Экономикалық ғылымдар/ 9. Өнеркәсіп экономикасы

Магистрант     Айнабекова М. Ж.

Э.ғ.к. доцент       Джакишева Л. К.

М.Х. Дулати атындағы  Тараз Мемлекеттік университеті, Қазақстан Республикасы  Тараз қ.

Электр қуатын үнемдеу – басты қажеттілік

 

Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы электроэнергетикалық секторға тікелей байланысты. Электроэнергияны пайдалану халықтың іскерлік белсенділгінің дамуымен және тұрмыс деңгейімен тығыз байланысты. Салалық экономиканың дамуы, халықтың өмір сүру жағдайын жақсарту мен сапасын көтеру электроэнергияны кеңінен пайдаланбайынша мүмкін емес және бұл өз кезегінде сенімді және үздіксіз энергиямен қамтамасыздандыруды талап етеді.

Осы заманғы кезеңде Қазақстанның  электр энергетикалық саласын  дамыту  өндіруші қуаттардың ұлғаюымен,  электр жеткізу желілері арқылы  қуаттың  ағындарын арттырумен,  энергия  жүйелері құрылымының күрделенуімен және  электр энергиясын тораптар бойынша  жеткізу кезінде  ысыраптың жоғары деңгейде болуымен сипатталады.

Республика экономикасы дамыған елдердің талдамалық ресурстарымен салыстырғанда ЖІӨ-нің жоғары энергиясиымдылығымен сипатталады. ЖІӨ-нің бірлігіне келетін энергияны үлесті пайдалану көрсеткіштері дамыған елдер көрсеткіштерінен бірнеше есеге асып түседі. Сондықтан ЖІӨ-нің энергиясиымдылығын төмендету ҚР жақын жылдардағы негізгі мақсаттарының бірі болып табылады. Тек осындай жолмен электр ресурстарын қолдану шығыстарын әжептеуір қысқарта отырып, өнеркәсіпті қайта жандандыруға болады. 

Қазақстан Республикасы электр энергиясының нақты өндіру мен тұтыну теңгерімінің деректеріне сәйкес, 2011 жыл ішіндегі технологиялық шығындарына электр энерги­ясын нақты сатып алу мөлшері 2 548,048 млн. кВтс, сомасы 15 621,749 млн.теңгені (ҚҚС бірге) құрады.

Электр энергиясының технологиялық ысыраптарына жұмсалған шығындар 2010 жылмен салыстырғанда (11 823,859 млн.теңге ҚҚС бірге 2 160,462 млн. кВтс) 3 797,9 млн. теңгеге немесе 32%-ға ұлғайды. Көрсетілген шығындардың артуы ұйымның жабдықтаушылардан сатып алынатын электр энергиясына тарифтердің ұлғаюына (орташа алғанда 12,0%-ға), сондай-ақ, электр энергия шығындарын 387,586 млн. кВтс (орташа алғанда 18,0%-ға) ысыраптың орнын толтыру шығындарына байланысты болды. Нақты тарифтердің өсуі энергия шығаратын кәсіпорындар тобы үшін бекітілген шекті тарифтер деңгейінің жыл сайынғы өсуімен шартталған.

2011 жылы Қазақстанда электр энергиясын тұтыну 2010 жылмен салыстырғанда 4 368,9 млн. кВтс немесе 5,2%-ға артып, 88 136,0 млн. кВтс құрады. Аймақтар бойынша электр энергиясын тұтыну:

Қазақстан Республикғасы 88 136,0 млн. кВтс немесе 100,0%

Солтүстік аймақ 60 588,7млн. кВтс немесе 68,7%

Оңтүстік аймақ 17 965,7 млн. кВтс немесе 20,4%

Батыс аймақ 9 581,6 млн. кВтс немесе 10,9%

Солтүстік аймақ бойынша тұтынудың салыстырмалы өсімі 3,9%,

Оңтүстік аймағы бойынша 11,1%,

Батыс аймағы бойынша 3,4% мөлшерінде болды.

