Өмірбаева Т., Сүйінбаева М.
М.Х.Дулати
атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан
ТАРИХИ ТҰЛҒАЛАР ЖӘНЕ ХАЛЫҚ
ДӘСТҮРІНІҢ ЖЫРЛАНУЫ
Ақындық поэзияның ХІХ ғ.
аяғы және ХХ ғ. бірінші жартысындағы
шығармаларындағы мазмұн мен пішін тұтастығы
болмысынан өмірлік шындық пен көркемдік шындық
сабақтастығы байқалады. Ақындар эпикалық шығармаларының
тақырыптық, идеялық-композициялық ауқымында қазақ
тарихының әртүрлі кезеңдеріндегі күрделі
оқиғаларды, елеулі тарихи тұлғаларды нысан етіп
жырлайды. Әуезе жырлардың поэтикасы заңдылығына орай, шығармалардың
сюжеттік-композициялық желісінде деректілік негіздері сақтала
отырып, авторлардың қиялдарынан туындаған көркемдік
шындық қосындылары да анық сезіледі.
XIX ғасырдың
екінші жартысы мен ХХғ. бірінші жартысындағы қазақ
әдебиеті тарихының жетекші саласы дәстүрлі
ақындық поэзияда эпикалық дастандар да осылайша маңызды
орын алды. Дулат Бабатайұлының (1802-1874) «Еспембет», Шортанбай
Қанайұлының (1818-1881), «Ақжолтай батыр», Базар
Оңдасұлының (1841-1911) «Мақпал – Сегіз», Мұрат
Мөңкеұлының (1843-1906) «Қарасай-Қази»,
Әсет Найманбайұлының (1887-1923), «Салиха-Сәмен»,
Молдахмет Дабылұлының (1879-1946) «Сарықасқа атты
Келмембет», «Қазақтың қасиетті шаңырағы»,
«Жастық шабыты», Есдәулет Қандековтың (1887-1971)
«Жетіген», «Күреңбай батыр», Қуат Терібаевтың
(1890-1952) «Айжан – Жанша», «Қайтқан кек», Шәкір
Әбеновтің (1900-1994) «Таңшебер – Жапал», «Тоқтамыс»,
«Кейпін батыр», Нұрхан Ахметбековтің (1903-1964), «Амангелді»,
«Жасауыл қырғыны», «Есімсері», «Қарға», Жақсыбай Жантөбетовтің
(1888-1958) «Қырғызбай мен Жұмай», және т.б. дәстүрлі ақындық поэзия
өкілдерінің дастандары қазақ халқының
ұлттық мәдениеті тарихындағы
қаһармандық-отаншылдық, азаматтық тағылымы
мол тарихи кезеңдер тағылымын көркем шындықпен
жырлаған.
Қазақтың
ХІХ ғасырдағы тарихы – Ресей патшалығына бодан болған
отарлану қасіретінің кезеңі. Қазақ
тарихындағы бұрын-соңғы үлкен
оқиғалардың арасында ХІХ ғасырдағы
қазақ халқының Ресей патшалығының
отарлық бұғауының Қоқан, Хиуа
хандықтарының шапқыншылықтарынан құтылу
жолындағы ұлт-азаттық күрестері айрықша орын
алады. Бұл туралы Қазақстан тарихының іргелі
зерттеулерінде үнемі арнайы тақырып нысанына алынып келе жатыр.
Тарихшы-ғалым
Е.Бекмахановтың «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» атты
монографиясында біздің зерттеуіміздің арқауындағы Ресей
отаршылдығына, Қоқан шапқыншылығына қарсы
халық ұйымдасқан көтеріліс шайқастарын
бағалауы аса маңызды.
1.
«Қазақтардың
ХVIII-XIX ғасырларда болған барлық басқа ірі
көтерілістерінен Кенесары көтерілісінің ерекшелігі,
оған үш жүздің бұқара халқы
түгел қатысты. Олар күреске бірден жұмыла
қосылмағанымен, жекелеген облыстар қозғалысқа
тартылған кезде өзге аудандардағы қозғалыс
басылып қалып отырғанымен, Кенесары көтерілісі
алғашқы жылдардың өзінде-ақ ғаламат
кең құлаш жайып, бүкіл халық көтерілген
қозғалысқа айналды» [1].
2.
«...Кенесары
өкімет билігіне өзара қырқысқан
күрестің немесе рулық егестің нәтижесінде емес,
көтерілістің барша жұрт таныған көсемі ретінде
хан сайлауы арқылы келген еді. Көтерілістің осы
кезеңінің тағы бір ерекшелігі сонда, Кенесары азаттық
қозғалысты бастай отырып, өз ағаларының «діндес»
орта азиялық хандықтардан тірек іздеген саясатынан біржола бас
тартқан Кенесары екі майданда: патшалы Ресеймен де, сондай-ақ орта
азиялық хандықтармен, соның ішінде бірінші кезекте
Қоқан хандығымен және Ташкент құсбегімен
күресуге бел байлады» [2].
