*99733*

                                                               Миркемелова Айнур Билисбаевна,

             старший преподаватель КГУ

им. А.Байтурсынова, магистр филологии

Синоним сөздердің мақсатты    қолданылуы

 

         Тілімізді байытатын, сөздік қорымызды молайтып тереңдете түсетін мағыналы сөздердің бірі – синоним екені баршамызға мәлім. Ғалымдарымыз синонимдерді жан-жақты зерттеп, құнды пікірлер айтты. Ғалым                         Ә. Болғанбаевтың айтуынша: «Синонимдер дегеніміз - әр түрлі айтылғанымен, мағынасы жақын, бірақ әрқайсысының өздеріне тән не мағыналық, не стильдік, не эмоциялық сәл ерекшеліктері бар бір сөз табынан болған сөздер» [1, 23].

         Тілімізде синонимдердің мол болуы – сол тілдің байлығының, оралымдылығының, көріктілігінің, мәнерлілігінің бірден-бір көрсеткіші. Синоним сөздердің стильдік мәні де ерекше болады. Олар – ойды қайталамаудың негізі ғана емес, суреткердің көркемдеу құралы. Синонимдер көркем әдебиет тілінде өте көп қолданылып, суреткер ойын терең де мағыналы сөздер арқылы жеткізеді. Кез келген жазушы не ақын  бір сөзді  бірнеше рет орынсыз қайталап қолдана берсе, онда көркем дүние оқырманына жетіп, көкірегіне ой салуы қиын болар еді. Тұлғалары бөлек, мағыналары жақын болып табылатын синонимдер – поэзия тілінің ең бір қажетті құралы. Ақынның көкірегінде сайрап тұрған шындықты шынайы, көркем етіп жеткізу үшін қажет сөзді талғап, таңдап, орынды қолдана білу де оның шеберлігінің бір қыры. Синонимдер – прозалық шығармаларда, поэзияда өте жиі қолданыстағы актив сөздер.

         Профессор  Р. Сыздықова синонимге көркем сөзде қолданылу ерекшелігіне қарай мынандай анықтама береді. «Синонимдер дегендер – тек мағыналас, (мәндес) келген сөз қатарлары ретінде лексикалық кетегория ғана емес, қолданыста, әсіресе, көркем сөзде ең қуатты, икемді, актив стильдік құрал. Синонимді көріктеуіш қызметте жұмсау, әсіресе поэзияда кең орын алады. Жұмсалу тәсілдері, орындары сан алуан: синонимдік қатардан сол орында (сөйлемде, абзацта, шумақта, т.т.) айтылмақ ойға ұтымды келетін варианты алынады, ол ұтымдылық сөздің модальдық реңкіне, тіркесу қабілетіне, айналасындағы сөздер мен дыбыстық үндесуіне қарай жұмсалуына байланысты» [2, 27].

         Олай болса, синонимдердің көркем шығармада айрықша көрінетін, өлеңге әр түрлі реңк беретін ұтымды көріктегіш құрал негізінде де жұмсалатынын байқауға болады. Жалпы, Серікбай Оспанов, Ақылбек Шаяхмет, Нағашыбай Мұқатов поэзиясында синонимдер стильдік құрал ретінде мол жұмсалған. Олардың шығармаларының қайсысын алсаңыз да ой жұтаңдығы, тіл әлсіздігі тіпті көрінбейді. Ақындар шығармаларындағы синонимдер сөз табының барлық түрінен жасалған. Соның ішінде етістік синонимдер қимыл-әрекетті суреттеуде жұмсалған көріктеу құралы болып табылады. Адамның жеке басындағы әр түрлі қасиеттерді көрсетуде зат есім синонимдер ұтымды берілген.    Субстантивтенген сын есім синонимдер көбіне адам қарекетіне байланысты айтылып, ойды жинақтайды. Дәмдес, дастархандас болып бірге жүрген адамдардың сыртын ғана емес, ішін танытуда синонимдер өте дәл жұмсалған. Бұл синонимдердің жасалу жолдары да әр түрлі. Түбір күйінде грамматикалық формалар арқылы берілген. Жалғанған жұрнақ, жалғаулар да синонимдерге айрықша мағына, мән беріп ойды нығыздай түседі. Сөздерді байланыстырушы шылаулардың қызметі де айқын көрінеді.