Электр энергиясына айрықша тапшылық  республиканың оңтүстік аймақтарында байқалады. Болашақ балансына сәйкес 2015 жылы электр энергиясын 100,5 млрд. кВт·сағ деңгейінде тұтыну күтілуде. Аймақтардағы электр қуатын пайдаланудың осындай өсімі қуат тапшылығына әкеліп соқтырады. Электр қуатының жетіспеушілігі елдің экономикалық өсуі мен өнеркәсіптің дамуын аса қатты тежеуші фактор болып табылады.

Осыған байланысты құрылғылар мен жүйелерге, ҰЭТ сенімділігі мен тұрақтылығына,  энергия үнемдейтін  технологияларды  енгізуге,  кернеулердің деңгейлерін ұстап тұруға,  электр желілерінде  реактивті  қуат ағындарын оңтайландыруға, сондай-ақ электр қуа­тын үнемдеу және энер­гия  тиім­ділігін арттыруға қойылатын  талаптар күшейеді.

Электр қуа­тын үнемдеу және энер­гия  тиім­ділігін арттыру – мемлекеттік үдемелі индустриялық - инновациялық  даму бағдарламасының  негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Бұл тақырыпта Үкіметтік деңгейде талай талқылаулар өткізіліп, нақты ұсыныстар жасалуда. Соның нәтижесінде энергия тиімділігін  арттырудың кешенді жобасы жасалып,  отын-энергетикалық ресурстарды  тиімді  пайдаланудың есебінен елдегі энергия  тұтынымын 2015 жылға қарай 10 пайыз­ға, 2020 жылға қарай 25 пайызға азайтуға бағытталған заң жобасы әзірленді.

Электр қуатын үнемдеу XXI ғасырдың ең маңызды міндеттерінің бірі. Еліміздің экономикалық қатынастарда дамыған елдердің қатарындағы орны және азаматтардың тұрмыс деңгейі осы мәселені шешудің нәтижесіне байланысты.

Экономика үнемі (экономды) болуы керек. Дамыған социализм дәуірінің осы қанатты сөзі біздің кезеңімізде де өзекті болып қала береді. Әсіресе, бұл электроэнергетика саласына тиісті айтылса керек.

Өсіп келе жатқан экономикада электр қуатын ұтымды пайдалану және үнемдеу бүгінгі күннің аса маңызды мәселелерінің бірі. Осы мәселені шешу үшін электр қуатын үнемдеу бойынша салалық Бағдарлама жасалынған. Осы бағдарламаға сәйкес елде өнеркәсіптік өндіріс пен тұрғын ұй-коммуналдық шаруашылықтың электр сыйымдылығы жылдам төмендетілуі керек. Яғни, электр үнемдегіш технологияларды қолдану және мөлшерден тыс жоғалуларды қысқарта отырып  электр қуатын ұтымды пайдалану керек.

Сондықтан да қазіргі кезде электр үнемдегіш технологияларды қолдану жолымен электр қуатын ұтымды пайдалану өзектілене түсуде. Соңғы кездері электр қуатын үнемдеу тіпті керек, өйткені оған желілердің ескіруінен болған әртүрлі жоғалулармен қатар, электр ресурстарына бағаның күннен күнге өсуі келіп қосылды.

Сонда қалай электр шығындарын қысқартуға болады? Оның жауабы бұрыннан дайын – немесе оны ұтымды және үнемді пайдалану керек, не болмаса арзан сатып алу керек. Бірақ, арзан сатып алудың сәті түспейді, өйткені электр ресурстарына баға барған сайын өсуде. Яғни, электр қуатын үнемдегіш құралдарды енгізудің есебінен электр қуатын үнемдеу ғана мүмкін болады.

Мүмкін электр ресурстарының құнының барған сайын өсуі, оларды тиімді пайдаланудың қажеттігін түсінуге әкеліп соғатын кез туған шығар.

Электр қуатына тарифтің тұрақты өсуі ұзақ сақталуы әбден мүмкін. Сондықтан қолда бар электр ресурстарын тұтынушылардың өздері тиімді үнемдеуі өзекті болып қала береді.