Қазақстанды
екі жақты күрес майдандары арқылы азат етуді ойлаған
ұлт батырларының бірі Жанқожа Нұрмұхамедұлы
басқарған Сырдария қазақтарының ұлт-азаттық
көтерілісі де қазақ әдебиетіндегі талай көркем
туындыларға арқау болды. Қазіргі Қазақстан
тарихын зерделеген еңбектерде де бұл көтерілістің
себебі ашып көрсетілген:
«Сырдария
жағалауларындағы аймақтарды мекендеген қазақ
халқының жағдайы мейлінше ауыр еді. Ресей империясының
экспансиялық (кеңеюшілік) ұмтылысының (1853 ж. В.
Перовский Ақмешітті басып алған болатын) күшейе түсуі,
сондай-ақ Хиуа хандығының агрессивті саясаты Сырдария бойы қазақтарының
Жанқожа Нұрмұхамедовтің қолбасшылығымен
күреске шығуының негізгі себебі болды» [3].
Қазақ
тарихындағы ұлт-азаттық көтерілістерді бастаған
аталған көсемдер, хандар, батырлар, туралы ақындардың
әуезе жыр-дастандары әдебиет тарихындағы маңызды
орындарымен бағалануы тиіс.
Ақындық поэзиядағы
көрнекті ақындарымыздың бірі Доскей
Әлімбайұлының (1850-1946) «Кенесары, Наурызбай» атты
әуезелік жыр-дастаны да тарихилығымен ерекшеленеді.
Дастанның тақырыбы – Кенесары,
Наурызбай бастаған – ұлт-азаттық көтерілісінің
тарихи сипатын таныту, идеясы – ұлт-азаттық көтерілісі
кезіндегі халықтың жанқиярлық күресін, қол
бастаған батырлардың (Кенесары, Наурызбай, Ағыбай,
Бұқарбай, т.б.) ерлік істерін даралау, мінездеу.
Дастанның композициясы мынадай
бөліктерден құралған: біріншісі – Ресей
патшалығының отарлау ықпалына түскен қазақ
халқының мүшкіл хал-ахуалына автордың эпикалық
баяндауы мен лирикалық толғаныстармен баға бергені; екіншісі
– екі жақтан епкіндеп торлай бастаған отарлау құрсауына
қарсы Кенесары, Наурызбай бастаған әскердің жиналуы;
үшіншісі – Наурызбай, Ағыбай батырлардың Кене хан әскері
үшін тұлпарлар жинауы, Жолды аяқ сынды тілеулес батырлар
шоғырының құралуы; төртіншісі – Кенесары хан
бастаған ұлт-азаттық көтерілісі жауынгерлерінің
орыс жазалаушыларымен шайқасып, Қызылжарды, Көкшетауды,
Бурабайды, Атбасарды, Қараөткелді және т.б. мекендердi
отаршылдардан азат еткенi; бесiншiсi – Ресей патшалығынан азат болу
жорығына қырғыз елін де қосу жолындағы
әрекеттің қырғыз манаптарының және кейбір
қазақ руларының (Дулат, т.б.) опасыздығының
кесірінен сәтсіздікке ұшырағаны; алтыншысы – дастанның
тұтас желісіндегі азаттыққа, тәуелсіздікке
құштар қаһарман халықтың көркем
жинақталған тұлғасының сомдалуы.
Әуезе жыр – дастанның басты
кейіпкерлері – Кенесары хан, Наурыз батыр, Ағыбай батыр. Орыстың
Николай патшасының Кенесары көтерілісі өрістеген аймақтарға
қару-жарағы мол әскерлерді қанша аттандырғанмен
көтерілісшілердің жеңіске жігерленген рухын әлсірете
алмағаны көркемдік шындықпен бейнеленген.
Әдебиетші ғалым М.Базарбаевтың
пікірі осы дастандағы бейнелеу табиғатын түсінуге жетелейді:
«Көркем шындық – өмірді
образды түрде бейнелеп, оны озық көзқараспен,
жоғары эстетикалық мақсат тұрғысынан терең
ашу. Адам үшін маңызды деген жайларды типтік дәрежеге
көтеріп, бейнелеу» [4].
Дастанда тарихилықтың негізіндегі
көркем шындықпен бейнелеудің көріністері мол байқалады.
