М.А.Никимбаева

«Түркістан Ахмет Ясауи» кәсіби колледжі, Есептеу техникасы және бағдарламамен қамтамасыздандыру бөлімінің оқытушысы, Түркістан, Қазақстан

БОЛАШАҚ ҚҰҚЫҚ САЛАСЫ МАМАНДАРЫНЫҢ АҚПАРАТТЫҚ-ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ДАЯРЛЫҒЫН ЖЕТІЛДІРУ

Болашақ құқық саласы мамандарын жаңа өрлеу заманында ақпараттандыру негіздерімен қаруландыру бүгінгі күннің кезек күттірмейтін мәселелерінің бірі. Себебі, біздің қазіргі өмір сүріп отырған кезең – ұлан-ғайыр әлеуметтік өзгерістердің дәуірі, ақпарат, техника және технология тасқыны кәсіпқой мамандарға жоғары кәсіби даярлық алуға мүмкіндік береді.

Осыған орай Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2012 жылғы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» Жолдауының «Қазақстанда адами капиталдың сапалы өсуі»  деп аталатын  жетінші бағытында оқыту үдерісіне қазіргі заманғы әдістемелер мен технологияларды енгізу керектігін және «Сот және құқық қорғау жүйелерін жаңғырту» атты алтыншы бағытында құқық қорғау және арнаулы органдарды сапалы кадрлық жаңартулар айтылған.

Осыған байланысты құқық саласында білім алып жатқан студенттердің кәсіби іс-әрекетінде жаңа ақпараттық технологияларды пайдалануға даярлау –бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. 

Қазіргі заманда ақпараттық және бағдарламалық білім беруді қамтамасыз ету жетістіктері негізінде білім алудың ауқымды мүмкіндіктері туып отыр. Кез келген адам білім алу барысында білімнің сапалы болғанын қалайды. Бұл жерде ақпараттық технологияның атқарар ролі ерекше. Осы негізде болашақ заңгерлерді даярлауда ақпараттық технологияларды қолданудың маңыздылығын саралап көрсетуге болады:

·                   ақпараттық технология арқылы оқытудың маңыздылығы бұл ғылымның тек ЭЕМ-ді пайдалану мүмкіндіктері мен олардың жұмыс істеу принциптерін түсіндіріп қана қоймай, қоғамдық өмірде және адамдар арасында ақпараттарды кеңінен тарату заңдары мен тәсілдері туралы түсініктер береді;

·                   ақпараттық технологияларды пайдалану болашақ заңгерлердің белгілі бір ақпаратты жинау, дайындау және өңдеу жұмыстарын жеңілдетіп, жобалау және шешім қабылдау жұмыстарын жылдам жүргізуге мүмкіндік береді;

·                   ақпараттық технологияларды пайдалану ақпараттық мәдениеттілікті талап етеді, яғни ол компьютерлік сауаттылықтың белгісі болып саналады. Ол үшін ЭЕМ-нің негізгі түсініктері мен мүмкіншіліктерін жақсы білу қажет және қажетті мәліметтерді айқындай білу болып табылады. Мұндай ақпараттық мәдениеттілікті игеру ақпарат заңдарын білуді көздейді.

Компьютерлік сауаттылығының мазмұнын құрайтын компоненттер келесідей топтарға бөлінеді:

·                   ЭЕМ-ге арналған алгоритмдерді сипаттаудың түрі ретінде бағдарлама, алгоритм ұғымы, оның құрылымы, алгоритмді жазу әдістері мен тәсілдері, бағдарламалау тілдерінің бірінде бағдарламалау негіздері;

·                   ЭЕМ-мен қарым-қатынас жасаудың практикалық дағдылары;

·                   ЭЕМ-нің құрылысы, оның негізгі элементтерінің жұмыс істеу принциптері;

·                   өндірісте және адамзат іс-әрекетінің басқа салаларындағы компьютердің ролі және қолданылуы.

Айтылған компоненттерді талдау компьютерлік сауаттылық (КС) ұғымының пайда болуы, студенттердің алгоритмдік мәдениеті (АМ) ұғымына ЭЕМ-мен қарым-қатынас икемділігі, ЭЕМ-нің құрылысы мен жұмыс істеу принциптерін білу, сонымен қатар, қазіргі қоғамдағы ЭЕМ-нің ролі сияқты «машиналық» компоненттерді қосу арқылы кеңею нәтижесінде пайда болатындығын көрсетеді.

 «Түркістан Ахмет Ясауи» кәсіби колледжінің 0201000-«Құқықтану» мамандығына «Құқықтық ақпаратты автоматтандырып өңдеу» пәні жүргізіледі. Пән мамандыққа компьютерлік технологияларды қолдану ерекшеліктерін қарастырады. Бұл пән операциялық жүйені кеңінен қолдану, бағдарламалық қабықша, мәтіндік, графикалық және кестелік ақпаратты өңдеу, компьютерлік вирустармен күресу жолдарын үйретіп ғана қоймай ақпараттық жүйе мүмкіншіліктерін пайдалануға болады. Ақпараттық жүйе ақпаратты алуға, өткізуге, өңдеуге және сақтауға байланысты сандық заңдылықтарды меңгеретін жүйе. Ақпарат–латынның іnformatіo деген сөзінен шыққан, яғни істің жай-күйі немесе біреудің іс-әрекеті туралы ақпарат, мәлімдеме немесе қандай да бірнәрсе туралы мәліметтер жиыны. Ақпараттық жүйе негізі мәліметтер қорын басқару жүейсі (МҚБЖ). МҚБЖ арқылы құқық саласында берілген терминдерді, қылмыстық, еңбек және т.б. кодекстерді автоматтандыру мүмкіншіліктерін береді. Ақпарат жүйе келесідей кластарға бөлінеді:

·                   ақпараттық-анықтамалық жүйелер;

·                   ақпараттық-кеңес беретін жүйелер;

·                   ақпараттық қадағалаушы жүйелер.

Ақпараттық-анықтамалық жүйелер ақпаратты жинап, оны адамның пайдалануы үшін дайындайды.

Ақпараттық-кеңес беретін жүйелер объектінің күйі мен жұмыс тәртібі туралы ақпаратты беріп, нақты жағдай үшін қажетті ұсыныстар мен пікірлерді ұсынады.

Ақпараттық қадағалаушы жүйелерде мәліметтер адамның қатысуынсыз ендіріліп, басқарылатын объектідегі үрдіс автоматты түрде реттеледі.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

1.                 Коржумбаева М.Б. Болашақ заңгерлердің кәсіби ақпараттық-технологиялық даярлығын жетілдіру. П.ғ.к. ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның авторефераты., -Қарағанды, 2009.

2.                 Анықтамалық-ақпараттық құжаттарды құру және рәсімдеу тәсілдері //Подготовка специалистов в условиях современных информационных технологий: Сборник научных трудов. – Караганда: Изд-во КарГУ, 2002. – С.245-247.