Ал, еліміздегі электр қолданысына сараптама жасаған білгір мамандар кейінгі жылдары электр қуаты бей-берекет жұмсалып жатқанын тілге тиек етуде. Кейбір дерек көздерінің айтуынша, электр қуатын ысырап етуде Қазақстан алдыңғы қатарда екен. Мәселен, елімізде ішкі жалпы өнімнің 1 долларын өндіруге 2,8 кВт/сағ. шығындалса, Жапонияда – 0,22, Ұлыбританияда – 0,23, Германияда – 0,27, АҚШ-та – 0,30, Түркияда – 0,56, Қытайда 1,22 кВт/сағ. кетеді. Яғни, дамыған елдердің көрсеткіші бізден бірнеше есе төмен. Тағы бір мәліметке көз жүгіртсек, 2010 жылы Қазақстанда 68,13 млрд. кВт/сағ. электр қуаты тұтынылса, 2011 жылы 71,7 млрд. кВт/сағ тұтынылыпты. Осы қарқынмен жалғаса беретін болса, 2020 жылы ел бойынша 117 млрд. кВт/сағ. электр қуаты қажет болмақ. Ал, еліміздегі қазіргі электр стансаларының осынша қажеттілікті өтеуге қабі­леті жетпейді екен. Сондықтан да, ел Үкіметі жаңа электр стансаларын салып, қуат көзін үнемдеуге барынша мән бере бастады. Десек те, жаңа электр стансасын салуға қыруар қаражат қажеттігі анық. Сол себепті бүгінде электр қуатын үнемдеу күн тәртібіндегі басты талап, бүгінгі таңда елімізде өткір тұрған мәселелердің бірі.

Елімізде өркениеті озық елдердегі энергия үнемдеуге бағытталған алдыңғы қатарлы іс-тәжірибелер енгізіліп, кеңінен насихатталуда. Соның бір әдісі - дифференциалды тариф енгізу. Қазақстанда электр қуатына дифференциалды тарифтер енгізудің арқасында бір жылда 248 млн. кВт/сағ. үнемделіпті. Экономикалық өрісті кеңейткен бұл жоба біздің қаламызда да жүзеге аса бастады.

2012 жылдың 1 қыркүйегінен бері “Балқашэнерго” ҚМК электр энергиясы тарифы көтеріліп, қуат құнын айқындауда жаңашыл әдістерге жүгінетіндіктерін көпшілікке хабарлаған еді. Сол кезге дейін “Балқашэнерго” басшысы Ш.Исатаевтың айтуынша, қаладағы электр энергиясының құны республика бойынша ең төменгі бағалардың бірі болып келіпті. Бірақ, бүгінгі күні тариф құны жыл санап өсуде. Энергетиктер электр құнының өсуін бірнеше себеппен байланыстырды. Басты себеп – сатып алынатын энергия бағасының көтерілуі мен оны жеткізу құнының артуы. Біріншіден, “Қазақмыс Корпорациясы” ЖШС сатып алатын электрдің 1 кВт/сағ. 2,60 теңгеден 3,50 теңгеге көтерілді. Екіншіден, “Kegoc” АҚ желісі бойынша 1 кВт/сағ. тасымалдау құны 0,5031 теңгеден 0,94 теңгеге өссе, “ЖРЭК” АҚ желісі бойынша 0,654 теңгеден 1,0 теңгеге өсті. Үшіншіден, өндірісті ұйымдастыру және тұтыну қызметі үшін 1 кВт/сағ. 0,032 теңгеге өсті. Нәтижесінде сатып алынатын 1 кВт/сағ. энергия құны қосымша құн салығынсыз 4,154 теңге тең болды. Бұған күн санап өсіп келе жатқан өндірістік шығындар, шикізат, жанар-жағармай, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары, жұмыскерлердің еңбекақысы, әлеуметтік салық, коммуналдық төлемдер, байланыс, ғимарат жалға алу, еңбек қауіпсіздігі және тағы басқа шығындарды қосыңыз. Және сол шақтан бастап дифференциалды тарифтар енгізілді. Яғни, көпсатылы құралдар арқылы тұрғындар тәуліктің әр мезгілі үшін әртүрлі баға төлейді. Төлемдер мөлшері күндізгі, кешкі және түнгі тұтыныс аймақтары бойынша белгіленеді.