         Біздің мақсатымыз – ақындар тіліндегі синонимдердің саны емес, оның қолданылу мүмкіндігі, мағыналылығы, тіркесімділігі, оралымдылығы, стильдік бояуы, образ ашудағы қызметі қаншалықты, соларды дәл тауып, нақтылап жеткізіп бере алуымызда. Енді ақындар шығармасындағы синонимдерге мысал келтірейік:

                   Өтірікке, өсекке өткел бермей,

                   Аулақ жүрдім қулықтан, зұлымдықтан.

                                                                 [3, 18].

                   Осыншама сұмдықты,

                   Осыншама қулықты,

                   Қалай ойлап тапты екен

                   Дәті барып бір мықты

                                                    [4, 144].

                   Қулар мен кіл сұмдарды

                   Ұнататын заман бүл.

                                                             [3, 20].

         Осы өлең жолдарындағы  қулар, сұмдар – қоғамда әр түрлі ісімен бүлік жасап, бүлдіріп жүрген, елдің мазасын алатын, екіжүзді, түлкі мінезді, сұрқия  адамдар. Бұл синонимдік қатарлар арқылы ақын тұтас бір типтік бейне жасаған. Осы адамдардың қылығын қулық, зұлымдық, сұмдық синонимдік қатары арқылы берген. Синонимдердің бір сөз табынан болатынын ескерсек, бұлардың бәрі  зат есімдер. Екінші өлеңнің басқы екі тармағы дыбыстық ассонансқа құрылған.

                   Бір кезде Қаратаудан көшкен елдің

                   Жатыр ма мұң мен зары қайнап шығып?!

                                                                          [3, 60].

                   Сенің мұңың кімге керек,

                   Басынан

                   Асып жатсы, өз тірлігі, өз мұңы!

                                                                           [3, 16 ].

         Адамның көңіліндегі жайсыздықты беру үшін мұң, зар, тірлік синонимдік қатарын алған. Үшеуінің де өлең жолдарындағы қызметі нақты беріліп, ақын адамның жабырқаған, өмірден тарыққан сәттерін көрсеткен. Мұң мен тірлік – жеңілдеу айтылса, зар мұңға қарағанда салмағы басымдау сөз. Бұл синонимдер бірінің мағынасын бірі толықтырып, айтылған ойды ғана емес, шығармадағы тіл көркемдігін көрсетеді.

                  

Айтты ол бізге неге екенін нан ыстық?!

                   Неде екенін береке мен ырыс-құт.

                                                        [4, 41 ].

                  

                   Соғыстың уын да, зәрін де,

                   Татқанмын тіліммен, діліммен.

                                                        [4, 8].

         Алғашқы өлең жолдарында береке, ырыс-құт синонимдік қатарлары  орынды қолданыста жұмсалған. Алғашқы синонимдік сыңарға қарағанда екінші сыңардың салмағы басымдау көрінеді. Өлең жолдарында ақын «Ас тасы – нан»  деген сөздің бекер айтылмағанын білдірген. Ақын у, зәр синонимдік қатарларын қолдану арқылы сұрапыл соғыстың адам баласына тигізген азабы мен қасіретін жеткізген.

                   Қаһарман ұл-қыздардың құт мекені,

                   Қаһарман бұл Қостанай батыр қала.

                                                                   [5, 20].

                   Шыбық емес, шын бәйтерек заузатың,

                   Шарықтады, қалықтады тауға атың.

                                                                   [5, 16].