Ондай бейнелеулердің кейде фольклордағы
қаһармандық эпос жырларындағы әсірелеулерге де
үндесі сақталған. Бұл – ақындық поэзия
шығармаларындағы фольклорлық бейнелеулер
дәстүрінің сақталуына тән заңдылық.
Қазақтың дәстүрлі
ақындық поэзиясындағы тарихи тақырыпта жырланған
эпикалық дастандар ғасырлар бойы ұрпақтардың
қаһармандық-жауынгерлік көзқарастарының
нығая сақталуын қамтамасыз етті. Қазақ
тарихының сан алуан күрделі оқиғалары, көрнекті
қайраткерлері орын алған кезеңдерінің деректері
көркемдік жинақтаулармен өрнектеле жырланды.
Қазақ тарихының мемлекеттілік құрылымдары
қалыптасқан кезеңдердегі хандардың би-шешендердің,
батырлардың кең-байтақ атамекенді, туған өлкені
жат жерлік басқыншылардан, сонымен бірге отаршылдардан қорғау
жолындағы қаһармандық-жауынгерлік іс-қимылдары,
ұлт-азаттық күрес майдандарындағы
қайраткерлік-көсемдік, азаматтық-отаншылдық
ұстанымдары – бәрі де қазақ халқының
көркемдік-эстетикалық дүниетанымының ұлттық
сипат болмысын айғақтайды. Қазақ
әдебиетінің көп ғасырлық қалыптасу, даму
үдерісінде тұрақты сақталған осындай
ұлттық сипаттың көркемдік шындық тұтасуымен
дамуында дәстүрлі ақындық поэзия шығармалары
ықпалды қызмет атқарып келеді.
Қазақтың
ұлттық тарихындағы қаһармандық
шайқастар тағылымы –жеке тұлғалардың
өзіндік дара ерлігі арқылы ғана танылатыны. Көбінесе,
алынбас қамалдарға атойлап бұзып кіру немесе екі жақ
беттескен сәттердегі жекпе-жекте жеңу арқылы дара
батырлық анықталған. Аталған дастандарда Еспембет
қалмақ батырын жекпе-жекте өлтіріп, ал Келмембет
қамалға Сарықасқа тұлпарын қарғытып
кіріп, жау ордасын басып алып ерлік жасайды.
Ақындық
поэзия дастандарындағы басты кейіпкерлер – батырлар, көбінесе, жас
бозбалалар болып келеді. Бұл, әрине, ұлттық
ділдің көрсеткіші.
Қазақ
халқының ата-бабалар қалыптастырған ұстанымы –
ер-азаматтың ерте есейіп, елдің қажетіне жарауы. Осыған
байланысты халқымыздың азаматтық парасат, ел қажетіне
ертерек кәдеге асу туралы жас өскіндердің ерте есеюі, жетілуі
хақында айтылған мақал-мәтелдері де ақындық
поэзия дастандарындағы бозбала батырлар тұлғалары
бейнеленуінің ұлттық негізділігін дәлелдейді: «Адам
болатын бала алысқа қарайды», «Кісі болар баланың кісесінен
белгілі, ат болатын құлынның мүшесінен белгілі», «Кісі
болар баланың кісіменен ісі бар, кісі болмас баланың кісіменен несі
бар», «Болар адам жеті жастан бас болар, болмас адам қырыққа
келсе де жас болар», т.б. [5].
Қазақтың
халық даналығы – фольклор мен әдебиет
шығармаларының көркемдік-эстетикалық негізі.
Қазақ фольклорындағы қырық өтірікті
қиыстырып айтқан тазша балалар, тез өсіп, ержетіп талай
ғажайып істерді атқарған бала батырлар (Ер Төстік,
Керқұла атты Кендебай, Алпамыс, Қобыланды, т.б.), тарихта аты
қалған би-шешендер – бәрі де қазақтың
ұлттық діл болмысының шынайы көрсеткіштері.
Ақындық поэзия
дастандарындағы кейіпкерлер (Еспембет, Келмембет, т.б.) үнемі
бозбала кезеңіндегі ерлік, батырлық, адамгершілік
қасиеттерімен тұлғаланған. Абылай хан туралы
дастандарда (Шәді Жәңгірұлының «Тарих ат»,
Мәжит Айтбаевтың «Хан Абылай» [6], т.б.) да оның
бозбала жігіт кезінен-ақ ерлік қимылдар жасағаны
баяндалған. Ақындық поэзиядағы ұлттық
рухтың айбынын танытатын сюжеттік эпизодтар – жас қазақ
батырларының жаумен бетпе-бет, жекпе-жек шайқастары үстіндегі
жеңісті қимылдарын бейнелеу.