Сонымен қатар, заманауи санауыш құралдары да электрді үнемдеуге жол ашып отыр. Сондықтан бұл мәселені шешудің тағы бір жолы электр қуатын автоматты түрде есепке алу және ол үшін есептесудің алдын-ала төлем түрін пайдалану болып табылады.

 Енгізуден болатын эффект:

– объект үшін электрэнергия шығындарын көрнекті бақылау, үнемдеудің қуатты ынталандырушысы;

– муниципалды білім үшін электрді пайдалануға жүз пайыз есептесу, электр қуатын ұрлаудың болмауы, электр желілерінде қызмет көрсету шығындарының қысқаруы.

Электр қуатын автоматты есепке алу жүйелерi және алдын ала төлем түрiнiң негізінде жеке электр санауышы жатыр, ол төленген қарыз сомасына ғана электр энергиясын жiберуге қабiлеттi. Мұндай жүйелер бүкiл әлемде кең таралған және өзара есептесу негiздерiн құрайды.

Жаппай өндіріске енгізу кезінде энергия тиімділігін көтеру нәтижесі. Электр қуатына төлемеу кейбір аудандарда жіберілген электр энергиясының көлемінің 30%-ына дейін жетеді. Бұл шығындар мемлекеттің мойнына барып түседі, ол өз кезегінде тарифті көтеруге мәжбүрлейді, бұл ең соңында төлемін уақытылы жасап отыратын ұятты азаматтарға да әсерін тигізеді. Абонентік төлемдерді уақытында төлеп отырғанның өзінде электр қуатын пайдалану мен оған төлем арасындағы үзіліс 1-ден 3 айға дейінгі уақытты құрайды. Жоғарыда аталған жүйені енгізу арқылы бұл мәселе автоматты түрде жойылады. Осылайша өзара есептесудің басты мәселесі шешіледі. Электрмен қамтамасыздандырушы ұйымдар жөндеу және жаңа, заманауи электрмен қамтамасыз ету объектілерін құру үшін нақты ақша алады. Азаматтар болса не үшін, қанша төлеу керек екендігін нақты түсіне алады және өз бюджетін жоспарлауға мүмкіндік алады. Төлемеушілер ресурстарды ешқандай айыптаусыз ұрлау мүмкіндігінен айырылады

Бүкіл ел деңгейінде электр үнемдеу жұмыстарын ұйымдастыру – аса күрделі мәселе. Қазақстанда үкіметтің қатаң қадағалауынсыз мұндай маңызды жобаларды жүзеге асыру тәжірибесі жоқ. Ал, энергия үнемдеу кең таралған ұраннан керекті қажеттілікке айналғалы қашан. 

Бұл процеске үкіметтің барлық органдары, барлық ұйымдары мен азаматтары тартылуы керек. Энергия үнемдеу Бағдарламасының мәртебесі коммуналдық инфрақұрылымды дамыту Бағдарламасынан да жоғары тұруы керек, өйткені коммуналдық жүйелерді дамыту жаңа қуаттарды қалыптастыру, энергия үнемдеу жолымен және бірмезгілде жүзеге асырылады. Электр ресурстарын пайдалануды төмендету және электрмен қамтамасыздандыру жүйесінің қуатын арттыру – бұл өзара байланысты процестер және энергетикалық жоспарлауда бірге қарастырылуы керек.

 

Әдебиет:

1.Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 13 қаңтардағы № 541-IV Заңы

2. Максимов Б.К. Теоретические и практические основы рынка электроэнергии: учеб. пособие/ Б.К. Максимов, В.В. Молодюк.-М.: Издат. дом МЭИ, 2008.-292с.

3.Меруерт Махмутова, Айтжан Ахметова. Электроэнергетический сектор Казахстана: как повысить эффективность и привлечь инвестиции на модернизацию? Серия изданий: «Прозрачный киловатт»:Том 2. Алматы, 2011 г.

4. www.keakz.kz