атты экологиялық бағдарламасы қабылданды. 1972-1973 жылдары «Қоршаған ортаны қорғау»  пәні бұрынғы Кеңестер Одағында алғашқы рет оқу жоспарларына енгізіліп, бірнеше рет жоғарғы оқу орындарында оқытыла бастады. Экологиялық білім беруді одан әрі дамыту мәселелері «Найроби» (1982 ж.), Мәскеу (1987 ж.), т.б. қалаларда өткен халықаралық конференцияларда талқыланды. Жалпы экологиялық білім беру жеке пән ретінде оқытылмағанмен, табиғатты зерттеу мен қорғау мәселелері көптеген ағартушы ғалымдардың еңбектерінде көрініс тапқан. Мысалы, орыс ағартушылары В.Г. Белинский, А.И. Герцен, Н.Г. Чернышевский, А.Н. Бекетов, К.А. Тимирязев, т.б. ғалымдар табиғатты қорғау, оны аялап ұстау жөнінде көптеген еңбектер жазған. Экологиялық білім беруде және жоғары білімді экологтарды дайындау бағытында Қазақстанда көптеген іргелі оқу орындары жұмыс жүргізуде. Солардың бірегейі Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде алғаш рет эколог мамандарды дайындау қолға алынып, мектеп оқушыларына экологиялық білім беру тұжырымдамасы жасалады. Республикамыздың бірегей ғылыми-зерттеу институттары табиғат биоресурстары бойынша экологиялық іргелі жұмыстар жүргізу үстінде. Бұл бағытта тәуелсіз еліміздің парламенті мен үкіметі «Қоршаған ортаны қорғау туралы» заң (1997 ж.) «Қазақстан Республикасында қоршаған ортаны қорғаудың ұлттық жоспары» (1996 ж.), «Экологиялық білім беру бағдарламасы» (2002 ж.), т.б. маңызды құжаттар қабылдады. Экологиялық білім беруде жоғарыда аталған құжаттарды негізге ала отырып, «Адам – қоғам - табиғат» арасындағы үйлесімділікті қалыптастыруға болады.

Мектеп жасындағы баланың санасында табиғатқа деген оң көзқарас қалыптастыру мектепке дейінгі мекемелерден (балабақша) басталуы тиіс. Бұл экологиялық мазмұнда құрылған танымдық негіздегі іс-әрекеттер мен ойындар, табиғатқа қамқорлық сипатындағы әдістер. Мысалы, халық тәжірибесіндегі мынадай қарапайым түсініктер: «бір тал кессең, он тал ек» «гүлді жұлма», «ағашты сындырма», «құмырсқаны баспа» т.б. тіркестердің астарында экологиялық маңызы бар. Осындай қарапайым түсініктерден экологиялық білім мен тәрбие беру бастау алады.

Экологиялық білім беру жүйесіне қойылатын негізгі талаптар:

-         оқушылар мен студенттерге қоршаған орта туралы ауқымды, нақты білім беру;

-         олардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыру;

-         экологиялық немқұрайлықты болдырмау;

-         олардың экологиялық сауаттылығын арттыру.

Қоршаған орта мәселелерін білім беру екі бағытты қамтиды:

-         іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізетін сауатты мамандар дайындау және әртүрлі пәндердің мазмұнын экологияландыру;

-         жағымсыз экологиялық құбылыстарды болдырмау мақсатында көпшілік пікір қалыптастыру.

Жалпы оқу үрдісінің логикасы қарапайымнан күрделіге қарай, экологиялық тұрғыда сабақтастырылуы керек. Қоршаған орта мәселелеріне сын көзбен қарап, оны сақтауда жауапкершілікке тәрбиелеу – ең маңызды міндеттің бірі. Экологиялық білімнің тиімділігі жүйелілік тәсілге негізделіп, үздіксіз жүйеге айналғанда ғана табысқа жетеді. Үздіксіз экологиялық білім беру жүйесін құрудың негізгі мақсаты – ғылыми білім және тәжірибелік білім негізінде оқушылардың экологиялық көзқарасын қалыптастыру болып табылады. В.И. Вернадский: «Болашақта адам баласы Жер бетіндегі барлық өзгерістердің негізгі факторы болады», - деген еді. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін дүние. Адам өзінің сауаттылығы мен саналы іс-әрекеті арқылы кез-келген мәселені оңтайлы шеше алады. Қоршаған ортаның сапасын сақтау мен қорғауды көздейтін экологиялық білім беру барысында оқушы санасында мынадай ұғымдар қалыптасады:

-         экологиялық саналылық;

-         экологиялық ойлау;

-         экологиялық сауаттылық;

-         экологиялық мәдениет;

-         экологиялық этика.

Адам баласы барлық уақытта табиғатқа бағынып, оның ресурстарын өз қажетіне жұмсап отырған. Адамзаттың табиғатқа, қоршаған ортаға деген көзқарасы болашақ ұрпақтың мүддесі үшін аса маңызды. Барлық уақытта қоршаған ортаға ұқыптылықпен қарау салтымыз. Дегенмен, бұл экологиялық көзқарас материалдық игілікті өндіру (мұнай-газ, көмір т.б) кезінде ұмытылып кетеді. Осындай қарама-қайшы тығырықтан шығуға жол таппаған адам мен қоғам табиғат мүддесін таптап, оны «құрбан» етеді, оны қорғай алмайды. Мұндай жағдайда «бәрі солай істейді ғой» деген көзқарас көрініс табады. Аяғында басқаның келеңсіз тәжірибесі мен табиғатты ластаудың жалпылама сипатына сілтеме жасау – сөзсіз қателікке әкеледі. Гүлдеп тұрған жердің күл-қоқысқа, көлдің батпаққа, шырайлы шалғынның көшпелі құмға айналуына табиғатты тиімсіз пайдаланатын қоғам мен адам кінәлі. Табиғатты қалпына келтіруді мақсат еткен адам басқадан осыны күтпей, өзі бастауы керек. Яғни, өзінің білімділігі мен экологиялық сауаттылығы арқылы табиғатқа оң өзгеріс енгізе алады.

Экологиялық білім мен тәрбие беру – оқушыны қоғам талабына сай тұлға ретінде қалыптастырудың бірегей жолы. Өйткені, мектеп бітіріп шыққан бала бүкіл әлемге білім жүзімен ашылған саналы көзімен қарай білсе ғана білімдендіру мақсатында жетеді. Мектеп сол бағытта баланың келешекте жетілуіне мықты негіз салуы керек. Бала санасында «Адам – қоғам - табиғат» түсінігі толық қалыптасқанда ғана ол заманның талабына сай білімді, сауатты бәсекеге қабілетті тұлғаға айналады.

 

Әдебиеттер:

1.        Бейсенова Ә.С., Шілдебаев Ж.Б. Экология. Алматы. «Мектеп» 2005 ж.-280 б.

2.              Баешов А.Б., Дәрібаев Ж.Е., Шакиров Б.С., Мәдиев Ө.Қ., Сарбасова А.С., Тоқсеитова Г.М. Экология негіздері. Түркістан 2000. -260 б.

3.              ҚР  Қоршаған ортаны қорғау туралы заңы. 73,74 – бап. (1997.07.15)

4.              Р.Сәтімбеков, Р.Әлімқұлова, Ж. Шілдебаев. Биология. Алматы:- Мектеп,- 2007 ж.-340 б.

5.               С.Тәжібаева, Мектепте тәрбие жұмысын ұйымдастыру технологиясы. Алматы:-Білім,- 2008 ж.-184 б.