         Алғашқы өлеңдегі батыр, қаһарман сөздері әдетте адамға байланысты қолданылатын есім сөздер. Ақын батыр, қаһарман синонимдік қатарларын Қостанай қаласына тіркестіру арқылы өлеңге ерекше мән берген. Соңғы өлеңде ақын шарықтады, қалықтады синонимдік қатарлары арқылы адамның бақытты сәтін биікке, яғни тауға дейін жету мағынасындағы синонимдермен берген. Екі өлең де дыбыстық аллитерацияға құрылған.

         Сондай-ақ ақындарымыздың шығармаларынан контекстік синонимдерді кездестіруімізге болады. Мысалы:

                   Қараушы едік тамсанып, таңдай қаға,

                   Жегі бір құрт жетіпті-ау шалғайға да…

                                                                   [3, 28].

         Осы өлеңдегі таңдану мағынасын беретін тамсанып, таңдай қаға синонимдік қатарлары ойды жеткізуші бірден-бір ұтымды қолданылған мағыналы сөздер. Жеке-жеке алғанда мағыналары аса жуық емес. Ал қатарласып келгенде айқынырақ. Таңдай қағудан тамсанудың мағыналық күші басым.

                   Әшекей салып, зерлеген,

                   Қынабы кісі қызығар.

                   Жігіттің мұны сермеген

                   Әрине жүрек түгі бар.

                                               [4, 17].

         Әшекей салып, зерлеген – стильдік синонимдер. Осы стильдік синонимдер мәтін ішінде өзіндік қызметі бар мәндес сөздер. Алдыңғы сыңарға қарағанда соңғы сыңардың мағынасы күштірек. Адамға байланысты қимыл-әрекет атауларын ұтымды жұмсайды.

                   Біреулер үшін тақияға тар жер, тірлік,

                   Жабырқап бірде, ал тіпті кейде желпіндік.

                   Кездеседі адам темір торларда, түрмеде,

                   Емірентіп қана есіктің арты еркіндік.

                                                                   [5, 29].

         Осындағы темір тор, түрме синонимдік қатарлары өлеңді сөйлемнің мазмұнын аша түсетін, контекстік стильдік синонимдер. Авторлық синонимдер арқылы сөз-бейне жасап, өлеңге үлкен әсер беріп, поэтикалық тілдің ұшқырлығын, өткірлігін айқындай түседі. А. Шаяхмет, Н. Мұқатов, С. Оспанов мәтіндерінің айтар ойларын контекстік және лексикалық синонимдер арқылы жинақтайды. Қимыл-әрекетті баяндайтын етістік синонимдер өлеңнің стильдік әрін көрсетеді.

         «Синонимдер бір-біріне сайма-сай мағынадағы сөздер емес, әрқайсысында өзіне тән мағыналық реңкі бар, ұқсас мағыналы сөздер болса, олардың қолданысы көркем әдебиетте, әсіресе өлең тілінде ерекше орын алады. Өйткені поэзияда әрбір сөздің мағыналық та, стильдік те жүгі ауыр келеді. Ғылым тілімен айтсақ, әрбір ең шағын көркем контекстің экспрессивтік арқауы сөз болса, оның экспрессия тудыратын күші семантикасында: мағынасы мен мағыналық реңктерінде. Демек, мағыналас сөздер өлең тілінде бір-біріне тең түспейді, әрқайсысының өз қолдану орны, контекстік ортасы болуы қажет» [2, 38].

         Олай болса, синонимдердің мәтін ішінде қолданылуын, жұмсалуын үнемі контекске байланысты қараймыз. Олардың мағынасы да контексте айқынырақ көрінеді.

