*95988*

Б.С. Бегманова

Доцент кафедры казахской литературы

КазГосЖенПУ

 

М.Мақатаев поэзиясындағы ұлттық таным

 

                    60-70 жылдар поэзиясында бейнеленген қазақы салт-дәстүрді танытатын жырлардың ұлттық ерекшелігі айқын. Бұл кезеңде қазақ поэзиясында ұлттық тақырыпқа қалам тербеген ақындардың ішінен М.Мақатаевты  ерекше атап көрсете аламыз.      

М.Мақатаевтың жыр әлемінде  қазақы салт-дәстүрді бейнелеуі, ұлттық болмысты, ұлттық нақышты дәл суреттей білуі – ұлт ақыны екендігімен қатар,  поэзиядағы өзіндік ерекшелігін танытады.

Ақынның ұлттық қасиетімізді, ұлттық салт-дәстүрімізді танытатын жырларының бірі «Наурыз айы туғанда» өлеңі. М.Мақатаев бұл өлеңінде қазақ халқының арада қаншама жыл үзіліп барып жалғасын тапқан салт-дәстүрі – Наурыз жыл басы туралы, наурыз айының халық арасындағы қадір-қасиеті, халықтың жыл басын күтуі, қасиет тұтуы жайын кеңінен жырлайды.

                          Наурыз айы туғанда,

                          Той болушы еді бұл маңда.

                          Сақталушы еді сыбаға,

                          Сапарға кеткен ұлдарға,

                          Наурыз айы туғанда [1, 55 б.].

Қазақта Наурыз  айында күн мен түн теңеліп, жаңаша күн басталатын кезең. Қасиетті жердің бусанып, табиғат ананың құлпыратын шағы да осы – Наурыз айы. Ақын қазақы дәстүрді осы жаңа күнмен, жаңа жылмен байланыстыруы да сондықтан. Сақталған сыбағаның сапарға кеткен иесінің аман-есен оралуына тілектестігі де өлең бойында әдемі суреттеледі. Сыбаға сақтау, адамдардың бір-бірін қонаққа шақырып сыбағасын беру – бұл ата-бабамызда бұрыннан жалғасып келе жатқан дәстүр. Ақын, халық арасында біраз уақыт үзіліп, тойланбай кеткен салт-дәстүрді өлең жолына арқау ете отырып, қайта жаңғыртып отыр.  Өлең мазмұнынан наурыз айының ерекше қасиетін танисыз. Ұзақ уақыт бойы жатып алған мазасыз қыс мезгілінің де бітер сәті, шуақты күн нұрына бөленген атыраптың айнала жасыл желекке малынуы да адам жанын жадыратып, ерекше бір күйге бөлейді. Бұл көріністерді де ақын өлең бойында бейнелі сөздермен өрнектей білген. «Бауыры жылып науат қар», «Бабымен ғана жібиді» деген суретті жолдарда қыс мезгілінің кетуін, қардың еріп, қақаған қыстың жылы шуақты күнге айналуын бейнелесе, «Шашылып ырыс шанақтан» деген  өлең жолынан көктем мезгілімен келген жаңа жыл, жаңа күннің қуанышын танимыз. Ақын қазақтың бар асыл қасиетін, байлығын «ырыс» сөзі арқылы жеткізіп отыр. Шанақтан төгілген байлық  қазақтың тасыған көңіл-күйі, сезімі, қуанышы. Ақын осы қасиеттерді бір ғана «ырыс» сөзі арқылы жеткізіп отыр.  Салт-дәстүрді жаңғырта жырлауда шеберлік танытқан ақынның өлең соңын түйіндеуі де ерекше. Яғни, осындай қасиетті айда өзінің дүниеге келуін мақтаныш тұтатындай.

                          Келіп ем өмір – орманға,

                          Наурыз айы келгенде [1, 55 б.]

деп жыр соңын ақын өзімен байланыстыра түйіндейді. Өмірді қалың ну орманға теңеуі де ақын шеберлігі.

«Ұлттық мінездің қалыптасуында ұлттық әдет-ғұрпы, тұрмыс салты, кәсіптік -шаруашылықтық ерекшеліктері, ұлттық сезім, бәрі де маңызды» [2, 64 б.]. Яғни, халықтың ұстанған салт-дәстүрі, айналысқан кәсібі сол халықтың бойына өзіндік ұлттық ерекшелігін дарытады.         

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.     Мақатаев М. Шуағым менің. – Алматы: Жазушы, 1975. – 87 б.

   2. Кәрібозұлы Б. Қазақ өлеңінің ұлттық сипаты: Филол. ғыл. д-ры дис. – Алматы, 1997. – 303 б.  

3. Мақатаев М. Жырлайды жүрек. – Алматы: Жазушы, 1989. – 493 б.