Ақындық
поэзия дастандарында қамтылған қазақ тарихындағы
ата-бабалық салт-дәстүрлерді ұлықтау,
ататек-әулет жүйелеріндегі ұрпақтар
сабақтастығын сақтау, атамекендерді, байтақ
қазақ жерін басқыншылардан қорғау,
ұрпақтардың жастайынан азаматтық-отаншылдық,
жауынгерлік қасиеттермен қаруланған өнегесін
ұғындыру – бәрі де ұлттық сипатпен жырлау
ерекшеліктерін құрайды. Қазақ әдебиеті
тарихының негізгі арнасын құрайтын дәстүрлі ақындық
поэзияның ұлттық сипаты жалпыадамзаттық гуманистік
көзқарастармен де толық үндеседі. Себебі, адамзат
өркениетінің ортақ қазыналары ұлттық рухани
құндылықтардан ғана құралады.
Қазақ
әдебиеті тарихындағы авторлы шығармалардың
қалыптасуы мен дамуы бастауларында да кейінгі кемелдену
кезеңдерінде де ақындық поэзия жанрларының
ықпалды орын алып келгені мәлім. Қазақтың
ұлттық әдебиетін құраушы, қалыптастырушы
болып саналатын бұл саланы академик З.Ахметов жаңаша
бағалаған еді:
«Жыршы ақындар
поэзиясы – ауыз әдебиеті дәстүріндегі бірнеше
ғасырға ұласып келетін поэзиялық өнердің
үлкен арнасы. ... Асылында
ХVІ-ХVІІ ғасырлар, әсіресе ХVШ-ХІХ ғасырларда
жүздеген қазақ ақындарының шығармалары
ауызша шығарылып, ауызша тарағанмен – автордың шығаруы
белгілі және сол автордың өзіндік жеке тұлғасы,
қолтаңбасы, стилі айқын танылады. ...Оны ауызша
поэзиясының дәстүрімен жалғас тығыз байланысты
десек те, әдебиет деп қарауымыз керек, қазақ
әдебиеті тарихында аса бір үлкен арнасы, бірнеше ғасыр бойы
созылып келген әдеби процесс бұл. Осындай ақындар өлеңді
ауызша шығарып, ауызша айтқан деп санаса да, олардың
бірталайы хат таныған, оқыған, орыс, европа
әдебиетінің үлгілерімен жақсы таныс болған, жазба
әдебиетінің кейбір бейнелілік-стильдік өзгешелерін
өзіндік игеріп пайдалана алған» [7].
Ақындық
поэзия өкілдерінің дәстүрлі сипатындағы
эпик-жыршылық шығармашылығы негізінде дастан жанрындағы
әдебиет туындыларының да дамуы аталған ғылыми
тұжырымдарды дәлелдейді.
Дастандардағы
тарихи тұлғалардың жыршылық дәстүрмен
жырлануында дәстүрлі ақындар сарынындағы
фольклорлық әсірелеулі баяндаулардың, бейнелеулердің
поэтикалық тұрғыда қолданылатыны байқалады.
Тарихи тұлғаларға тән табиғи
мінез-құлық қасиеттері, адамгершілік парасат
ұстанымдары деректі сипатын сақтайды.
Халық дәстүрінің
жырлануы – ақындардың эпикалық шығармаларында
тұрақты сақталатын ерекшелік. Қазақ
халқының ататек-ұлыстық қалыптасу шежіресін
жүйелеу, жырлау, тұлпарды
баптап, бәйгеге қосу сынды халықтық
көркемдік-эстетикалық ойлау ұлағаты да эпикалық
шығармалардың ұлағатын танытады.
Әдебиеттер
1
Бекмаханов Е. Қазақстан ХІХ
ғасырдың 20–40-жылдарында. – Алматы: Санат, 1994. – 416 б.
2
Қазақстан тарихы көне заманнан бүгінге
дейін (очерк). – Алматы: Дәуір, 1994. – 448 б.
3
Ақжолтай
Ағыбай батыр. – Алматы: Ғылым, 2002. – 632 б.
4
Бабатайұлы
Д. Замана сазы: Өлеңдер мен дастандар / Құрастырып
баспаға әзірлеген Қ. Өмірәлиев. – Алматы: Жазушы,
1991. – 160 б.
5 Айтбаев М. Шер: Шығармалары. – Алматы:
Жазушы, 2005. – 268 б.
6 Қандеков Е. Тұлпар
тұяғы: Өлеңдер, айтыстар, дастандар /
Құрас-тырып, алғы сөзін жазған Н.
Төреқұлов. – Алматы: Жазушы, 1982. – 124 б.
7 Бес ғасыр жырлайды: 2 томдық /
Құраст. М. Мағауин, М. Байділдаев. – Алматы: Жазушы, 1989. –
Т.1. – 384 б.