         Тілімізде етістік синонимдер үш мыңға жуық екен, жасалу жолдары да өзгеше. Етістік – тіліміздегі бейнелеу құралы. Ақындар етістік синонимдер арқылы ойды өрнектеп, тіл мүмкіншілігін көрсетеді. Мәселе, ақындар шығармаларындағы синонимдердің қанша екендігінде емес (саны емес), олардың қолданылу аясының кеңдігінде. Тілімізде бұрыннан бар дәстүрлі синонимдерді, контекстік, стильдік синонимдерді, тек образ үшін  ғана емес, өлеңнің көркемдігін, экспрессивтік-эмоционалдық бояуын айқындата түсу үшін тауып, таңдап қолдана білді. Өлеңді сөйлемде синонимдердің екеуін, кейде төртеу-бесеуін қатар келтірудің үлкен стильдік мәні бар. Серікбай Оспанов, Ақылбек Шаяхмет, Нағашыбай Мұқатов шығармаларынан синонимдік қатардың стильдік мақсатта алуан бояудың сәулесіне шомылып молыға түскенін байқау қиын емес. Ақындар қолданған әр сөздің қызметі, міндеті, әсері, бояуы айқын. Кездейсоқ қолданыла салынған сөз болмайды.

         Поэзия тілі синонимдерге неғұрлым бай болса және ойды жеткізуде «өз орнында тұрып қызметін мүлтіксіз атқарып тұрса», шығарма шырайы қанығырақ, шынайы, бейнелі болады. Поэзия тілінде синонимдік қатарлардың мол болуы ақынды да танытып, өзгелерден даралайды. Әрбір суреткердің өмір сүрген ортасы, дәуірі, заманы, замандас бейнесі, өзіндік «мені», сана-сезімі, ақыл-парасаты, танымдық деңгейі, эстетикалық-этикалық түсінігі сөз қолдану жүйесінде көрініс береді. Ақындарымыз синонимдік қатарларды қолдану арқылы тілімізге соны сөз тіркестерін әкеліп қана қоймай, оның бай шығармашылық лабораториясын танытады.

         Сөйтіп Серікбай Оспанов, Ақылбек Шаяхмет, Нағашыбай Мұқатов айтпақ ойларын айқын, әсерлі етіп жеткізу және поэтикалық бейнені дәл беру үшін синонимдік қатарларды талғап, таңдап, өте шебер пайдаланған. Ақындар өлеңдерінде мағыналас немесе мағыналары осы контекске жақындасатын сөздерді бірінен соң бірін қатарластыра жұмсайды. Жинақтай айтқанда, Серікбай Оспанов, Ақылбек Шаяхмет, Нағашыбай Мұқатов қолданған синонимдердің ерекшелігі мынада:

         Біріншіден, ақындар лексикалық синонимдерді еркін меңгеріп, орнымен жұмсап оларды өлеңнің мазмұнын ашуға, ойды тереңдетіп беруге қолданады. Суреткерлер синонимге аса жауапкершілікпен қарап, бір сөзді қайта-қайта қайталамай синонимдер арқылы өлеңнің көркемдігін, әсерлілігін күшейте түседі.

         Екіншіден, синонимдер дыбыстық үйлесім тауып, грамматикалық формалардың еркін тіркесуі арқылы өлеңнің экспрессивтік бояуын арттыра түседі.

         Үшіншіден, бір мағына беретін бірнеше сөзді қолдану арқылы поэтикалық сөз өрнегінде сұлу да көркем бейне жасап, оқырманын ойландырады.

         Төртіншіден, тіліміздің байлығы синонимдер арқылы көрініс беретінін ескерсек, ақындардың қазақ тілі сөздік құрамын байытуға қосқан өзіндік үлесінің бар екені даусыз. 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

 

1. Болғанбаев Ә. Қазақ тілінің лексикологиясы. – Алматы: Мектеп,   1998.  – 240 б.

2. Сыздық Р. Сөз құдіреті. – Алматы: Санат, 1997. – 224 б.

3. Оспанов С. Қараторғай. – Алматы: Жазушы, 2004 – 232 б.

4. Шаяхмет А. Жер – Бесік. –Астана: Фолиант, 2004 – 240 б.

5. Мұқатов Н. Жанымның жасыл жапырақтары. – Алматы: Жазушы,  2004 – 200